Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Билік 4256 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ЖЕТІСТІГІМІЗ ЫРЫС-ЫНТЫМАҚТЫҢ НӘТИЖЕСІ

– Мемлекеттік қызметке келгенге дейін қай салада еңбек еттіңіз? Шенеунік болу өз қалауыңыз ба?

– Арыс қаласындағы жалпы орта мектепті бітірген соң, Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетіне оқуға түстім. Бұл оқу орнынан қаржы және несие мамандығын меңгердім. Еңбек жолымды 90 жылдары банк саласынан бастадым. Достарыммен бірлесіп банк ашып, сонда біршама уақыт жұмыс істедік. Мұнан соң да қаржы, одан кейін темір жол саласында да еңбек еттім. Министрліктің жұмысына да араласып көрдім. Сөздің қысқасы, мемлекеттік қызметке келем деу ойымда болмады. Бүгінде тағдырдың жазуымен осы саланың жүгін арқалап жүрген жайым бар. 2000 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Сонымен қатар, әкем де өмірін мемлекеттік қызметке арнаған. Сондықтан да болса керек, осы салаға деген қызығушылығым оянды. Мәселен, кәсіпкерлік, не болмаса басқа да салаға да баруға болатын еді. Бірақ, бұл салалардан тәжірибем жоқ.

– Жетістікке өз күшіңізбен жеттіңіз бе? Әлде біреудің ықпалы болды ма?

– Бүгінгі жетістікке өз күшіннен жеттім. Ешкімнің ықпалы болмады.

– Мемлекеттік қызмет сізге несімен ұнайды?

– Өзім жетекшілік ететін денсаулық және әлеуметтік салалары, жастарға қатысты көптеген мәселелер туындап жатады. Осы күрмеуі шешілмеген мәселелерді ретімен қалпына келтіріп, септігімді тигізсем деймін. Жалпы, халыққа қажетті мәселелерді шешу, кез келген қиындықтың түйінін тарқату, жағдай жасау маған ұнайды. Осыдан болса керек, мемлекеттік қызметке келгенім. Өкініштісі, қазір жұртшылық арасында мемлекеттік қызметке қатысты жағымсыз пікірлер қалыптасқан. Яғни, «шенеуніктер өз жұмыстарын дұрыс атқармайды» деп қаралап жатады. Мұнысы дұрыс емес. Жергілікті атқарушы билік өкілдері алдарына түскен мәселені шамасы келгенше шешуге тырысады. Ал, күрделірек болса, министрлік тарапынан немесе депутаттар арқылы шешуге атсалысады. Мұның өзі де қаншама еңбекті қажет етеді. Негізі тұрғындар өз өтінішін тиісті басшыларға жеткізе алмай жатады. Осының салдарынан оларда мемлекеттік қызметке деген жағымсыз пікір қалыптасатыны бар. Осы ретте, мен халықпен тікелей байланыс орнату мақсатында фейсбук әлеуметтік желісін тіркелдім. Ондағы ойым көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселені өзара талқылап, мүмкіндігінше шешіп беру. Мәселен, кез-келген мекемеге барсаң «бәрі керемет, жұмыстар жасалып жатыр» деп жылы жауып қайтарады. Ал, ондағы жұмысшылармен және халықпен тікелей байланысатын болсаң, кез келген мәселенің тарқатылмаған түйінін табуға болады. Осы жағдайда әлеуметтік желінің көп көмегі тиіп жатыр. Мұнда қоғамның кез келген өкілімен байланысқа түсіп, пікір алмасуға болады. Сондай-ақ, жастардың басым бөлігін ғаламтордан табамыз. Яғни, жастармен байланысудың бірден бір тиімді жолы осы әлеуметтік желі болып тұр. Теледидар, газеттен бөлек, сайттарда шығуға болады. Атқарып жатқан жұмысымыз халықтың көңілінен шығып жатқаны жөнінде әлеуметтік желілер арқылы біліп отырамыз.

– Жастармен жұмыс істеу қиындық туғызбай ма?

– Жоқ, керісінше жастармен жұмыс істеу маған ұнайды. Олардың бет-бейнесі, көңілі әлі кіршіксіз. Ақты ақ, қараны қара деп қабылдайтын кезі. Сонымен қатар, соңғы кезде жастармен табиғат аясында, не болмаса іс-шаралар барысында кездесіп жүрмін. Ондағы ойым олар өздерін толғандырған мәселесін емін-еркін, ешқандай қысымсыз жеткізсін, деймін. Облыс әкімінің орынбасары және студент емес, бәріміз бір деңгейдегі адамдар ретінде сезінуміз керек. Сонда ғана мәселелер бүкпесіз айтылады. Студент дегеніміз өзіндік пікірі қалыптасқан тұлға саналады. Сондықтан да осы топтың өкілдерімен кездесуді құп көремін. Біріншіден, жастардың мәселесін біліп аласың. Екіншіден, тәрбие жайына да көңіл бөлуге болады. Олардың дәл қазір өзгеретін шағы. Яғни, жат пиғылды ағымдардың жетегіне кету, келеңсіздікке ұрынуы секілді жағдайларға бой ұрындыруы мүмкін. Сонымен қатар, қазіргі жастар «танысың, ақшаң болмаса мәселең шешілмейді» деген пікірден шыға алмай жүр. Мұнысы дұрыс емес. Ең алдымен өзіне қажетті біліміңді ал. Егер білімің болмаса, ешқайда қажетсіз болып қаласың. Мектеп қабырғасынан білімді бойға жақсылап сіңіре білу керек. Бізді кезінде оқытқан ұстаздарымыз «Білімді сығылған лимондай етіп алу керек» деп айтатын. Яғни, өзіне қажетіңнің бәрін алуың қажет. Қазіргі жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеуміз керек. Бізде көп ұлттар мекен етеді. Біздің бүгінгі жетістігіміз ырыс-ынтымақтың нәтижесі. Осыны жастарға түсіндіргеніміз абзал.

– Жастардың бойынан қандай қасиеттерді іздейсіз?

– Жас кезімізде бойымызда рухани құндылықтар басым болды. Ер-азаматтарша айтқан сөзімізде тұратынбыз. Мәселен, төбелесте жеңіліп қалған жақ өзінің жеңілгенін мойындап, сыйластық танытатын. Тіптен, басында сондай өзара келісім жасап алатынбыз. Ал, қазір жастарымыз бірін-бірі мойындамайды. «Жығылған күреске тоймастың» керін келтіріп тұрады. Жеңіліп бара жатса, тапаншасымен сұлатып салады. Бір-біріңнен мықты боп көріндің. Ақыры не болады? Осы жағын жіті ойлана бермейді. Әрнәрсенің өзіндік тәртібі, келісімі, шегі болуы керек. Тағы бір мәселе, біздің қоғамда баланың тәрбиесін мектеп ұжымына тапсырып қойған. Бір жағдай болса, мектеп директоры, орынбасары және мұғалімді кінәлап шыға келеді. Ал, ата-аналар бала тәрбиесіне неге қарамайды? Жақында осыған байланысты бас қостық. Онда мұғалімдер, ата-аналар комитеті, ішкі істер қызметкерлері қатысты. Жиында жасөспірімдер арасында белең алып отырған қылмысқа қатысты көптеген жайттар назарға алынды. Мысалы, бір бала 7 рет қылмыс жасаған. Ол өз қателігін түсінудің орнына, сол қателікті үстін-үстін жалғастыра берген. Осы секілді жағдайлар көптеп орын алған. Жалпы, жиында айтылған мәселелерді тұтастай тыңдаған соң, ата-аналарға «ал сіздер баланың тәрбиесіне жауап бермейсіздер ме? Әлде сіздерді балаңыздың болашағы алаңдатпайды ма? Ол сенің болашақ ұрпағың емес пе? Келешек ғұмырыңның жалғасы ғой. Сонда оның келеңсіздікке ұрынуына қол қусырып қарап отыра бересіз бе?» деген сұрақтарды төтесінен қойдым. Ал, олардың бар айтары «азаннан кешке дейін жұмыстамыз. Баланы тәрбиелеуге уақытымыз жоқ». Кезінде Кеңестік кезеңде бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген ата-аналар жұмыстан шығарылатын. Бәлкім осы жүйе бойынша баласын дұрыс тәрбиеге сала алмайтын ата-аналарды жұмыстан шығаруды қолға алармыз деген пікір де білдірдім. «Қит» етсе, жұмыс деп балаға деген жауапкершіліктен қашқаннан гөрі, ең алдымен солардың өсіп-өнуін ата-ана қадағалауы міндетті. Ал, баланың тәрбиесін, оның адам болып қалыптасуын мұғалімге ысырып қоя салу жөнсіз. Мектептен дұрыс білім алып шығуы керек. Мәселен, жастар орталығы облысқа қарасты аудан-қалалардың барлығында бар. Сондағы өкілдерге: «сендер қастарыңа тек белсенді жастарды ғана жинай бермей, түрлі іс-шаралардан шет қалып жүрген қатарластарыңды да қосыңдар. Бәлкім, олардың да қоғамға қосар үлесі не болмаса пайдасы болар» деп айттым. Осындай тапсырмалар берілді. Мұның нәтижесін алдағы уақытта көреміз деген үміттемін.

– Егер сіз облыс әкімінің орынбасары болмасаңыз, қай саланы таңдайтын едіңіз?

– Мен ойлаймын мұғалім болар едім. Өйткені, маған берілген дипломда «қаржы және несие, экономикалық саясат оқытушысы» делінген. Осыған байланысты мұғалімдікке кетіп қалуым мүмкін еді. Бірақ, ұстаздық тәжірибем жоқ.

– Қанша тілді білесіз?

– Нақты қазақ пен орыс тілдерін білемін. Жалпы, ағылшын тілін білмесем де түсінем, ойымды жеткіземін. Бірақ, кәсіби тұрғыда сөйлей алмаймын. Ағылшын тілін үйренсем деймін. Өйткені, бұл тілге деген сұраныс артып тұр.

– Қызметтен шаршағанда қалай тынығасыз?

– Жұмыстан қаншама күйзеліс аласың. Сондықтан да оны басу үшін спортпен шұғылданамын. Күнделікті болмаса да, демалыс күндері спорт залға баруды құп көремін. Бала кезімде қазақша күреске қатысқанмын. Содан соң студенттік шақта да бойымыз кіші болғанына қарамастан, баскетболға қатысып жүрдік. Тіпті, университет тарапынан ұйымдастырылған жарыстарға да командамен бірге қатысқаным бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Лаура Сапарбекова

Дереккөз: "Оңтүстік Рабат" газеті

Түпнұсқадағы тақырып: Ерлан АЙТАХАНОВ, ОҚО әкімінің орынбасары: «Бүгінгі жетістігіме өз күшіммен жеттім».

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3290