Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6716 0 пікір 14 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ЛЕНГЕРДЕ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЖЕТЕРЛІК

Төлеби ауданының орталығы Ленгер қаласының отыз мыңға жуық тұрғыны бар. Көмір кеніші ретінде ашылып, қалаға айналған Ленгердің құрылғанына биыл 70 жыл толды. Шаһардың негізі 19 ғасырдың 70-жылдарында қоңыр көмір өндіретін шағын кеніш ретінде қаланған. Мұнда түрлі ұлт өкілдері қоныстанған. Еңбекшілер қаласы тоқырау заманынан дін аман өтіп, халықтың әлеуетін көтеру үшін кәсіпорындарды көптеп ашты. Оның басым бөлігі қаламен құрдас.

Ленгер қаласының тұрғындары кеше қала күні мерекесін атап өтті. Өзінің жетпіс жылдық мерейтойын атап өткен ленгерліктер ұлан асыр той жасамады. Түрлі әншілерде шақырып, шашу да шашпады. Есесіне, қаланың еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін өз өнерлерін ортаға салды. Ленгердің жетпіс жылдық тарих тақтасында әрбір шаңырақтың ерен еңбегі мен тамаша дәстүрі жатыр. Бұл жолы да әр саланың үздіктері аудан әкімінің марапатына ие болды.

Ал, осы кезде…

Ауданда есте қаларлықтай «Алтын күз» жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге әр бір ауылдық округтен шаруа қожалықтары өз өнімдерін әкелді. Ата бабамыздан мирас болып келе жатқан салт дәстүрімізге сәйкес, алты қанат киіз үйлер тігіліп келген қонақтар мен қала тұрғындары қазақтың саналуан тағамдарынан ауыз тиіп, ұлттық спорттың бірнеше түрінен ойындар көрсетілді. Арқан тарту, қол күрестіру, кір тасын көтеру, қымыз ішуден жарыстар болды.

Ауылшаруашылығы саласында елеулі еңбек еткендердің еңбегі осы күні елеусіз қалмады. Егін шаруашылығы бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізгендер, қымыз өндіру бағытында жұмыс жүргізіп жатқан агроқұрылымдар мен жеке шаруа қожалықтары, үздік көкөніс, бау-бақша өсірушілер Алғыс хат алып, сый-сияпатқа ие болды.

Үздік қымыз өндіруші

Төлеби ауданы бал қымызымен ерекшеленеді. Жеке кәсіпкер Нұрхан Айтбаевтың қымыз өндірісін дамыту ісімен айналысқанына он жылдан астам уақыт өтті. Биыл жеке кәсіпкер Алматы қаласында өткен «Алтын күз» жәрмеңкесінде «Озат қымыз өндіруші» атанды. Сонымен қатар, аймақта өткен жәрмеңкеде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауылшаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хатын алған.

Озат қымыз өндірушінің «Ұзын-Арық» тау қымызы деп аталатын арнайы ыдыстағы ұлттық сусыны елімізге ғана емес, ТМД елдеріне танымал. Мәскеуде тұратын қазақтардың «Ұзын-Арық» қымызына сұранысы жоғары болғандықтан, ол жаққа апта сайын жіберіліп тұрады екен.

Ұлттық сусынымыз қымызды өндіру таза еңбекті қажет етеді. Қымызға деген сұраныстың жоғары болуы сапасына да байланысты. Бұл кәсіпке отбасымызмен жұмыла кіріскендіктен, мейлінше тұрғындарға бойындағы құндылықтарын сақтап, таза күйінде беруге тырысамыз, – дейді Н. Айтбаев.

Қазір Шымкент қаласында жеке қымызхана орталығын да ашып қойыпты. Онда 10-шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Африкалық құстың саны 200-ге жеткен

Кәсіпкерлік демекші, Төлеби ауданында түйеқұс фермасының жұмысын жандандырып отырған кәсіпкердің еңбегін айтпай кетпеске болмас. Елімізде түйеқұс өндірісі және оны өсіру бойынша 25 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал, «Атамекен Корпорациясы» серіктестігі Төлеби ауданында түйеқұс шаруашылығын дамытуды алғаш қолға алған шаруашылықтардың бірі. Африка жерінен тараған ірі құс оңтүстіктің табиғатына тез бейімделген. 25-30 бас түйеқұстың саны бүгінде 200 басқа көбейген. Еті мен жұмыртқасын сатудан пайда тауып жатқан түйеқұс өсірушілер алдағы күндері қауырсындарын да кәдеге жаратуды жоспарлап отыр. Салмағы 115-140 келі болатын түйеқұстың негізгі азығы – су, екі мезгіл тамақ, көк шөп, жүгері, бидай, арпа. Түйеқұс фермасының бас мал дәрігері Ы. Салыбаев: «Түйеқұстың сан басын көбейту жұмыстарына баса назар қойып отырмыз. Ең бастысы оларды 1 жасқа жеткенше жақсы күтімде ұстау қажет. Сол кезде құс басы тез көбейеді»,- дейді.

Құстың еті адам денсаулығына өте пайдалы екендігі жиі айтылады. Қазір түйеқұс етіне деген сұраныс та көп екен. Қызығы, түйеқұстың бір жұмыртқасының өзі жарты келі болатындықтан, бір отбасы мүшелеріне жетерлік таңғы ас дайындауға болады екен.

Азық-түлік өндірісінің ордасына айналады

Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылуының нәтижесінде экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі айтарлықтай жақсарған. Мәселен, облыста өндірілетін жеміс-жидектердің 18%-ы Төлеби ауданында өсіріледі. Қазіргі таңда жеміс-жидек пен жүзім алқабын 1 900 гектарға көбейту көзделген. Төлебиліктер енді шикі өнімді терең өңдеуге бет бұрып отыр. Орта және шағын бизнеспен айналысатындар саны 9 000 мыңға жуықтайды.

Тау-шаңғы сауықтыру кешені

Төлеби ауданында бау-бақша, ауылшаруашылығы өнімдерімен қатар, мұнай, тау-кен өндірісі жанданған аймақта туризмнің орны ерекше. Сондықтан болар, Төлеби ауданына келетін туристер саны жыл оны екі ай толастаған емес.

Бірінші кезекте келушілердің қызығушылығын тудыратын «Алатау» тау шаңғысы базасы, «Тау самалы», «Біркөлік» демалыс аймағы, «Айна бұлақ», «EkoVillaige Kaskasy», «Красные скалы», «Ақ мешіт» шатқалдарындағы демалыс аймақтары ауданның әлеуметтік – экономикалық жағдайының жақсаруына жол ашатын басты нысандар. Сондай-ақ, туризм – аудан бюджетіне қомақты қаржы түсіретін негізгі сала.

Аудандағы 30-дан аса тарихи-археологиялық нысанның қатарында сақ заманының қорғандары, орта ғасырлық қалашықтардың орындары және халық арасында аты аңызға айналған «Жылақ ата», «Ғайып Ерен Қырық Шілтен», «Нұр ата», «Ақмешіт» секілді көпшілік мінажат ететін әулие орындары бар. Әсіресе, аты аңызға айналған «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» әулиесіне республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп, мінәжәт ететін адамдар саны өте көп.

Аудан аумағында тау шаңғы туризімін дамыту мақсатында 2003 жылдан бері «Алатау» тау шаңғы базасы жұмыс істейді. Тау-шаңғы базасы аудан орталығы Ленгер қаласынан 25 шақырым қашықтықта Батыс Тянь-Шань тауының етегінде «Тау Самалы» шатқалында орналасқан. Тау шаңғысы жолының ұзындығы 1300 метрге созылған. Қыс мезгілінде демалушыларға тау шаңғы, тауда жүретін шаңғылы көлік және тағы басқа қысқы демалу қызметтерін көрсетеді. Бір мезетте 1300 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда, аймақта Шымбұлақтан кем болмайтын «Қасқасу» тау шаңғы демалыс кешенінің жобасы жасалынып жатыр.

Ішкі тау-шаңғы курортының инфрақұрылымына қажетті инвестиция көлемі 21,3 млрд теңгені және тау-шаңғы курортының нысандарын салуға 81,2 млрд теңге қаржыны құрап отыр. Бұл «Қасқасу» туристік рекреациялық кешені» 2017 жылы ашылып 2000 адам жұмыспен қамтылады.

Айгүл Керімбайқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496