"НКВД" АДАМДЫ ҚАЛАЙ АЗАПТАЙДЫ?
НКВД ойлап тапқан «кінәсін мойындату» тәсілдері де әртүрлі еді. Мысалы, «конвейер» деп аталған азаптау тәсілі – ұрып-соғу, қорқытып-үркіту, тамақ түгіл, су да бермей, айыпкерден дамылсыз тәуліктеп жауап алу. Яғни ас-тұз бермей, бейбақ жандардан күндіз тергеушілер жауап алса, түнде сержанттардан құрылған арнайы топтар оларды ұйықтатпай, ұрып-соғып отырған. Ал «стойка» деген тәсіл – айыпталушыны тәуліктеп орындыққа отырғызбай, түрегелтіп қою. Соның салдарынан аяқ ісіп, шалбардың балағына сыймай кететін көрінеді. «Карцер» деген азаптау түріне сәйкес, кішкентай ғана, сап-салқын, еденінде су шылқып тұрған не отыратын, не жататын жері жоқ қапас бөлмеде ұзақ уақыт бойы тік тұру керек.
Қорлаудың тағы бір түрі – айыпталушыны «лимузинге» мінгізу. Аяқтарының ұзындығы әртүрлі, бірінің үстіне бірі қойылған үш-төрт орындықтың үстіне аузы шүберекпен кептетілген, аяқ-қолы байланған айыпкерді отырғызады екен. Егер қажып, қалжырап, тепе-теңдікті ұстай алмай қалса, үсті-үстіне қойылған орындықтар теңселіп, ол биіктіктен бетонды еденге құлайды. Бұл тәсілден кейін аяқ-қолдары сынып, мүгедек болып қалғандар, миына зақым келіп жүйке ауруына душар болғандар, тіпті мерт болғандар да баршылық екен. Осындай азаптан кейін көр соқыр болып қалған қазақ жігітін тергеушілер босатпағандықтан, сержанттар жауапқа жетектеп апарып жүріпті.
Осындай сорақылықтардан кейін көптеген кісілер атылып, асылып қалғандығын тілге тиек еткен зейнеткер заңгер Ғалихан Нұржанұлы – 60-жылдардан бастап жазықсыз жапа шеккендердің өмірін зерттеп, оларды ақтауға атсалысқан азаматтардың бірі. Және әрбір істі ерекше ықыласпен зерделеген ол зобалаң жылдардың зардабы жөнінде айтқанда, жанарына еріксіз жас алады.
Ғалихан МӘУЛЕТОВ, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ардагері, заңгер:
– Кеңес үкіметінің өз халқына деген сұмдық геноцидінің басы өткен ғасырдың 20 жылынан басталып, 1950 жылдардың ортасына дейін созылды. Халықты жоспарлы түрде қырып-жою шыңы 1937-38 жылдарға келеді. Жазықсыз жазаланғандардың саны мыңдап саналады. Бұл мәселені зерттеушілер олардың саны Отан соғысында қаза тапқан боздақтардан артық болмаса, кем емес дегенді айтып жүр. Бұған күмәндануға болмайды.
Мен 1963 жылдан бастап МҚК-ге қызметке орналасып, арнайы комиссия құрамында осы ойранды жылдары жазықсыз жазым болғандардың құжаттарын зерттеумен айналыстым. Және әр іске үңілген сайын үлкен тебіреніске түсіп, шарасыздықтан еріксіз басыңды шайқайсың... Көптеген іспен танысып отырғанымда бір қылмыстық іс материалының ішінен НКВД басқармасының бастығына жазылған, авторының аты-жөні көрсетілмеген бір жапырақ қағазды оқыдым. Онда: «Сен, сенің жендеттерің, кінәсіз адамдардың қанын жүктеуді қашан тоқтатасыңдар, сендерден де сұрау болатынына сенемін», – деген ызалы жанайқай жазылыпты...
Alashainasy.kz