АҚШ Ресейдің Сириядағы әскери күштерінің күшейтілгеніне алаңдайды
АҚШ Ресейдің Сирияға қосымша әскери техника жолдағаны туралы ақпаратқа алаңдайды. Бұл туралы АҚШ президенті Барак Обаманың қатысуымен Эр-Риядта өтіп жатқан Парсы шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастығы Кеңесінің саммитінде АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бен Родс мәлім етті.
Reuters Родстың Сирияға қосымша техника немесе ресейлік әскерилерді жіберудің Ресей үшін жағымсыз салдарлары болуы мүмкін екенін айтқанын жариялады. "Біз ең дұрысы – бар күшімізді дипломатиялық үрдісті қолдауға жұмсау деп санаймыз", – деді ол.
Эр-Риядтағы кездесуге жиналғандар қауіпсіздік мәселелерін, радикалды лаңкестермен бірлесіп күресуді, АҚШ пен өңірдегі бірқатар елдің арасындағы шиеленісті бәсеңдету мүмкіндіктерін талқылауда. Обамамен бірге саммитке АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер, мемлекеттік хатшы Джон Керри Және ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Сюзан Райс ұшып келді.
Саммит қарсаңында Барак Обаманы Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдель Азиз Аль Сауд қабылдады. АҚШ президенті кездесу барысында "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобымен күресті күшейту қажеттігін мәлімдеді.
Парсы шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастығы Кеңесіне Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар және Оман кіреді.
Абай-ақпарат