Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5293 0 пікір 8 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Ұстаздың еңбегі – шәкіртінің жетістігімен бағаланады. Олай болса, күнгейлік ұстаздардың еңбегі текке кетпепті. Оның дәлелі, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада оқушыларымыз екі жыл қатарынан ІІІ орынды иеленді. Жүлдегерлер саны 33-ке жеткен. Ал, жыл басынан бері екі бағыт бойынша 30 оқушы жүлдегер атанып, «Үздік олимпиадалық мектеп» және «Үздік олимпиадалық команда» атанған. «Алтын белгі» иегерлері соңғы 4 жылда 238-ден 608 оқушыға артқан. Мұның барлығы ұлағатты ұстаздардың еңбегі деуге болады, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.

Үздіктер марапатталды

Қазан айының алғашқы жексенбісі – ұстаздардың кәсіби төл мерекесі. Ұстаздар күні – барша қауым болып ерекше ықылас, аса құрметпен ұстаздардың еңбегін бағалайтын мереке. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тапты. Мереке барысында ұстаздар жылдар бойына атқарған жұмысының жемісін көрді. Яғни, өз ісінің үздіктері марапатталды және сый-сыяпаттарға ие болды.

Сарыағаштық Р. Исламов (Кеңесбаев атындағы орта мектептің мұғалімі) пен №12 колледждің директоры С. Жиенбаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалының ОҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Л.Ысқақова облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. И.Оспанова (Ордабасы ауданы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі), Г.Тастанбекова (Шымкент қаласы №65 Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі), Ш. Төреханова (Сарыағаш ауданы №13 колледждің өндірістік оқыту шебері), К. Тұрсымбековалар (Түлкібас ауданы С. Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі) облыс әкімінің «Алғыс хатын» алды.

Ал, Шымкент қаласы №65 «Балбұлақ» бөбекжай-балабақшасы «Үздік балабақша» грантымен марапатталды. Балабақша облыстық «Мектепке дейінгі үздік білім беру ұжымы» атты ұйымдастырылған байқауда бас жүлдеге ие болған.

Ардагер ұстаз

Бұл күні ардагер ұстаздардың да еңбегі еленбей қалған жоқ. Марапатталғандардың ішінде 45 жыл білім саласында еңбек еткен Шарапат Құрманбекова да бар. Қазір зейнет жасындағы ардагер-ұстаздың білім саласын дамытуға қосқан үлесі орасан. Оның дәлелі ретінде еңбегін бағалаған талай мақтаулар мен марапаттауларды айтсақ болады. «Жасыңда тартқан бейнет – қартайғанда зейнетің екен» дейді ұстаз. Айтуынша, алғашқы еңбек жолын 1969 жылы Түркістан қаласында сол кездегі комсомол комитетінің жолдамасымен Ленин атындағы (қазіргі А.Байтұрсынов) мектебінде бастаған. Одан кейінгі еңбегі Отырар ауданында қарапайым мұғалімдіктен бастап, директорлыққа дейін көтеріледі. 20 жыл мектеп басшылығы қызметін атқарады. Қазіргі күні ұстаз Отырар ауданының «Құрметті азаматы». Кейін отбасы жағдайымен қалаға ауысып, педагогтардың білімін жетілдіру институтында 15 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады.

– Өзім педагогтардың әулетінде дүниеге келдім. Ата -енем де осы саланың адамдары болды. Арман-мақсаттарымды ұрпақ тәрбиесімен байланыстыруым заңдылық та болар. Еңбегімнің еш кетпегендігін шәкірттерімнің жетістігіне қарап бағамдаймын. Әрқайсысы өмірде өз орындарын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда қызмет етуде.

Жалпы, ұстаздық әрбір адамның бойында болатын қасиет. Тек тума қасиетті жетілдіруде әркім өзінше ізденеді, талпынады. Білім нәрін берген оқушысының биіктен көрінуіне, өсуінде, елдің алдында ұятқа қалмауында бар күшін, жігерін салады, — деп ардагер өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Құралай Амантайқызы

Еліміздің « ең үздік педагогы» Кентауда тұрады

Күні кеше Астана қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен ұстаздардың мерекелік шарасында біздің облысымыздың ұстазы Құралай Амантайқызы республикадағы «Ең үздік педагог» атанып, 1 млн 852 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық алды. Құралай Амантайқызы Кентау қаласындағы №3 қазақ-түрік ер балалар мектеп-лицейінде тарих пәнінен сабақ береді. Оның 20 жылдан бергі «өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» еңбегі текке кетпепті. Үздік маманның шәкірттері қазіргі таңда облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары атанып жүр. Осы жылдың өзінде 3 оқушысы республикалық олимпиаданың, 2 оқушысы ғылыми жоба сайысында жоғарғы нәтижеге қол жеткізген.

– Төртінші рет өткен мерекелік шараға биыл республика бойынша 40-тан астам мұғалім қатысты. Еліміздің Білім және ғылым министрі А. Сəрінжіповтың қолынан «Білім беру ұйымының үздік педагогы» төсбелгісін алғаныма қуаныштымын. Менің жеңісім — оқушыларымның еңбегі, олардың білімге деген құштарлығы, ізденісінің нәтижесі деп білемін. Олардың ата-аналарының маған деген құрметі, мектеп және облыстағы білім басшыларының сенімділігіне де алғысымды айтқым келеді. Менің түсінгенім оқушыларға білім беріп қана қою жеткіліксіз. Ұстаз өзінің еңбегінен нәтиже шығуын талап ету қажет, — дейді үздік педагог.

Бір айта кетерлігі, облысымызда 2012 жылға дейін Қазақтан тарихы мен құқықтану пәндері бойынша облысымыздың оқушылары республикалық олимпиадаларда не ғылыми жобаларда ешбір көрсеткішке қол жеткізбеген екен. Бұл екі пән бойынша алғаш жеңімпаз атанғандар үздік педагогтың шәкірттері екендігін атап өтейік.

Айгүл Керімбайқызы 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435