Асқар АЛТАЙ. Перінің демі
(әңгіме)
Арқаның арқар аудырар аязды күні.
Сүйек салынған арнайы мәйіткөлік ағызып келеді. Мәйіт соңынан шұбаған тағы да бес бірдей жеңіл көліктер де ұшырта түседі.
Астанадан Көкшетауға қарай салынған тегіс күре беті ашық. Қаңтардың қырық градусты көрсеткен қабағат суығы даланың ұлан сауырын қырауға бөктіріп тастапты. Жол бойында ұшырасатын орам-орам орман алқаптарының ұшар басына дейін бозқырау шалып, дүниені бозмұнар басыпты.
– Жолды жауып тастағаны жақсы болды, – деді қаладағы бір ауданның әкімі Сырым.
– Бәрі де Арқа аязының арқасы, – деп облыстық мәслихат депутаты Ақмырза да қостап қойды.
Бұл екеуі де осы Сарыарқа өңірінің «сарықұлақ» атанған белді азматтары еді. Сонау дүние дүмбілез тартып, ел естен танған есерсоқ жылдары ерге қонып, қолдағы бұлан биліктің арқасында Астана асқандар... Бүгінде сол сортаң кездің сорпасынан майланған қозы қарындарын сипап, семіз әңгіменің сонысын шегірткедей шалып келеді.
– ... Аяз талайларды тапжылтпай тастаса да, апам аруағын бөгей алмады, – деп Ақмырза сөзін жалғады.
– Иә, марқұм қашан да жолымды ашып отырушы еді... Бүгін де солай болды. Ақырғы сапарында да аруағымен жебеді. – Сырым да тоқмейілсіп сөйледі. – Айтпақшы, ұйқы басқан біздің ауылды көшіретін болды ғой... Не істейміз?
– Қимылдап қалу керек, – деді Ақмырза.
– Кешеден бері апам өлімі килігіп, жоспарды бұзып жіберді ғой... Әйтпесе, Қалаштың картасын алдырып, ауылда не бар, не жоқ, маңайындағы Перінің мекені қандай жағдайда екен, жайылымдық жерлер мен егіндік алқап кімге тиесілі деп, кірісіп жатыр ем, – деп Сырым ашыла берді.
– Бәрін де тезірек анықтау керек, – деп Ақмырза да алқымдай жөнелді. – Құр қол қалып қалмайық. Облыс әкіміне өзім шығам... Одан саспа. Қаражат мәселесін қарастыр.
– Ол да табылатын сияқты. Инвестиция тартамыз. Өткенде қытайлармен кездескем. Олар қанша қаржы керек болса, сонша береміз. Тек өндіріс пен жерге саламыз. «Қаражат бізден, жер сізден» деп отыр. Акцияны елу де елу етейік дейді. «Сендер ақша құймай-ақ қойыңдар, сендердің атыңнан біз құямыз» деп алақандарын ысқылайды.
– Елу емес, елу бір де елу... Елу бір пайыз біздікі десек, заңдылық жағын әкімшілікте шешу де оңай. Қалғанын сосын көрерміз! – деп Ақмырза ақыл қосты. – Дегенмен, Ұлттық қордан көп қаржы бөлініп жатыр.
– Ол да ойда бар. «Даму» қоры ауыл шаруашылығына субсидия жасамақ. Онда көшкен Қалаштың орнына мал бордақылайтын, құс өсіретін ірі комбинат, көл жағасына шошқа өсіретін ферма салу керек, – деп шешілді Сырым да.
– Астанда колбаса, «халал» шұжық жетіспейді ғой. Бұл ойың дұрыс екен, – деп Ақмырза да қопаңдап қалды. – Тіпті қытайлардың керегі де жоқ.
– Жоқ, қытай керек...
– Орысты тартсақ қайтеді? – деп қалды Ақмырза.
– Орысты жолатып керегі жоқ. Олар Перінің мекеніндегі алтын мен уранды алуға ақша салғанымен, бизнесті «Росатомпром»-ға бұрып жібереді. Одан гөрі қытайлар дұрыс.
– Иә-ә! Ойлану керек. Шахтаның жайы қалай екен, жалпы...
– Ойбай-ау, мен өзім бастық болған шахта емес пе? Бәрі дайын. Кезінде уақытша консервировать етіп тастадық қой. Енді, міне, уақыты келіп тұр.
– Әй, орыс жол бермес! Аңдулы елміз ғой, Қытайдың күші келе қояр ма?! – деп Ақмырза күдік алды.
– Келеді. Қазір Ресейді Еуропа мен АҚШ қышқаштай қысып, басымен қайғы... Астана емес, Бежін сұраса – береді. Жемтіктесі емес пе?! Оған шағын ғанша шахта абырой әпермес. Қытайларды да алдап қояр... Бізге де керегі сол, біраз жыл қытайлар арқылы қазып, қызығын көрсек болды ғой.
– Жақсы! Байлық қой... ен байлық.
Ақмырзаның қолтелефоны сылдырлады. Әңгіме үзіліп қалды.
Мәйіт салынған көліктегі имам жігіт екен, қай тұстан бұрылатындарын сұрады. «МАИ бекетінен өткен соң солға...» деп жауап берді Ақмырза.
– Менің мамандығым геолог қой. Шахтада жиырма бір жасымнан еңбек етіп, директорға дейін көтерілдім ғой, – деп Сырым еске алды. – Бұл шахтаның қоры мол... Кемінде отыз жылға жетеді. Қырық жылдық қазынасы бар.
– Аянып қалмайық, – деп Ақмырза да желпініп қойды. – Қытай болсын, сайтан болсын, Перінің мекеніне тарту керек. Тек, тездету керек. Темірді қызған кезде... Байлықты басып қалайық.
Әңгіме сонары суық сорған ұлы далада жалғаса берді.
Ал мәйіт салынған аруақты көлік күре жолдан бұрылып, Қалаш ауылына қарай ақырын жүрді. Жолды қар басып, шұңқыр атаулы толып, тапталып жатса да, шоқалақтаған көлік адым аштырар емес.
– Жол бұзылып-ақ кетіпті.
– Бұзылғаның не, жоқ десеңші, – деп Ақмырза кейіді.
– Шахтаны ашсақ, жолды үкіметтің өзі-ақ жөндер еді.
– Әрине, жол салар жай жоқ. Халық жолға салықты төлеп жатыр ғой, үкімет ақша шығарсын. Қаншама бюджет игерілмей қалып жатыр емес пе?
– Игерілер еді, кейінгі кезде бақылау күшейіп кетті... Игерілмейтін болды. Бәрінің итше тіміскілеп, мамағын жалап, итініп кеп жүргені.
– Басқа шара болмай тұр ғой, обырлар көбейіп кетті, – деді Ақмырза. – Кішкене күт, достым! Біраздан соң бұл науқан да соғып өткен Сарыарқаның желіндей басылады. Ұзаққа бармас ұран ғой... Сонда уысты саламыз!
– Оған дейін ыңыршағымыз шығар...
– Жерді жіліктеп-жіліктеп сатамыз... Заңды қабылдатып жібердік қой! Құдай қайырын берсе, офшор-қалтаға каптап-қаптап басамыз! – деді депутат досы Ақмырза шірене түсіп...
Олар Қалаш ауылына да жақындап еді. Сонда ғана тілдерін тыйды. Көлік жүргізуші жігіт те жеңіл әуен тербеген магнитофонды сөндіріп тастады.
Бұлар түкірік жерге түспес күнде неге келе жатқандары естеріне енді түскендей еңселерін тіктеп, жөнделіп отырды. Сырым жеңіл күрсініп, қапалы күй танытты.
Көз алдында анасының мәйітін арқалаған қара түс көлік ырғалып барады...
* * *
Ай арасы. Өліара өлік үсірдей суық.
Арқаның айсыз аспаны ашық. Көк шаңырақ көмкерген түн түнегі толған жұлдыз. Теріскейден тесірейген Темірқазық та көкше даланың шынар шыршасы ұшына ілініп, суықтан қырғи қанатындай қалтырайды. Жарық жұлдыз болса да жасаурап тұр. Көмескі тартқан Жетіқарақшы түстікке ауыпты. Үркер бұлыңғыр батысқа бет түзепті.
Теріскейді тұтас тұтқан орман қарауытады. Сояу бұтақ қайың мен сидаң терек қара шашын жайған қарағай, самырсынмен ғашықтардай жанаса қалыпты. Қар жамылған, суық сорған кең өлке өлі күй кешіп, жел-құзсыз тыныштықта үнсіз мүлгиді. Ойда жоқта оятар Арқаның ақтүтегі бүгін сабыр сақтапты.
Түстігін шағын көл иектеп, шығысын жартасты жатаған тау иықтаған, теріскейін қалың орман бүркеген ауыл да түн тыныштығында тыпыр етпей жатыр. Сұрапыл суықтан иттер де мал қораға тығылып қалған. «Арызқой ауыл» атана бастаған Қалаштың тымық түнде түтіні ғана түзу ұшады. Сол ғана тіршілік белгісіндей.
Қарауытқан орманның ішіне тай шаптырым ілгерілей түссең, баяғы заманнан бері қазақ «Перінің мекені» атап кеткен алаңқай бар. Қос ат арқандар алаңқайдың жазда шөбі қалың, қыста қары жұқа болып жатады. Жерасты қызуы бар топырақ... Жұрт «перінің демі тиген топырақ» десетін. Пері соғып кетеді деп аулақ жүретін. Бала-шағаны да жуытпайтын.
Сонау орыс келген обыр заманда бірді-екілі ішкіш ивандар жынды суды жұтып алып, осы Перінің мекеніне барып, ауыздары қисайып, қол-аяқтары тартылып, тобанаяқ та болып қалған. Кейбіреуі ауыздарынан ақ көбік жын шашып, көтеріліп кеткен.
Ал әйгілі тың игерілген жылдары Сібір орманынан келген бір әумесер оймақтай жерді жыртып тастаймын деп, өз тракторының астына түсіп өлген. Ал бұған не дерсің? Жұрт «жынның шалығы тиген» деп шуласқан. Кейін ауылдың жанындағы жартасты таудың жеті шақырымдық алыс сілемінен уран мен алтын табылғанда, тағы да балаша шулап мәз болысты. Бірақ уран шахтасы пайда болысымен, перілер де жым болды... Жынойнақ жетім қалды.
Жетім қалған жынойнаққа соңғы жылдары перілер қайтып оралыпты деп тағы жұрт айтып жүр. Екі кештің арасы апақ-сапақта көргендер де бар. Ал кейінгі кезде Қалаш ауылын қалың ұйқы басып, жылқыдай жусап жүргені – сол қайтып оралған перілердің әрекеті... Перінің демі тигені деседі көпшілік. Перілер бұл маңнан пенделерді мүлде үркітіп жібермек көрінеді.
Ауылдан аулақтағы Перінің мекені – перілер жыйналатын жынойнақ алаңы еді...
Бүгінгі қаңтардың өліарасында да жынойнаққа Арқадағы жын-перінің жалдысы келген тұғын. Ол өзі анда-санда бір соғатын. Ал соққан кезде Арқада – адамдар арасында әйтеуір сойқан болатын... Жыны ылығып, перісі былығып жататын жынойнақ жанданып сала берді. Жерасты мекенінен жылы леп боп көтерілген олар өліара түнде ойына келгенін істейтін. Қазір де қаншық итше ілігіп, ұрғашысы мен ұрғашысы жаласып, еркегі мен еркегі жамбастасып, қаңтар суығын да бұйым құрлы көрмей кетті.
Жынойнақта құмарлары біраз тарқаған соң, олар қара түнді жамылып, шахтыға бет қойған. Аузы аңғал-саңғал, үңірейген іші үрей шақырған шахта шеріптерін сұп-суық сәуле боп желпіп өтті. Мұнда ұзақ аялдамады. Ауылға қарай ақ сағым боп жортты.
Құрым киіздей қараңғылық басатын әр айдың өліарасында орманнан көтеріліп шығатын перінің демі ауылға қарай құс қауырсынының лебіндей болып жететін. Бұйығып жатқан ауылға емін-еркін енетін. Үйді-үйге жасқанбастан кіретін. Өліараның өлі күнінде армансыз аралайтын.
Арсыздықпен адам атаулының ыстық қойнын ашып, қасиетті құпиясын шашып, тінткілей тіміскілеп шығатын. Жас арудың қол тимеген қос анарын аймалап, жас жігіттің жанды жерін мытып, кәрі-құртаңның ұйқысын қашырып, атан азаматтың айызын қандыруға түлен боп түртіп оятып, жесір әйел мен нәпсіқұмар қардың жанына жетектеп апарып жатқызатын.
Ал сәбидің жүзінен балғын нұрын ұрлап, ұлпа демін ашқарақтана жұтатын. Абиұрын аштырмаспын дейтін жырынды жалпақ жұртты жымысқыланып жеткен пері жалдысы үн-түнсіз қорлауға көшетін. Оған не істей аласың? Теріскейден түре тиген ала көзді, ақ шашты пері ғой... Пернелеп басып алатын.
Пері жыландай жылжып мәйіт жатқан үйге де жетті...
Аруақтың ақырғы қонақасы беріліп, жұрт ет артынан шәй ішіп, жүректері майланып, көңілдері жайланып отыр еді. Ел тарқап, мәйіт күзетіне ананың әкім ұлы Сырым мен депутат досы Ақмырза және біраз ақсақал- қарасақал, орда бұзар жастағы жастар қалған. Олар өзара әңгімелесіп отырған. Араларына перінің сыбдырсыз кіргенін, құлағын тіге тыңшыдай әңгіме тыңдағанын ешкім де сезген жоқ.
– ... Бұл күнде адам бұзылды ғой, – деді қарасақалдың бірі.
– Байы бар әйел бөгде еркек аңсап, байсырайтынды шығарды, ойы бар азамат сасық байлық аңсап, ойсырайтынды шығарды... Емі жоқ, – деп тағы біреу күңк етті.
Сырым мен Ақмырза үнсіз қалуды жөн санады.
– Байлық қусаң, жын-перімен сыбайлас боласың, – деді Сырымның алыс ағайыны болып келетін Ожаубай ақсақал. – Елге пайдасы тиетін байлық болса, онда Алла тағала алқайды, мал мен жанды молынан беріп жарылқайды... Тек, барлықтың буына семірмеу керек. Адам бір қонақ қой жер бетіне келіп кетер.
– Мына Сырымның анасы, марқұм Қапура, қандай адам еді?! Жастай жесір қалса да, жеті баласын аузымен жем тасыған құстай шырылдап жүріп жеткізді ғой, – деді ұзақ жыл ұстаз болған Мұқан мұғалім. - Көзіміз көрді. Балаларын адалдыққа тәрбиелеп, бәрі де жоғары білім алуын талап етті. Содан жаман болған жоқ. Басы – Сырым – әкім, қалғандары да қызметте... Көптіктің зияны жоқ, қазақ білген ғой. Міне, шулап-шұрқырап келіп, жоқтауын асырып, анасын ақтық сапарға шығарып салып жатыр.
– Иә, – деді қарасақалдың бірі, – Қапура апай жақсы адам еді!.. Жаны жәннатта болсын! Бұл кісі үш қыз тәрбиелеген жан ғой, жәннаттың есігі ашық.
– Жәннат әркімге бұйыра бермес. Осындай аналар ғана барар.
– О не дегенің? – деп қалды жантайып жатқандардың бірі. – «Үмітсіз – шайтан» деген, еркек те енер... Әйтпесе жәннатта өңшең жесір жынданып кетер.
– Қойыңыздар, ағалар! – деп жас келген имам жігіт араласты. – Мәкүрік сөз айтпаңыздар, сүйекке ауыр болады...
Сонда ғана Сырым елең ете қалды. Ақмырза досы әңгіме ауанын аудару үшін:
– Ағалар, – деді, – неге «арызқой ауыл» атанып жүрсіздер?
– Арыз жазғаннан басқа амал қалмады ғой, – деді баяғы қарасақал. – «Перінің мекені» деп ешкім жоламайтын болды. Әкімқаралар да ұмытып кетті. Астанадағы төрелерге арызданбасақ, құлақтарына ілмейді. Қайта, журналистерге рахмет! Солар ғой әлемге улатып-шулатып жариялаған... Ұйқы басқан ел жата берер ме едік, қайтер едік? Сен екеуің секілді осы елден, ауылдан шыққан азаматтар ауыздарыңды ашпайсыңдар. Бір уақ су ішкен мекендеріңді де еске алып жүрсеңдерші!.. Перінің шалығы тиген жұрт деп, мүлде ат ізін салмай кетпей. Біз ұйқылы-ояу болсақ та, әзірге тіріміз.
Таусыла, тисе сөйлеген қарасақал азаматқа Сырым да, Ақмырза да жақ аша алмады.
– Қалаштың атын өзгерту керек, – деді бір жастау жігіт.
– Қатыны кетіп, қалашы қалған, еркегі ауып, есері қашқан ауыл ғой, – деді тағы бір қужақ. – Қатынын албасты марту басқан, еркегін жынды пері соққан. Уақ-суақта ұйқы басқан ауылмыз.
– Улы ұйқы десеңші, – деп ауыл әкімі де араласып қалды. Перінің демі тиді ғой бізге... Жын жайлады деп жүр ғой.
– Қайдағы жоқты айтып, жамандық шақырмаңдар, – деп, Ожаубай ақсақал тоқтау салды.
– Ауылды аластау керек,- деді баяғы қарасақал. – Жын-пері жайлаған жерді бақсы шақырып аластаған. Қазірдің өзінде ұйқы дертімен ауырғандар елу адамнан асып кетті... Көшсін депті, қайда барамыз? Кім бізді құшақ жайып, қарсы алғалы тұр? Қараорман үй-жайымызды қайтеміз? Көшу – айтуға оңай сөз. Ал ұйқы – тілсіз дұшпан.
Әңгімемен ырғасып отырғандардың арасына сыналай еніп, сөздеріне құлақ түріп, жүздеріне жымия қарап, перінің жалдысы мырс-мырс күлді... Пенделердің перілігіне күлді. «Таң ұзақ. Бұларды да ұйқы қысар. Сол кезде әуселесін көрермін» деп жымиып қойды.
Ал мәйітті көрші бөлмеге қойып, терезесін салқындап тұрсын деп аздап ашып, басына шырақ жаққызған әңгіме соққыштар ауыздарын жияр емес. Араларында перінің жалдысы отырғанынан да хабарсыз. «Өңшең сезімсіз» деп пері де сескенер емес. Үйде мұны сезіп қалар мысық та жоқ екен.
Әңгіме қызған сайын, дауыстар да жарқын шыға бастады. Олар тіпті аруақты да ұмытып кеткен сыңайлы.
Қарасақалдың бірі:
– Алтайдың ар жағында хақас, төбе деген жұрттар бар екен. Баяғыда барғанбыз... Орманды, таулы ел екен. Солардың ішінде бақсылар бар екен. Бақсылары күшті. Жаңбыр жаудырып, сел ағызатын көрінеді, – деді.
– Оны несін айтып отырсың?
– Бақсылар ғой сайтан-сапалақты су жорғадай жорғалататын, – деп қалды бір жас жігіт. – Перінің тілін біледі...
– Дұрыс айтасың, – деді қарасақал. – «Қатын-Қалаш» ауылын отпен, сумен, керек десең – ай, күн сәулесімен аластату керек. Албасты басып, ұйқы қысқан ауылды сөйтіп қана тазарта аласыңдар. Әйтпесе марту басқан әйелдей аурудан арылмайды, дерттен айықпайды. Ауылдан ауып кеткен, ақшаның соңынан қуып кеткен азамат атаулыны аңғал ел-жұртына, жетім қалған жеріне қайтару керек. Олардың қатып қалған қасқыр мойнын қызыл шумен ауырған елге бұрғызу үшін, бөрінің көкшулан жалымен басынан бақайына дейін ұшықтатып, аластатып алу қажет.
Әлде кімдер мырс-мырс, шиқ-шиқ күлді. Перінің жалдысы бірақ тіксініп қалды...
– Күліңдер. Күліңдер... Сендерді пері соғып, саналарың сандалып, сансырап қалғансыңдар, – деп қарасақал қызбаланды. – Мені қайдан түсінесіңдер? Түйтік жоқ. Түйтіксіздер!.. Түсінуден кетіп барасыңдар. Иә, ұйқыда... улы ұйқыда ұйқысырап жатырсыңдар. Ұйықтай беріңдер. Перілерге де сендердің самарқаулықтарың керек. Өңшең исалмас...Қамшы керек сендерге. Қамшы... Баяғы қамшыгер бабаларымыз атан өгізді маңдайынан бір-ақ тартып, миын аузына түсіретін он сегіз өрім дырау. Қызыл қандарыңды ағызып қамшыласа ғана бойларың жазылар, ойларың оянар.
Қыстығып жүрген қарасақал зар-запыранын ақтарып салды.
Үй іші сілтідей тынды. Үнсіздікті әлгі бір жас жігіт бұзды.
– Аға, ақиқатын айттыңыз. Рахмет! – деді.
Жұрт жым-жырт қалпы. Жаназа шығарып жатқандай тына қалды.
– Перілер алтын бар жерге ұя салады деген рас. Перінің мекені атанған бұл өңірден де алтын аралас қуатты руда шықты ғой, – деп Ақмырза әңгімеге тұтқиылдан араласты.
– Соның арқасында әкім мен депутаттар да шығып жатыр ғой, – деп әлгі жас жігіт шымшып алды. – Анау ауыл азып, ел тозған жылдары алтын мен уранды, қызыл сынапты Қытай мен Қырымға оңды-солды сатып, биікке көтерілді ғой біраз азаматтар... Енді елге де пайдасы тиер. Ауылды аудан орталығына қарай көшіреді дейді ғой. Көп қаражат бөлініпті.
– «Құлға аспаннан киіз жауса да, ұлтарақ бұйырмайды» деген емес пе, пендеге емес, перілерге бөлініп кетер. Айыл-жүгенімізді ұстап, тағы қала беретін біз боламыз.
– Ай, тап осы жолы, бар ғой... қолдарында өлем! – деп есік жақта отырғандардың бірі қырылдай сөйледі.
– Арқаға перінің демі Кенесары хан заманынан бастап соқты ғой, – деп, Мұқан мұғалім әңгіме төркінін ушықтырғысы келмей, тарихқа сілтей салуға тырысты.
– Перінің белгісі ме, кері кеткеннің киесі ме, киігің қырылып, сүйегің үйіліп жатқаны...
Отырғандардың тағы бірі қоламтаны қозғап қойды.
– Әй, қозған*, сен от көсемей отыр, – деп жас жігіттер бірін-бірі қағытып қалды.
– Қайдан білейін, – деп әлгі қозған жігіт те өп-өтірік мүләйімсіді. – Кеңес заманында перілер келімсектен үріксе, еркіндік заманда қазақ періден үркетінді шығарды.
– Үрікпегенде қайтсін?! Перінің демі ме, пенденің демі ме – білмейміз... Шетімізден баудай түсудеміз.
– Ес жия алмай қалдық қой...
– Есіңді жиғызбайды олар. Орыс қой перінің ойнағына от тастаған... Ақыры айланба қойдай қазақты мәнжубас қылды.
– Бізге кімнің демі тисе де, оңдырмай тиген...
– Кімнің демі деп қайтеміз. Қазақ қойдан жуас... Мәнжубас ел жылқыдай жусап, қойдай өреді емес пе?! Кім айтса, соған иіледі. Орыстың орманына қарап ұлимыз, қытайдың қорғанына қарап саримыз... Қамсызбыз. Жансызбыз. Жансыз емей немене, түп көтеріле алмай отыр. Дерті дауасыз, демігіп жатыр.
– Екі өкпесі өшкен, – деп қозған жігіт қоздырып қойды. – Орыс қамытын қайта киіп алдық қой... Енді тырп еткізбес.
– Әй, жастар! Сабыр! Сабыр, – деп Ожаубай ақсақал сабырға шақырды.
Оны бірақ шақарланып алған жас жігіт:
– Түп көтерілуге шамасы бар ма қазақтың? Оған да орасан қаржы керек. Қаржысыз кім шығады? Кім қайда барып ұрынады? Арқада арам өлер.
– Ұйқы басқан миын айтам да... Атала болып кеткен.
– Қайда барып сенделмек? Атамекені мен атабейіті жібермейді ғой... Аруақ жібермейді. Ескі үрей етегінен тартады. Отарлық өмір өтіп кеткен сүйегіне... Ауыл ауса, құт-береке ауатын сияқты көрінеді.
– Несін айтасың? Санасын сарысу басып, кірпігін қорғасын байлаған. Дүние қараңғы... Бары – кердең, жоғы – зердең...
– Жә, жігіттер! – деп имам жігіт жастар сөзін бөлді. – Жақсы сөз айтайық. Зердең деген дерт... Ауру аты. Мына пендеуи әңгіме ұзақ қой, мен біраз имани әңгіме қозғайын. Уағыз – жанның азығы... тәннің қазығы...
Имам уағызына айта бастағанда кейбіреулер орындарынан көтеріліп, тысқа шығып келуге беттеді. Олардың алдында перінің жалдысы да сусып бара жатты.
Бұл жолы перінің жалдысы ешкімнің жүзіне үрлемеді. Ал улы демін үрлесе, біреуі мұрттай ұшып ауыратын, біреуі құстай ұшып құтыратын. Әрі-беріден соң доңыз ұйқыға бас қоятын.
Перінің жалдысы жылдам жылыстап кетті.
* * *
Таң сібірлей, Арқаның ақтүтегі көтерілді.
Қапура кемпірдің мәйітін ауыл іргесіндегі бейітке жұрт қолмен көтеріп барды. Зират басында ұлыған боран күшейе түсті.
Қабір басына жиналған көпшілік асығыс қимылдады. Сырымның көзінен жас шықпай қойды. Жеңілдеу киінген Ақмырза желді аяздан ұшып кетті. Оған ілесіп жүрген көмекші мен шофер жігіт құрақ ұшып, қарадай бәйек болды.
Алды-артты ораған ақ боранмен алысып, ер-азамат дірдек қақты. Мәйітті мәңгілік мекеніне шығарып салуға дірдеңдеген елмен перінің жалдысы да жетіп еді. Ол да бүрсең қақты.
Құран оқылысымен бәрі де омбылап кері қайтты. Ауылға алдымен жеткен Ақмырза мен пері болды. Сырым көппен оралды.
Ақтүтек боран қасқыр қаһарына мініп алды...
Қалаш ауылы ақтүтектің астында қалды. Ауылдан шығар жол жабылып қалғанын аруақ құрметтеп келгендер де түсінді.
Енді асығыс жоқ қой деп, қазаға жиналған жұрт асқа асықпай отырды. Ас алдынан имам аруаққа құран бағыштап, Ожаубай ақсақал бата берді. Ел енді бесті жылқының жылы-жұмсағына бес саусақты батыра бергенде, төр жақтан дүрліккен дауыс шықты.
– Ойпырмай! Енді қайттік?!
– Су әкеліңдер, су... Су, шашыңдар.
– Ойбай, су жолатпа! Өткенде су шашамыз, су береміз деп жүріп, айырылып қалғанбыз...
– Дәрі бар ма? Дәрі керек.
– Дәрігер шақырыңдар.
– Қайдағы дәрігер? Аурухананы жауып тастаған.
– Соңғы медбике былтыр көшіп кеткен.
– Енді не қылдық? Телефон да ұстамай жатыр.
– Жел тұрса, байланыс жоқ қой.
– Құрып қалсын, құрып қалғыр!..
... Бәріне кінәлі – перінің жалдысы еді. Жалдының үрген демі.
Перінің жалдысы жұрт жапатармағай ағаш астауға қол салғанда, сылқым Сырым мен сәнқой Ақмырзаға қарсы отырып, екеуінің аяздан қызарып, майдан жылтыраған беттеріне мап-майда демін үрген. Бес минөтке де жетпей, екеуі де дастарқанға маңдайын тіреп, әп-сәтте ұйықтап кеткен. Түнімен мәйіт күзетінде болып, кірпіктері қамаспаған олар ұлы қорылға ден қойған еді.
Шу төркіні перінің тиген демінен екенін бірақ ешкім сезген жоқ. Ас үсті қарбалас әрекетке түсті. Адамдар атқамінер азаматтардың аяқасты ұйқыға кетуін әрнеге жорып, тіпті бір-бірінен де көрген.
– Түнімен көз шырымын алмағандары да рас.
– Жол да соғып тастады ғой.
– Күн де суық... Аяз да сорып тастады.
– Түнде мәйіткүзетке отырғызбау керек еді... Оларсыз да адамдар жеткілікті.
– Осы аруақ күзетудің қажеті қанша? Исламда жоқ.
– Тәйт, әрі! Тыныш жүр. Сен қайдан білесің?
Ас жайына қалды. Дүрліккен топ ұйқы басқан екеуді үйге алып жүрді. «Қатымхана» ішінде қалған елге имам мен Ожаубай ақсақал басу айтып, зорға тыныштандырды.
Далада дүлей боран қар суырып, жыланша ысқырынып тұр. Әкім мен депутат жігітті нөкерлері мен екеуінің бизнестерін дөңгелетіп беріп жүрген жалдамалы, жалған кәсіпкерлері жылы үйге жеткізді. Үш қарындасы мен бауырлары, бала-шаға, туыстары да ботадай боздап еріп жүр.
Екеуін жылы үйге жайғастырып жатқызған соң, жылау-сықтау да басылып, ел естерін жиғандай болды. Бір топ адам бөлінісіп, біразы асқа қайта кетті. Туыстары мен жақын жолдастары деген төрт-бес жігіт қана ұйқы қысқан екеудің жанында қалды.
Сырым мен Ақмырза қайтыс болған Қапура кемпірдің соңынан аттанатындай, доңыз қорылға басыпты... Дүрліккен дүние бақайларына кіріп-шығар емес. Бейхабар күйде домбыққан беттері балбырап, жас сәбидей жүздерінде нұр ойнап, алаңсыз албырап жатыр.
Әлгінде ғана абыр-сабыр болған туыстар мен ұйқыдағы атқамінер азаматтардың жақын жігіттері үйдегі табақтан ас алысып, жүрек жалғасты. Ас үстінде бәрі де үнсіз болысты. Дастарқаннан дәм жиналысымен, әңгіме не істеймізге көшті.
– Тезірек қалаға жеткізу керек, – десіп туыстары бір пәтуға келді.
– Боран. Жол жабық. Жете алмаймыз ғой, – десті жолдастары.
Бірі қайтсек те жеткізуіміз керек десе, енді бірі күтейік десіп, жақын жолдастарының өзі екіге жарылды...
Ақыры ерте күнді кеш қылмай, алдыға шынжыр табан тракторды салып, үш «джип» көлігімен жолға шығуға бел байласты. Ақмырза мен Сырымды бір көлікке жатқызып, өзгелер қос көлікке туыстармен қоса бөлінісіп отыруға көшті.
Ас тарқағанша аттанысып та кетті...
Ауылдан шыға ат құлағы көрінбес боран жолаушыларды күтіп алды. Олар да қара жолдың сорабын бағдарлай, қарайған трактор сұлбасын аңғарлай алға жылжыды. Қыр жолын қар алмайды деген оймен, көлді айнала қырға қарай бет қойды.
Трактордың соңынан алғашқы боп келе жатқан көліктің иесі жүргізушісіне қарап:
– Осы бойы екеуі де ұйқыдан оянбай қалса екен... Сеспей қатса екен! – деді. – Анау байлық өзімізге қалар еді... Акция менің атымда ғой. Оу, Алла, осы тілеуімді бере гөр! Аумин! Аумин! Аумин!
Үш қайтара бетін сыйпады...
Жүргізуші бір туған бауыры еді.
– Аға, ақырын сөйлеңіз. Ұйқыдағы адам сыбырды естиді дейді...
– Е, қойшы! Сен де сақсына береді екенсің. Одан да мына имансыздар иманын үйірместен өлі ұйқыдан оянбай қалсын деп тіле... Жассың ғой, бауырым, бас пайданы ойлай біл. Өмір мен өлім – егіз. Жан мен тән қалауы үшін кез келген пенденің жаназасын жол үстінде шығара салсаң да сауап... Сен қорқақтағанды қой. Өзіміз сендей кезімізде талайдың кеудесін басып, рэкет те болғанбыз.
– Асылық айтпаңыз, аға! Мына ақтүтекте адасып кетіп, қатып қалмайық...
– Тек! Құдай бар, ол менің жағымда... Қашанғы оларға үйіп-төгіп бере береді. Ендігі кезек – біздікі... Тарт алға! Тарт түтекке! Не күтсе де көріп алдық? Мына ұлы боранда бұлардың да жаназасы жақын... Тарт, бауырым! Тәңірім тарылмасын, тағдырым жаңылмасын... Аумин! Доңызға доңыз ұйқы, қоңызға қоңыз ұйқы тап болсын... Ажал аузын даланың көкжалындай ақыра салсын бұларға! – деп тіледі тірі өлік денелерді тиеген көлік иесі.
Қоянқұлақтай қайшылап соққан ақтүтекке олар қойып кетті. Албасты ұйқы естерінен тандырған азаматтардың тірі өлік тәні түтекте тербеліп барады.
abai.kz
* Қозған – арғын руының бір тармағы.