Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7189 0 пікір 21 Қыркүйек, 2015 сағат 16:00

НҰРЛАН ДУЛАТБЕК. ГҮЛБАҺОРДЫҢ ӘНІ

Қарқаралыда болдым. Қасиет қонған, қалың қатпарлы тарих тұнған киелі мекен! Құнанбай қажы мешіті. Абайдың көк үйі... Көңілге түрлі ойлар келеді.

Көк үй, көк терезеге қатысты бір тәмсіл. «Алаш қайраткерлері: Санкт-Петербург іздері» атты зерттеу еңбегімде, қазақтың тұңғыш заң магистрі Жақып Ақпаев жөнінде жазылған материалымда мынадай жолдар бар еді:

 

«... Жақып ағаның өмірлік серігі – татар қызы Гүлбағар Бекметова, қайын жұрты – әйгілі Бекметовтер әулеті екені белгілі. Бекметовтар әулеті өз заманында Қазақстанның қоғамдық және экономикалық өміріне белсене араласқан, ұлттық салт-дәстүрлерді жете меңгерген. ХІХ ғасырда ауқатты саудагер Халиолла Хамитұлы Бекметов (1833-1903) салдырған Халиолла үйі, Бекметов үйі – қазірде Қарқаралы қаласындағы тарих және мәдениет ескерткіші, мемлекет қамқорлығына алынған. X. Бекметов түрмелерге қамқорлықтың Қарқаралы бөлімшесінің, Қоянды жәрмеңкелік комитетінің мүшесі болған. Халиолланың інісі Мұхаммед (Мақсұт) Бекметов Қазақстандағы әлеуметтік теңдік жолындағы қозғалысқа белсене араласқан. Халиолла Бекметов аға сұлтан Құнанбай Өскенбай ұлымен дос болып, жиі араласып тұрған. Әділ де адалдығымен танылған Халиолланы Қарқаралы халқы бітімші би етіп сайлаған. Қалада мешіт, медресе үйлерін салдырып, осы аймақта кен көздерін ашуға көп еңбек сіңірген. Құнанбай Қарқаралыдағы мешітті салдырарда оның жобасы мен тұрғызылатын орнына байланысты Бекматовпен ақылдасып отырған. Халиолла қаладағы Құнанбай мешіті ғана емес, 1910 ж. Санкт-Петербургте салынып, іске қосылған мұсылмандар мешітіне де қаржылай көп көмек көрсеткен. Халиолланың кейін «Көк үй» аталып кеткен, ешқандай шеге қағылмай, бірыңғай бөренеден қиюластырған үйіне Абай бала кезінен барып тұрған. Абай Бекметов кітапханасын да пайдаланған. Жас ақынның мұнда келген әр сапары ойын-сауықпен өткен. 1977 ж. қазір балалар бақшасы ретінде пайдаланылатын Xалиолла үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Міне, осы Халиолланың қызы Гүлбағарға Жақыптың ата-анасы құда түседі. Бірақ ерке өскен, бұла сұлу, кербез қыз қара табан қазақ баласын менсінбегендей сыңай танытады, «мен қазаққа тимеймін» деп бұлданады. Содан бірде Жақып Қарқаралыдағы қазіргі Абай мұражайы орналасқан үйдің алдына келіп пәуескеден түсіп жатады. Туғаннан ерекше сымбатты, келбетті, кірпияз жігіт – қолында тростик, басында шляпа, аяғында туфли – Еуропаша киінген Жақып бейнесі – өз бөлмесінің терезесінен көріп қалған қырмызы қызға ерекше әсер етсе керек. Аяқ астында сабырдан айрылған ол, ас үйде жүрген шешесіне жүгіріп келіп, «мен мына қазаққа тиетін шығармын» деп алқына жауап беріпті...»

Міне, сол Гүлбағар сұлу қарайтын көк терезе... Табан астында тіл ұшына бір шумақ өлең орала кеткені:

 

Көрік берген Қарқараға сарай бұл,

Бәрі орнында, 

сол баяғы арай күн. 

Мен де жеттім, Жақып салған соқпақпен,

Гүлбахор жоқ... Терезеге қараймын.

 

Іле сұңқар ақын Серік ағама, Серік  Ақсұңарұлына қоңырау шалдым. Өлеңді оқып бердім. Сізден қай жерім кем деп әзілдедім. Арқалы ақын мынадай өлеңмен жауап бергені:

 

ГҮЛБАҺОРДЫҢ ӘНІ – "ҚАЙРАН, ШАҢЫРАҚ"

                                                                           Нұрлан Дулатбековке

Азан да қазан ел сіңген жерге мен сіңбей,
Қазаннан келіп, Қарқаралыны жерсінбей;
Теңсінбей не бір татардың қаратаяғын,
Оқалы орыс офицерін де менсінбей! –

Жүр едім!
Күнде төбем бір көкке тиеді.
Көрмеген едім күйкі мен көмеш, күйені.
Мен туған шаңырақ қарадан шығып хан болған,
Құнанбай түскен, Абай кеп түскен үй еді!

Қайран, шаңырақ,
Қалдым аңырап,
Көрісер күн бар ма,
Қозыдай жамырап?!.

Аттың үстінде кеппеген бір сәт тақымы,
Болмысы бөлек, бітімі, сезім, ақылы,–
Алдымнан шықты Алаштың ұлы, айбозым –
Ақпайдың Жақыбы!

«Беретін көктен бекзатым сен деп – Айды алып!»,-
Көзімді жұмып, құшағына құлап, байланып;
Күндерім қайда көк үйде сол бір өткізген,
Штраустардың биімен шыр-шыр айналып?!.

Татьянаның әніне елтіп, биге – бір,
Тәттімбетіммен күңіреніп, кейде, күй-көңіл;
Абайдың жыры ар-ұятымды әлдилеп,
"Махаббат, қызық жылдарым" өткен үйде – бұл!

Қайран, шаңырақ,
Қалдым аңырап,
Көрісер күн бар ма,
Қозыдай жамырап?!.

... Питербор анау – зеңбіректің зілді солқылы,
Татар мен қазақ несіне шошып, толқыды?!
Заманның лаңы тез болып түсіп тектіге,
Жаманның бәрі құтырып кетті сол күні!

Жақаңмен жүрген баллдағы балдай биімді,
Сағынғандағы білмейді ел көңіл күйімді;
Атқора қылып алмаса болды құл-құтан,
Құнанбай түскен, Абай кеп түскен үйімді?!.

Қайран, шаңырақ,
Қалдым аңырап,
Көрісер күн бар ма,
Қозыдай жамырап?!.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443