ОҚО: ЗАҒИП БАЛАЛАРДЫ ОҚЫТУ ОҢАЙ ЕМЕС
Бүгінгі таңда облыста 108 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 22 700-і 16 жасқа толмағандар. Балалардың 205-і керең-мылқау болса, 2848-нің құлағы нашар естиді. Ал 940 балғынның құлағы мүлдем естімейді. Сонымен қатар, 6624-нің бір көзі, 1764-інің екі көзі де көрмейді. Мұндай балалардың қоғамға сіңісуі, білім алуы қиын. Алайда, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттар мен балабақшаларда кемтар балалардың қоғамнан аластамай, толыққанды білім алып, сауатты азамат атануы үшін бірқатар шаруалар жасалып жатыр. Облысымызда мұндай 12 мектеп-интернат пен 6 балабақша бар. Солардың бірі – көзі нашар көретіндерге арналған «Үміт» мектеп-интернаты, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.
1993 жылы ашылған мектеп-интернатта көзі көрмейтін және нашар көретін зағип балалар оқиды. Бүгінгі таңда мұнда 202 бала бар. Олардың білім нәрімен сусындауына 47 мұғалім мен 27 тәрбиеші атсалысады. Мектеп-интернаттың директоры Зәуре Мұстафаның айтуынша, интернатта оқитын балалардың 106-сы жергілікті, 97-сі ауыл-аймақтардан келген. Аудандардан келген балалар жатып оқыса, қалалықтар үйінен қатынайды екен. Интернат толығымен мемлекет қарамағында болғандықтан, балалар 5 мезгіл тамақпен, киім-кешекпен, дәптер-қаламмен тегін қамтамасыз етіледі. Десек те, мұнда да күрмеулі мәселелер жоқ емес. Оны біз мектепті аралау барысында байқадық. Бірінші мәселе — 23 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимараттың қабырғалары көгеріп, үгітіліп түсуге жақын. Асхана мен дәретханаға жабыстырылған сырлы кірпіш (кафель) сынып түскен. Ауладағы жаппалардың шатыры шұрқ тесіліп, баспалдақтары ауру адам түгілі сау адам үшін қауіпті күйге жеткен. Іргетасы отырған баспалдақтың сатылары қирап бітуге айналған. Екінші мәселе – оқулықтың жетіспеушілігі. Балалардың жазып-сызуына арналған құралдар тапшы. Осындай күрмеулі мәселерге қарамастан интернат ұжымы балаларға барынша жағдай жасап, толыққанды білім алуына, денсаулығын түзетуге тырысып-ақ жатыр. Атап айтар болсақ, мектеп-интернат жалпы білім беретін мекемелер сияқты бекітілген бағдарламаға сәйкес жұмыс істейді. Яғни, оқушылар қазақ тілі, әдебиет, математика, физика, химия, география және т.б пәндерін оқиды. Бұдан бөлек, мұнда нүктелі-бедерлі «Брайл» жүйесі енгізілген. Яғни, оқушылар Лиу Брайлдің 6 нүкте әдісімен оқиды, жазады. Дей тұрғанмен, мұғалімдер мектепте арнайы оқулықтардың аз екенін айтады. Сондықтан да, оқушылар облыстық көзі нашар көретіндерге арналған кітапханаға жиі барып тұрады. Ал жазып-сызу үшін төменгі сынып оқушылары дәптердің орнына арнайы приборды, қаламсаптың орнына грифельді пайдаланады екен. Ал жоғарғы сынып оқушылары үшін арнайы Брайл машинкалары бар. Сонымен қатар мұнда «арнайы түзету пәндері» бөлмелері жұмыс істейді. Онда дефектолог мамандар балалардың бойындағы басқа да кемістіктерді түзетуге тырысады. Емдік дене тәрбиесі (ЛФК), офтальмологиялық кабинеттер, компьютер сыныптары да заманауи құралдармен жабдықталған.
Айтпақшы, білім жайында сөз қозғағанда «Үміттің» 2004 жылдан бастап 12 жылдық білім жүйесіне көшкенін айтпай кетуге болмас. Мақтанышпен айтатын тағы бір жаңалық, облыстағы 12 мектеп-интернаттың ішінде тек «Үміт» мектебі ғана оқушыларды ҰБТ дайындайды екен. Сөзіміз дәлелсіз болмау үшін, 2014-2015 оқу жылдарын алып қарастырсақ. Биыл мектеп-интернатты 19 оқушы тәмамдады. Олардың 11-і 12 сыныпты, 8-і 10 сыныпты бітіргендер. 12 сыныпты аяқтап ҰБТ-ға қатысқан оқушылардың екеуі мемлекеттік грантты жеңіп алған. Ал 10 сыныпты тәмамдағандар колледждерге оқуға тапсырды.
Зәуре Мұстафа, облыстық көзі нашар көретіндерге арналған «Үміт» мектеп-интернатының директоры:
– Мұнда көзі нашар көретін, бір көзінде дефектісі бар, мүлдем көрмейтін балалар бар. Оқушылар жалпы орта мектептің бағдарламасымен қатар Брайл әдісімен оқиды. Яғни, бір топта Брайл әдісімен де, кәдімгі мектеп пәндерін оқитындар да бар. Бір топ 6-8 баладан аспайды. Бірақ, оқушыларға Брайл машинкаларын жеткізу қиын болып отыр. Мәселен бізде 50 оқушыға 10-15 машинка ғана бар. Ал оның құны 350 мыңнан асып жығылады. Егер құралдар жеткілікті болса балаларға жазу тез, әрі оңайлау болар еді.
«Үміт» мектеп-интернатының оқушылары зағип болса да, білімге деген талпынысы арқасында көптеген интеллектуалдық жарыстарға қатысып бақтарын сынап жүргендерін айтпай кетуге болмас. Мәселен, интернат-мектептің мақтанышы Әбілда Ділназ мүмкіндігі шектеулі балалар арасында математика пәні бойынша ұйымдастырылған Республикалық жарыста І орынды иемденді. Одан, бөлек «Бәріміз бірдейміз кемсітуді білмейміз» атты республикалық байқауда тест сұрақтарына мүдіртпей әрі дұрыс жауап бергені үшін 1 орын алды. Оқушылардың жетістігі туралы айтқанда, үміттіктердің өнер, спорт саласына қосып жатқан үлестерін де тілге тиек еткен жөн. Мәселен, мұндағы балалар шахмат, тоғызқұмалақ, жүгіру, секіру сияқты спорттық ойындарына мықты. Атап айтар болсақ, 2014 жылы Талдықорған қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен жарыста ядро лақтырудан Шыңғыс Ақылбеков І орынды алса, Бөкеш Сламбек 50 метр қашықтыққа жүгіруден І орынды, 100 метрден ІІ орынды иемденді. «Үміт» мектебінің тәрбиеленушілері өнерден де кенде емес. Сөз орамдарын кестелеп, қиыстыра білген оқушылар Республикалық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі оралып жүр. Айнұр Смандияр сондай жанның бірі. 2014 жылы Астанада өткен Республикалық жарысқа қатысқан ол жүзден жүйрік болып, І орынға лайық деп танылды. Ал, қоңыр даусымен ән шырқап, оңтүстік жұртының көзайымына айналған Құрал Бағдаулет пен «Bala Turkvision» жарысында бағын сынып, жартылай финалға дейін жеткен Назима Исаханова 2014 жылы Астана қаласында өткен Республикалық «Жұлдызай» фестиваліне қатысып қайтқан болатын. Фестивальде Құрал мен Назимаға Ресейдің атақты жұлдызы Д.Гурцкаямен бірге «қызыл кілемде» жүріп өту бақыты бұйырды. Ал жақында Назима Исаханова мен Рысдәулет Орынбек Д.Гурцкаяның арнайы шақыртуымен әншінің «Белая трость без границ» атты ән фестиваліне қатысып қайтты. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы бұл шараға «СӘТ» триосы қатысып, «көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алған болатын.
Айнұр Шерімбет, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім жетекшісі:
– Облыста мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына толық жағдай жасалған. Атап айтқанда, күнгейдегі 12 арнайы түзету – білім беру ұйымдарында бүгінгі таңда 2365 бала білім алуда. Олар: ақыл-есі кем балаларға арналған арнайы білім ұйымдары, тіл кемістігі бар балаларға арналған білім ұйымдары, естімейтін және саңырау балаларға арналған мекемелер. Бүгінгі күні әлеуметтік мекемелердің желісі, оның ішінде 4 тірек-қозғалыс аппаратының бұзылушылығы бар мүгедек балаларға арналған интернат үйі, 17 балалар психоневрологиялық интернат үйі, 16 мүгедектерді оңалтуға арналған орталық, 167 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері тұрақты жұмыс істейді. Оңалтудың техникалық көмекші құралдарымен мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына және әлеуметтік қызмет көрсетуге сәйкес мүгедек балаларды қамтамасыз етуге байланысты мәселелер тұрақты назарда болады. Мәселен, 2013 жылы 5,1 балаға протездік-ортопедиялық көмек көрсетілді. Нашар көретін және еститін 1000-нан астам бала сурдо-тифлотехникамен қамтамасыз етілді. Яғни есту аппараттары көп функционалды дабылдату жүйелері мәтіндік хабарламалы және хабар қабылдайтын жинақы телефондар, диктофондар, дыбыс жазбаны қайта тыңдауға арналған плейерлер және басқалары. Тірек қозғалыс аппаратының бұзылушылығы бар балаларға 1226 кресло-арба берілді. Жыл сайын шамамен 1000 бала санаторий-курорттық емделуге жіберіледі. Бұдан бөлек, кемтар балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында жергілікті бюджет қаражатынан үйде оқитын 14 159 мүгедек балаға материалдық қамтамасыз ету төлемі жүргізіледі. Баланың білім алу кезеңінде төлемдердің орташа айлық мөлшері 3,5 мың теңгені құрайды.
Білім ұясының жұмысымен, жетістіктерімен танысқанда, мектеп директорының іскер, ұтқыр ұйымдастырушы екені оның қимыл-қарекетінен, тиянақты әңгімесінен көрініп тұр. Айтуынша, жоғарыда айтылған екі мәселе бойынша қол қусырып қарап отырған жоқ. Республикадағы, облыстағы құзырлы мекемелерге хат жазып қойыпты. Жергілікті кәсіпкерлер мен депутаттардың алдына да сан мың рет кіріп, мектеп-интернаттағы кем-кетіктерді жоюға көмек сұрап жүр. Осылайша Зәуре Іңкәрбекқызы «Үміт» мектеп-интернаты 2016 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу-құралдарымен жаңарады деп отыр. Әңгіме барысында басшы қандай қиындықтар болса да, мектеп-интернат қаржылық мәселеге келгенде, яғни мемлекет қазынасына уақытылы салық төлеу, сатып-алу байқауына қатысу және т.б еліміздегі үздік 100 мектептің ішінде 15-і орыннан көрініп отырғанын тілге тиек етті. Осы орайда мектеп басшысы мен 2016 жылы Астана қаласына шақырту алыпты. Енді Зәуре Іңкәрбекқызы жаңа жылда бас қалаға барып мектеп-интернатқа тиесілі «Алтын медальді» алып қайтпақ. Бұл да мектеп басшысы мен ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі. Ендеше, мүмкіндігі шектеулі балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, олардың өмірге, қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосып келе жатқан ұжымның еңбегі жана берсін. Алар асулары көп болсын.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
Abai.kz