Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 6838 0 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 11:59

ДӘПТЕРДІҢ БЕТІНЕ ЖАЗЫЛҒАНТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰДІРЕТІ

Оқушының қиғаш жол дәптері бетіне салынған бұл сурет «Фейсбук» желісінен алынды. Суреттің астына парақша иесі Айдос Жұқанұлы: «Үшінші сыныптағы кішкентайым Томиристің салғаны. Мен үшін бұдан асқан марапат жоқ» деп жазылған екен.

Бұл Томиристің танымындағы тәуелсіздіктің түйсігі. Күні – күнбағыс, қыраны – торғай сияқты болып кетсе де, Томирис тәуелсіздіктің құдіретін ала-кеуім санасына сіңіре білген дерсің. Ең бастысы – ол бүлдіршін жүрегіне сыйдырған «тәуелсіздік» деген сөзді және оның қадірін бүкіл өміріне өрнек етеріне сенім зор.

Ал осы суреттің астындағы комментарийде Самат Насир есімді «Фейсбук» қолданушы: «Қазағымның елі қазақша сөйлейтін, жері өз қарамағында, қазақ үшін қызмет ететін ел болcын. Кезінде Одақты бәрі тастап қашқанда, тоталитаризмнен Тәңірдің арқасында құтылған қазақ енді өз күшімен авторитаризмнен де құтылар. Сөз бостандығы, пікір алуандығы, адам құқы, демократия, саяси көзқарас еркіндігі дәріптелетін қысым-қыспақсыз қоғамға қазақ та лайық... Символдық тәуелсіздік күнін емес, нағыз толыққанды тәуелсіздікті тойлауға жазсын» деп жазыпты.

Қос қолдап дауыс беретін пікір. «Толыққанды тәуелсіздікті тойлау» – көптің көкейінде көмілуге шақ қалған арман. Сол арманның қажеттілігін жұтым ауадай сезінген қазақ қалғуды қояр күн қашан туар екен деп, тағы да армандайсың...

Айдостың «мен үшін бұдан асқан марапат жоқ» деуі Нұрсұлтан Назарбаевтың сейсенбі күні Астанада уыс-уыс орден-медаль тарату тойымен қатар келді. Шүлен ілгендерінің арасында кім алда жосылған, кім жолдан қосылған – оны, сірә, марапатқа мүдделі қазақ қаперге алмаған сыңайлы. Әйтпесе әкімдер мен министрлер «құлағынан сүйреп әкелгендер» марапаттың буына мас та – мас, басқа да – мас той үстінде теңселіп жүргенін көрдік...

Бірақ дәтке қуаты – бір сөзі болды: «Тәуелсіздік ешқашан ештеңеге айырбасталмайды», – деді. Көбіктей көпірген көп сөзінің бірі болмаса, бұл жолғысы жөнді естілді. Тек ендігі жерде осы сөзін Путин патшаға тіреп қойып айтар болса, мен жақтағылардың жартысы ары ауып кеткеніне өкінбес едім.

Ал әзірге «айтқаныңнан қайтпа» деп, томпиған Томиристің дәптерге салынған суретін газет бетіне баса отырып: «Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын!» – дейміз. Бүгінгі қымбатшылыққа қамалған қазақ осы тілектің баяндылығына бола, дағдарысты да далбаса көрері хақ-ау, шіркін!

Ермұрат БАПИ

«Общественная позиция» проект «DAT» №44 (315) от 17 декабря 2015 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478