Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Бәсе... 4848 1 пікір 23 Желтоқсан, 2015 сағат 13:24

ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ОТАНҒА ОРАЛУЫНА МОЛ МҮМКІНДІК АШЫЛЫП ОТЫР

Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің төрайымы, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі:

– Гүлнәр Сүлейменқызы, осы жуырда Мәжіліс маңызды бір заң жобасын ма­құл­дады. Бұл тек еліміздегі тұрғындар ғана емес, шетелдегі қандастарымыз да елеңдеп күтіп отырған заң жобасы деуге толық негіз бар. Осы заңды қабылдаудағы оның мақсаты қандай, сондай-ақ қандай жұмыстар атқа­рылды?
– Бұл құжаттың толық атауы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық ак­тілеріне халықтың көші-қоны және жұ­мыспен қамтылуы мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы деп аталады. Үкімет ұсынған осы заң жобасы этникалық қазақтардың көші- қоны, ішкі көші-қон мәселелерін жетіл­ді­руге бағытталған. Бұл заң жобасы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасына сәйкес әзір­лен­ген.
Осы заң жобасы бойынша қолданыстағы екі кодекске және 12 заңға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілді.
Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден 1 миллионға жуық қазақ көшіп келді. Бұл – ел тұрғындарының 5,5 пайызы. Дегенмен шетелде әлі де көптеген қандастарымыз тұрып жатыр. 2013 жылы заңға енгізілген өзгерістерге орай көші-қонның үдерісі баяу­лап қалды. Себебі онда бірталай кедер­гі болған еді. Ал мына заң жобасының ең басты жаңалығы – этникалық қазақ­тар­дың көші-қоны төңірегінде туындап отыр­ған мәселелерді шешуде, соларды жеңіл­детуде бірқатар нақты-нақты жаңа нор­ма­лар қа­былдануымен ерекше екенін айта кетуім ке­рек. Үкіметтен де бірнеше жаңа норма ке­ліп түскен еді, бірақ депутаттар тарапы­нан олар жетілдірілді. 
Айталық, бұрынғы заң бойынша бізге шетелден келген қазақтар азаматтық алуы үшін әуелі Қазақстанда төрт жыл тұруы міндетті болған еді және өзінің төлем қабі­летін растауы қажет болатын. Белгілі бір мөлшерде 2 млн теңгеден астам қаражатты банкілік есепшотқа құюы керек болды. Сол сияқты, Үкімет айқындаған өңірге баруы мін­деттелді. Сонда ғана оралман мәртебесін алды, аздаған жеңілдіктер берілді. Ал басқа өңірге көшіп келсе, оларға оралман мәр­те­бесі берілмей, бірқатар қиындықтарға ұшы­рады. Енді біз жаңа заңмен осы кедер­гі­лер­дің бәрін алып тастадық деуімізге бо­лады. 
Біріншіден, заң күшіне енгеннен кейін келетін этникалық қазақтар қоныстанған өңіріне қарамастан, Қазақстанның қай об­лысына келсе де, оралман мәртебесін ала алады. Екіншіден, төрт жыл тұруға міндетті емес, Қазақстан азаматтығын бір жылдың ішінде ала алады. Жалпы, өтініш берген күн­нен бастап, үш айдың ішінде де алу мүм­­­кіндігі бар. Бірақ бір жылдың ішінде азаматтықты алып болуы керек. Төлем қа­білетін растау талап етілмейді. Кедергі кел­тірген осы үш мәселе бойынша біз бір­та­лай жеңілдіктер жасадық. Сондықтан қан­дас­тарымыздың көші-қоны алдағы уақытта қайтадан жандана түседі деп ойлаймыз. 
Депутаттар бірқатар ұсыныстарын бер­-ді, жұмыс тобының құрамына қандастары­мызды біріктіретін қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Оның бірі «Жебеу» қоғамдық ұйымынан Ауыт Мұқибек деген азамат, ол Қытай қазақтарының проблемаларын жақ­сы біледі, өзі де сол жақтан көшіп келген. Екіншісі Қайрат Бодаухан есімді азамат, ол кезінде Моңғолиядан қоныс аударған. Осы­лайша, өзіміз білмейтін қандай ішкі проблемалар бар екенін білу мақсатында және оларды шешу үшін біз шетелде тұ­ратын екі үлкен диаспораның өкілдерін жұмыс тобына қосып, заң жобасын талқы­ла­ған барлық жиналыстарымызға қатыс­тырдық. 
Алғашқы қабылданған заңдарымызда квота қоныстанған өңіріне қарамастан, беріле берді ғой. Бауырларымыз қай жерге келем десе де, квота берілді. Одан кейін кейбір аймақтарда жұмыс табуда, тұрғын үй алуда мәселелер туындағандықтан және солтүстік аймақтарда халықтың сирек ор­на­ласқанына орай Үкімет көші-қон про­цесін заңмен реттеуді қолға алған болатын. Ол кезде солтүстіктегі облыстарға бару үшін осындай қадамдар жасалған еді. Бірақ ол көптеген қайшылықтар туғызды. Себебі кейбір адамдар Үкіметтен көмек алмай-ақ өздері де келгісі келеді. Бірақ азаматтық алу процесін тездетіп, жеңілдетілген тәртіп­пен алғысы келетінін жасырмайды. «Елге салмақ салмаймын, өз жағдайымды өзім ретке келтіріп, тұрмысымды жақсарта ала­мын» дегендерге неге кел демейміз? Сон­дықтан ондай қандастарымызға да мүм­кіндік беруіміз керек қой. Оларға «Тек біз белгілеген өңірлерге барасың, сонда ғана азаматтық аласың» деп неге кедергі жа­сауы­мыз керек? Ал жаңа заң жобасында кедергі жоқ, бәрі алынып тасталды. Қай жерге көшіп келсе де, әуелі оралман мәр­тебесіне ие болады, сосын Қазақстан аза­маттығын алады. Бірақ Үкімет айқындаған өңірлерге барса, арнайы қарастырылған әлеуметтік көмекті ала алады. Айталық, қан­дасымыз солтүстік облысқа не өзге мем­лекетпен шекаралас ауданға барса, Үкі­мет оның жүгін тасыған, келген жол шыған­дарын өтейді, сонымен бірге әрбір отбасы иесіне 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК көлемінде жәрдем беріледі. Жұмыспен қамтылады. Жалға берілетін үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оның осы жалға берілген үйді 5 жылдан соң жекешелендіріп алуға құ­қы­ғы бар. 
Ал енді Үкімет айқындамаған, яғни бас­қа өңірге барса, ондай көмектер берілмейді. Қазақстанның бүкіл азаматы сияқты әлеу­меттік жеңілдіктерді ала алады. Мысалы, құжаттарын тапсырып, зейнетақы алады. Мүгедектікке байланысты жәрдемақы алу құқығы бар.
– Заңға енгізіліп отырған тағы қандай жа­ңалықтар бар?
– Депутаттардың ұсынысы бойынша тағы бір жаңа заңдық норма енгізілді. Бү­гін­гі таңда Қазақстан шетелдегі қазақ­тарға білім гранттарын беріп отыр. Білім грант­тарына ие болып не өз бетінше жоғары оқу орындарына келіп түскен қазақ жастары­-на жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан аза­мат­тығын алуына құқық беретін норма ен­гі­зі­ліп отыр. Бұл да болса, оң бастама. Себебі бұ­рынғы заң нормалары бойынша олар біздің елімізде білім алады, бітір­ген­нен кейін Қазақстаннан шығып кетуі ке­рек болатын. Оралман мәртебесін, одан кейін азаматтықты алу үшін көші-қонның бүкіл процесінен өтіп, қайта келуі қажет еді. Енді оқуға келген этникалық қазақтар оқуға түс­кеннен кейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекеме­ле­рінің жатақханаларында уақытша тіркелуге және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Рес­публикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Сонымен қатар азаматтық алу кезінде қандасымыздың тіркеген жері болуы талап етілді. Студенттердің азаматтықты рәсімдеу кезінде қиындықтар туындамасын деп жаңа заңдық нормалар енгіздік. Қызметтік немесе жеке тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және интегра­циялау орталықтарында, уақытша орна­ластыру орталықтарында не білім беру ұйымдарының жатақханаларында бір жыл­дан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқық беретін норма қарастырылды. Бұл да болса, қандастарымыздың өз Отанына кел­генде, аз уақыттың ішінде азаматтығын алу­ға және жаңа ортаға тез бейімделіп ке­туіне септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ олар үшін визаны ұзарту жөнінде проблема болып келді. Себебі виза үш айға беріледі. Осы мерзімде аза­мат­­тығын, тағы басқа мәселелерді реттей ал­маса, үш айдан кейін өзі келген мемле­кет­-ке ба­рып, визасын ұзартуы тиіс болған. Осындай қиындықтар болған соң, біз оны жеңілдетіп, визаны ұзарту мәселесін шешу­ді Ішкі істер органдарының құзыретіне бердік. Яғни Ақтөбеге келген адам қайтадан Қытайға не Иранға бармай-ақ, сол жердегі ішкі істер департаментіне барып, визасын ұзарта алады. 
– Қандастарымызды әуре-сарсаңға са­-лып жүрген осы бір мәселе оң шешімін тап­қалы тұр екен.
– Иә. Сол секілді алғашқы заңдарда болған, кейін алынып тасталған бір норма бар. Ол отбасын біріктіруге байланысты шетелдерде тұратын ағайын-туыстарын ша­­қыру мәселесі еді. Мысалы, кейбір ел­дер­­дің мемлекеттік органы отбасын бірік­тіру үшін куәландырылған шақырту қа­ғазын сұ­рай­тыны анықталды. Соған орай жергiлiктi атқарушы органдардың құзы­ретіне шақырту қағазын беру және куә­ландыру жөніндегі қосымша міндеттер жүк­­­телді. 
Бүгінгі бар заңда қандастарымыздың бір әкімшілік құқық бұзушылығы болса, оларға азаматтық берілмейді. Мысалы, көшеде белгіленбеген жерден өтіп кеткен кезде не автокөлігімен жол ережесін бұзып, айыппұл салынған болса, шетелде несие төлеуді ке­шіктірсе де, ол әкімшілік құқық бұзушы­лық болып есептеледі, ондай адамдарға азамат­тық беруден бас тартылып келді. Осы норманы тым қатаңдау деген тоқтамға келіп, біз оны жеңілдеттік. «Бір рет бұзған» дегеннің орнына «бірнеше рет бұзған жағ­дайда» деп өзгерттік.
– Ал қандай қандастарымызға азамат­тық мүлдем берілмейді?
– Қазақстан Республикасының шетел­діктердің құқықтық жағдайы туралы заң­намасын бірнеше рет бұзған, сондай-ақ ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алын­баған немесе жойылмаған сотталғандығы бар қандастарымызға азаматтық беріл­мейді. Адамға қарсы ауыр қылмыс жаса­-ған, не болмаса террористік, экстремистік оқиғаларға қатысқан не сондай көзқарасты ұстанған адамдарға азаматтық беруден мүлдем бас тартылады. Өйткені бұл мем­лекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін сақтауға бай­ланысты. Ол – барлық елдердің заңда­рын­да бар норма. Бұрынғы заңда жалпы аса ауыр қылмыс жасап сотталғандарға елге келуге жол жабық болатын. Біз қандас­та­рымыз үшін соның өзін жұмсарттық. Яғни аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы болса ғана азаматтық беруден бас тартылады. Бұрын сот­талған, мерзімі өтелген болса, ондай адамды қабылдауға болады деп ойлаймыз. Өйткені ол жазасын алды, өтеді. 
Депутаттар өңірлерде де жиі болып тұ­рады. Маңғыстау да шетелден келген қан­дастарымыз тығыз қоныстанған аймақ. Мысалы, өз қалауы бойынша көшіп келген қандастарымыздың 21 пайызы Оңтүстік Қа­зақстанға тұрақтаса, 15 пайызы Алматы облысына, 12,6 пайызы Маңғыстау об­лы­сына барған.
Заң жобасын талқылау кезеңінде аймақ­тарға барғанда, қандастарымызбен тіл­дес­тік. Өзім Маңғыстауға барғанда, «Нұр Отан» партиясының өңірдегі филиалына келіп, шағымданып жүрген бір топ бауыр­ларымызды жинап, облыстық көші-қон де­партаментінде кездесу өткіздім. Қолда­ныстағы заң бойынша олар төрт жылға дейін оралман куәлігімен тұруы керек, аза­маттығын әлі алған жоқ. Бірақ олардың баласын мектепке беруде, емхана мен ауруханаға баруда, зейнетақысын алуда бір мәселе туындаған екен. Ол – жеке сәйкес­тендiру нөмiрлерiнің (ЖСН) болмауы. Со­ның салдарынан ақша төлемдері мен ақша аударымдарды жүзеге асыруда, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналарын және әлеу­меттік төлемдерді аудару кезінде, салықтық міндеттемелерін орындауда, рұқсат беру си­патындағы құжаттарды беруде қиын­дықтар туындайды. Жұмысқа келген соң, өзім ұсыныс бердім. Соған байланысты «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзi­лiмдерi туралы» заңға толықтырулар енгі­зілді, соған сәйкес оралманның куәлігі жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттардың тізбесіне енгізілді. Енді жаңа заң күшіне енгеннен кейін оралман куәлігіне ЖСН қоса енгізіліп беріледі, олар азаматтық ал­ғанға дейін жоғарыдағыдай қиындықтарға ұшырамайды. Бұл мәселе сөйтіп, оң ше­ші­мін тапты.
Шетел қазақтарының тағы бір өтініші болды. Азаматтықты алар кезде олардан бұрын тұрған мемлекетінің азаматтығынан шықты деген анықтама талап етілді. Ал кей­бір елдер «бара бер» дейді де, ондай анықтама бермейді екен. Яғни сондай анықтама алуда қиындықтар туындайды. Соған орай Сыртқы істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 қаулысымен өзгеріс енгізіліп, ондай елден анықтама әке­лу жөніндегі талап алынып тасталды. 
Ішкі көші-қон мәселесін реттеуде де тиімді әрі халыққа пайдалы жаңа нормалар енгізілді. Тұрғындар аз қоныстанған өңір­лерге жастарды тарту арқылы олардың санын арттыру, баратын адамдарды ынта­ландыру, әлеуемттік қолдау мәселелері көзделіп отыр. Осы орайда, қазір «Серпін» бағдарламасы жүзеге асып жатыр ғой, со­ның аясындағы кейбір нормаларды заң­дастырдық. Мысалы, оңтүстіктен тұрғын­дары аз солтүстікке оқуға барған жастарға колледждерде оқу үшін білім гранттары бе­ріледі, сол оқу орнының жатақхана­-сында тұрады, тағы басқа мәселелер заңда айқындалды. 
– Бір байқағанымыз, осы заң жобасын талқылауға депутаттар өте белсенді қатыс­ты. Мұның себебі не?
– Иә, әріптестеріміз жұмыс тобында белсенді болды және өте көп өзгерістер бер­ді. Пікірталастар да аз болған жоқ. Жұмыс тобының отырысында болған тал­қы­лауларға белсенді қатысқан әріптестерім Алдан Смайылға, Бақытбек Смағұлға, Гүл­мира Исимбаеваға, Майра Айсинаға, Құт­ты­қожа Ыдырысовқа, Нұртай Сәбилья­нов­қа, Ольга Киколенкоға, Алмас Тұртаевқа, Меруерт Қазбековаға осы заң жобасын жетілдіруге атсалысқандары үшін ризашы­лығымызды білдіреміз. Басқа да депутат­-тар өз ұсыныстарын бергенін де атап өт­ке­нім жөн.
Жұмыс тобының құрамында Сыртқы істер, Ішкі істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым ми­нистрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің өкілдері болды. Келелі мәселелерді кеңесе отырып шештік деп ойлаймын.
Мүдделі министрлік өкілдері, Мәжіліс аппаратының заңнама және аударма бө­лімінің қызметкерлері, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің консультанттары өте жақ­сы жұмыс жасады. Жұмыс тобының отырыстарын тек қана қазақ тілінде өткі­зіл­генін айтуымыз керек. Сөйлеп отырған адамның сөзін сол сәтінде орысшадан қа­зақшаға,қазақшадан орысшаға аударып отыратын ілеспе аудармашылар да өз жұ­мыстарын жетік атқара білді. Сондай-ақ қандастарымызды біріктіретін екі қоғамдық ұйымның өкілдеріне де рақметімізді айта­мыз. Олар этникалық қазақтарға қатысты қай елде қандай проблемалар бар екенін айтып, мәселелердің ішіне терең үңілуімізге жағдай жасады, сол арқылы осы заң жоба­сын жақсы жағына қарай жетілдіруімізге ықпал етті.
– Қорытынды ой-пікіріңізді білдірсеңіз.
– Кейбіреулер заң жобасы ұзақ қаралды дейді. Шынына келгенде, біз заң жобасын қаңтарда алып, ақпан айында жұмыс тобын бастадық. Жұмыс тобы барысында кейбір қаржыға не басқа да әлеуметтік-құқықтық нормаға қатысты баптар болды, оларды Үкіметке оң қорытынды алу үшін жіберіп отырдық. Жаңа сессияның басында жан-жақты жетілдіріле келген заң жобасы жал­пы отырыстың қарауына ұсынылды, бі­рін­ші, одан кейін екінші оқылымда ма­құл-
данды. Қараша айында Сенат депутаттары да қарап, заңды қабылдады. Ал 24 қараша күні Мемлекет басшысы осы бір маңызды заңға қол қойды.
Бүгінгі қандастарымыздың алға тартып келген проблемаларының көбін осы заң жобасының аясында шеше алдық. Бірақ заң күшіне еніп, жұмыс жасау процесінде жергілікті атқарушы органдардың, осы заң нормаларын терең зерделей отырып, заң аясында жұмыс жасап, қандастарымызды қабылдауда сауаттылық танытуына да көп мәселе байланысты болмақ. Қандаста­ры­мыздың арасында түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуі керек. Себебі көбіне заңның нормаларын білмегендіктен, қайшылықтар, теріс әрекеттер туындап жатады. Мысалы, қандасымыз бір жылдың ішінде азаматтық алуы керек екені жазылған. Тіпті үш айдың ішінде де алып үлгереді. Егер бір жылда алып үлгермесе, олар жеңілдетілген тәртіп­пен алу мүмкіндігінен айырылып қалады да, жалпы тәртіппен алу процесіне тап болады. Ал жалпы тәртіппен азаматтық алу үшін Қазақстанда бес жыл тұруы керек. Міне, осыны біз келген және қоныс ауда­руға қамданған қандастарымызға жіті тү­сіндіруіміз қажет. Жеңілдетілген тәртіп бар екен деп бірнеше жыл жүріп алмауы қажет. «Ой, білмей қалдым, бір мәселелер шығып қалды» деген сылтаумен уақыт өткізіп алуға болмайды. Тұрақты тұруға көшіп келді ме, азаматтық алуға қажетті құжаттарды жинап, тапсыруға бірден кірісуі керек. 
Жалпы, адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде туған жерін, ата-анасын таңда­майды деген ұғым бар. Шынымен де, заман мен қоғам өзгеріп жатқан тұста, кімнің қайда, қашан дүниеге келетінін Жаратқан иеміз ғана біледі. Қай заманда да, әр адамға өз Отанының шекарасы сыртында қалу­дан асқан қасірет жоқ шығар! Алмағайып за­манда көшіп кеткен не сол шетелде ға­сырлар бойы тұрып жатқан немесе шекара сызығын белгілегенде, сыртта қалып қойған этникалық қазақтар қаншама?! Олар балаларының болашағы үшін тарихи Отаны – Қазақстанға көшіп келгісі келеді. Қазақ елінің келешегі үшін білім алып, өзінің тәуелсіз мемлекетіне еңбек сіңіруді мақсат етеді. Олардың осы арман-тілегін жүзеге асыруға қолдау көрсету, орнығып, бейімделіп кетуіне жағдай жасау біздің міндетіміз және барша Қазақстан азамат­тарының парызы деп ойлаймын.

Әңгімелескен 
Нарын ОРДАБАЙ,
Астана

"Айқын" газеті

1 пікір