АБАЙ «ДЕД МОРОЗДЫ» КӨРГЕН БЕ?
Қазір Абай өлеңдерін түгел жатқа білетін кісі туралы айтып ешкімді де таңқалдыра алмайсың. Өйткені «Абай – дана, Абай – дара, қазақта» - дегендей, қазақта Абай жалғыз. Қазақ әлде кімнен қысастық көріп, көңілін қапа басса да Абайға жүгініп, мұңын шағады. Көңілі тасып қуанса да, онысын Абайға айтып шаттанбақ болады. Оңашада сырын ашып біреумен сырласпақ болса да, сонысын жеткізуге керек сөзді Абайдан іздеп, Абайдан табады. Өйткені өз ғасырынан бұрын туьш, алдағы ғасырға да, тіпті одан кейінгі сан ғасырға да керек сөзді айтып кеткен біз білетін бір ғана данышпан бар. Ол – Абай! Сол Абайды мен де түгел дерлік жатқа білуші едім десем, оны ешкім теріске шығара қоймас деп ойлаймын. Бірақ жас дегенің жетер жеріне жетіп, еңіске құлдырап бара жатқан шақта көңіл төріне ұмытылмастай болып хатталған Абай сөзінің өзі сол қалпында сақтала береді деу де бекер екен. Сөз тозады деуге болмас. Әсіресе, Абай сөзі тозбақ емес. Бірақ сөз тозбағанмен оның көңілдегі көркі, салған ізі тозады екен. Ана бір жолы оңашада өзіммен өзім сырласып отырып Абай өлеңдері, тіпті оның ұмытылмасқа тиіс дейтін кейбір өлеңдерінің өзі көңілден өше бастағанын көріп қайран қалдым. Абай сөзіне қайта оралып, оның кейбіреулерін қайта жаттауға солай кіріскен едім. Бірақ... Абай сөзін жаттаймын деген жай сөз екен. Абай сөзі құр жаттап алу үшін айтылмапты. Ол Абайдың өзі айтқандай кәдімгі «көзбен көр де ішін білдің» сөзі. Қай өлеңін алсаң да дәл солай. Ішіне үңілмесең сөз мәнісін ұға алмайсың. Ұға алмаған соң сөздің суретін көріп сүйсіне де алмайсың. Данышпан ақынның, ойлы да шерлі ақынның: «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», - деп күрсінетіні, міне, содан. Соны білгендіктен де енді Абай сөзін жаттауға емес, түсінуге, Абай сөзінің ішін қайта көріп түсініп-түйсінуге бой алдырдым. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» - деуші еді ғой Абай. Ойлап, терең зерделеп отырсақ, Абайдын өзі ғана емес, оның бүкіл поэзиясы тұнып тұрған жұмбак әлем екен. Сол жұмбақ әлемнің бір шетінен ғана бастап сыр ұқпақ болсаң, ой әлемінің түпсіз терең мұхиты өзіңді еркіңнен тыс тарта жөнеледі. Бір жұмбақтан бір жұмбақ туып, ойды ой жетелеп әкете береді, алыстата береді. Бұған дәлел боларлық мысалды көп үңіліп тереңдемей-ақ Абайдын кез келген бір ғана өлеңінен іздесең жетіп жатыр. Қазақта Абайдың «Қыс» деп аталатын өлеңін білмейтін жан жоқ шығар. Бәріміз де білеміз, бәріміз де бала күнімізден жаттап өскенбіз. Небәрі 24 жолдан тұратын қысқа өлең. Жоғарыда кәрілікке байланысты Абайдың кейбір сөзін ұмыта бастағанымды, сондықтан оларды қайта жаттауға кіріскенімді ескерттім ғой. Сол ұмытып барып қайта жаттағаным Абайдын осы «Қыс» деген өлеңі еді. Қайта жаттап барып оқығанымда, міне керемет, Абайды осы өлеңі аркылы жаңа көргендей, мүлдем басқа қырынан танығандай болдым. Жаңадан көріп, жаңа қырынан танығандай болған сол Абайым енді бағамдасам: бұрынғысынан да биіктеп, мүлде асқақтап кеткен екен. Енді сол «Қыс» деген өлеңінің өзіне келейік: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды». Сұлу сурет, бір міні жоқ кәдімгі Абай сөзі. Міне, осындай бір міні жоқ сұлу сурет, тіпті қазақ ұғымында бұрын кездеспеген соны сурет салуға қаптал жеткен Абай ойының алғырлығына, оның ақындық қиялының жүйріктігіне қалай таңырқап тамсанбассың. Солай таңырқап тамсанып отырғанда көз алдыма бір суреттің, өзіме сонша бір таныс суреттің сұлбасы келгендей болады. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды». Шынында да бұл бір таныс сурет, таныс жанның бейнесі ғой. Мынау күніне, айына бір рет болмаса да жылына бір рет көріп тамашалайтын, балаларымыз айналсоқтап маңынан шықпай ұзақ уақыт жанында жүріп алатын, қолынан тәбәрік алып мәз-мейрам болып қалатын жомарт та бейкүнә жанның – кәдімгі Аяз Атаның нақ өзі емес пе? Иә, дәл солай, Абай суреттеп отырған ақсақалды адамымыз ой елегінен өткізіп, қай қырынан зерттей зерделеп қарасақ та өзімізге көптен таныс Аяз Ата болып шыға келеді. Ал енді Абай суретін салған «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» адамымыз, біздің түсінігімізбен айтсақ Аяз Ата кім өзі? Оның арғы түбі қайдан шыққан? Атың атап, түсін түстемесе де «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, басқан жері сықырлап» тұратын оның дәл тұрпатын Абай қайдан алған? Бұл сұрақтарға жауап табу қиынның қиыны. Абай кереметі де, міне, сонда жатыр. Біздің қазақ ұғымындағы Аяз Ата орыстың Дед Морозының тура көшірмесі, яғни, орыс ұлтынан ауысып енген балама ұғым екенін бұл күнде екінің бірі біледі. Арғы жағын айтсақ – Дед Мороз дегеніміз орыс ауыз әдебиетінің ертегілік кейіпкері. Ескі славян мифологиясында ол қыстың сарышұнақ аязы, суды мұзға айналдырып құрсап тастайтын тылсым құдырет ретінде бейнеленеді. Орыста Әулие Николай деген есім жиі кездеседі. Аяз Атаның жиынтық бейнесінің өзі сол Әулие Николайдың ғұмырнамасына байланысты туған деседі. Дед Мороз (Аяз Ата) ең басында пұтқа табынатындардын жауыз да қатығез тәңірі болған делінеді. Солтүстіктің үскірік аязы мен боранын жіберіп, бүкіл айналаны қатырып тастайтын жауыз шал ертінде көрініс береді. Оның бұл мінезі орыстың ұлы ақыны Н.Некрасовтың «Мороз, Красный нос» атты поэмасында кеңінен суреттелген. Онда Мороз (Аяз) орман ішінде кедей шаруаның жесір келіншегін азаптап өлтіріп, әйелдің кішкентай балаларын жетім етеді. Одан арғысы өзінен өзі түсінікті. Сөйтіп Н.Некрасовтың Морозы ешбір рақымшылықты білмейтін, көрмейтін бір соқыр, мылқау дүлей күш ретінде бейнеленеді. Абай суреттейтін «тірі жанды танымас соқыр, мылқаудың» нақ өзі емес пе? Тарихқа көз жүгіртсек орыс мифологиясының Дед Морозы да, Н.Некрасов жырлаған «Мороз, Красный нос» та бір көрпенің астынан шыққан ұқсас бейнелер. Оны қойып Солтүстік Америкада Христостың туған күніне орай ел аралап жүріп балаларға тарту тартатын Санта-Клаус (яғни Святой Николас) та сондай бейне. Санта-Клаустың шыққан жері Лапландия болып есептеледі. Оның арғы атасы Әулие Николай деген сөзден алынған. Кім қайда қалай атап, қалай десін, әйтеуір, орыстың Дед Морозы, Американың Санта-Клаусы болсын, бәрі де айналып келгенде Абай суреттеген ақ киімді, ақ сақалды шалға – кәрі құдаға айнымай ұқсайды да тұрады. Әңгімемізге өзек болған Абайдың «Қыс» деп аталатын шап-шағын өлеңін әрі қарай зейін салып оқи берсең, қаптап тұрған сұлу суреттерге шым батып тереңдей бересің, тереңіне батып жүре бересің. «Демалысы үскірік, аяз бен қар Кәрі құда қыс келіп әлек салғаннын» көресің. «Ұшпадай бөркін киіп оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланғанына» тәнті боласың. «Бұлыттай қасы жауып екі көзін, Басын сіліксе, қар жауып мазаңды алғанын» сезінесің. Бәріміз де Аяз Атаны оқушы кезімізден көріп өстік. Сонау өткен ғасырдың ортасынан ауған кезде, орта мектептің жоғарғы сыныптарының бірінде оқып жүріп жаңажылдық кеште Аяз Ата болып ойнағаным да еске түсіп отыр. Қазіргідей емес анау-мынау дүниенің, жаңаша айтсақ, керекті тауарлардың тапшы кезі. Аяз Атаны табиғи тұрпатына сай етіп киіндіру үшін қызыл мата, үлпілдеген ақ мата, үсті-басына сеуіп жарқылдатып қоюға жарайтын жылтыр ақ ұнтақ іздеп қанша әлектенгеніміз де ұмытылмапты. Өзіміздің білгеніміз бар, мұғалімдеріміздің келмеген жерін келтіру үшін ақыл айтып қосқаны бар, әйтеуір, Аяз Атаны жарыққа келтірдік-ау. Енді ойлап, өткенді ой елегінен өткізіп салыстырып отырсам, біз сол кезде бар өнерімізді салып сомдап жүрген Аяз Атамыз данышпан Абайдың «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» - деп сыйпаттайтын «кәрі құдасы» болып шыға келді. Түсінікті болу үшін басқа сөзбен айтсақ, көреген Абай табиғаттың қыс маусымының өзіне ғана тән ерекшелігін көрсете, оның дәл суретін сала отырып бері қойғанда орыс жұрты, одан да әріні айтсақ, сонау бүкіл батыс елдерді «Дед Мороз» деп «Санта-Клаус» деп әспеттейтін арғы тегі мифологиялық бейненің немесе мифологиялық кейіпкердің образын жасап берді деуіміз керек. Абайдың біз онша көңіл аудармай келген бір кереметі де, міне, осында. Ол «етекбастыны елден көп көре, мыңмен жалғыз алыса» жүріп әлемдік дүниетаным, әлемдік өркениет деңгейіне көтеріле білген ерекше тұлға, өзгеше жаратылыс. Өз кезіндегі қазақ елінің мешеу тұрмысы туралы сөз ете отырып, ой кемелдігі, сыншыл көзбен бағалай білуі жағынан Пушкин, Лермонтов, Крылов биігіне көтерілді, солардан үлгі ала жүріп солардың өзімен теңдес, деңгейлес түсіп жатты. Орыс әдебиетінің осы сияқты алыптарымен деңгейлес түспесе Абай олардың өлеңдерін де Абайша аудара алмас еді. Осы орайда данышпан жазушы Мұхтар Әуезовтан қалған мына бір сөз еске түседі. Ол Абайдың 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағына кірген «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласында былай деп жазған екен: «Абай жиырма жыл бойы орыс әдебиетінің таңдаулы дәстүрлерін творчестволық жолмен қабылдап отырды. Бұл дәстүрді игеруде оның өз жолы бар. Татьяна мен Онегин туралы назира жасаудан, Пушкин мен Лермонтовтан аударудан Абай Некрасов пен Салтыков-Щедринді зерттеп үйренуге келді». М. Әуезовтың бұл сөзін мен өзінің «Қыс» деген өленінде орыстың Аяз Атасының тірі бейнесін дәл жасай білген данышпан Абай сол Аяз Атаны көрген бе? – деген сұраққа жауап іздеу үшін келтіріп отырмын. Абай суреттеп отырған, жыл сайын келіп әлек салатын «кәрі кұдаң» шынында Аяз Ата болып шыға ма? Аяз Атаны иемденуші орыс жұртының өзінде «Морозко» деген сөз алғаш рет 1886 жылы айтыла бастаған екен. Ал 1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктер Рождествоға байланысты дәстүр атаулының бәрін тыйып тастағаны белгілі. Кейін, 1935 жылғы 28 желтоқсанда СССР Орталық Атқару Комитетінің Президиум мүшесі Павел Постышев «Правда» газетіне мақала жазып шығарғаннан кейін ғана бұл әуелі балалар мерекесі ретінде, артынша бүкіл кеңес елі бойынша жаңа жыл тойы болып аталатын дәстүрге айналыпты. Осының бәрін салмақтап, салыстыра келгенде орыс Дед Морозының бергі тарихын айтпағанның өзінде, оның тіпті арғы тарихының Абайға еш қатысы жоқ деп кесіп айта аламыз. Рас Абай орыс әдебиетінен үйренді, Пушкин, Лермонтов, Крыловтан аударды, Некрасов, Салтыков-Щедринді зерттеп көрді. Бірақ Абайдың Аяз Атасы, Абайдың «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» қариясы Абай көре білген қазақ тұрмысының өз шындығы, қазақ жерінің төл туындысы. Сөйтіп Абайдың ой кемелдегі, оның ақындық көрегендегі қазақ елінің өз Аяз Атасын тыңнан сомдап, өмірге әкелді деп білуіміз керек. Ана бір өткен кезде кешегі кеңестік заманда басқа жұрт, басқа елдің бәрінде бар нәрсені не құбылысты «русская зима», «русский снег», «русский характер», «русский лес» деп тек орысқа теліп сөйлейтін бір әдет болды ғой. Сол ізбен кете бармай ендігі жерде қазақтың өзінікін өзіне қайтарып беруіміз керек. Мәселен, Абай суреттеп отырған қыс та ешкімнің ортағы жоқ қазақтың өз қысы. Ең бірінші жолынан бастап қазақ мінезін, қазақтың айна қатесіз өз болмасын көріп қайран қаласың. Бұрқ-сарқ етіп долданғанда алты қанат ақ орда үйді шайқайтын долы боран да, әуес көріп жүгірем деп беті-қолы домбыққан жас бала да, бет қарауға шыдамай теріс айналған малшы да, қар тепкенге қажымас қайран жылқы да, тіпті, қыспен бірге малға тұмсығын салған қасқыр да қазақтың өзінікі, айналып келгенде, бәрі-бәрі қазақтың өз мінезі, өз тұрмысы, өз тірлік-тынысының тұп-тура шын суреті. Осының бәріне тәнті болып, сүйсіне отырып Абайдың суретші екенін қалай мойындап таңқалмассың. Абай нағыз суретші. Қазақ тұрмысының суретшісі, нағыз қазақ елінің шыншыл суретшісі. Оның асқан суретші, суреткерлігінің диапазон кеңдігі мен қамту, ойша көре білу құлашының кеңдігі сонша, Абай көз алдына ұшқыр қиялымен әкеліп елестете білген әдеби бейне қазақ шындығынан, яғни, қазақы ұғымның шеңберінен шығып еуропалық, тіпті әлемдік бейнеге айналып кеткен. Абай қыстың жанды бейнесі ретінде суреттеген «кәрі құданы» қай елдің жаңа жылды қарсы алу тойына апарып қоссаң да, оны сол ел өзінің Аяз Атасы - Дед Морозы - Санта-Клаусы ретінде қарсы алып, құрметтер еді деп ойлауға негіз бар.
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ
Abai.kz