«КАРАВАН» ГАЗЕТІ МИНИСТР ДҮЙСЕНОВАҒА НЕГЕ ШҮЙЛІКТІ?
Өткен аптада республикалық «Караван» басылымында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарайтын «Денсаулық сақтауды дамыту орталығы» шаруалық жүргізу құқындағы мемлекеттік мекемесіне қатысты мақала жариялаған болатын. Басылым тілшісі осы мекеме былтыр ақпараттық қолдау саласына қатысты жүргізген бір тендерді тілге тиек ете отырып, мақала соңында министрліктің қаржы игеру саласындағы бүкіл жұмысының заңдылығына шүбә келтіріпті.
Соңында «Құрметті Тамара Қасымқызы! Сіздің құзырыңыздағы министрліктегі тендерлердің бәрі осындай сарында жүргізілмейді деген үміттеміз! Өзіңізден тікелей жауап күтеміз!» деген сауал жолдапты. «Ел өміріндегі аса маңызды екі сала – денсаулық сақтау мен әлеуметтік дамуды қамтитын, қарамағында 50-ден аса мекеме бар, бірнеше мың адам еңбек етіп отырған білдей құрылым жұмысына шүбә келтірген бұл не тендер?» деген сауал көкейімізді тесіп, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Мәселенің мән-жайын мекеменің баспасөз қызметінің жетекшісі, белгілі журналист Бибіхадиша Әлімқызы Сержанова түсіндіруге келісті.
- Бибіхадиша Әлімқызы, қай министрліктің, қай мекеменің де жұмысында кемшіліксіз болмайды. Дегенмен, әдетте басшылық мұндай сын айтылғанда бірінші кезекте баспасөз қызметін кінәлайтыны құпия емес. Бұл жағдайды жетекшілеріңіз қалай қабылдады?
- Бұл пікіріңізбен дәл қазіргі жағдайда келісе алмаймын. Әрбір сынның объективті немесе субъективті себептері болады. Басшылардың да басы бар, мұны түсінеді. Шын мәнісінде, мемлекеттік сатып алу саласында түрлі заң бұзушылықтар кездесіп жататыны ешкімге де құпия емес. Жемқорылқпен күрестің нәтижелерін халық күнделікті ақпарат құралдарынан көріп-біліп отыр. Сондықтан журналистердің бұл тақырыпқа деген ерекше назары тек құптарлық. Алайда, басылымдағы мақалаға арқау болған нақты жағдайға келсек, тиісті құзырлы органдар тарапынан тиісті құқықтық бағасын алып, заңды деп танылған жағдайды тілге тиек ете отырып, автордың ешбір дәлелсіз, тек өз күмәндарына сүйене отырып, оқырмандарды қаншама мың халық қызмет ететін, еліміздегі денсаулық сақтау мен әлеуметтік дамуы үшін жауапты министрлік қызметкерлерінің еңбегіне, оның басшысының кәсіби беделіне кілтипан келтіретін дүлдәмал ойларға жетелуі, әрине, өкінішті.
- Мақаладан түсінгеніміз, автордың бұл дүлдәмал ойларына былтырғы жылы сіздің орталық пен оған ақпараттық қызмет көрсеткен мердігер арасындағы сот дауы себеп болған екен. Бұған байланысты не айтасыз?
- Біздің мекеменің аты айтып тұрғандай, орталық өз бетінше шаруашылық жүргізетін заңды тұлға және де басқа да заңды тұлғалармен арадағы құқықтық мәселелерді, келіспеушіліктерді өз бетінше шешеді. Оған министрлік тікелей араласпайды. Әлбетте, біздің мекеменің министрлік алдында мемлекеттік тапсырма аясында белгілі бір міндеттемелері бар. Біз оларды тиісті деңгейде орындап келеміз. Ал заңды тұлғалaр арасындағы келіспеушіліктерді шешу үшін сотқа жүгіну – кез-келген зайырлы мемлекет үшін қалыпты жағдай. Күн сайын экономикалық, азаматтық соттарда мұндай жүздеген істер қаралады. Ал бір ғана жағдайды жұлып алып, шектен шыққандық етіп көрсеткенде басылымның не көздегенін өздерінің іші білер.
- Сотқа түсірілген шағымға сүйенсек, орталықтың мердігер орындаған жұмыстың сапасына көңілі толмаған екен. Бұл дау кімнің пайдасына шешілді? Басылымның конкурстың әділ өткізілгеніне күмән келтіруіне не себеп?
- Шын мәнісінде, басылымның конкурстың заңды өткізілгеніне күмәндәнуына ешбір негіз жоқ. Оның заңдылығын, қателеспесем, қазан айында Қаржы бақылау комитеті жан-жақты тексеріп, тапсырыс беруші тарапынан да, мердігер тарапынан да ешбір заңсыздық жоқ деген шешімін шығарған. Ал жұмыс сапасы – бұл бөлек мәселе. Ақпараттық қызмет дегеніміз – бұл бейнероликтер, мақалалар, жаңалықтардан көрсетілетін сюжеттер, яғни материалдық емес, инетелектуалдық саладағы қызмет түрлері. Яғни, талғам мәселесі бар. Мысалы, тапсырыс берушіге мақаланың стилистикасы, немесе жарнамада ойнауға таңдалып алынған актер ұнамауы мүмкін. Сондықтан, PR cаласында мұндай түйіткілдердің туындауы заңды, тіпті қалыпты құбылыс. Ал бірақ 2015 жылдың 14 желтоқсанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты дауды мердігердің пайдасына шешті. Бұл шешімді Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сотының сот коллегиясы бұл шешімді өз күшінде қалдырды. Автор өз мақаласында бұны өзі де жазып отыр.
- Сонда сіздер басылымға бұл мәселелерді дұрыстап түсіндірмедіңіздер ме?
- Біздің орталық белді халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп отырған мекеме. Сондықтан, дамыған мемлекеттердің талабына сай траспаренттік қағидатын ұстанамыз. Әрі өз басым журналистика саласында көптеген жыл еңбек еткендіктен, әрдайым әріптестерімнің жұмысына түсіністікпен қарап, барынша жедел түрде ақпарат беріп отыруға тырысамын. Басылымнан сауал түскенде бұл мәселені бүге-шүгеcіне дейін түсіндіріп, қолдарына бүкіл құжаттарды тапсырдық. Алайда, мақаланы жазғанда, біздің келтірген дәйектеріміз мүлде ескерусіз қалған. Тіпті тиісті құзырлы органдардың, соттың шешімін есепке алмай, автор тек өз пайымына сүйеніп, біздің жауабымызды «ізін жасыру, ойнақшыту, құйтыртқыға салу, мемлекеттік сатып алудан «шарик-малик» жасау, бұтына жіберген баладай кібіртіктеу» (мақалада келтірілген сөздердің аудармасы) деп бағалаған.
- Сонда оның көздегені не?
- Ол жағын өзі білер. Бірақ, әу баста мақалада жазылғандай "түсініксіз жағдайда" тендерге жіберілмей қалған 8 компания шынында өздерінің әділетсіздікке ұшырағанын білген болса, олар сол кезде-ақ тиісті орындарға шағымын түсіріп, заңға жүгіне отырып, құқықтарын қорғауға мүмкіндігі болды ғой. Бірақ, олардың тарапынан орталыққа да, басқа органдарға да шағым түспеген.
Сондықтан дәл қазіргі жағдайда журналистің позициясын біз құзырлы орган Қаржы бақылау комитетінің, Соттың, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң шығарушы органдар қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойған заңдарды мойындамау деп санаймын. Әрине, көптеген заңдар жетілдіруді қажет етеді. Егер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдар, құқықтық-нормативтік актілер журналистің көңілінен шықпаса, тендерлік шараларға қатысушылардың көңілінен шықпаса, мәселе басқаша қойылуы керек. Бұл тақырыпқа пікірталас ұйымдастырып, оларды қалай жетілдіру қажет екені туралы қоғамдық пікір тудыру керек. Бірақ дәл бұл мақалада біз ондай ниет көріп тұрған жоқпыз.
Сондықтан да, тиісті дәлел-дәйексіз жоғарыдағыдай жағымсыз сипаттағы сөздерді қоладана отырып, заңның байыбына бара бермейтін оқырмандарды теріс пайымға итермелемеп, еліміздегі бір емес, екі күрделі саланы басқарып отырған министрдің кәсіби беделіне көлеңке түсіруі журналистік этикаға сай деп санамаймын. Жалпы, лауазымды тұлғаға қатысты болсын, қарапайым азаматқа қатысты болсын, қандай да бір әңгіме айтқанда тілімізге абай болғанымыз дұрыс болар.
- Соттасудан ойларыңыз жоқ па?
- Өз басым журналистердің соңынан шам алып түсу деген нәрсеге қарсымын. Әркім өз кәсіби білігінің жеткенінше жұмысын атқарады. Орталық алдында денсаулық саласын дамытуға қатысты үлкен мақсат-міндеттер тұр. Сөз қуып жүруге мекеме басшыларының да уақыты да, ниеті де жоқ деп ойлаймын. Бірақ, бей-берекет айтылған сөзге жауап беру – менің міндетім. Әркім өз пайымын жасай жатар. Ал, аталмыш мақалаға заң тұрғысынан түсініктемені қосымша беріп отырмыз (мына сілтемені басыңыз). Заңнан түсінігі бар әріптестер тиісті пайымын жасап, сұрақтар туындаса, хабарласуына болады.
- Әңгімеңізге рахмет, істеріңізге сәттілік тілеймін.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz