ҚАҢТАРДА... ҚАЙДАҒЫ БАЛАПАН?
Кеңес Одағында өскен ұрпақ үшін бірінші қаңтар Жаңа жыл мерекесі саналып, санамызды улап тастады. Мұны жыл өткен сайын қатты сезініп келеміз. Әсіресе ауылдарға ең көп тарайтын «Хабар», «Қазақстан» телеарналары қақаған қыстың ортасында тойланатын «жаңа жылды» төл мейрамына айналдырып алды. Кеңес Одағы жойылса да, одан қалған жаман әдеттер мен дәстүрлер қыр соңымыздан қалмай келеді.
Оған бірінші кезекте кінәлі – елдік идеологияның жұтаңдығы. Екіншіден, қазіргі біздің теледидар, радио, газет-журналдардың көпшілік бас редакторлары «кемелденген Кеңес Одағының» тәлім-тәрбиесі мен білімін алған журналистер мен жазушылар. Оның үстіне тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда жаңа заманға сай білімді журналистік ұрпақ қалыптаспады. Ал тәуелсіз елге тән танымды, дәстүр мен сананы қалыптастыруға ықпал етуші басты күштің бірегейі – БАҚ екені баршаға аян.
Осы орайда біраз танымдық мәселе қозғай кетудің артықтығы болмас. Біріншіден, әлем халықтары мен мемлекеттерінің 90 пайызы 1 қаңтарды Жаңа жыл деп мойындамайды. Мәселен, баршаға мәлім – парсы, араб және түркі жұртының жаңа жылы – Наурызда. 1,5 миллиардқа жуық мұсылман ай күнтізбесін қолданады. Сондықтан да мұсылмандардың Жаңа жылы жыл сайын он бір күнге алға жылжиды. Мысалы, Иранда (бұрынғы парсы елі) Жаңа жылды 21 наурызда тойлайды.
Сонымен бірге 3 миллиардқа жуық будда дініндегілердің жаңа жылы – ақпан айында. Үндістер тұратын мекендеріне қарай Жаңа жылды әртүрлі қарсы алады. Солтүстік Индия тұрғындары өздерін қызғыш, қызыл, сиякөк, ақ түсті әшекейлермен безендіреді. Ал Оңтүстік Индияда әйелдер арнаулы үлкен табаққа тәтті тағамдар, гүл шоқтары мен шағын сыйлықтар салып, дайындалады. Жаңа жылдың алғашқы таңында балалар көздерін жұмып, өздерін аналары арнаулы сыйтабаққа апаруын күтеді. Батыс Индияда Жаңа жыл қазан айының соңында тойланады. Қиыр Шығыс, Вьетнамда Жаңа жыл «Тэт» деп аталады. Оны 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында қарсы алады. Қытайлықтар да 17 қаңтар мен 19 ақпан аралығында жаңа ай туған кезде Жаңа жылды қарсы алады.
Христиан дініндегі католик тармағының бір миллиардқа жуық халқы жаңа жылды 25 желтоқсанда тойлайды. Бүкіл Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Австралия, Африка құрлықтары (солтүстігінен басқа) Иссус Христостың дүниеге келген 25 желтоқсан туған күнінде «Рождествоны» қарсы алып, ол күнді Жаңа жыл деп тойлап келеді. Биыл 25 желтоқсанда Иссус Христос құдайы 2015 жасқа толды.
Сонда бірінші қаңтарды кімдер тойлайды? Біздің заманымыздың төртінші ғасырында билік басындағылар таласынан Христиан діні католик және православ болып екіге бөлінді. Славян тектес тайпалар: орыс, украин, белорус, серб, болгар, т.б. православ тармағын ұстанып қалды да, еуропалық елдер католик тармағын ұстанып, екеуара жауласып, католиктердің мейрамын православтар мойындамай, өз беттерінше Жаңа жыл мейрамын шығарды. Мәселен, православтар «рождествоны» еске алмас үшін, 1700 жылы І Петр Жаңа жыл деп тойланып келе жатқан 25 желтоқсанды – бірінші қаңтарға ауыстырған жарлық шығарды. Кеңес Одағы орнағанша орыстар «рождество» мен «жаңа жылдың» ортасында жүрсе, дінсіздікке ұшыраған Кеңес Одағы 1936 жылы 1 қаңтарды мемлекеттік мейрам ретінде орнықтырды.
Қазіргі таңда «жаңа жылды» Балтық жағалауы елдері – Латвия, Литва, Эстония мүлдем тойламайды. Кеңес Одағынан қалған он екі мемлекеттен басқалар 1 қаңтарды тек жылдың ауысуы деп қабылдап, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар жұмыс күндері болып саналады.
Ал Украина «Аяз атадан» бас тартып, оны басқа өркениетті елдер сияқты «Санта Клаус» деп атады. Табиғат жаратылысына, уақыттың ауысуына сай ешқандай логикаға жатпайтын, қыстың күні қырауда тойлайтын тек орыстың ғана «жаңа жылына» қазақ неге «жабысып» қалды? «Орыстық» Жаңа жылға бола, миллиондаған шырша қырқылып, экологияға, табиғатқа ғаламат кесір келеді. Миллиондаған отбасы сол күндері қыруар қаржыны арақ-шарапқа жұмсайды. Себебі православтық христиандардың жаңа жылын арақ-шарапсыз қарсы алу мүмкін емес. Ежелден араққұмарлар орыс православтары үшін бұл «таптырмас» мейрам болса, тегі тәңірден тараған мұсылман қазақ үшін – харам, даңғаза дүрмек. Статистикалық деректер бойынша, ең көп адам өлімі осы күндері болады екен.
Ал арақ-шарапсыз, наурыз көжемен, ағарғанмен тойланатын 22 наурыздағы Жаңа жылда көктем келіп, уақыт жасарады. Яғни, көктеммен бірге Жаңа жыл келеді. Уілдеген боран мен аққар-көкмұз құрсанған 1 қаңтарда қайдағы Жаңа жыл? Қазақтың арасында сөз мәтелі болып қалған «қаңтарда... қайдағы балапан» деген сөз осыдан қалса керек. Ендеше түкке тұрғысыз өзгенің мейрамын қашанға дейін тойлай береміз?
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №45-46 (316-317) от 24 декабря 2015 г.