Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 5423 0 пікір 17 Мамыр, 2016 сағат 18:17

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ. КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ... (Әңгіме)

 

Шалғайдағы ауылда осы ғимараттың төбесінде ғана көк ту желбіреп тұрады. Бояуы күн көзінен өңіп, ақшылтым реңге айнала бастаса да оны ауыстыратын тірі пенденің табылмағаны өкінішті. Жел көтерілсе тербеліп, тымықта әлденеден зәрезап болған баладай салбырай бұйығып қалады. Қыста да, жазда да осылай. Кеңсе алдындағы талдар көктемде жапырақ жайып, күзде жалаңаштанып жатқанда бірқалыпты ырғағын өзгертпейтін бір ғажап дүние.

Бұл – ауыл әкімшілігінің кеңсесі. Кезінде совхоздың ең көрікті ғимараты еді. Аршылған жұмыртқадай әппақ үй келімді-кетімділердің аяқ босатпайтын орны болатын. Бұл күнде елеусіздеу. Сылағы жаңартылмағандықтан сыртқы көрінісі тым қораш. Әгі қашқан тұстар айғызданып, көңіліңе жағымсыз бір әсер қалдырады. Өткен мен бүгінгінің айырмасын санаға тоқпақтап жеткізіп тұрғандай. Анда-санда әлдеқандай шаруамен бара қалсаң қаңыраған ғимараттың шеткергі аядай бір бөлмесінде әкімнің хатшысы отырады стол үстіндегі шашылып жатқан қағаздарын қызықтағандай бей-жай қалыпта, ал әкім жоқ. Жөн сұрасаң еститін жауабың: «ауданға жиналысқа кетті», «шаруа қамымен жүр». Қандай шаруа? Ешкім тап басып айта алмайды. Әйтеуір, таусылмайтын ырғаң, бітпейтін шапқылас.

Қандай күштің түртетіні белгісіз, кейінгі кезде Аршабай осы ғимаратқа жиі соғуды әдетіне айналдырып алды. Алып бара жатқан шаруасы болмаса да ертеңгілік қорадағы малын жайлағаннан кейін ескі тонын жамылып, табандалған пимасын сүйрете осылай қарай тартады дерсің. Жо-жоқ, кеңсеге кіріп, оны-мұныны тықақтай сұрап ешкімді мазаламайды, ағаштары әр-әр тұстан жұлынған ескі шарбақтың дәл кірер ауызына тоқтайды да, ту ілінген маңдайшаға ұзақ қарап тұрады. Содан әріде кеудесін кере, басын кекжите:

«Көк тудың желбірегені -

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп,

шымырлатқаны денені» – деп әндетіп ала жөнеледі. Мұндайда қою, зор дауысы одан әрмен ашыла түскендей сезінеді. Сезінеді де қанаттанып сала береді:

«Көктудың желбірегені -

жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

жан емес,

маған керегі -

Көк тудың желбірегені».

Дәл осы кейпін сырттай бақылаған біреу-міреу жігіт ағасын шалықтаған байғұс деп ойлауы әбден мүмкін. Бірақ, оны елеп жатқан Аршабай жоқ, айтатынын айтады, артынан ішін қыж-қыж қайнатқан әлденендей жалын басылғандай керіге бұрылады да, солбырайған қалпында келген ізімен кері қайтып кете барады. Ендігі кезекте пеш жағу керек. Қара баланың қарын қамын ойлағандықтан, қазан-ошақ түйткілі тосып тұрғанын жадынан шығармағанынан сөйтеді. Қалғанын мектептегі жұмысынан оралғаннан кейін әйелі өзі атқарады. Мұныкі соған дайындық жасау жағын қамту.

Бүгін де негізгі міндетін тәмәмдап, енді үйіне қарай жортақтай бастағанында ойда-жоқта Кемелбек ұшырассын. Бұл кәдімгі бойы бір тұтам, былайғы жұрт мылжыңдығынан кер ауыз деп айдарлап кеткен Кемелбек. Аршабайдан төрт-бес жас үлкендігі болғанымен тұстастай қауқылдасар ел адамы. Уақытында шаруашылықта қоймашы міндетін атқарған, қазір жұмыссыз бейбақ. Қызылшырайлы, толықтау жүзінен жылдың төрт мезгілінде тер үзілмейтін, тілдескенде аражігі ат шаптырым тістерінің арасынан түкірігі шашырап, берекеңді қашыратын жан.

- Әй, естідің бе? Доллар тағы қымбаттап үш жүз алпыс теңгеге жетіпті, - деді ол амандық-саулықтан бұрын сықсима көздерін одан әрмен сығырайта, қолғапсыз қолдарын ысқылай ысылдап.

Аршабай иығын қушитты.

- Оның маған не қатысы бар...

Анау шарт кетті:

- Сен неге олай дейсің? Елге қатысы болғаннан кейін саған да, маған да қатысы болуға тиісті. Түсіндің бе?! Өйткені біз бір республиканың азаматтарымыз. Ендеше илейтініміз бір терінің пұшпағы, жыртатынымыз бір жұрттың намысы! Солай ғой, ә?

Мұның уәжін күтпеді, өз сұрағына өзі жауап қатты:

- Әлбетте солай! Мысалға сен күнде туымызға тағзым етіп кетесің. Мен оны бірталай уақыттан бері байқап жүрмін. Бұл дегенің нағыз елжандылық! Қазақстанның барлық азаматтары дәл сендей болса біздің экономикамыз теңселіп, теңгеміз дәл бұлай құлдырамас еді. Сондықтан мен саған ризалығымды ертеңгілік шәй үстінде қатыныма ылғый айтып отырамын. Мұны біліп жүргейсің.

Аршабай оған ажырая қарады.

- Бұл жерге сенің қатыныңның қатысы қанша, жарқыным-ау?..

- Қатысы бар, - Кемелбек қоқиланып қойды, - Болғанда да керемет! Қатын құлағы қағыс еститін шығар, бірақ естігенін ешқашанда ішінде сары майдай сақтамайды, жұртқа жайып салады. Яғни, сенің елжандылығың қазір бүкіл ауылға мәлім. Бұған кейбір қырттар... анау әлгі, кім деуші еді?.. Ә-ә, оппозициядағылар екен ғой, мұрынын шүйірер, әйткенмен, бәрінің біліп жүргені абзал. Қандай жағдайда да біз, нағыз патриоттар, жүнімізді жықпауға тиістіміз! Солай, шырақ!

Ол ұртына толып қалған сілекейін жұтына сәл іркіліс жасады.

- Ой, бірді айтып, бірге кете беретін далақбайлығымыздан арыла алмай-ақ қойдық-ау, осы біз. Мен сөзімді доллардың өсуінен бастап едім ғой, содан әжептәуір пайда тауып отырмын, - деді ол сонсын қабағын сәл кере, - Есіңде ме, былтыр жазда қызымды ұзатып едім ғой. Құдалар киіттің үстіне қалыңмалы деп бір мың Әмірика ақшасын сыйлаған. Әйел екеуіміз, жарықтық құнының шарықтайтынын қайдан білейік, әлгінің жартысын ұстап қойғанбыз. Енді келіп сол жартымыз қайтадан бүтінделіп отыр. Өзің есептеп көрші, дәл сол кезде долларың жүз сексен теңге болатын. Қазір үш жүз алпыс. Яғни, теңгеге шаққанда ештеңе жоғалтпағанымыз аян. Керемет емес пе, ә!

«Жетіскен екенсің!»

Іші тыз еткенімен Аршабай онысын сыртқа шығара алмады. Ауылдасының өрекпіген көңілін басқысы келмегендіктен тілін тістеп қалды. Тек, бар болғаны, бір орында тыпыршыған Кемелбектің өз кіндігіне жетер-жетпес  иығынан күректей алақанымен қағып, оны қолдағандай ыржиған кейіп танытты.

Кемелбек мәз.

- Нарық заманы есепті талап етеді, - деді сол қалпында мардымсый сөйлеп, - Баяғыда қоймада жүргенде дағды алған әдет қой. Тәубе, қазірде де жарап тұрғаны...

Екеуара әңгіме осымен тәмәмдалғандай. Аршабай кетуге ыңғай танытқанда ауылдасының оқыс шыққан дауысы кідіртті.

- Айтпақшыдай... – төзімді сынағандай біраз кідіріс жасады, - Айтпақшыдай, сенің Есіркептен алар алашағың бар емес пе еді? Қағыс естімесем құлаққа осылай жеткен сияқты-тын...

Аңырды. «Ауылда ауызыңнан шыққан сөз жатпас» деп ойлайтын, сөйтсе шықпағанның өзі бірден-бірге тарап кетеді екен ғой. Бұған не дауа!

Ішін жиып үлгермеді, анау бастырмалата жөнелді:

- Алашағың болса ол пәлені тап қазір үйінен бас. Әйтпесе, Есіркеп жылыстап кетеді. Бір жылыстаса көпке шейін және ұстатпай діңкелетеді. Сондай адам! Ол кеше ғана аудандағы банктен көп ақша алыпты. Сенімді адамнан естідім. Ондай ақшаны өңі түгілі түсінде көрмегенін айтып сілекейі шұбырып отырды. Шытырлаған ылғый бес мың, он мың теңгеліктер дейді. Тіпті, қалтасына сыймайды деген бе, дипломатына қаттапты. Ал, саған керек болса! Жұрт күнделіктісіне зар болып жүргенде ауызының салымы барлар өстеді...

Аршабайдың көзі бағжаң етті.

- Бұл рас хабар ма?!

- Өтірік айтып жын ұрып па! Мен өз құлағыммен естігенімді айттым. Қалғанын өзің біл...

Арғы жағын тыңдауға құлқы соқпады. Ендігі кезекте үй шаруасы, бала-шаға қамы жайына қалып, ауылдың күнгей тұсына жазда ғана бой көтерген зәулім баспанаға қарай теке бұрқылдан таудай болып үйілген қарды кеше тартып бара жатты.

 

***

 

Есіркеп – елдегі фермер. Көптің бірі емес – бірегейі. Техника да сонда, мал да, жер де соның меншігінде. Кезінде, совхоздың бас инженері болып тұрғанында, қамтып қалғаны бар, бұл күнде өсіп кеткен балаларының септігі тиген, әйтеуір, түкірігі жерге түспейді десе асыра айтқандыққа жатпайды. Аудандағыларға сөзі өтпеген кезі жоқ. Ауданы несі, облыста шалқақ. Теледидардан көрген, үлкен бір жиналыста облыс әкімімен президиумда қатар отырған еді. Жай отырмаған. Мені көріңдер дегендей әкіммен кәдімгідей шүйіркелесіп отырған. Ал керек болса!

Аршабай осы Есіркепке жаз бойы жұмыс істеді: үй бетін көрмей шөп шапты, бала-шағадан жырақ егінін орды. Жасынан үйреншікті шаруасы болғаннан кейін ештеңені жатырқамады, не тапсырса соны жапыра атқарды. Басқасы басқа, қар бір қылаң бергенде комбайнын тоқтатпай, ақыры ысырапқа жол бермеді.

Бәрі тәмәмдалып, есеп айырысуға келгенде фермер разылығын жасырмады: «Биылғы ырысым сенің қажыр-қайратыңмен молыққанын мойындаймын. Сол үшін ренжітпеймін, еңбекақыңды еселеп төлейтін боламын. Тек, сәл шыдай тұр. Өнім өтсін, есепшотқа ақша түссін. Келісеміз бе?» - деді сенімді түрде.

Мұндайға қалай келіспесін. Қол алысқанды көңіліне демеу етіп, екі езуді екі құлақтың түбіне қыстыра кете барған. Әйеліне де «Биыл майлыға қарық боламыз!» деп күмпиген. Дегенмен, сөзбұйда ащы ішектей созылып кетті. Жерге қар бекіді, апай-топайын ұйытқытып текебұрқыл да өте шықты. Тіпті ескі жылды есіркей шығарып салғандары жақында. Әл-әзірге қолға тиген «соқыр тиын» жоқ.

Қаражаттан тарықпай отырғандары, әйтеуір әйелі жалақы алады. Бастауыш сынып мұғалімі. Сол сеп. Әйтпесе, көріп жүр, ауылда там-тұмға зарлар қаншама. Айтарға ұят, елде соғым соймайтын шаңырақтар да кездеседі. Ондайлар ананың-мынаның малын сойысып, содан алған «қолкесерлерді» талғажау етуде.

Осындайда теледидарға кіжінетіні бар. Шалғайда көретін бір-екі канал ертеден қара кешке шейін «жақсымыз, кереметпіз» дегеннен аспайды. Керемет болса үкімет екі қолға бір күрек тауып бермей ме?! Кейбіреулер көкігендей қазақ жалқау халық емес, қазақ тау қопарар рух иесі. Тек билік сол рухты табандап баса бермей, керісінше қауыз жаруына ықпал жасаулары керек. Сонда ғана тележәшіктен түспейтін жүнін жұлған тауықтай «сұлулар» айтқан жақсылық халықты жарылқайтын болады.

Аршабай оқыстан селк ете қалды.

Тоқта! Тоқта!! Бәрі осы теледидардан басталған сияқты ма, қалай өзі?! Кезекті бір хабарға әбден қаны қарайғаны есінде. Азуын айға білегендер жұмсақ орындықта ырғалып отырып халық тағдырын сөз еткенде майлы беттері бүлк етпей бар кереметті өздері емес қарапайым халық кешіп жатқандай кергіген. Тіпті, ауылда тұрып, ауылдағылармен дәмдес-тұздас болғандай тілдерінен бал тамған. «Өй, әкелеріңнің!.. – деген сонда бұл талағы тарс айырыла, - Көрер едім сендерді өкпек пен аптаптың азабын бір мезет тартсаңдар!»

Ертеңіне жайшылықта мыйға кіріп шықпайтын әрекетке барды. Шалық шалған адамдай әкімшілік маңдайындағы көк туға телміріп тұрып әнге басты. Сол-ақ екен жаны жайланып, ішін тырмалаған алай-түлей сап басылғандай әсерге бөленді. Қолдан келер бар қайраны осы екенін түсінгенде ол бұл әдетін күнделікті машыққа айналдырып алды. Болған-біткені сол ғана.

«Жоқ! – деді оппы қарды омбылай ентіккен Аршабай кіжіне, - Өлуім бар, мен ешкімге өзімді басындырмаймын! Есемді де жібермек емеспін!»

Ыңылдай бастады:

«Көк тудың желбірегені-

елдіктің асқақ өлеңі,

әр жаққа тартпай, Қазағым,

бір сөзге жинал дегені...»

Иә-иә, тарыдай шашылмай жиналулары керек. Жалғыз шыбықты ересек түгілі бала да шарт еткізіп сындыра салады, ал үлкен буманы сындыру екінің біріне бітпеген күш. Ендеше мына ән дұрысын айтады. Алғаш естіген сәттен бастап жанына жаққаны содан шығар.

Есіркептің үйіне жеткенде терге әбден малшынған. Тонының түймелерін ағытқанда шыңылтыр ауаға денесінен кәдімгідей бу көтерілді. Оны қызықтар уақыт жоқ, пыс-пыс етіп баспананы айналдыра қоршаған биік дуалдың қақпасынан өткенде әупілдеп дәу төбет қарсылады. Бірақ қаппады. Талай рет иісін алған ит екеш ит те бұған жақындай бере қаһарын жиып, құйрығын бұлғаңдата аяғына оратылды. Еркелікке әуес хайуанның еркелетер адамды танығанынан да.

- Жат, Майлыаяқ, жат! – деді мынаған кәдімгідей іші жылып, - Сен түгілі бұл күнде мен де жылуға зәрумін. Олай болса, үйшігіңе бар. Бар да бергенді қанағат тұтып жата қал.

Адамның тілін қайдан түсінсін, төбет қайтадан жанасқанда Аршабай оның мойынынан күректей алақанымен сипалады.

- Бүйтпесең ит болармысың! Бірақ, иттің иттігі бөлек те, адамның иттігі басқа-ау. Бірі тәніңді ғана жарақаттаса, екіншісі жаныңды парша-парша етуден бір танбайды. Сонда қайсысы қауіпті? Әрине, адамның алалығы қасырет. Сақтаса Жаратқан ие екі аяқтының сондай жымысқылығынан сақтасын!

Сөйлей жүріп табалдырықтан аттағанда сенекте әлденелермен алданып жүрген Есіркеппен ұшырасты. Анау жон арқасын бере тұра, мойынын ғана бұра, тосын келушіні жақтырмағандай ожырая қарады.

- Ә-ә, бұл сенбісің? – деді сонсын түсін жылытқансып, - Қыстың көзі қырауда мынауың қандай сандалыс? Жайшылық па, әйтеуір?

Фермердің әй жоқ, шәй жоқ қиястана сөйлеуі шамына тиді.

- Ас-су тінтінбегенім аян, - деді қырыстана, - Ондайға жеткізбеген Құдайға мың шүкіршілік.

Мынаны естігенде Есіркеп кеңк-кеңк күлді.

- Сен де айтасың-ау... Қазір кімге кім тінтінгендей? Алам десең алатының бар, шашам десең шашатының қонған заман. Тек қана ебін тап, еңсеңді жықпа. Солай емес пе?

Ол қолындағы әлденендей затты бұрышта тұрған жәшіктің үстіне қоя беріп кері бұрылды.

- Келгенге кет демеген қазақпыз, құлағым сенде. Тектен-текке жүрмегенің белгілі, айта бер.

Есіркеп тым маңғаз. Тіпті, адам келді-ау, ит келді-ау деп илігетін түр байқататын емес. Әйтеуір, сөйлеу керек болған соң сөйлеп тұрған біреу сияқты.

- Менің неге келгенімді шынымен білмей тұрсың ба? Табан ақы, маңдай тер дегендей... Алашақ барда адам құйрық басып үйінде бей-жай отыра алмайды екен, - деді дауысын сыздықтата шығарып.

Есіркеп ойланғандай иегін жоғарыға көтере, көзімен төбені тіміскілей біраз аялдады.

- Солай екен-ау... – деді әріде ыңырана, - Бірақ... бірақ біз келіскендей едік қой, сен тосасың, мен сосын өтеймін деп. Ендеше тос.

- Сонда қашанға шейін күтпекпін?

- Ол енді менің қолымдағы шаруа емес, есепшоттың есесіне байланысты дүние. Ақша түсіп жатса аласың. Тоқетері осы. Енді жолыңнан қалма.

Фермер «сөз осымен тәмәм» ыңғайын байқата жон арқасын бергенде Аршабайдың қаны басына шапты.

- Әй! – деп ақырып қалды, - Сен не, елдің бәрін ақымақ көремісің?! Кешегі банктен алған қыруар қаржыны қай көтіңе тықпақсың, ә!

Есіркеп селк ете қалды. Селк еткені сол емес пе, оқыстан кідіріп, артынша қайтадан жүз беруге мәжбүр болды.

- Оны қайдан естідің?

- Ел бар, ел болғансын көз бен құлақ жеткілікті, жеткізеді де.

Есіркеп етжеңді денесін ырғай бері жақындады. Көзі қанталап, жүзі сұрлана түйіледі. Дәл мына қалпында мүйізін ырғай, аяғымен топырақ шашқан сүзеген бұқадан ауса-шы.

- Басқалары былай қалып енді менің ақшамды қоритын болғансыңдар ма?! – деп ысылдады ол тақала бере мұның жағасынан шап етіп ұстай алып, - Қорыңдар! Қорып қалыңдар! Әлі итше қыңсылатамын! Түсіндің бе, ерте ме, кеш пе табанымды жалайтын боласыңдар бәрің! Ал, қазір жөніңді тап, шырағым! Әйтпесе!..

Енді Аршабайды ашу қысты.

- Таппасам не, қырамысың?!

- Сүйегіңді жинай алмай қаласың!

- Онда көріп алдым!..

Қандай түленнің түрткенін білмейді, күректей алақанын алқымға апара бере темірдей қысып қалғаны.

Абырой болғанда сенектегі тарсыл-тұрсылға шыққан Есіркептің бәйбішесі арашаға түсіп, екі еркекті айырып алғаны. Әйтпесе Аршабайдың фермерді өлтіріп тастауы да мүмкін еді...

 

***

 

Сол апыр-топырдың арты жақсылыққа жеткізбеді. Үйіне оралып, ұзақты күнге жағылмай жатқан пешке тамыздық салып жатқанында ушаскелік полиция өкілі өзімен бірге жүруге мәжбүрледі. Артынан әкім кеңсесінде түрлі қағаздар толтырылып, Аршабай совхоз кезінде касса қызметіне арналған терезесі темірмен торланған бөлмеге қамалды.

Бірақ мұнда да тыныштық болмады. Алқын-жұлқын әйелі жетті бетінде қан-сөл жоқ.

- Ақшасына қақалып өлгір сол Есіркепте нең бар еді? Қарызы да, басқасы да құрысын, кешірім сұра, - деді ол жалынып.

Қайтпады.

Ушаскелік полиция өкілі де жанашырлығын танытты.

- Елді шулатып қайтесіздер. Кешірім сұрай салыңыз. Сөйтсеңіз кешетін сыңайы бар.

Дәл сол кезде Аршабайдың құлағы шулап қоя берді: «Әлі итше қыңсылатамын! Түсіндің бе, ерте ме, кеш пе табанымды жалайтын боласыңдар бәрің!»

Таңырқады. Мыналар не тантып отыр өзі? Сонда не үшін кешірім сұрамақшы? Табан ақы, маңдай терін талап еткені үшін бе? Бұлардың ойынша әлдебір қыңсылаған төбетке жем болғаны жөн сияқты. Қой, олары бола қоймас. Бүйте қалған күнде ұл тудым деп қалжа жеген шешесі ақ сүтін кешпес, дүниеге ат ұстарым келді деп жар салған әке әруағы атып жіберер.

Басын шайқай отырып әйеліне де, полицейге де өйте алмайтынын ескертті.

Түс ауа аудан орталығына апармаққа сыртқа шығарғанда көк туға көзі түскен Аршабай дүр сілкінді. Бұл қашып кетердей жеңінен ұстаған полицейдің қолын қағып тастап әнге басты:

«Көк тудың желбірегені -

бақыттың елжірегені,

қиырда қалған Қазақтың

Азат отанға жете алмай

көзінің мөлдірегені».

Ән аяқталғанда әлдеқайдан ебіл-дебіл жеткен әкімге бұрылды:

- Әкеңнің көзін көрдік – елгезек еді. Көршісінің басы ауырса балтыры сыздап қоя беретін. Тұқымыңа тартып сен де елгезек боп туған екенсің – өзіңнен үлкеннің қолына су құюға келгенде алдыңа жан салмайсың. Бірақ... Бірақ, елгезек болу бір басқа да, елге қызмет ету екінші басқа, шырағым! Құлың болайын, ана туды бір жаңалашы! Көрген көзден ұят-ты!

Басқадай ләм-мимге келместен дайын тұрған көлікке өз аяғымен барып мінді.

Аз өткенде жеңіл машина тып-тыныш қарлы даланы мотор үніне бөлей аудан орталығына қарай тартып бара жатты.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292