МЕДИАФОРУМ КІМГЕ КЕРЕК? НЕГЕ КЕРЕК?
Медиафорум осымен он төртінші рет өткелі отыр. 2002 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан форум не берді? Міне, деп көрсететін нақты нәтижесі бар ма? Бұл жиын отандық БАҚ-тың дамуына қандай да бір ықпал етті? Бұл сұрақтарға тұшымды жауап табу әзірге қиын. Сонда дейміз-ау, қаншама қаржы шығындап, жыл сайын форум ұйымдастырудағы мақсат не? Бұл сұраққа да жауап беру қиын. Жауабын бір білсе, он төрт жыл қатарынан форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы болып келе жатқан саясат ғылымының докторы, вице-министр Дариға Назарбаева біледі. Алайда, форум ресми тілде өтіп келе жатқандықтан, қазақша сұрақтарға жауап болмайтынын ішіміз сезеді. Мемлекеттік тіл демекші, Қазақстанда он төрт жыл қатарынан өтіп келе жатқан форумның ресми веб-сайтында қазақ тілі мүлдем жоқ. Мемлекеттік тілді менсінбейтін форум басқа елде өтсе де болғандай екен. Тілін айттық. Енді форумда қозғалатын тақырыптарға келейік. Биылғы жиын алты негізгі тақырып аясында өтетін көрінеді. Форум сайтында қазақ тілі жоқ болғандықтан, орыс тіліндегі нұсқасын алып, беріп отырмыз.
- Настоящее и будущее мировой экономики. За кем лидерство? Глобальный кризис. Мир без нефти – мир без войны?
- Арабский мир. Трансформация или война интересов? Каковы геополитические последствия процесса преобразований в регионе?
- Новый имидж нефтяных стран. Как повысить эффективность бренда в новых реалиях?
- Борьба за умы и сердца. Особенности информационных войн XXI века. Роль СМИ в установлении мира и разжигании конфликтов
- Будущее европейского союза. Куда уходит конкурентоспособность Европы?
- Бизнес и политика в массовой культуре. «Фабрика ЗВЕЗД»
Ал, енді айтыңызшы, экономикалық дағдарыс жайлап, қиын кезеңде тұрған Қазақстан үшін осы тақырыптарды 50 елден 400 жуық делегат шақырып, екі күн бойы талқылайтындай қаншалық өзекті әрі маңызды? Біздің ше, қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік, білім, БАҚ саласында жылдар бойы қордаланып, соңғы уақытта тіптен күрделеніп, тездетіп шешуді күтіп, күйіп тұрған мәселелердің қасында форум талқысына ұсынған тақырыптарға не күлеріңді, не жыларыңды білмейді екенсің. Жоқ, әлде Дариға Назарбаева бастаған топ әлемдік күрделі мәселелерге жауап тауып, Еуразия континентіне бағдар беріп, жол сілтеуді өз мойындарына алған ба? Олай болса, мемлекетке тиесілі «Самұрық Қазына» неге бас демеуші болады? Мемлекет те, «Самұрық Қазына» да ақша өндірмейді. Қаражаттың бәрі – салық төлеушілердің ақшасы. Сонда халық мемлекетке салықты осындай форумдарға шашсын деп төлеп отыр ма әлде елдегі мәселелерді оңтайлы шешсін деп төлеп отыр ма? Демек, қоғам мұндай форум ұйымдастырушылардан жұмыс нәтижесі мен қаржы есебін талап етуге құқылы.
Жиын - Еуразиялық медиафорум деп аталады. Қазақстан бүтін бір континеттің қамын ойлайтындай деңгейге жетті ме? Әрине, бұл сауал ұйымдастырушыларды мазаламайды. Өйткені, өздерін сол деңгейдегі «тұлғалар» деп есептейді. Қараңызшы, өзінің ақпараттық кеңістігін Ресейден қорғай алмай отырып, Еуразиялық медиафорум өткізетін елдің бұл жиынын келген қонақтар «дүниеде баламасы жоқ форумға» балайтыны сөзсіз. Рас, басқа сөз таппайсың. Өйткені, өз медиа саласын реттеп, оны қорғау механизмдерін іске асыра алмай отырып, ғаламдық мәселені көтеруге құмар елге басқа не дейсің. «Керемет» деп көзіне айтып, былай шығып, ішегің түйілгенше күлесің.
Бұл форум - әлемдік жиындар өткізуге құмар Қазақстанның өлмей келе жатқан бір жобасы. Осындай жиындарға жұмсалған қаншама ақша желге ұшты. Ақша шашуды дағдарыс та тоқтата алмай отыр. Өкінішті!
Мұндай да «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деге сөз есіңе түседі. Өз елімізге көк тиын пайдасы жоқ жиынның қашанға дейін жалғасатыны тағы белгісіз. Осы жиынға жұмсалған қаражатқа мектептегі бастауыш сынып оқушыларына түскі ас берсе, елге пайдалы еді. Бірақ, баланың аузындағы асқа, халықтың зейнетақы қорына жармасқан билік ол ақшаларды қайда жұмсап жатқаны көрініп тұр... Сонда мұндай медиафорум кімге керек?
Нұра Матай
Abai.kz