Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 5685 0 пікір 23 Ақпан, 2016 сағат 13:06

ӘНШІЛЕР НЕГЕ РУШЫЛ ӘРІ НЕГЕ ҚАЗАҚ БОЛУДАН ҚАШАДЫ?

Рушылдық енді‑енді басы қосыла бас­­та­ған қазақтың бірлігіне сызат тү­сіріп, бө­лініп‑жарылуға апаратыны жө­нінде жиі айтылады.

 Әсіресе, мұндай ақылды ұлағатты сөзді айтатын өнер адамдары. Солай бола тұра, қазақ әнші­лерінің біразы ата‑тегінен жеріп, руының атын фамилия қылып алды. Мысалы, Аша Матай, Нұрлан Албан, Ақылбек Жеменей, Сара Найман, Майра Керей сынды әншілер руын «жұлдыз» жасап, жарнамалап жүр. Тіпті, өздерінің бұл ісіне олар қымсынбайды да. Бұған қа­рап «олардың тұла бойын рушылдық дендеп, ішке сыймағаны соншалықты, сыртына теуіп, әбден беті ашылып алған ба?» деген де ойға қаласың. Сөйтсек, гәп басқада екен. Олардың рушыл болуының  өзіндік себебі бар екен. Маңғыстаулық әнші Ақылбек Жеменей өзінің «рушыл» болуын осыдан біраз уақыт бұрын «Қала мен дала» газетіне берген сұхбатында былай түсіндірген еді. «Осыдан 5-6 жыл бұрын сахнаға алғаш шығып жүргенімде белгілі сықақшы Марат Көккөзовпен концертте бірге болдым. Адайдың ішіндегі Жеменей екенімді біліп, сол кісі тегімді ауыстыруға ұсыныс жасаған болатын. Содан бері осылай келе жатырмын» депті. Сонда, Марат Көккөзов Ақылбекке неге мұндай ақыл айтты? Неге оны рушылдықтың жолына салып жіберді? Шындығында, бұл мәселеге терең үңілсек, Маратты жазғыруға болмайды, керісінше, ол Ақылбекке жаманшылық ойламағанын, қайта оның адам болып, жұрт қатарлы өмір сүріп кеткенін қалаған ағалық жанашырлығын көреміз.

Шығыс халқында Қожанасырдан, қазақта Алдаркөседен бастау алатын сы­қақшылар ақылсыз адамдар емес. Олар халықтың ішкі ойын сезетін, мінезін жақ­сы білетін психологтар. Оның үстіне, М.Көккөзов – А.Жеменейдің жерлес ағасы. Ақылбектің ән салып жүргенін бір қарап жіберіп, ол оған өте пайдалы ағалық кеңес қосқан. Себебі, Ақылбектің әншілігі, құй­қыл­жытып әкетіп бара жатқан дауысы, құдай берген таланты шамалы, түр‑сипаты да эстрадаға келе бермейді – оны халықтың «жарық жұлдыз» деп қабылдауы қиын еді. Енді не істеу керек? Сықақшы Марат Көккөзов тығырықтан шығатын жолды тапты. Жеменей – адайдың ішіндегі ең үлкен ру. Соған сәйкес той‑томалақты да көп жасайды. Мысалы, жеменейлер той жасап жатыр делік. Тамада «Құрметті қонақтар, бүгін жеменей елі дүбірлетіп той жасап отыр. Сіздердің құрметтеріңізге Ақылбек Жеменей ән салады» десе, тойда отырған жеменейлер құда‑жекжаттың алдында мерейі артып, бір жасап қалмай ма?! Жеменейдің тойында Жеменей ән шырқап жатыр… Қандай үйлесімді, қандай тамаша! Бұдан кейін Ақылбекті тойға шақырту көбейеді, соған сәйкес әншінің табысы да артады. Міне, осыны білетін сықақшы Көккөзов інісіне жанашырлық ақылын айтқан. Әрине, ағасының айтқанын мүлтіксіз орындаған Ақылбек те ақылсыз жігіт емес. «Мен, мен» деп көкірегін ұрмайды. Ол өзінің шамасын біледі – асып‑тасып бара жатқан таланты жоқ. Бұлай жасамаса, шоу‑бизнесте күн жоқ, ақша табу да қиын.

Ақылбек Жеменей бұрын Ұлықпан Жолдасов құрған «Каспий» тобының мүшесі болды. Топ Ұ.Жолдасовтын бастап түгелімен батыстың жігіттерінен тұратын. Топтың «Каспий» деп аталуы да Ақылбектің Жеменей аталуы сияқты есептен туындаған сияқты. «Құрметті қонақтар, Сіздер толқыны  мен бекіресі тулаған Каспий теңізінің жағасында отырсыздар. Сіздерге арнап Каспийдің түлектерінен құралған «Каспий» тобы ән шырқайды» дейді тамада. Тағы да тойшы қауым бір жасап қалады. Каспий… Каспий… Каспий… Ылғи батыс өңірдің той‑томалағында ән айтып ақша табатын топтың құрамында жүргенде мұны Ақылбек байқаған. Кейін топтан бөлініп өз алдына шаруа жасай бастағанда Ұлықпан ағасынан үйренгенін Марат Көккөзов ағасының ақылымен жүзеге асырды. Бұдан Ақылбек ұтылған жоқ, жаман болған жоқ – Алматыдан дүмбірлетіп екі‑үш қабат үй де салды, қымбат мәшине де алды…

Қазақ эстрадасында басқалардан оқ бойы озық келе жатқан оңтүстіктің жігіт­терінен құралған «Мұзарт» атты топ бар. Бірақ, олар топтың атын «Дулат» немесе «Тараз» деп атап, бір өңірдің немесе бір рудың қолдауына сүйенгісі келмеді. Неге? Себебі, олар өздерінің талантты екенін білді. Тойда өлең айтып, ән шырқап ақша табуды емес, өнер жасауды мақсат тұтты. Топтың атын жай ғана музыкалық өнер – «Мұзарт» деп атай салды. Табыстан да құр алақан емес. Оларды батыстың да, шығыстың да, оңтүстіктің де, солтүстіктің де хал­қы тойын­да ән айтуға шақырады. Табысы да «Кас­пийге» қарағанда әлдеқайда қомақты – шынайы өнер де жасап жатыр, күреп ақша да тауып жатыр.

Міне, байқап отырғандарыңыздай әнші­лердің рушыл, жершіл болуының бір себебі осында жатыр. Мысалы, найман руы бүткіл қазақтың үштен бірін құрайды. Албан да Ұлы жүздегі үлкен рудың бірі. Матайлар да көп. Керей де Орта жүздегі ұйымшыл белді рулардың бірі саналады. Дегенмен, «қазақ ішіндегі рушылдық сезім асқынып тұр» деп айта алмаймыз. Бірақ, халық «У ішсең руыңмен» деген түсініктен әлі арыла қойған жоқ. Халықтың осы бір осал тұсын өнер адамдары өз пайдасына жаратып жатыр.

Қазақ әншілерінің рушыл болып кетуінің тағы бір себебі бар. Бұл жоғарыда айтылған бірінші себептен әлдеқайда жаман, қазақ үшін әлдеқайда қауіпті. Олай дейтініміз әншілердің қазақ болудан қашуы. Олар неге олай етеді? Мысалы, әнші Майра Мұхаммедқызы өзінің тегін ауыстырып, Майра Керей атанғанына біраз болды.  Ол бұл ісін былайша түсіндіріп жүр. Майра анда-санда Еуропаға барып ән шырқайды екен. Оның ойынша, еуропалықтар «Майра Мұхаммед» деп айтуға қиынсынады-мыс. Шындығында, мұсылман әлемінің кіндігіне жақын жатқан еуропалықтарға пайғамбарымыз Мұхаммедтің есімі жат емес, ол үйреншікті есімдердің біріне айналғалы қашан! Дәл осы есіммен әлемге әйгілі қаншама тұлға шықты! Қара нәсілді боксшы исламды қабылдап, «Мұхаммед Әли» атанғанда да христиандар оның есімін атауға  тіпті де «қиынсынбаған» болатын. Бұл жерде Майра Керей бір нәрсені жасырып отыр. Өзінің фамилиясын өзгертуге қатысты айтқан оның уәжі ақылға қонымды емес. Шындығында, ол қазақ болудан қаш­қақтап отыр. Неге?

«Мұхаммедқызы» деген сөзде қазақ­қа, қазақ тілінің әліпбиіне ғана тән «ұ», «қ» сияқ­ты «құйрықты» әріптер кезде­се­ді. Ол өзге халықтың тілінде жоқ мұндай әріп­тердің (дыбыстардың) өзінің аты-жөнінде болмағанын қа­лайды. Яғни, оның қазақтықтан қаш­­қақтап отырғаны байқалып тұр. Екін­шіден, қазақтар – мұсылман. Тіл мен дін ұлтты басқалардан ерекшелейтін басты факторлардың бірі. Халқымыз исламды қабылдағаннан бері ұл-қыздарының атын мұсылманша қоя бастады. Ал, Майра таза қазақ бола тұра ислам дәстүрін, қазақ дәстүрін мойынсынбай мұсылманша есімнен қашып отыр. Яғни, бұдан оның тағы да қазақ бол­ғысы келмейтінін көреміз. Осы сияқты қазақтықтан қашқақтап жүргендердің қатарына Матай, Албан, Жеменей, Найман, әл-Тарази, Тарази деген фамилия алып, тегін өзгерткендерді қосуға болады. Себебі, ру мен жер аттарының түгелге жуығы қазақ мұсылман болғанға дейін қолданылған ескі сөздер. Әрине, аты-жөнін өзгерткен адамдардың біразы бәрібір қазақшылықтың «құрығынан» құтылып кете алмады. Фамилиясын «орысша» стан­дартқа келтіріп еуропашалағанмен өз есімінде «ұ», «ң», «ғ», «қ», «ә» сияқты әріптер қалып қойды.

Совет одағы кезінде орыс ортаға түсіп қалған Тұңғышбай, Тоқтар есімді адамдар «Толик», Ақылбек пен Әкім есімді жігіттер «Алик», Мақпал мен Мөлдір есімді қаздар «Маша», Амангүл мен Нәзігүлдер «Настя» деп танысуды жөн көретін. «Сен қазақ екенсің ғой, бірақ түрің қазаққа ұқсамайды» деп біреу күмәнді сөз айтса, соған мәз болып, бір жасап қалатын. Сол кеміс психология қазақтың бойында әлі бар сияқты. Бірақ, «Маша», «Толик», «Алик» болу «модадан» қалды – қазір ерсі көрінеді. Оның үстіне фамилияны өзгерту оңай болғанмен азан шақыртып қойған өз атын заң бойынша өзгерту қиын. Осы жағдай ат ауыстырғыш әншілерді тежеп тұр. Әйтпесе, олар мына түрімен «Алекс», «Майкл», «Дженифер» деп атын өзгертіп алудан тайынатын емес.

Қазақтардың қазақ болудан қашқақ­тайтынын Сара Найманға қатыстыра айтып, тағы да жүйелей түсуге болады. Әнші өзінің «Найман» аталуын тарихқа апарып бірақ тірепті. Айтуынша, ол мектепте «Қазақстан тарихы» пәнін жақсы көріпті. Ескі тарихқа қызығыпты. Оқып отырса, наймандар кезінде өз алдына жеке мемлекет болып, дәурені жүрген екен. Соған таң қалып, өзі найман руынан болған соң Сара Найман атанып алыпты. Дұрыс делік. Бірақ, оның ескі тарихты жаңғыртқысы келсе, фамилиясын неге «Күшілік» немесе «Кетбұға» деп алмағаны таңырқатады. Бірі – Найман мемлекетінің ұлы ханы, екіншісі – Мысырға дейін жаулап барған монғол әскерінің даңқты қолбасшысы. Екеуі де әлем тарихындағы танымал тұлғалар. Сара тарихты жақсы оқыса олар туралы білсе керекті. Бірақ, ол Күшілік немесе Кетбұғаны фамилия ретінде алмай, Найман атанды. Себебі,  ол да Майра апасы сияқты қазақша әріптерден, қазақтықтан қашқақтап отыр.

Майра мен Сара шетелге шығып ән айтып, «өнеріммен елімді, жерімді әлемге танытам» десе, фамилиясын «Қазақ» деп алушы еді. Еуропада Кетбұғаны білсе де, найманды білмейді. Оған қарағанда қазір қазақтың аты біршама танымал болып қалды. Егер, әншілеріміз «Майра Қазақ», «Сара Қазақ» деп өзін жария етіп жүрсе, еуропалықтар «Ә, күміс көмей әншілер Қазақстаннан келген екен» деуші еді! Бірақ олар «құйрықты» «Қ»-дан босқа секемденіп, келіп тұрған бақты өз қолымен қағып тастап отыр. Мұнысы өздері үшін де, қазақ үшін де өкінішті жағдай.

Әлнияз Бестемір

Ақиқат журналы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371