Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 13524 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 23:23

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІГІНЕ ТӨНГЕН - ҮШ ҚАТЕР

Келер жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Қазіргі ағынды заманда ширек ғасыр аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде біз тәуелсіздігімізді нығайтып, демократиялық қоғам құрып, құқықтық мемлекет орнатуда қандай табыстарға қол жеткіздік және болашақта осы алға қойған мақсаттарымызды іске асыру үшін не істеуіміз керек деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек.

Әрине, Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбір азамат осы елдің болашақта дамуын және онда өмір сүретін адамдар бір-бірімен тіл табысып, бейбіт, тату-тәтті қоғамда бақытты өмір сүргенді қалайтындары анық. Бірақ та өмірде бәрі бірдей біздің қалауымызша өз-өзінен пайда болмайтыны белгілі. Сондықтан жәй ғана тілек тілеп, бос қиялға берілмей, алдымызға үлкен мақсат қойып, соған қол жеткізу үшін еңбек етіп, сол жолда күрес жүргізуіміз керек. Олай болса, ол қандай мақсат болуға тиіс және біз ол үшін не істеуіміз керек?

Бірақ біз осы кезге дейін шын мәнісінде егемендіктің не екенін әлі толық түсіне алмай келеміз. Егер егемендікті «де-юре» және «де-факто» тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстан қазір «де-юре» деңгейінде жүр. Яғни формальды түрде тәуелсіз ел болып саналамыз.

Ал толық тәуелсіз ел болу үшін – саяси, экономикалық, рухани тәуелсіздікке қол жеткізуіміз керек. Соның ішінде рухани тәуелсіздік, яғни тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, ұлттық нақышта жан-жақты дамуы тиіс. Біз болсақ осы күнге дейін бұрынғы метропологияның тілінде сөйлеп, сол бұрынғы советтік өмір салтымен өмір сүріп келеміз. Біз осы кезге дейін елімізде тыныштық болып, бейбіт өмір сүрсек, басқасы өз орнына келе жатар деп ойладық. Бірақ біздің билік осы тәуелсіздік жылдарын пайдаланып, қазақтың үш ғасыр бойы Ресейдің бодандығында болып, соның салдарынан дамымай қалған ұлттық құндылықтарын қалпына келтірудің орнына, сол бұрынғы Кеңес заманы кезіндегідей тоталитарлық саясатты жалғастырып, қазақтың ұлттық мүддесіне орны толмас зиян келтірді.

Біреулер «ол қандай зиян болды екен» деп ойлауы мүмкін. Ол – тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта дүниеге келген қазақ жастарының көбі, соның ішінде қалада өскен қазақ балалары ана тілінен, ата салтынан мақұрым болып, мәңгүрттеніп кетуі. Қаладағы қазақ жастарының көбі орыс мектептерінде оқиды және қазақ мектептеріне баратын қазақ жастарының өзі мектептен тыс уақытта көбіне бір-бірімен орысша сөйлеседі. Яғни, олардың ұлттық санасы, өмірге көзқарасы қазақтың ұлттық менталитетіне жат болып, нигилистік рухта қалыптасуда. Олар ертең өсіп, ер жеткеннен кейін, қазақтың ұлттық құндылықтарын мойындамай, оның қас жауы болып, оған қарсы күресетін әлеуметтік топ болып қалыптасуы әбден мүмкін. Ол қатердің бірлі-екілі ұшқыны қазірдің өзінде БАҚ беттерінде, электронды баспасөз құралдарында қылаң береді. Басқаша айтқанда, балаларын орыс мектебіне беріп жүрген қазіргі ата-аналар болашақта қазақтың ұлттық тамырына балта шабатын ұрпақ өсіріп жатқандарын білуі тиіс.

Әрине, қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы патриот ұлдары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұл жөнінде дабыл қағып, оны рухани проблема ретінде көтеріп келеді. Бірақ осының бәріне жауап беруге тиіс билік құр уәдемен халықты алдамсыратып келді. Соның салдарынан қазақ халқының рухани мәдениеті мен ұлттық құндылықтарының жағдайы күннен-күнге әлсіреп, қазір төзгісіз жағдайға жетті. Бүгінгі күні біздің қоғамның алдындағы күн тәртібінде: осы мемлекетті құрушы титулды қазақ ұлты өзінің тарихи отанында, тәуелсіз мемлекетінде ұлттың болмысын сақтап қала ала ма, жоқ па деген сауал тұр.

Бұл сауалға дұрыс жауап табу үшін, бірінші кезекте Қазақстанның болашақта «де-факт» тәуелсіз ел болып дамуына кедергі келтіретін, қоғам ішіндегі пайда болатын қайшылықтардың басты себебін терең білуіміз керек. Өмірлік тәжірибе көрсетіп жүргендей, көбіне қоғам ішіндегі қайшылықтар сол қоғамды қалыптастыратын әлеуметтік күштердің арасында пайда болады. Себебі олардың алға қойған мүдделері мен мақсаттары әр уақытта бір-бірімен сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Мемлекетті қалыптастыратын әлеуметтік күштерге титулды ұлтты, ұлттық және діни құндылықтарды, әлеуметтік топтарды, жеке адамдарды жатқызуға болады. Егер де біз осылардың топтық мүддесін терең зерттеп, онда пайда болатын қайшылықтарды дер кезінде тауып, оны заң жүзінде, уақытында әділ шешіп отырсақ, қоғамдағы тұрақтылық «де-факто» жүзеге асады.

Қазақстан жағдайына келетін болсақ, мұнда осы жерде ұлт ретінде тарихи қалыптасқан бір ғана ұлт бар, ол – қазақтар. Сондықтан қазақтар мемлекет құрушы титулды ұлт болып табылады. Ал елдегі басқа ұлт өкілдері болса, олар мұнда түрлі себептермен, саяси ауытқулар нәтижесінде келген диаспоралар. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі биліктің Қазақстанды «көп ұлтты мемлекет» деуі – өтпелі саяси мақсаттан туындаған, теория жағынан алып қарасақ, өте қате пікір.

Халықаралық қағида бойынша, мемлекет құрушы титулды ұлт пен диаспоралардың құқығы еш уақытта барлық жағынан бірдей бола алмайды. Мемлекет құрушы титулды ұлттың ұлттық мүддесіне сол мемлекеттің: тәуелсіздігінің нығаюы, жерінің тұтастығы, тілінің дамуы, дінінің сақталуы, салт-дәстүрінің өркендеуі жатады және олар сол мемлекеттің конституциялық заңымен қорғалады. Егер де сол мемлекеттің саяси билігі немесе сол қоғамды қалыптастыратын әлеуметтік топтар, жеке тұлғалар осы жоғарыда айтылған қағидалардың біреуін бұзса, немесе орындамаса, ол мемлекеттік қылмыс болып саналады және ол үшін заң алдында жауап беретін болады. Тек осындай жағдайда ғана ол мемлекет өзінің егемендігін сақтап, тәуелсіздігін қорғай алады.

Көбіне халықаралық жағдайда бір елдің екінші елге қауіп төндіруі ұлы державалардың сыртқы саясаттағы ұстанған принципіне немесе әр елдің билік басындағы саяси элитасының жүргізген саясатына байланысты. Өткен ғасырларда өндірісі дамыған Батыс елдері қарудың күшімен басқа құрлықтарды жаулап алып, оны өздеріне отар жасап, онда өмір сүретін жергілікті халықтарды қанап, олардың табиғи байлығын тонап, ондағы қоғамның саяси, экономикалық, мәдени дамуына, олардың тарихи даму барысында сол халықтардың артта қалуына себепші болды.

Әрбір ұлттың рухани болмысын оның тілі, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, өнері құрайды. Бұл айтылғандар сол ұлттың рухани құндылықтары болып саналады және сол ұлт өзінің тәуелсіздігін нығайтып, демократиялық қоғам құрып, құқықтық мемлекет орнатудағы басты мақсаты – осы ұлттық құндылықтарын қорғап, оны әрі қарай дамыту болмақ.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері, қазақ халқының осы айтылған ұлттық құндылықтарын сақтап, оны әрі қарай дамыту проблемалары жөнінде айтылудан, жазылудан кемшілік болған жоқ. Бірақ іс жүзінде айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмадық. Керісінше, осы уақытқа дейін осы мәселелерді көтеріп келген жеке тұлғалар мен қоғамдық ұйымдар бос сөзден ештеңе өнбейтініне ширек ғасыр барысында көздері жеткендей, соңғы кезде оны сөз қылудан қалып бара жатқанға ұқсайды.

Оның есесіне, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген немесе сол тұста есейіп, ер жеткен кейбір жастар Ресейдің ұлы державалық шовинистік идеологиясында тәрбиеленуіне байланысты ассимиляцияға ұшырап, ұлттық құндылықтарын мойындамай, еліміздің тәуелсіздігінің болашағына күмән келтіріп, қайтадан бұрынғы метрополияға бодан болуды қалайтын мәңгүрттердің қатары күннен-күнге көбейіп келеді.

Қоғамдағы мұндай жағдайда қазіргі жастарды ұлттық санасы төмен, патриоттық сезімі жоқ, тәуелсіздіктің қадірін білмейді деп, оларды біржақты кінәлау – дұрыс көзқарас болмақ емес. Себебі жастардың ұлттық санасы күнделікті өмірде – көру, оқу, есту арқылы қалыптасып, дүниетанымы пайда болады. Егер де олардың дүниеге келген күннен бастап көретіндері – Батыстың мультфильмі, еститіндері – орыстың сөзі мен насихаты болса, ұлттық тәрбиенің не екенін білмей өссе, ол үшін жастарды жазғырудың реті жоқ. Бұл үшін жастарды экспансиядан сақтай алмаған қоғам кінәлі болуы тиіс.

Егер де біз бүгінгі күні кез келген адамнан: «Қазақстанға сырттан келетін қауіп қайдан болуы мүмкін?» – деп сұрақ қоятын болсақ, оған әркім әртүрлі жауап беретіні анық. Ал негізінде ол жауап қазіргі саяси биліктің жүргізіп отырған идеологиялық үгіт-насихат жұмысына байланысты боларын көпшілік жұрт сезбеуі мүмкін.

Әрине, көпшілігі «бізге ешкімнен ешқандай қауіп жоқ», «біз тәуелсіз елміз, сондықтан қандай саясат ұстап, қай бағытта даму жолын өзіміз таңдаймыз» деуі мүмкін. Біреулер ислам лаңкестерін атауы ықтимал. Кейбіреулер «қауіп Америка Құрама Штаттарынан» деуі ғажап емес. Неге десеңіз, Ресейдің онға жуық федеральдық телеарнасы арқылы Қазақстанда еркін жүретін ресейлік идеологиялық машина осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бүгінде он қазақтың бесеуі тек қана ресейлік тележаңалықтарды көреді. Сондықтан тек қана саясаттан хабары бар адам ғана «қауіп – Ресейден» деп айтуы мүмкін.

Ал «ол қандай қауіп?» деп сұрақ қойсақ, оған көп адамның тұжырымды жауап беруі неғайбыл. Себебі бүгінгі ақпараттар әлемі сапырылысқан заманда бұл өте күрделі сұрақ және ол терең теориялық білім мен идеологиялық сараптаманы қажет етеді.

Шынында да, Қазақстанға қауіп қайдан болуы мүмкін және ол қандай қауіп?

Меңінше, қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігіне төніп тұрған үш қауіп бар. Олар: біріншіден, Ресей жағынан болуы мүмкін. Жеріміздің, еліміздің тұтастығына төнетін қауіп.

Екінші: қазақтардың ассимиляцияға ұшырап (орыстанып), ұлттық болмысынан айырылу қаупі.

Үшінші: қоғам ішіндегі жемқорлық пен парақорлықтың салдарынан мемлекеттігімізден айырылу қаупі.

Біз бұрын Ресейдің отары болып тұрғанда, орыс империясы Қазақ хандығын жойып, жерін мемлекет меншігі деп жариялап, оны губернияларға бөліп, оған әскери бекіністер салып, қазақ халқының сулы-нулы жерлерін тартып алып, Ресейден орыс мұжықтарын алып келіп, қазақ жерлеріне қоныстандырған болатын. Совет Одағы кезінде де Қазақстанның тың жерлерін игереміз деген сылтаумен миллиондаған славян тектес халықтарды қазақ жеріне көшіріп, соңынан республикамыздың бірнеше облысын Ресейге қоспақшы болды. Енді Совет Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғаннан кейін, Ресей шовинистері мен реваншистері сол мақсатына жету үшін, қазақтың тәуелсіздігіне көз алартуларын қояр емес. Ол ойларын жүзеге асыру үшін, Қазақстанда тұратын диаспораларын және ассимиляцияға ұшыраған орыс тілділер деп аталатын мәңгүрттерді пайдаланғылары келеді.

Қазақстан билігі орыс шовинистерінің осы ойын біле тұра, оған қарсы еш шара қолданбады. Солтүстік аймақтарда қазақтардың санын көбейту үшін, шетелдерден оралмандарды көбірек көшіріп әкеліп, сол жерлерге қоныстандыруға болар еді. Қазір Ресей бұрынғы империясын қалпына келтіру үшін, «орыс әлемі» (русский мир) деген термин ойлап тауып, «орыстар және орыс тілділер қай елде тұрса да, біз олардың мүддесін қорғауға міндеттіміз» деп, басқа елдердің тәуелсіздігіне қауіп төндіріп отыр.

Ресей Қазақстанды өзіне отар жасағаннан кейін, олар қазақ халқын тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырып, оларды орыстандыруға әрекет жасады. Совет Одағы болса, интернационализм идеологиясын пайдаланып, жетпіс жыл бойы өздеріне бодан халықтарды алдап, оларды ұлттық санасынан айырып, түгелдей орыстандыру саясатын мақсат етті.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақстандық билік басында сол бұрынғы метрополияға қызмет еткен, орысша білім алған, интернационализм рухында тәрбиеленген номенклатура өкілдері қалды. Сондықтан оларды қазақтың ұлттық тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі қызықтырмады. Олар мұны бұрынғы артта қалған феодалдық-патриархалдық мәдениттің сарқыншағы деп, оған жиіркене қарады. Бірақ ол ойларын халыққа ашық білдірмеуде. Болашақта қазақтың рухани мәдениетін 2050 жылға дейін гүлдендіреміз деп, өтірік уәде беріп, іс жүзінде керісінше әрекет жасап отыр.

Бүгінгі күні билік басында 95 пайыз қазақтар отырса да, кеңсе қағаздары орыс тілінде жүргізілуде, қазақ балаларының тең жартысына жуығы әлі күнге орыс мектептерінде оқиды. Яғни, қазақ халқын орыстандыру процесі бұрынғыша жалғасып жатыр. Ондағы мақсат – қазір өсіп келе жатқан қазақ жастарын ұлттық санадан айырып, түгелдей орыс мәдениетіне ассимиляциялау. Сондықтан орыс тілді қазақтар қазақ халқының атынан билікте отыра бергілері келеді.

Қазақстанда шенеуніктердің жемқорлығы мен парақорлығы дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарлардан орын алады. Бірақ біздің билік коррупция барлық елдерде бар құбылыс деп, ол мерезді ақтаған болады. Дегенмен, Қазақстан шенеуніктері жемқорлығының әлеуметтік сипаты көп елдерге қарағанда ерекше. Оның себебі біздің халықтың тарихи қалыптасқан менталитетіне және шенеуніктердің ұлттық санасының төмендігі мен патриоттық сезімдерінің жоқтығына байланысты. Соның салдарынан біреулер қазақтың ұлттық байлығын тонап жатса, ұлты қазақ шенеуніктер оларға тыйым салудың орнына, солармен бірге қосылып тонайды. Біздің билік парақорлықпен күрескен болады, бірақ нәтиже шамалы. Себебі парақорлық сол «күрескерлердің» негізгі табыс көзіне айналған.

Біздің елді Ақорда билігі Еуразиялық экономикалық одаққа халықтың ерік-жігері мен таңдау құқына қарамай кіргізгенде, «бұл экономикалық одақ біздің саяси тәуелсіздігіміз бен рухани мәдениетіміздің дамуына ешқандай кедергі келтірмейді» деп сендірген болатын. Сондықтан қазақ халқының рухани салт-дәстүрі қазіргі президент Назарбаевтың билік құрған тұсында жаңа саясат негізінде өркендемейтін болса, «бірінші президенттің» тарихтағы атына өшпестей дақ түсері хақ. Және Назарбаев кеткен соң, бұл үрдісті жүзеге асыру тіптен мүмкін болмай қалады.

Өкінішке орай, бізде ұлттық сананы тәрбиелеу үрдісінде тырп еткен тіршілік жоқ. Билік басындағы элита мен лауазымды шенеуніктер бір адамның аузына қарап қалған. Осының салдарынан жеке басқа табынудың кері үрдісі асқына түсуде. Бұған қаншалықты төзуге болады? Бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Ол үшін саяси билікті өзгерту қажеттігі, қоғамда саяси трансформация жасалуы тиістігі де баршаға мәлім. Бірақ осы белгілі жәйттерді жүзеге асыратын азаматтық қоғам көрінбейді. Себебі халықтың ұлттық санасымен бірге оның саяси еркі мен таңдау құқы да қалың ұйқыға кеткен. Оны ояту үшін, бірінші кезекте ұлттық сананы оятуымыз керек.

 

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №33 (304) от 01 октября 2015 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373