БАЛАҢЫЗ ҚИССА ЖАТТАСА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ТЕЗ ҮЙРЕНЕДІ
Осыдан бір жыл бұрын маған туған жеңгелерім балаларын ертіп әкеп:
– Әй, қайным, мына інілеріңді жазда шет тіліне оқытып бер, – деді. Мен:
– Жақсы. Бірақ бір шартым бар. Бір жыл уақыт берем. Балаларыңа қисса оқытып, тақпақ пен жырлардан үзінді жаттатып әкелесіңдер. Өйтпесеңдер, оқытпаймын, – дедім.
Олар келісті. Әрине, олар бірімен бірі жарыса жаттатып, балаларын бақылап отырды. Осы жерде бәсекелестік зор пайда берді. Бір-бірінен озу үшін жан алысып, жан беріседі. Ондай кезде шешелері балаларын мықтап тұрып қолға алады. Сонымен арада бір жыл уақыт өтті. Уәде бойынша балалар тағы келді. Сабақты бастап кеп жібердім. Олар шынымен де мен айтқан заттарды оқып кепті. Ой, рахат болды-ау! Мен бір-ақ рет айтам. Олар әрі қарай өздері жұлқа тартып кетеді. Шет тілінің сөздерін жаттағанда қазақ тілінің сөздерін жаттап отырғандай сіңіре береді. Дастархан басында қисса айтқызып жарыстырдым. Сабақ қызған кезде ангинам ісіп кетіп, мен ауырып жатып қалдым. Бірақ менің ауруым сабақтың сапасына анау айтқандай кері әсер еткен жоқ. Олардың арыны басылмады. Мен ауырып жатып-ақ үйрете бердім. Олар қағып алып, өздері-ақ дөңгелете берді. Осылайша екі аптада мыңнан аса сөз жаттап, тілдерін сындырып қайтты. Құда да риза, құдағи да риза болдық.
Бұл әңгіме әрі қарай туыстар арасында тағы да таралады. Енді олар да қолқа салып келеді. Кезінде олардың талай жақсылықтары өткен. Көңіліне қарадық. Оның үстіне кітап шыққанша екі апта уақыт бар екен. «Адамның бір қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп тағы да бастап кеттік. Бірақ оларға «қисса оқытып әкеліңдер» деп шарт қойып үлгермедік. Бірден бастауға тура келді. Бұл жолы азаптың атасы болды. Олар – он, мен – жалғыз. Олардың геройлары Барби, Золушка, Бетман, Бен Тен, Спандж Боб, Тачки, Рапунцель, Шрек, Фэйртел, Гарри Поттер, кәріс киносының «красавчиктері», «красавица и чудовище»… осылай жалғасып кете береді. Балалардың бәрі де талантты, бірақ бөтен тілдің сөздерін жаттау бұлар үшін азап болды. Олардың миларын мына геройлар шырмап алған. Қолдары қалт ете қалса, геройларын жарыстырып мен ұқпайтын әңгімені гу еткізуге дайын отырады. Мен олардың қаптаған геройларына қарсы 15 жыл бойына тірнектеп жиған рухани геройларымды қарсы қойдым. Осылайша олар мен менің арамда мәдени соғыс басталды. Менің басты «қаруым» – пайғамбарлар қиссасы. Дастархан басында қызық әңгіме айтып, олардың армандарын оятып отырмасаң, өз қызықтарына тез түсіп кетеді. Осы арада бір фактіні айта кетейін. Он баланың ішінде бір балақай тіпті де шабан болып шықты. Азаннан кешке дейін «cup» деген жалғыз сөзді миллион рет қайталағанда аудармасын жаттай алмай қор болды. Былай қарасаң, өте ширақ бала. Құйма құлақ. Қазақша айтқаныңды қағып алады. Айтқанды екі етпейді. Өте елгезек. «Неге бұлай?» деген сұрақпен түпкі себебін іздеу басталды. Ақыры анық болды. Бұл бала мешітке үзбей барып, имамның пейіштегі нығметтер туралы уағызына «тойып» алыпты. 12 жастан аспай жатып ана дүниеге дайындалып жүр екен. Есіл дерті қабір азабынан құтылып, тезірек пейішке ену сияқты бірдеңе. Мына дүниеде не болып, не қойып жатқаны оны аз қызықтыратын сияқты… Оны басқалары «молда» деп атап кетті.
Стратегияны былай құрдым: олардың миларын құрсаулап, армандарын матап тұрған жалған геройларды бастарынан «айдап» шығу керек. Сосын босаған орындарға асқақ армандар салу керек. Мен бірінші рет аңыздар мен қиссаларды айтып бастағанда жаны жоқ дуалға сөйлеп отырғандай болдым. Олар Спандж Боб туралы қашан айтады деп күтіп отырған сияқты көрінді маған. Бірақ мен де ақырындап, қиссаларды барынша аз-аздан сыздықтап миларына құя бастадым. Күн сайын дастарханға үш мезгіл отырғанда алдыңғы оқиғаны қайталап өздеріне айтқыза бердім. Үшінші күні күтпеген оқиға болды. Нағашылары Павлодарда тұратын бір шала қазағым дастарханға отыра салысымен:
– Ағай, қисса айтсаңызшы, – дегенде құлап қала жаздадым. Ол өзі қазақша зорға сөйлеп жүрген еді. Маған да керегі сол еді. Сыналап кіріп кеттім. Бір аптадан асқанда қисса тыңдауға деген тәбеттері әбден ашылды. Сонымен ас ішіп бола бере: – Ағай, қисса айтсаңызшы, – деп шулай бастайды. Сол сәтті күтіп отырған мен де:
– Баяғыда Адам ата Хауа ана жаралған соң, – деп кете барам. Олар болса жыланға арбалған торғайдай боп, менің аузыма кіріп кете жаздап әзер отырады. Ең қызық жеріне келгенде үзіп тастаймын да:
– «Кеттік сабаққа!» – деймін. Олар:
– Өй, ағай, жалғасы ше? Бітіре салсаңызшы, – деп жалынады. Мен:
– Тағы бір жаңа сабақ алсаңдар ғана жалғасын айтамын, – деймін. Қиссаның қызық жерін тыңдау үшін шет тілін шемішкедей шаға бастады. Баяғы молда баланың миы 3 күннен соң барып жібіді. Ол үш күн бойына «Құрма», «Банан», «Анар», «Жаңғақ» туралы тақпақтарды жаттап отырды. О, Құданың құдіреті, осы тақпақ жаттағаннан оның да зейіні ашылып, қатарға қосылып алды ақыры. Соңына қарай тіптен рахат болды. Қит етсе: – Қисса айтпай қоям, – деп қорқытатын болдым. Ондай кезде жандары қалмайды. Содан не керек, екі аптаға созылған курс та мәресіне жетіп аяқталды. Кететін күні дастархан басында отырып:
– Бейбарыс, сені геройың кім? – деп сұрадым. Ол:
– Аюп пайғамбар. Маған оның сабыры ұнады, – деді.
– Қанат, сенікі ше?
– Менікі Нұх пайғамбар.
– Мұқағали, сенің геройың кім?
– Маған ең ұнағаны – Ыбырайым.
–Перуза, сенікі кім?
– Ағай, маған ең ұнағаны Ыдырыс болды. Ол періштелерді де алдап соқты.
Осылайша ақиқаттың геройлары ақыры жеңіске жетті. Олар тараған соң біреуінің ата-анасы телефон толғады.
Ол: – Оу, Сәке, мыналардың миын ашып ауыстырып тастағаннан саусың ба? – деді.
– Ойбай, не боп қалды? – деп жаным қалмады.
– Екі күн болды, мыналар жарысып қисса айтып қырғын боп жатыр. Осылардың әңгімесін қызықтап, екі күн заказ алмай, жұмысқа шықпай жатып алдым. Мынау бір рахат болды. Бұрын осылардың не айтып, не сөйлеп жүргеніне еш мән бермеппіз. Рахмет! – деді.
Айтпақшы тағы бір затты ұмытып бара жатыр екем. Мен орта жолда олардың геройсымақтарын сындыратын тағы бір тәсіл ойлап тапқан едім. «Әлдиден эпосқа дейін» деген кітаптан тамаша бір бата тауып алдым. Іші тұнып тұрған рухани геройлар екен. Кілең қазақ. Балалар олардың бір де біреуінің атын білмейді. – Егер осы батаны жаттасаңдар, әрбір әулие туралы қызықты қисса айтып берем, – дедім. Бата жаттағанның көкесін сол кезде көрдім-ау! Бірақ ол жайлы кейін жазам. Кітабы барлар ол батаны өздері-ақ тауып алады.
Санжар Керімбай
Abai.kz