"САЯСАТТЫ ЭКОНОМИКАДАН БӨЛЕКТЕГЕН ЖӨН"
(Aqorda.kz сайты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ле Фигаро» газетіне (Франция) берген сұхбатын ықшамдап жариялады).
Қазақстан Президенті Францияның ірі басылымының бірі – «Ле Фигаро» газетінің тілшісі Рено Жираруға сұхбат берді. Мемлекет басшысы еліміздің ядролық қаруды таратпау саласындағы іс-қимылы туралы әңгімелеп, Украинадағы қазіргі ахуал туралы және соның төңірегіндегі оқиғаларға қатысты, сондай-ақ Сирия түйткілін шешу жолдары жөнінде пікірін білдірді.
Атап айтқанда, Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану бағытындағы бастамаларына қатысты Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту республикамызға айтарлықтай көлемде шетелдік инвестициялар әкелуге және экономиканы жаңғырту үшін жағдай туғызуға септігін тигізгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Аз байытылған уранның халықаралық қорын құру түрлі елдердің атом электр стансалары үшін сенімді отын көзін қамтамасыз ететінін, осылайша аса байытылған уран алу мүмкіндігін және оның әскери мақсатта қолданылу қаупін азайтатынын айтты.
Осы орайда Қазақстан Президенті бұл жобаның коммерциялық пайда табуға арналмағанына назар аударды.
- Ең бастысы, бұл – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан кезекті үлесі, – деді Мемлекет басшысы.
Минск үдерісі аясындағы түрлі тараптардың әрекеттеріне түсініктеме бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президенті Ф.Олландпен кездесудің негізгі тақырыбының бірі екіжақты ынтымақтастық мәселелерімен қатар Украина дағдарысы болғанын еске салды. Қазақстан Президенті француз көшбасшысының сапары алдында Украинадағы қақтығыс өрши түскенін, бірақ бұл кезде оны реттеу үшін нақты дипломатиялық қадамдар жасалмағанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде өткен бірлескен кездесуді ұйымдастыру мүмкіндігін талқылау үшін кезегімен Германия, Украина және Ресей көшбасшыларымен кездесті.
Қазақстан Президенті түйткілдің түйіні бүгінгі таңда әлі шешілмегенін, бірақ «Минск-2» келісімінде Ресей мен Украина тарапының барлық іс-қимылдары айқын жазылғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Ресейге қатысты санкциялар айтарлықтай нәтиже бермегенін атап өтті.
- Бұл санкциялардан Украина дағдарысына еш қатысы жоқ адамдар – ресейлік шағын және орта бизнес өкілдері, француз фермерлері жапа шегуде. Саясатты экономикадан бөлектеген жөн. Франция қақтығыс аумағындағы шиеленістің ушығуына жол бермеу және санкциялар қатаймауы үшін бәрін жасауға тиіс. Осы дағдарысты шешу үшін дипломатиялық қадамдарды жалғастыру қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сириядағы ахуалға қатысты Мемлекет басшысы босқындарға байланысты бүгінгі дағдарыс осы елдің ісіне өзге мемлекеттердің барлық халықаралық уағдаластықтарға қайшы келе отырып, орынсыз араласуынан туындағанын атап айтты. Нұрсұлтан Назарбаев осындай әрекеттерді доғару бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деген пікір білдірді.
Бұл ретте Елбасы Астана біздің өңірде дипломатиялық хаб болу үшін барлық мүмкіндікке ие болып отырғанына назар аударды. Мысалы, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруға бастамашы болды, ол Қытай, Үндістан және Пәкістанды қосқанда, Азияның 30 елін біріктіреді. Сондай-ақ Қазақстанның елордасында еліміз бастамашылық еткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты өтеді. Мұнда ЕҚЫҰ және ИЫҰ саммиттері де ұйымдастырылды.
- Иә, біз осы Батыс пен Шығыстың арасындағы шекарада, мазасыз өңірде дипломатиялық хабқа айналғымыз келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Abai.kz