Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 4932 0 пікір 9 Желтоқсан, 2015 сағат 14:02

КБӘРТІР, МӘШІН

(Диалог әңгіме)

– Ата дейм, болшы  тез, сен жиналып болғанша әкімдіктер кетіп қалады.

– Ботақаным, мені қайда сүйрелемексің тағы?

– Өй, ата. Көзің тірі тұрғанда өкіметтен квәртір, мәшін алып үлгеруіміз керек.

– Кбәртірді не қыламыз? Құдайға шүкір, бар ғой, тұратын жер.

– Өй, ақылыңнан алжасайын дедің бе?  Артыңда қалатын бала-шағаны неге ойламайсың?

– Ботақаным-ау, балалардың бәрінде бар ғой. Түнеугі жылы берді ғой кбәртірін де, мәшінесін де...

– Оны көзі тірісінде апамыздың атына жаздырып қойдық. Жалпы, қазір сенің атыңда үй де, машина да жоқ. Оның үстіне оның бәрі басқа облыста тұрғанда берілген.

–  Далада тұрған жоқпыз ғой, аман-есен соғыстан келіп, бала-шағаны өсіріп жеткіздік.

– Туу, ата, ертеңгі күнді неге ойламайсың өзің?  Немере-шөбере бар дегендей, оларға да керек бәрі.

– Ешқайсың далада жүрген жоқсың...

– Болш, ата, жинал, сен селкілдеп жиналғанша, кеш батар.

– Қайта-қайта өкіметтен сұрамшақтанып ала бергенім қай бір жақсы дейсің?

– Сен алатын бір үйден өкімет кедейленіп қалмайды. Басқалары вагон-вагонымен тасып, бастарына бәленбай сарайдан салып алғанда, несіне қуыстанасың?!

– Құлыным-ау, анау, бір ауылдан бірге аттанған көрші Құлдырбектің бала-шағасын айтсайшы. Майданға кеткенде үлкені бесте, кішісі үште болатын, кенжесі іште қалған.

– Туу, ата, сол әңгімені мың рет айтып, миымды әбден сарсытып жібердің ғой өзі!

– Сол Құлдырбектің бала-шағасының не жазығы бар деймін де. Майданға бірге аттанып, бір шайқаста  қатты жараланып, мені құшақтаған күйі көз жұмды. Бала-шағасын тапсыруға ғана шамасы жетті.

– Туу, ата, енді маған не қыл дейсің? Мен кінәлі ме екенмін соған?!

– Жоға, мен ғой,  бір қолымды қалдырып, аман-сау келдім, колхоздың жұмысына кірісіп, еңбек күн тауып, балаларды өсіріп-жеткіздім, ешкімді ашықтырмадым. Өкімет қолдап, шипажайларға жыл сайын барып тұрдым. Медәлін де берді, мәшинесін де берді... анау Құлдырбектің келіншегі жастай жесір қалды.

– Жесір қалған сол ғана ма? Бәрі жесір қалған!

– Жоға дейм,  жиырма үшінде жесір қалып, өзі аш-жалаңаш, әйтеуір, өлместің күнін көріп, бала-шағасын жеткізді.  Соның не жазығы бар дейм ғой, оның шиеттей қалған балаларының не жазығы бар?  Соған кім үй беріп, көлік мінгізіпті. Азаматы майданнан қайтпай, қан жылап  жүргенде, кім оны шипайжайға жіберіпті? Мен болсам, апталдай азамат, тірі келдім ғой, соның өзі неге тұрады. Соның өзі бір байлық қой білгенге. Құрмет көрсетті, төрге шығарды бізді, онысына рахмет.

– Сол ауылдасым айтты деп, соның үй-ішіне қарасып тұрғаныңды шешем айтқан. Соны азырқанып жүр ме өздері?

– Оларға көмектесетін мен бар болдым. Бір қолды беріп, шойнаңдап майданнан келгенімде қақаған қыс болатын, барсам, жаман тамдарының ішін қырау басқан, жағар отын жоқ, балалар  мұздап-қатып, көгеріп  қалыпты, қимылдауға әлдері жоқ. Бере қоятын артық көрпе қайдан болсын, содан құшақ толтыра сабанды көтеріп апарып, астарына төсеп, үстеріне жауып, өзіммен ала келген торсықтағы спіртпен арқаларын, кеуделерін уқалап, пештеріне сағдар жағып, ешкінің сүтін еріндеріне тамызып, әрең тірілтіп алғам. 

– Ой, ата, сол бір жауыр болған әңгімеңді  миллион рет айттың ғой. Тірілтіп алғаныңа рахметін айтсын да.

– Сол балалардың жазығы не деймін? Қыстың көзі қырауда  жағар отын таппай, шырылдап, шиеттей балаларына бір уыс бидайды әрең тауып беріп жүрген әйелдердің жағдайын кім жасапты... Соларды кім ескеріп, кім құрметтепті...

– Туһ, ата!

– Сол Құлдырбектің алты жасар баласы үлкендермен бірге колхоздың жұмысын атқарды. Көрген қызығы кәні?

– Беріп жатыр ғой оларға да «тыл ардагерлері» деп.

– Өткенде сұрадым, айлығы үш мың теңге дейді, онысы қай жыртығына жамау болмақ? Жоғалған денсаулығын, балалық шағын  қайтара ма?!

– Солар-ақ тоймайды екен,  берген сайын ала бергісі келіп тұрады да.

– Берген сайын деп, кім оларға не беріп қойыпты?!

– Болш, ата, көп сөйлемей! Бастысы, тездетіп үй алсақ болды.

– Шырағым-ай, өзім қалт-құлт етіп әрең жүргенде, сол үйде қаңқиып қалай тұрмақпын?

– Сол үйде сен тұрасың  деп кім айтты?

– Мәшін дейсің, оны кім айдамақ? Мына қалтыраған қолыммен  қасықты ұстаудың өзі мұң? Одан да әлгі Құлдырбектің жастай қиындық көріп, бала болып еркелеп көрмеген,  тойып тамақ ішпеген баласына берсін, еңбегі сіңді ғой...

– Сөйлей бермеш, ата. Мәшін берсе, мен айдаймын. Қазір олардың бағасы ұшып тұр.

– Бар ғой сенде екі бірдей көлік.

– Өй, ата кеще болып кеткенбісің? Артық бола ма тағы біреуін мінсем? Тіпті болмаса, сатып, пұл қылам.

– Анау Құлдырбек...

– Құлдырбекті айтып, әбден миымды ашыттың ғой. Өкімет үй, көлік берем деп тұрғанда алып қалу керек.

– Құлдырбектің аруағынан ұят емес пе?

– Туһ! Құлдырбегің майданда қалса, оған мен кінәлі емеспін, соның балалары жетім қалды деп, үйге бір тегеш бидай келе қалса, жартысын соған таситыныңды апам айтып отыратын.

– Өйбай-ау, шырағым-ау, енді шиеттей жас балаларды аштан қалдырмаймын ғой.

– Сонда бізді, ой... енді,  өз балалардыңды неге ойламадың,  а?!

–  Баламның ешқайсысы ашығып, жыртық-жамау күй кешкен жоқ.

– Қайдағы бір жесірдің  қамын ойлап... Ата, ата дейм, әлде, сол жесірмен  әмпей-жәмпей жүрістерің болды ма? Құлдырбек, Құлдырбек деп, құлақ етімізді жеп қоюшы едің, бір құпияларың бар-ау, жасырған, ә, ата?

– Әй, жетесіз! Не тантып кеттің? Жесіріне қол ұшын беріп, балаларын ашықтырмайм деп сөз бергем!

– Енді, ата, ренжімеш, көмектестің, болды. Олардың  бізге ренжитін еш жөні жоқ.

– Бізге ренжіп қайтсін? Әділіне келсек, бар құрмет-қошеметті сол жесірлерге, Құлдырбектің жетімдіктің дәмін аяусыз тартқан  балаларына көрсету керек еді ғой. Біз болсақ, апталдай азамат, екі қолға бір күрек қашанда табылып,  бала-шағаны, кемпір-шалды ашықтырмаудың амалын қайтсек те табамыз, бір бүйіріміз қашанда тоқ болды. Анау қорғансыз, әкелері  қан майданнан оралмаған жетімдерді айтсаңшы. Әкелері майданнан келмей бір соққы көрді, адыраңдаған атқа мінерлер өгейлік танытып екі соққы көрді...

– Ата, не сандырақтап кеттің? Биліктегілер өзі біледі, кімге құрмет көрсетуді. Беріп тұрғанда, алып қалу керек. Ебін тауып сытылып, соғыстан аман келудің амалын жасамады ма, оққа қарсы тұра шаппай?

– Өй, жетесіз!.. Не тантып кеттің?! Мына таяғыммен жатқызайын ба тұрған жеріңде!

– Жарайды, ата, қалжыңым ғой...

– Көрсетіп жатқан құрметіне ризамын, бірақ, арқа еттері арша, борбай еттері борша болып,  көздері шүңірейіп, еріндері көгеріп,  аштықтан, шаршағаннан бір түйір бидайды шайнауға да шамалары келмей құлай кететін, үлкендерден қалыспай, колхоздың жұмысын атқарып, одан қалса биттеп, шешек тиіп,  соғыстың азабын тартқан балалар бізден артық құрметке лайық екенін ойласам,  сай-сүйегім сырқырап-ақ кетеді. Бір басыма екі-үш рет үй алғаным, ал олардың жібі түзу көйлек те кимей өткенін ойласам, әділетсіз бе деп ойлап қалам...

– Ата, киінуіңнен сандырағың көп болды ғой. Өліп қалмай тұрғаныңда, бір үйді қайтсек те алып қалайық. Жібі түзу көйлек кимесе, барып, сатып алсын, енді оларға жетпегені, көйлек әперу екен ғой.

– Құлдырбек, ағатайым... кешіре гөр, мына жетесізді...  шама-шарқымша көмектескен болдым, ер-азаматы жоқ үйдің  қай бір берекесі болсын... жөні түзу бір там да салып бере алмадым-ау... анау, жастай қалған жесірің, сол күйі ауру-сырқаулы болып, тойып тамақ та іше алмай, ері аман қайтқан жұрт құсап жарқырап күле де алмай... үйленген ұлыңның  қызығын да көре алмай... қайтейін енді... өмірден еш қызық көрмей өтті ғой... не жазығы бар еді, сенің   майдан шебінде жер жастанғаның ба... кешіре гөр,  қасыңа барғанда бетіңе қалай қарар екенбіз... Құдайым-ау, кешіре гөрші... қиянат жасадық-ау балаларыңа...

– Ата, басшы аяғыңды созалаңдамай! Бір үй мен мәшін алып берсең болды, қалғанын кейін,  Құлдырбектің қасына барғасын көре жатарсың...

Бақыт Байтыбаева

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292