БІЗ ӨЗІ ШЫНЫМЕН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛДЫҚ ПА?
Демалыс күні ғой теледидарда не бар екен деп қосып қалсам 12 телеарнаның 11-і орысша сайрап жатыр екен. Тек сол күні яғни, биылғы 23 қаңтар күні ғана, (сағат 11-12 арасы) солай болып, басқа күндері әлгі 11 арна қазақша, қалған біреуі ғана орысша сөйлей ме десем кейін олай емес екеніне сол күні-ақ көзім жетті. Көңіл шіркін іріген іркіттей иір-шиыр болды да кетті.
Содан, артық айтсақ Құдай кешірсін, әуелі патшалық Ресейден сосын оның отаршылдығын керемет шебер сұрқиялықпен байқатпай жүргізген кеңестік Ресейден азаттық алған республикалар ішінде қоғамдық һәм мемлекеттік өмірдің сан-саласында әлі де тұсаулы аттай аяғын кібіртіктеп басып келе жатқан жалғыз ел – Қазақстан шығар. Иә, егер шынымен өзге елден азаттық алғаның рас болса біріншіден бүкіл ақпарат құралдарыңның бағыт-бағдары, бүкіл мазмұны, өз қолыңда болуы, екіншіден сол БАҚ-тардың тіліне мемлекеттік тілдің басымдығы берілуі керек. Осыдан біраз бұрын Елбасымыз қазіргі қазақ телевизиясына қатысты бір сөзінде қандай тәуелсіз мемлекет бұл ақпарат құралдарын басқаның қолына беріп қояды деген сияқты пікір айтқаны бар. Ал қазіргі Қазақстан телеарналарының түгелге жуығы ресейлік мықтылардыкі және сол телеарналарымызда қазақша эфир уақыты орысшадан әлдеқайда аз екенін көзіміз көріп отыр. Әнебір жылдары телевизия хабарларына қатысты 50х50 деген заң қабылданды. Сол заңды бұзушы орыстілді ақпаратшылармен соттасып оттасқан кездеріміз де болды. Сонда қазақ тілі үшін күресушілердің (әсіресе, мархұм Батырхан Дәрімбетовтың) бірде-бір рет сотта жеңіп шыққанын көрмедік. Яғни, сот бізді ылғи орыстілін қорғаушылар мен өйтіп-жатырмыз да бүйтіп жатырмыз деп өтірік көлгірсушілердің аяғына жығып беріп отырды. «Бетбақ жеңдім, дейді, бейшара-көндім дейдінің» кебін киіп бүгінде телеарналардың қазақилығы үшін олай күресуді де қойдық. Ендеше, жалпы бүгінгі қазақ баспасөзі қандай күйде деген сауал қойылуы да өрескелдік бола қоймас.
Елбасымыз ақпарат құралдары туралы әлгіндей дегенде оның бержағында ақын, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов та еліміздегі «ақпараттық диверсия» туралы талай мәрте баспасөз бетінде де, парламент мінберінен де жағы талғанша қақсаған жоқ па еді?! Сол бір жылдары қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жарияланған Қазақстанда бар болғаны 453 басылым ғана қазақ тілінде шықса, ресми тіл деп аталатын орыс тілінде 223 басылым шығатынын, ол аз болғандай елімізге Ресейден тағы да 5248 газет, журналдар келетіні мәлім болған еді. Амал не, сол кезде не Парламенттен, не Үкімет тарапынан, «мынауымыз ұят екен, біздің бұнымыз тәуелсіздігімізге нұқсан ғой, бұны қолға алып, елімізге Ресейден қардай бораған басылымға біраз тосқауыл қояйық, сөйтіп, ана тіліміздің өз биігіне шығуына септік болайық деген тірі пенде болған жоқ. Тек Розақұлов деген өзбек депутат шал ғана кейін біресе депутаттарға, біресе дүбәра министрлерге «Ау, қазақша сөйлесеңдерші» деп қайта-қайта ескерту жасаумен болды. Оған да пысқырған жан болмады. Осы арада айта кетейік, «ресми тіл» деген сөз тіркесі бірде-бір халықаралық лингвистикада жоқ. Тек Қазақстанда ғана орыс тілі «ресми тіл» деген атақ-даңққа ие болып отыр. Бірақ қанша жерден атақ-даңқы болса да ешуақытта ресми дүние мемлекеттік дүниеден биік тұрмауы керек. Сонау жылдары мемлекеттік және өзге де мекемелердегі қазақ тілінің жәй-күйіне күйзеле журналистік зерттеулер, репортаждар жүргізетін «Тіл сақшысы» деген хабар бар еді. Кейін ол да зым-қайым жоқ болды. Бүгінде телеарналарда ондай хабар тұрмақ, ана тіліміздің еліміздегі жай-күйі туралы бір ауыз сөз де айтылмайтын болды. Ал тіліміздің жай-күйі сол кездердегіден керемет жақсарып кетті деп не үкімет, не бүкіл есебі мен баяндамасын орысша айтатын министрлер ұяты болса айта қоймайтын шығар. Кейбір зерттеулерге қарағанда тәуелсіздік алған жылы туып, бүгінде 25-ке келген жастардың 70 пайызы орысша сөйлейді екен. Сонда енді олардың тілін қазақыландыру үшін «тәуелсіздігіміздің арқасында тіліміз оңалып келеді» деп тағы да 25 жыл той тойлаймыз ба? Біз «Тіл сақшысы» сияқты хабарларды жабу арқылы телеарналарда ана тілімізді насихаттауды азайтып, тіпті, тоқтатып жатқанда Ресей басшылығы бүкіл Интернетті «русификациялауды», яғни, «орысшаландыруды» қолға алған болатын. Физиканың заңы бойынша бір дене өзіне тиген соққыға сондай күшпен қарсы тебеді. Ресей басшылары әлгіндей «русификациямен» шыж-быж болып жатқанда Украина бүкіл кинотеатрларда фильмдердің бәрін украин тіліне көшіруге кірісіп те кеткен еді. Ал біз арада содан бері бірнеше жыл өткенде соны мысалға келтіріп жазып отырғанда «31 арнадағы» орыс тілді журналист «оңай» деген бір сөзді айтуға басын қатырып жатпастан біресе «онай», «онай», біресе «Достықты» «Дастык» деумен болды.
Иә, қай мемлекеттің де қаншалықты тәуелсіз екені министрлерінің қай тілде сөйлеп, ақпарат құралдарының қай тілде басымырақ екенінен-ақ көрініп тұрады! Ендеше, қазақ баспасөзі мен орыстілді баспасөздің үлес салмағындағы айырмашылықты көре тұра қалайша жаның күйзеліп, жүрегің ауырмайды. Иә, сол жылдардан бері Қазақстанға келіп жатқан орыстілді газеттер саны бірнеше есе ұлғаймаса кеміген жоқ. Қазір орыстілді радио-телевизия хабарлары мен және орыстылды баспасөз құралдарымен салыстырғанда қазақтілді-ақпарат түйенің қасында тұрған қошақандай-ақ. Бүгінде кешегі Кеңестің құрсауынан шыққан республикалардың ішінде Ресейдің ақпараттық экспансиясынан шыға алмай, шығуға талпынбай отырғаны да тек Қазақстан ғана. Сонау жылдары орыстар біздің тілімізде 300 миллионға жуық адам сөйлейді деп мақтанса, Кеңес өкіметі тарағасын тәуелсіз жаңа республикаларда орыс тілі «өгей баланың» күйіне түсті деп жылай бастады. Айтпақшы, ол Қырғызстанда да ресми тіл дәрежесінде. Ал басқа республикаларда «шет ел тілі» немесе «аз ұлт өкілдерінің тілі» деген ресми атаққа ие болды. Қазір орыс тілін ана тіліміз деп есептейтіндердің 90 пайыздан астамы тек Ресейде ғана тұрады.
Осыған орай тағы бір ақиқаттың бетін ашайық. Бұрын «ұлтың кім?» десең өздерін орыспын дейтін қазақстандық украин да, поляк та, мордвин де бүгінде орыспын демейді. Оларға қазір сен орыссың ғой десең «нет я не русский» дейді және өз тілінде не қазақша сөйлеуге тырысады. Қазақстанда тұратын ұйғыр, өзбек, татар, қарашай, әзірбайжан, түрік түгел қазақша біледі, еліміздің 67 пайызы – қазақтар. Ендеше, тәуелсіздік алған басқа республикалардан ала-бөле Қазақстанда орыс тілі мен орыстілді ақпарат құралдарының шамадан тыс шалықтай түсуі неліктен?
Біз әшейінде «орыстан үйрен» деген сөзді әлі де қайталаудан танбай келеміз. Ендеше, ұлттық намысты, ұлттық дүниетанымды қай жерде де бірінші орынға қоюды неге орыстан үйренбейміз. Ал ұлттық намыс, ұлттық дүниетаным, ұлттық тәрбие, қысқасы ұлттың бүкіл аман-саулығы оның тілін сақтаудан, оны өзгелерге таратудан басталады. Ресей мемлекеті қандай пішімге, яғни, формаға көшсе де мәселені ең алдымен орыс тілін дәріптеуден бастайды. Үкімет басындағыларынан бастап, аузынан самогон мен темекі исі бұрқырап тұратын қарапайым мұжық орыс та қайда жүрсе де орыс тілін алға салып жүреді. Әнебір кезде Мәскеуде орыс баспасөзінің дүниежүзілік конгресі деп аталған жиында Владимир Путиннің «Біз БАҚ-тардың тәуелсіздігі мен дербестігін сақтай отырып өзге елдердегі орыстілді баспасөз құралдарына бір күш-жігерімізбен қолдау көрсетеміз (максимально поддерживаем) дегенінің аржағында не жатыр деп ойлайсыз? Бұл орысшылдық пиғыл бүгінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асып, еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды сияқты ірі-ірі қалалары түгіл аудан орталықтары мен ауылдарына шейін орыстілді газет-журналдар қардай борап жатыр. Айтпақшы, сол конгреске Еуразия медифорумы деп аталатын форумның төрайымы Дариға Назарбаева да қатысып, Вледекеңнің дәл жанында отырды. Сол жиында Путинге жарамсақтанып Қырымда украин тілінде газеттер көбейтілмекші деген «уайымын» айтқан орыс редакторына Дариға ханым: «Қане, сабырлы (толерантты) болайықшы. Әркім өз жыртығын өзінше жамайды. Украиндар да солай» деп өте тапқыр төрелік айтқан еді. Украинаны айтасыз, мына тұрған Өзбекстан, Түркіменстан өз еліне Ресей басылымдарының кіруіне алдақашан тиым салған. Олар оны Ресейге немесе бүкіл орыс атаулыға деген өшпенділікпен істеп отырған жоқ. Олардың мақсаты-әлекедей жаланған жаһандану деп аталып жүрген жеті басты бәлекеттің алуан-алуан кесапатымен тәніне де, жанына да әртүрлі ақау түскен ұлттық қасиеттерін аман сақтап қалу. Және ұлтты аман сақтаудың ең басты амалы тілді аман сақтау екенін өзбек, түркімен, тәжік атқамінерлері өте жақсы түсініп отыр. Олар Ресейден келген газет-журналдар бастан-аяқ ең әуелі орыс мүддесін сөз етіп, Ресейдің қандай саясатын да ізгілік пен инабаттылықтың үлгісі етіп ұсынатынын, сөйтіп өздерінің жас ұрпағының тілінен де, ділінен де алшақтауына әкеп соғатынын білгендіктен сөйтіп отыр. Тіпті, кейбір республикаларда орыстілді журналистика аз ұлт өкілдеріне ғана арналғандай деңгейге түсіп кетті. Украина мен Балтық елдерінде бұл іс әуелі қоғамдық көліктерде (автобус, троллейбус, трамвай) орысша әндер мен хабарлар беруді тоқтатудан басталды. Олар сәбилеріне тек ана тіліндегі мультфильмдерді ғана көрсетеді. Қысқасы, Ресей саясаткерлері мен журналистері алуан түрлі айлаға салып (біресе қорқытып, біресе өздері мүләйімсіп) шуылдаса да қазір бұрынғы кеңестік республикалар әрқайсысы өз ұлтының ұлттық санасын оятуға, құлдық психологиядан арылтуға сонау 90-шы жылдардан бастап бірден кірісіп кетті. Сөйтіп, бүгінде ұлттық мемлекетпіз деп ашық жарияламаса да ұлттық мемлекетке жақын мемлекет құрып алды. Ал ұлттың намысын да, ұлттық сана-сезімін де, ұлттық мақтанышын да оятатын ең күшті құрал оның өз тіліндегі журналистикасы. Бұл –уақыттың өзі дәлелдеп отырған ақиқат. Әр ел, әр ұлт мына алмағайып заманда өз тілінің, дінінің, ділінің, үрдіс-салттарының жойылып кетпей аман қалуы жолында жанталасып жатқанда ғасырлар бойы жүздеген ұлт пен ондаған мемлекетті темір құрсауында ұстап үйреніп қалған Кремльді мұнысы үшін кінәлау да орынсыз. Оның үстіне бүгінгі Ресей басшыларының арасында «ұлы орыстық» шовинизм ауруы арғы аталарынан қан арқылы (генетическая передаваемость) жалғасып жатқандар да аз емес. Олар бұл жолда ең мықты қару БАҚ, яғни, журналистика екенін өте жақсы білгені үшін де кінәлі емес.
Ендеше, біз не істеуіміз керек. Біз орыстардан, яки, Ресейден ең болмаса ұлтжандылықты үйренуіміз өте қажет. Ақиқатын айтар болсақ, бүгінгі қазақ баспасөзінде жоғарыдағыларды сынамақ түгіл ананы ренжітіп алмайық, мынаның арқасүйері кім екен, газетімізге кесірі тиып кетпесінші, әлдеқайтіп кетерміз деген сияқты сауысқандай сақтық пен көңілжықпастық әбден орнықты. Ал қазақтілді телеарналар туралы айтудың өзі ұят. Қазір қазақ тележурналистикасын өте арзан, өте сауатсыз әнші-сымақтар мен күпінің битіндей қаптаған не әнінде, не мәтінінде мән-мағына жоқ «жұлдызқұрттар» басып алды. Оларға қойылатын сұрақтар да «сүйген жарыңмен (оны көбіне «жолдасыңмен» дейтін болды) қалай таныстың?», «қыздар көп мазалайды ма», «неше бейнебаян түсірдің», «қандай айранды жақсы көресің?» сияқты не эстетикалық, не қарапайым тәрбиелік түйір сөзі жоқ сұрақтар. Өзіңіз айтыңызшы, анау «Роза шақырады», «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев»-тан бастап, «Көңілашар», «Ду-думан», «Үздік әзілдер», «Тойвестстар», »Әзіл әлемі», «Караоке киллер» және басқа да толып жатқан сайқымазақ көрсетілімдерден басқа бізде не қалды? «Нысана» дегенді әзіл-сықақ театры деп атайды екен. Мұнда «өнер көрсетіп» жүргендердің өте анайы да дөрекі сөздері мен қимылдарын былай қойғанда мектеп оқушысының мұғалім апайын «дәл қазір ұрып жатыр» деген оспадарсыз тұрпайы әзілін естіп отырған сәтте жүрегіміз аузымызға тығылып, ауа қармалап қалдық. Ал «бүгінгі күннің ең басты жаңалықтары» немесе «арнамызға келіп түскен жаңалықтар легі» деген сияқты қосымша атауы бар «Жаңалықтардан» жол апатынан неше адам өліп, біреудің өз баласын, әйелін пышақтап өлтіргені, неше қыз күйеуге тимей екіқабат болғаны, қоқыс салатын жәшіктен немесе дәретханадан шалажансар жаңа туған сәби табылғанынан «хабардар» боласыз. Қазақ журналистикасы, яғни, БАҚ-тары (кей тұста!) Ресей саясатының ықпалынан шыға алмай отырғанын олар Ресей ақпарат құралдары не айтса соны сол күйінде қайталайтынынан-ақ байқауға болады. Әрине, олардың ақпарат көздерін пайдаланба деуге ешкімнің де хақысы жоқ. Алайда, біз тәуелсіз елдің ақпаратшысы екенімізді естен шығармай реті келгенде ол ақпараттар дәйекті ме, дәйексіз бе, олар біздің ұлттық, тәуелсіздік мүдделерімізге қайшы келмей ме сол жағын да ескеріп, реті келгенде жұртты ойландырарлықтай бір-екі күмәнді сауалдарды журналистік шеберлікпен қыстырып жіберудің еш айыбы да жоқ және оны саяси қылмыс деп те ешкім айта алмайды. Әттең, біздің әсіресе тележурналистеріміз өйтудің орнына кей кездері Ресей журналистерінің ығына жығылады да оларды тыңдап отырған адам «е-е, көп ұзамай Американың шаруасы бітеді екен», «Еуроодаққа мүше елдерге жоқшылық, ашаршылық келіп-ақ қалған екен», «Украина деген бір кілең оңбағандар жиналған ел екен, ал Армения мен Қырғызстан қатты қарқынмен дамуда екен» деп қалары сөзсіз. Ал неге екенін қайдам өз күнін өзі көріп отырған Өзбекстан мен Түркіменстан туралы көбаса ешнәрсе айтыла қоймайды.
Сөз соңында айтарымыз Қазақстанда баспасөз арқылы да, телевизия арқылы да қазақ ұлтының мәселесін, әсіресе, әлі де өз биігіне көтеріле алмай жатқан қазақ тілін насихаттауға көбірек көңіл бөлетін уақыт жетті. Және оған елімізде қарсы болатындар онша көп емес деп ойлаймыз. Ол үшін елімізге жан-жақтан қардай борап келіп жатқан, ұлттық дүниетанымымыз, ұлттық тәрбиеміз, ұлттық дәстүріміз бен үрдістерімізді дамытуға еш үлес қоспайтын, қоспақ түгіл өз елінің, өз ұлтының саясатын кейде ашықтан-ашық, кейде жымысқылықпен ертең елтұтқа болар ұрпағымыздың санасына сіңіруге тырысатын өзге елдің қаптаған газет-журналдарына толық тиым салмасақ та солардың ішінен кәдемізге жарайды дегендерін ғана қалдыруымыз керек. Қазір Құдайға шүкір қазақтар өз елінде 67 пайызға жетті, әлгінде елімізде тұратын бауырлас түркітектес ұлттар түгел қазақша білетінін айттық. Демек, бұдан былай телеарналарымызда орыстілді әртүрлі көрсетілімдерді қысқартып, қазақ тіліндегі жобаларды көбейтуіміз керек. Жыл сайын дерлік Еуразиялық медиафорум дегенді өткізіп отырмыз. Ендеше қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайы сияқты үлкен бір шара өткізіп отырсақ та артық болмас еді. Бір жылды қазақтілді журналистика жылы деп атасақ та ешкім де «Бұларың не?» дей қоймас еді ғой. Ендеше, кімнен сескеніп отырмыз? Сіз не дейсіз?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Abai.kz