Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 5637 0 пікір 17 Ақпан, 2016 сағат 13:02

ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ. «ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕРЕК-АҚ!»

Ылғи да «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» деп, барша қазақтың көңілінен шығатын сөз айтып, тіліміздің шынайы жанашыры боп жүрген елбасының «орысша сауал қойғандарға қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылсын» деуі, әрине, мүлдем күтпеген жағдай болды.

Заң жүзінде мемлекеттік болғанымен, іс жүзінде сол мәртебенің маңайына жолай алмай, өз отанында бейшара күй кешіп жүрген ана тілімізге бұл ауыр соққы болды деп есептеймін. Не болса да тілдік ахуалға қатысты мұндай пікір президенттің аузынан дәл осындай түрде шықпауы керек еді.

Әлеуметтік желілердегі қызу талқылауларға қарасақ, елбасының әлгі сөзіне қатысты біршама сын пікір айтылып жатыр. Оның өзі президенттің беделіне белгілі бір деңгейде нұқсан келтіріп жатқаны  рас.

Әрине, қазақтан басқа да ұлт диаспоралары өмір сүретін Қазақстанда ел басқарып отырған саясаткер ретінде елбасы өзге тілдердің де тағдырына алаңдаушылық білдіре алады. Бірақ ол алаңдаушылық мемлекеттік тілді, оны өмірдің барлық саласына енгізгісі келетін адамдардың мүддесі мен ниетін тәрк ету арқылы жүзеге аспауы тиіс деп ойлаймын.

Осылай айтып қалған екен, олай болса президент «қазақша сауал қойғандарға орысша жауап бергендер де жұмыстан қуылсын!» деп таразының екі басын теңестіруі керек еді.

Кейбір сарапшылар президенттің осылайша сөйлеуін «Ресей алдындағы кезекті саяси маневр» деген сыңайда пікір айтуда. Бірақ маневрдің де маневрі болады ғой.

Өз басым мұндай экспромттың бір адами әрі бюрократиялық себебі  бар деп ойлаймын. Оның мәнісі мынада: бүгінде президенттің жақын маңайына негізінен орыс тілді адамдар жиналған. Күнделікті олар елбасының құлағына: «Орыс тілін тұқыртып жатыр, елде қаншама орыстілділер бар, олар Сіздің электоратыңыз ғой! Оның үстіне Кремльге да жақпай қаламыз!» деп құйып жатса, не сұрайсыз?! «Ұра берсе, Құдай да өледі» демей ме атам қазақ?

Қазақ тілді қоғамның, ұлтшыл қайраткерлердің, әсіресе, қазақ тілді БАҚ-тың не айтып жүргенін күнделікті естіп жүрген болса, президент дәл осылай сөйлемес еді! Орыстілділердің көңілін басқаша, бұдан басқа жолмен аулар еді.

Өкініштісі сол: енді іштей қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюіне қарсы болып келе жатқан небір шенеуніктер елбасының осы сөзін желеу етіп, тілімізге обал жасайтын болды!

Қалыптасқан жағдайдан лайықты шығудың екі жолы бар деп ойлаймын.

Бірншіден, ендігі бір сөзінде президент осы сөзін тарқатып, баршаға түсіндіріп, қазақ тіліне енді ешкім кедергі жасай алмайтындай нақты пікір айтуы тиіс.

Екінші жол бұдан қиындау. Ол – елбасының маңына қазақ тілін өз ана тілі санайтын, оны түсінетін, қазақылығы табиғи әрі білікті, қоғамдағы ұлттық проблемалар жөнінде ашық айта алатын тұлғаларды топтастыру керек. Солардың сөздерін күнде естіп жатса, бәлкім, президент мұндай екіұдай да дүдәмал экспромтқа, дәл осындай қатты сөздерге бара қоймас. «Корольді оның айналасы жасайды» деген сөзді әлі де ешкім жоққа шығара қойған жоқ!

Ең бастысы – бұл сөз тіл мәселесі бойынша біршама консенсусқа кеп қалған, қазақ та, орыс та бірін-бірі ұғынып, бір-біріне түсіністікпен қараған Қазақстанда қазақ тілі туралы әңгімені тағы да бір қоздырып жіберді. Оның өзі небір күтпеген саяси салдарға әкеп соқтыруы әбден мүмкін...

Abai.kz

0 пікір