Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3818 0 пікір 21 Желтоқсан, 2015 сағат 09:43

ТҮРКИЯ ПУТИННІҢ ҚОРЛАЙТЫН СӨЗДЕРІН ЕЛЕМЕЙДІ

Түрік үкіметінің басшысы Ахмет Давутоглу Анкараның Ресей президенті Владимир Путиннің Түркия туралы айтқан сөздерін маңызды деп қабылдамайтынын мәлімдеді.

Давутоглу ресейлік көшбасшының "дипломатияға жатпайтын және қорлайтын " ескертпелеріне жауап беру арқылы сондай деңгейге түскісі келмейтінін айтты.

ЕО сегіз елінің басшыларымен Брюсельде кездесіп қайтқан Давутоглу журналистерге: "Ол мүмкін бұрынғы МҚК-гі жұмысын еске түсірген шығар. Бірақ МҚК енді жоқ, ал кеңестік насихат тарих қойнауында қалды. Оның әрбір сөзін әлем мысқылмен қабылдайды.", –деді.

Желтоқсанның 17-де өткен жыл сайынғы баспасөз конференциясында Анкарамен арадағы қатынас туралы сұраққа жауап беріп отырып, Владимир Путин Түркияның қазіргі басшылығымен келісу мүмкін еместігін мәлімдеді. Ресей президентінің сөзінше, түрік-сирия шекарасындағы ресейлік ұшақты атып түсіру арқылы, түрік басшыларының бірі "америкалықтардың бір жерін жалағысы келген сияқты".

Түркия қарашаның 24-де атып түсірген ресейлік Су-24 ұшағын елдің әуе кеңістігін бұзды деп кінәлайды. Мәскеу бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, Анкараға қарсы экономикалық санкциялар қолданды.

Абай-ақпарат

0 пікір