Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 7260 0 пікір 18 Қыркүйек, 2015 сағат 08:07

ЕМШЕКТЕГІ СӘБИЛЕР ДЕ АНА СҮТІН САТЫП ІШСІН!

Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВКЕ

АШЫҚ  ХАТ

 

Кәрім мырза!

Биліктің шабарман-жаршысына айналмаған баспасөзіміздің айтуынша, сен басқарып отырған үкімет шәкірттерге мектепте бір мезгіл тегін тамақ беруді биылғы оқу жылынан бастап тоқтату туралы қаулы қабылдапты. Оған президент Н. Назарбаевтың 11-ақпанда өткен үкіметтік үлкен мәжілісте:  «Қазақстандықтар мектептегі балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс» дегені негіз болыпты. Осы рас па? Рас болса, қаулың қашан және не деп жазылды?  

 

Мен – ханына да «сен» деп сөйлеген қазақтың ұрпағымын. Саған  «сіз» демей  отырғаным сондықтан. 

Он шақты жыл бойы сен дізгін-шылбырын ұстап келе жатқан Қазақстан үкіметі қарапайым халыққа он теңгенің жақсылығын жасаған жоқ. «Міне, мынаны жасадық қой?!» дей алсаң, айтарсың. Халық «арзандады» деген сөзді естуден күдер үзді, еститіні, көретіні – «пәлен теңгеге қымбаттады». Жасаған жақсылықтарың сол ма?  

Айтпақшы, саған 2011 жылы мамыр айының 5-і күні хат жазып: «Мысалға бір ғана жылу жүйесін айтсақ, Алматыда 2010-жылғы мамырда пәтердің шаршы метрі үшін оның айлық төлемі 53,27 теңге болса, биылғы мамырда – 111,15 теңгеге жетті! Бұл неткен шексіз сорақы құбылыс?» дегенім есіме түсті. Содан кейін ол хатыма жауап келмегені де есіме түсіп: «Оу, оқитын көз, ұғатын зейін шамалы мынау заманда тағы босқа әуре болып қайтем, жазбай-ақ қояйын» деп бір іркілдім де, қазекемнің: «Ауызға келген түкірік – қайта жұтсаң мәкүріп» дегенін  ескеріп, хатымды аяқтауды, жолдауды жөн көрдім. Өзіңе жете ме, жоқ па, жеткен күнде жауап бола ма, әлде, аудан  әкімінен президентке дейін жазған хат елеусіз қалатын қазіргі «мода» бойынша, жым-жылас кете ме... әй, сөйтетін шығар. Е, мейлі. Алайда, мұны оқыған етжақын шенеуніктеріңнің бірі болмаса бірі құлағыңа сыбырлап: «Кәреке, анау бір хатты оқыдыңыз ба?» дейтін шығар.

 

Жә, сонымен, сол 2011-жыл мен 2015-жылғы коммуналдық қызметке төлемақымыздың айырмасынан бірер мысал келтірейін:

1 квт электр қуаты  11, 4 теңгеден 15, 4 теңгеге, 

1 текше метр ыстық су  274, 2 теңгеден 350, 3 теңгеге,

1 текше метр суық су  23, 5 теңгеден 55, 6 теңгеге,

1 текше метр газ  652, 8  теңгеден 744  теңгеге жетті.

Басқасын айтпағанда, осының өзі-ақ қатты ойландырар жәйт емес пе?

Иә, азық-түлік пен киім-кешектің екі есеге жуық қымбаттағаны өз алдына.

Әрине, қымбатшылық өкімет пен үкіметтің іші-сыртындағы шенеунік атаулыға, парламент депутаттарына ауыртпалық болған жоқ, болмайды да. Мәселен, айына 400-500 мың теңге жалақы алатын, жүріп-тұрулары да тегін депутаттар неге қыңқ етсін?. Биыл көктемде жалақыларын сәл азайту туралы сөз айтыла қалғанда бәрі өретүрегеліп: «Ойбай, онда біз жан сақтай алмай қор боламыз!» деп жылап жібере жаздады емес пе?!

400-500 мың теңге. 1 депутаттың бұл айлығы мектеп мұғалімдерінің немесе дәрігерлердің 7-8-і алып жүрген жалақыға тең. Жанды қинап, жүйкені тоздыратын жұмыстағы мұғалім мен дәрігердің еңбегі қандай да, маужырап отырып, күніне пәлен қаулы қабылдап, солардың қайда кеткенін, немен тынғанын өз төтесінен ойламайтын, іздемейтін депутаттың еңбегі қандай?

Кәрім мырза, хатымның әліпбиінде анық-танығын сұраған қаулың бары рас болса, оны да парламент бекіткен шығар, ә? Бекітсе, қарсылық білдіргені болды ма? Шәкіртке шеңгел салғандарыңа шынымен біреуі ашынған жоқ па?

Мектептегі бір мезгіл тегін тамақтануларына тиым салып, «Сатып ішсін!» дегендерің шәкірттерге шеңгел салған емей немене?!. Бүгінде баланың жұдырығындай ғана самсаның 100-120 теңге екенін сендер білмейсіңдер, ал 50-60 мың теңге айлық алатын, шәкірт баласының мектептегі тамағына күн сайын кемінде 250-300 теңге  беріп отыруға мәжбүр қарапайым көпшілік біледі.

Қаулыларыңда: «Шәкірттерге сатылатын тамақтан түскен қаржы мүгедек балаларға жұмсалатын болады» делінген көрінеді. Ол рас болса, құдай-ау, бұндай бишаралық шара қолданған билікті бетпақ демей, не деуге болады?! Мүгедек балаларға бұлайша «қамқорлық жасау» сорлылық емес пе?!

Кәрім мырза, мүгедек жеткіншектерге көмек көрсетудің басқаша қаржы көзін шынымен таба алмадыңдар ма? Онда мен айтып көрейін:

Алматыда, Астанада, облыс орталықтарында пәлен миллион долларға супермаркет, 4-5 жұлдызды мейманхана, сән-салтанатты мейрамхана мен қабат-қабат үй мен коттедж  салдырып алған, шетелдік 70 - 100 мың доллар аутомәшінді қос-қостан мініп жүрген шылқабайлардан қайыр жоқ па?

Семей полигонынан зардап шеккендерді жарылқайтын боламыз деп, «Невада-Семей» қозалысының  арнаулы Қорына қыруар қаржы жинап алып, оны бөлісіп алумен миллиардер болған Машкевич пен Шодиевтен, Ибрагимов пен басқаларынан қайыр жоқ па?

Миттал, Ким, Өтемұратов, Рақышев пен Құлыбаевтардан ше?

Тағы басқа миллионерлер мен  миллиардерлерден ше?

Бұлардың ешқайсысы «табан ақы, маңдай терімен» байыған емес қой?  «О, жоқ, олар адал еңбектерімен байыды!» десең қайсысының қайда, қанша жыл тер төгіп, айына  неше доллар жалақы алып жүргендерін есептетіп көрсек қайтеді?

Сондай-ақ, биыл жекеменшік аутомәшіндеріне «ерекше бедел нөмірді» 110-140 мың теңгеге сатып алған пысықайлардың саны мыңнан асыпты, ал сонда олардан түскен миилондаған теңге  қаржы қайда жұмсалды?      

Сонымен, Кәрім мырза, айтып-айтпай не керек, сендер өзеннің арғы бетіндесіңдер, халық бергі бетінде; сендердің бері өткілерің келмейді, халық ары өте алмайды. Араларың «100 қадам» болса да.

Шәкірттердің «айран мен тоқаш» мәселесін ойлай-ойлай, сендерге мынадай бір ұсыныс жасағым келді:

Бүгінгі шәкірт кеше емшектегі сәби болды, ә? Ендеше, ертең шәкірт болатын бүгінгі сәбилерге емшек сүтін сатып ішкізу керек! Есеп-қисапқа жүйрік данышпандар үкіметте, оның бір бұтағы – шәкірттермен тікелей байланысты Білім министрлігінде  (министрі А.Сәрінжіпов) жеткілікті шығар, соларды дереу жұмылдырып,  «аса маңызды  бұл мәселені» қысқа қалдырмай тез шешу керек! Қаулың түске дейін дайын болса, парламент пен президент түстен кейін бекітіп бере салады ғой!

 

Сәлеммен,  Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір