Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Мәйекті 7424 0 пікір 18 Сәуір, 2016 сағат 14:47

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ. АРАНДАТУШЫ ТОПҚА ТИЫМ САЛУ КЕРЕК

Қазақстан Республикасының бас прокуроры

А. Дауылбаевтың назарына!

Ардагерлерді қорлайтын жəне қазақтың намысына тиетін арандатушы топқа тыйым салу керек. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған отбасыға қайғы-қасірет әкелді.

Сол сұрапыл соғыста 60-65 миллион адам қаза тапқан.  Оның 27 млн. астамы Кеңес Одағы халқы болса,  603 мыңы қазақстандық екенін тарихтан білеміз. Алайда, қоғам арасында жəне əлеуметтік желіде осы соғысты бастаған аса жауыз диктатор Адольф Гитлерге табынатын, есімін дəріптейтін жəне нацистік-фашистік идеологияны насихаттайтын топ шығыпты.  Олардың бұл əрекеттері  үлкен қателік, зор кемшілік, рухани надандық деп білемін.

Себебі, Ұлы Отан соғысы  — Германия жəне оның фюрері Гитлер тарапынан басталып, бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болғанын тарихтан білеміз.

Нацистік көзқарастағы топ 20 сəуірде фюрер Гитлердің туған күнін атап өтпекші жəне ескерткіш тұрғызуды қолға алмақшы.  "Соғыс бастаған Гитлер емес жəне ол фашист емес" деп қызғыш құстай қорғауда.  Олардың айтуынша, Қазақстан тарихшылары Ұлы Отан соғысы туралы тарихты бұрмалаған. Осы арандату сөздері арқылы өткен тарихқа топырақ шашып, жасұрпақтың бастарын қатыруда. Отанымыздың азаттығы үшін күресіп қаза болған 27 миллион адамның аруағын қорлап отыр.  Елімізде санаулы қалған Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің жүректеріне қаяу түсіруде. Ұлы Отан соғысы туралы жазған ақын-жазушылардың жəне шығармаларына, режиссерлердің патриоттық киноларын жоққа шығаруда.  Өздері қазақ бола отырып,   фашистік жауызды  насихаттағанша, өз ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен асыл кемеңгерлерімізді жəне Алаш қайраткерлерін неге пір тұтып, дəріптемейді? 

Нацистік-фашистік топқа айтарым, Гитлер жеке пірлеріңіз болса,  оған арнап үйлеріңізге алтыннан ескерткіш салдырыңыз. Үйлеріңізге музей аштырып, бала-немерелеріңізге,  достарыңызға дəріптеңіз. Балаларыңыз бен немере-жиендеріңіздің есімін немесе иттеріңіздің аттарын Адольф, Гитлер, Генрих, Геббельс, Гиммлер,  Фюрер, неміс, фашист т. б  деп қойыңыздар жəне төлқұжаттарыңызға арийлық неміс деп жаздырыңыз.

Қоғам арасында жəне əлеуметтік желіде аса жауыз, қатыгез адамды дəріптеулері жəне тарихты бұрмалаулары, ардагерлерді қорлауы жұртты дүрліктіріп, қазақтың ар-намысына тиіп отыр.

Арандатушыларға дер кезінде тыйым салмаса, бұл топ "бандеровшылар" сияқты заңсыз əрекеттер жасап, мұның арты Украина еліндегі жағдайға ұласып, мемлекет қауіпсіздігіне аса нұқсан келтіруі мүмкін. 

Көп асқанға, бір тосқан" демекші заңды қадағалау органдары нацистік- фашистік көзқарастағы топқа тыйым салу керек.

Талғат Қатауов

Орал қаласы.

Abai.kz

0 пікір