Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8050 0 пікір 18 Ақпан, 2016 сағат 15:49

НЕ БОЛЫП ЖАТЫР? НЕ ДЕП ЖАТЫР?

Кешелі-бері БАҚ пен бұқараның назары Бурылдағы оқиғаға ауғаны белгілі. Өйткені, Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Бурыл (Ровное) ауылындағы бала өліміне қатысты оқиғаның аяғы тұрғындардың наразылығына  ұласуда.

Бурыл тұрғындарының толқуына осы ауылда алты жасар кішкентай ұл баланың кісі қолынан қаза табуы түрткі болған. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, күдікті үлкендер жұмыста болған күндізгі уақытта үйге ұрлыққа кірген. Жылыстап кіріп, жымқырып кетпек болған кезде үй ішінде алты жасар бала күдіктіні көріп қойған. Кейін күдікті 6 жасар баланы 11 жерінен пышақ салып өлтірген. Жамбыл облыстық ІІД мәліметтеріне сүйенсек,  күдіктінің ұлты түрік екені айтылды. 

Ресми органдар ақпарат блокадасын жасағанымен, әлеуметтік желілер және кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, осы қылмыс әшкере болған күннің ертесіне жергілікті қазақ ұлтының 200-ге жуық өкілі ауылдағы этностық түрік ұлтының үйлерін қирата бастаған.

Жаппай тәртіпсіздікті тоқтату мақсатында, қазір оқиға орнына арнайы жасақ жұмылдырылған.

Үш күннен бері басылмай келе жатқан дауға басу айту үшін, облыс әкімі К.Көкірекбаев бастаған облыстық ІІД бастығы, прокуратура, полиция жасақтары мен қарулы әскер келген.

Қазір аталған ауылға комендант сағаты енгізілген.

Деректерге сүйенсек, жергілікті полиция сол бойда-ақ, күдіктіні ұстап, қамауға алған. Алайда жергілікті тұрғындар ұсталған күдіктіні өз қолдарына тапсыруды сұрап, көшеге шыққан.  Оқиға өршіп кеткен соң, полицейлер күдікті мен оның отбасын Тараз қаласына көшіріп жіберген. Ал оның туыстарын СОБР арнайы жасағы қорғап тұр.

Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесі:

«2016 жылғы 15 ақпан күні сағат 17:00-де Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бурыл селосындағы зорлықпен өлтірілу белгісі бар, кәмелет жасына толмаған А. С. Дүйсенбектің өлігі табылды. Факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 14-тармағы негізінде («Кісі өлтіру») қылмыстық іс қозғалды».

Сонымен, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы оқиғаның ұзын-ырғасы – осы. Оқиға туралы қоғам белсенділері не дейді? Тыңдап көрелік:

БИЛІКТІҢ ҚАТАРЫНДА ЕЛ ҚҰЛАҚ АСАР КЕЛІССӨЗШІЛЕР БАР МА?


Әміржан Қосанов, саясаткер: 

- Әрине, осындай асқан айуандықпен бейкүнә сәби - періштенің өмірін қиған жауызды асқан қаталдықпен жазалау керек! Меніңше, Бурылдағы оқиғаға қатысты қоғам да, билік те тиісті, аса сабырлы әрі салиқалы ұстанымда болу қажет. Ол қылмыскер басқа ұлт өкілі бола тұрып, қазақтың бөбегін өлтіргені, сөзсіз, бұл оқиғаға қоғамдық, ұлтаралық, саяси астар береді. Оған баршамыз да түсіністікпен қарауымыз керек. «Екі адамның арасындағы оқиға, ондай-мұндай адам арасында бола береді» деген уәж бұл жерде жарамайды деп ойлаймын. Аса ауыр қылмыс неге орын алды? Оның алғышарттары қандай? Неліктен оқиға басқа ұлт өкілдері шоғырланған жерде болды? Міне, осы және басқа сауалдарға нақты да шын жауаптар берілуі тиіс. Қазір елдің онсыз да жүйкесі тозған. Тек қана ұлтаралық емес, кез келген, соның ішінде, жай тұрмыстық не басқа бір әлеуметтік сылтау табыла қалып, ол наразылық пен қарсылық үлкен оқиғаларға ұласуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда Бурыл ауылына құқық қорғау күштерінің қару асынып баруы мүлдем қисынсыз әрі арандатушылық әрекет деп санаймын! Бейбіт халықпен бейбіт түрде, өркениетті тілде сұхбат құрып, мәмілеге келу керек! Осы оқиға сонымен бірге «біздің биліктің қатарында ел алдына шығып, дау-дамайды, ушығып бара жатқан қақтығысты тоқтата алатын, соған моральдық, қоғамдық, саяси қақы мен мүмкіндігі бар тұлғалар, келіссөзшілдер бар ма осы?» - деген өзекті сауалды тудырады. Былық пен шылыққа батқан билік өкілдері ме? Билікке бір ауыз сын айта алмай, шененуіктер алдында бүгежектеп жүрген партиясымақтардың жетекшілері ме? Ресми БАҚ арқылы беттері былшиып алып, өтірік-шынды араластырып жүрген «медиалық» тұлғалар ма? Олардың ешқайсысына ел сенбейді! Осы жағын да мықтап ойлануымыз керек!

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі:

-Мені қатты алаңдататыны сол, біздің елімізде жаппай тәртіпсіздіктің қандай да бір фактілері тіркеле қалса, билік өкілдері құқық орғаушылар мен полицейлерге қару таратады. Мысалы, Бурылдағы оқиғаға арнайы жасақ әскерилері қару асынып барған. Билік егер мәселені ұлтаралық қақтығыстарға ұластырғысы келмесе, бұған жол бермеуі керек еді. Онда, сумен атқылайтын көліктер, көзді жасаурататын қарулар, рәзеңке оқтар т.б. бар. Неге ол жерге қарулы әскер жіберілді? Сондықтан, қазір билік органдарына қарсылық көрсету бекершілік. Аяғында жапа шегетін тағы сол қарапайым халық болады.

ПОЛИЦИЯ АРАНДАТУШЫНЫҢ РӨЛІН АТҚАРЫП ОТЫР


Руза Бейсенбай тегі, қоғам белсендісі:

-Бурыл ауылына биліктің қарулы полиция жасағын төккенін халық дұрыс қабылдап жатқан жоқ. Бұдан кейін  ел іші толқып шынымен де ұлтаралық мәселе ушыға түсуі мүмкін. Жастар жағы, әсіресе, қатты наразылық танытуы ықтимал. Солай болып та жатқанға ұқсайды. Өйткені бұл жай қылмыс қана болса, алақандай ауылға полиция осынша қаптап бармаушы еді. Сондықтан, менің ойымша, мұнда полиция арандатушының рөлін атқарып отырған секілді. Бірақ не үшін? Теңгенің құлдырауынан басталған, қазір тереңдеп келе жатқан халықтың қиын жағдайын басқаға аудару үшін бе? Бірақ, онда басқа жақтан наразылық күтуге болады ғой. Маған биліктің не істеп отырғаны түсініксіз. Халық күнкөрістен қиналуда, ызалы. Өрт қай жақтан да болсын шығып кетуі мүмкін. Сондықтан, полиция, оларды итермелеп отырған күштер, елдегі тұрақтылықтың жауы сияқты көрінеді маған.

Тұрақтылықты қалайтын билік, ың-шыңсыз, әділ тексеріске, әділ жазалауға ұмтылары хақ. Басқа бұл жерде не істейді? Диаспора кешірім сұрап отыр, құн да төлеп отыр...

Түрік диаспорасының өкілдері күдікті отбасы тұрған үйді жәбір көруші семьяға беру туралы шешім қабылдаған. Түріктер қылмыскердің қатаң жазалануын талап етіп отыр.

Дуниядар Абдуллаев, облыстық түрік диаспорасының өкілі:

-Бұл – тұрмыстық сипаттағы қылмыс. Үйге ұрлыққа түскен адам өзін көріп қойған баланы өлтірген. Міне, ең күрделі тұсы – осы. Біз бұл қылмысқа кінәліге ең ауыр жаза беру керек деп айттық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458