СӘУЛЕ КІМ, БЫҚЫБАЕВ КІМ?
Жамбыл облыстық филармониясының директоры, әйгілі әнші, дәстүрлі өнердің бүгінгі көшбасшысы Сәуле Жанпейісованы жергілікті бишікештер еңбек демалысында жүрген жерінде жұмыстан босатып жіберді.
Көпшіліктің есіне сала кетейік, осыдан 3–4 жыл бұрын аталмыш өнер ордасы дау-дамайдың ортасында қалған еді. Даудан олардың өздері шаршамаса да, сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев шаршаған болу керек: директор Сейітқасым Түктібаев облыстық Тәртіптік кеңестің сыбайлас жемқорлыққа салынғаны үшін жұмыстан босату жайлы ұсынысы негізінде қызметінен қуылған соң (бір орында табаны күректей 21 жыл тапжылмай отырса, салынбағанда қайтсін?), Алматыдан осы облыстың тумасы Сәуле Жанпейісованы қолқалап шақырып алады. Әкім бұндай жауапты шешім қабылдарда, аты қыз демесе, заты анау-мынау ер жігітке бергісіз Сәуле ханымның біраз жыл бұрын Атырау қаласында Өнер академиясын тұрғызу жолында 4 жыл абыроймен қызмет атқарғанын ескергені даусыз. Әншіге де белді буып, ару Алматыны тастау, Таразға қоныс аудару оңай соқпағаны анық.
Міне, әкімнің қолқалауымен туған жерге табан тіреген Сәуле аз уақытта көп жұмыс тындырды. «Баласағұн» мәдениет сарайы жөнге келтірілді. Оркестр құрылды, әртістерге арнап қаншама жаңа киім тігілді, қанша жаңа бағдарлама жасалды. Басқаны былай қойғанда, үш жыл қатарынан халықаралық фестиваль өткізу айтуға ғана оңай... Филармония кеңес кезінен бері ұмыт қалған керемет дәстүрді қайта тірілтті – биылдың өзінде бес аудан халқына толық құрамымен барып, өнерге сусап қалған халықтың құмарын қандырып қайтты; бірнеше облыс орталығында, тіпті Польша, Чехословакия, Түркия секілді бірнеше шетел сахналарында, Астана қаласындағы «Тәуелсіздік» сарайында өнер көрсетті.
Сәуле өстіп, күн-түн қатып жүргенінде, биыл бір топ филармония қызметкері қол қойған арыз қаржы полициясына топ ете түседі. Және сол күндері кездейсоқтық па, басқа ма (жалпы, өмірде кездейсоқ ешнәрсе жоқ екенін ұмытпаған жөн), облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Д.Бықыбаев тарапынан Сәулеге өз еркімен кеткеніңіз дұрыс болар еді деген «ұсыныс» айтылады. Айтылғанда да, «ол кісі осылай болғанын қалап отыр» деп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың атына сілтеме жасалады...
– «Мынадай жағдайда мен мүлдем кетпеймін, ия менің жемқор екенімді дәлелдеп, соттаңдар, ия ақтаңдар» дедім. Шыным осы! – дейді Сәуле. – «Ойбай, несін айтасың, былық-шылығы көп екен, сосын кетуге мәжбүр болыпты» деген сөзді естігім келмейді. Оның үстіне облыс әкімі Кәрім ағай да мені қабылдап, «алаңдамай жұмысыңды істей бер, маған сенен артық директор керек емес» деген болатын...
Бірақ қаржы полициясындағылар қазақы көреалмаушылыққа ғана құрылған, жалаңқай, дәлелсіз, негізсіз арыздан ары іздеп, бері іздеп, қылмыс құрамын таба алмай, істі тоқтата тұру туралы қаулы қабылдайды. Сәуле де кезекті еңбек демалысына аттанады.
Дегенмен, «ізге түскен» басшыларға Сәуленің асаулығы қатты ұнамай қалса керек: «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деген емес пе, әріптестеріміз жазғандай «жұмыстан босатудың жамбылдық әдісін» ойлап табады. Рас, қит етсе сотқа жүгіретін бүгінгі заманда кім соттың шешімімен өз орнына қайтып келмей жатыр, әңгіме мәселенің ашық айтылмай, Сәуленің сыртынан шешілгендігінде ғой.
– Ең қызығы, демалыста жүргенімде, жұмысымдағылар маған телефон соғады: «Түктібаев сот шешімімен өз орнына келейін деп жатыр екен ғой, сіз не білесіз?» деп, менен сұрайды. Мен Бықыбаевқа хабарлассам: «Рас, ертең апарып отырғызамыз» дейді. «Көкетай, тұра тұрыңыз, мен жұмысқа шығайын, содан кейін-ақ әкеліп отырғыза берсеңіз болады ғой» десем, бастығым: «Сәулетай, болмайды, өйтсем, мына сот орындаушы мені сотқа сүйрейді» деп қара-а-п тұр!..
«Міне, көрдіңіз бе, «орнына отырғызайын да құтылайын, екеуі бірін-бірі сотқа беріп жатсын, ол екеуінің соттасу хикаясы бітем дегенше жан нәсіп, қалғанын сол кезде көре жатармын» деген бастығыңыз. Өте дұрыс жасаған!» – деймін мен.
– Бықыбаевта апта сайын өтетін аппарат жиналысы бар емес пе, сонда ол менің орныма жиналысқа қатысып отырған орынбасарыма қарап: «Жаңа бастықтарыңыз құтты болсын!» – депті. «Ол кім болды екен?» деген жұрттың аузы ашылып қалмай ма?! Соны түсіндіру үшін, енді ол көпке қарата: «Сейітқасым Түктібаев соттың шешімімен өз орнына қайтып келді» дейді. «Сәуле қайда кетті?» деген заңды сұрақ туады ғой тағы да. Ол сұраққа бастық: «Сәуле еңбек демалысында жүр», – деп жауап беріпті!..
– Міне, кино! Кино емес деп көріңіз! Еңбек кодексі бұндай жағдайда «жұмыс беруші сіздің қазіргі қызметіңізге деңгейлес қызмет беруі тиіс» дейді. Сіз келіссеңіз, сол орынға бара аласыз.
– «Жұмыстан босатудың жамбылдық әдісін» ойлап тауып отырған бұл жердегілер, «бізден кінә жоқ, ұсындық, келіспеген өзі» деп, менен құтылу үшін мына хатты жіберіпті (фотокөшірмені қараңыз).
Ау, мен режиссер тұрмақ, әртіс те емеспін ғой, мен – әншімін! Әлеуметтік желіге осы хатты салып жіберіп едім, көптің аузы дуалы емес пе, қараңызшы – Тынысбек Қоңыратбаев: Ой, шіркін, Бықыбаев мырза бықсытыпты ғой. Бықыбаев кім, Сәуле кім!!!» – деп жазыпты. Жанұзақ Нұртайұлы: «Бықыбаев дейді? )) Атына заты сай болып тұр екен ))». Дарига Муштанова: Қорлауларын-ай! Қайран Абайдың «Ит маржанды не қылсын» дейтіні осындайда ғой... Бөлек орталық ашып беретін жөндері бар екенін аңғаруға білік қайда-а-а!» – деген сияқты жазбалар түсіпті желіге.
Біз осы оқиға жайлы ойын сұрап, шымкенттік білікті заңгер Жаңабек Әбішевке хабарласқанымызда, ол былай жауап берді: «Егер адамды өзінің бұрынғы қызмет орнына қайта отырғызу туралы шешім Жоғарғы соттан келсе, оны түсінуге болар еді. Ал бұл жерде ондай шешімді бірінші сатыдағы сот шығарып отыр. Неге ол шығарады? Екіншіден, адамның қайта орнына келуі туралы үш ай ішінде ғана арыздануына қақысы бар, ал ол 3,5 жылдан кейін оралып отыр, соншама уақыт бойы қайда жүрген? Еңбек демалысында жүрген адамды жұмыстан шығару – барып тұрған бассыздық. Заңсыздық. Егер «Жанпейісова жұмысты атқара алмады» десе, оны негіздеп, бұйрық жазсын. Еңбек кодексінің жұмыс берушінің бастамасымен қызметкерді жұмыстан шығару туралы 54-бабында 19-бөлім бар, оның бірде-біреуі бұған сәйкес келмейді. Ендеше олар Сәулені жұмыстан шығара алмайды! Сотқа арыз берсін-дағы, үйінде жата берсін! Заңсыз жұмыс істемеген күндерін кейін Мәдениет басқармасы төлеп береді. Егер білімді судья болса, ол ақшаны Бықыбаевтың қалтасынан төлеттіреді. Әділдігі де сол болады!» – деді білікті заңгер.
Сәуле «мен де бұл істе мүдделі адам болғандықтан, маған осы істің көшірмесін беруіңізді өтінемін» деп, Тараз қалалық соты төрағасының атына арыз жазған екен. С.Түктібаевты «орнына қойған» Б.Манкетегі атты судьядан «сіз тарапқа жатпайсыз» деген сылтаумен арызын қабылдамай, кері қайтарған жауап келіпті (фотокөшірмені қараңыз).
– Маған Алматыдан, Астанадан хабарласып жатқан көптеген жанашырларымның ішінде «министрге айтайық сен жайлы» деген аға-апаларым да бар. Министр өзі де бәрін естіп, біліп отырған шығар. Қажет деп тапса, Астанадан қызмет ұсынар. Бірақ мен кресло қолтықтап туған жоқпын ғой. Шенеуніктермен соттасып жатуды мен өз атыма лайық көрмеймін. Алтын уақытымды қор қылып, орны толмас жүйкемді жұқартып неғыламын?! Адал да аянбай еңбек еткеніме бір Алла куә. Құдай берген өнерім бар емес пе? Алдымда әлпештеген халқым бар: әнімді айтып, алғысымды алып жүре бермеймін бе?! – дейді Сәуленің өзі.
Біздің шенеуніктер ширек ғасырға жуық уақыт ішінде мемлекет ақшасын «жеудің» ұшығына шықты десек болады. Бюджетті пышақ үстінен «бөлуге» бөгет болып көріңізші: Ислам Әбішев секілді министрліктегі комитетіңізді де қысқарта салады, өзіңіздің үстіңізден қырық жыл бұрынғыны қопара көтеріп, қылмыстық іс қозғап қояды... Бөлтірік шешен бабамыз сондай пысықтардан күйгенінен: «Алдың» мәнісін білмеген, «бердің» мәнісін білмейді, «ал» мен «бердің» мәнісін білмеген, ненің мәнісін біледі?!» деп күйінген екен. Ол замандағы Абай айтқан «қашан түсіп қалғанша жеп бітетіндердің» ісі бүгінгілермен салыстырғанда, баланың ойыншығы болып қалды. Түктібаев та ұлы тойдың, мол қаржының қарсаңында, Сәуленің демалыстан шыққанына да шыдамай, креслоға өте асығыс-үсігіс келіп қонжиғанына қарағанда, Бықыбаев екеуінің бір ойлаған-білгені бар шығар...
Атырауда да жұмысты төрт жыл өгіздей өрге сүйреген жерінен «қалай жеуді» іштен оқып туғандардың «ал» мен «берге» итермелеуі жиілей бастаған соң, бір күнде арызын жазып кетіп қалған дара туған дарынды әнші болса, аттан түссе, тақтан түскендей күй кешетін мансапқорлардың күйкі тірлігіне миығынан күле қарайды.
Тек көңілге қаяу түсірер бір ғана нәрсе – көкіректері жоғары, адамгершілік қасиеттері төмен әкім-қаралардың Қазақ хандығының 550 жылдығы көне Тараз жерінде тойланайын деп жатқанында, бірде-бір шығармашылық бағдарламаға Сәуле Жанпейісованың атын қоспағанда, көздегендері не? Елп ете қалып, орнын босата қоймаған қаршадай қыздан айлаларын асырып, қызметін тартып алғанымен қоймай, өздерінше кек алғандары ма? Мұқатқандары ма?
Әй, рухани мүгедек байғұстар-ай, бұл әрекетінен Сәуленің қылшығы да қисаймайтынын, тек өздерінің шынайы бет-перделерін ашып алатындарын да түсінбегендері ме? Шынында да, Сәуле кім, Бықыбаев кім?!
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №33 (304) от 01 октября 2015 г.