Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8227 0 пікір 17 Сәуір, 2016 сағат 10:00

ЖЕР САТУ. САУАЛЫ МЕН ЖАУАБЫ

Жердің сатылу мәселесіне қатысты осыдан 15 жыл бұрын ақын Ұлықбек Есдәулет «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Парламентте не жаңалық, Шер-аға?» деп, өлеңмен ашық сауал тастаған болатын. Оған сол кездегі Парламент басшылығы назар аударып, өз мүшесі, Халық жазушысы әрі қалаулысы Шерхан Мұртаза ағаға жауап жазуды міндеттепті. «Бір жолыққанда  Шер-ағамыз өлең сөзге қара сөзбен қалай жауап берерін білмей, қиналып жүргенін айтып қалған еді. Жауабы көп ұзамай сол басылым бетінде жарық көрді» дейді Ұлықбек аға. Сол сауал мен жауапты біз бүгінгі оқырмандарға да ұсынсақ артық болмас.  

Парламентте  не жаңалық,  Шер-аҒа?

Шерхан Мұртазаға

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

Сатылмай ма масқара боп Жер-ана?

Бұл ғасырда жаңа туған шарана,

Өз жерiне өзi қожа бола ма?

Ағын судай ағып жатқан байлықтан

Бұқараға бiрер тамшы тама ма?

Парламентте не жаңалық Шер-аға?

 

Пора-пора алты айрықтан тер аға,

Депутаттар ден қойды ма додаға?

Аш аюдай қысқы ұйқыдан оянған,

Аунап-қунап әлде жүр ме далада?

Қазақтардың қайғы-мұңын кiм тыңдар

Қап арқалап қаңғып қалған қалада?

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

 

Қазақ тiлi қайғы жұтып қала ма?

Өзге тiлдер өрге жүзiп бара ма?

Тойғандар мен тоңғандардың арасын

Жалғайтұғын жаңа бiр тiл бола ма?

Қайран далам қырық дiнге жаутаңдап,

Храмдар мен шiркеулерге тола ма?

Парламентте не жаңалық,Шер-аға?

 

Ұят өлдi, ар қойылды молаға,

Ынсапсыз көз келер ме ендi тобаға?

Байлық дейдi,

Көрмегенге көсеу — таң,

Көсемдерден елге көсеу қала ма?

Ес кiретiн кез жеттi ме дегенде,

Шошқа үретiн шақ келдi ме қорада?

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

 

Заң дегенiң — өрмекшiнiң торы ма,

Жаралған тек шыбын-шiркей сорына?

Iрi жыртқыш iлiне ме ол торға,

Қырық жерден құрсаң дағы жолына?

Әлде әлдiлер пысқырмайтын болған ба,

Әдiлеттiң бары менен жоғына?

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

 

Сөзi менен iсi кетiп кереғар,

Билiктiлер мiнбелерден сөз алар.

Өрiстерге шегiрткенi өргiзiп,

Қаңырайды қойды аңсаған қоралар.

Ақ ниеттi қорғайтұғын заң қайда,

Аузыңды ашсаң жан-жүрегiң тоналар.

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

«Егемен Қазақстан» газеті, 31 қазан, 2000 жыл

 

 

ҚИЫН  СҰРАҚ — ҚҰРАҚ  ЖАУАП

 (Ақын Ұлықбек Есдәулетке хат)

 Аса талантты iнiм Ұлықбек! Осы жылғы 31-қазанда «Егемен Қазақстанда» маған өлеңмен жазылған хатыңды оқыдым. Жауапты кешiгiңкiреп қайтарып отырмын. Себебi: жұмысбасты болып кеттiк. Дәл қазiр Парламенттiң сiңбiруге қолы тимейдi. Жыл аяғына таянғанда заң жобалары деген басып қалды. «Жер туралы», «Қаржы туралы», «Жергiлiктi билiк туралы», «Салық кодексi», несiн айтасың, толып жатыр.

Менiң тағы бiр қиналып қалғаным: өлеңмен жазған хатыңа өлеңмен жауап бере алмаймын. Баяғы-баяғы бозбала шағымда «Терезеңнiң алдынан күнде өтемiн» деген сияқты өлеңдер жазып көрiп едiм. Бiрлi-жарымы жас ақындар жинағына да iлiнген. Iлiнгенi бар болсын: Зейнолла Серiкқалиев деген сыншы сойып салып, содан берi өлең жазғанды қойғанмын.

Поэзия әлемiнде арамшөп басқан танаптар әлi көп. Бiр қызы-
ғы: Зейнолла сыншы солармен қазiр күреспейдi. Күрессе өлең өлкесi бiршама тазарар ма едi...

Қазiр өлең жазсам, Қкiм Тарази, Кәрiбай Ахметбеков, Уәлихан Қалижан сияқты замандастарға, iнiлерiме арнаған әзiл-бәдiк өлеңдер ғана жазамын. Бiрақ оларды жариялауға болмайды.

Сондықтан, Ұлықбек бауырым, қара сөзбен жазған хатымды қанағат тұтарсың.

«Сатылмай ма масқара боп Жер-Ана?» — деп сұрапсың. Жер сатылса масқара болатыны рас. Бiрақ қорықпа. Ауыл шаруашылығына тиесiлi жер сатылмайды.

Жердiң жыры сонау тоқсаныншы     жылдардың басынан басталып, мiне, осы уақытқа дейiн созылды. Ол кезде Парламент жоқ, Жоғарғы кеңес бар едi. Чернышев деген депутат болды: Жердi сат. Тауды сат. Тасты сат, халықты асыра деген талап қойғаны есiмде.

Мен және марқұм Балғабек Қыдырбекұлы бұған өлермендiк-
пен қарсы болдық.

Жер сатылған жоқ. Бiрақ көп жер ат төбелiндей күштiлердiң шеңгелiне түсiп кеттi. Мына жаңа заң жобасы талай талқыға түстi. Биылғы маусым айындағы талқылауда мен ұсыныс жасадым: — Заңды бiрiншi оқылымында дауысқа қойғанда аты-жөнi айқын дауыс, яғни «поименное голосование» берiлсiн және сол тiзiм баспасөзде жариялансын, — деп едiм. — Заң жобасы бiрiншi оқылымында басым дауыспен қабылданса, сол жоба баспасөзде жариялансын, — дедiм. 58 адам қостап, 8 адам қарсы болып, осы ұсыныс қабылданды.

Жаңа жоба газетте жарияланды. Бүкiлхалықтық талқыға түстi. Үкiмет ұсынған бұрынғы жобадан там-тұм қалды. Көпшiлiктiң ұсынысы, депутаттардың ұсынысы енгiзiлiп, алғашқы нұсқадан мүлде өзгеше сипат алды. Халықтың қауiптенгенi — жердiң сатылуы едi.

— Жер сатылмайды!

Жер — мемлекет меншiгi. Жердi құрметтеп, күтiп-баптап, жемiсiн көремiн дегендерге, әр аймақтың жер көлемiне қарай шаруаларға жалға берiледi. Қырық тоғыз жылға.

Сатылса, қалалық аумақта үй және өндiрiс орындары салынатын жер сатылады.

Депутаттар арасындағы айтыс: кiмге қанша жер бұйырады — Парламенттегi көкпар осы төңiректе болды. Өйткенi, жердi рабайсыз көлемде бұрын иемденiп қойғандар бар. Мысалы, «Отан» партиясының көсемi Терещенко мырза сияқтылар. Мұны газет бетiнде сол Терещенконың өзi мақтанып айтты. Мұндай монополистер, латифундистер Парламент депутаттарының арасында да отыр ма деп сезiктенемiн.

Жердi сонда әдiл бөлетiн кiм? Қкiм бе, жоқ халық сайлаған мәслихат па? Осы тартыс талайға созылды. Ақыры заң Мәжiлiсте қабылданып, Сенат құзырына тапсырылды.

Менiң бұл заңды қолдайтын да, қолдамайтын да жағым бар.

Ендiгi мәселе: Үкiметтiң ауыл шаруашылығын мейлiнше қолдауы. Ауыл шаруашылығы экономикалық барлық саланың көшбасы екенiн түсiнетiн уақыт жеттi. Мемлекеттi ең алдымен ауыл асырайды. Осыны ұмытпаған Үкiмет ұтады.

«Ағын судай ағып жатқан байлықтан бұқараға тамшы тама ма?» — деп сұрайсың.

Есiңде болса, сонау 1996-97 жылдардың өзiнде бiз ағаң Камал Смайылов екеумiз «Егемен Қазақстан» газетiнiң бетiнде осы сұрақ төңiрегiнде көп хат жазысқанбыз. Кейiн бұл хаттар «Елiм, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен кiтап болып шықты. Бұл хаттарға қалың бұқара сүйсiнгенiмен, халықтың қанын сорған алпауыттар, жемқорлар, ұры-қарылар тiксiнiп қалды. «Сатылмаған не қалды?» деп жаздық бiз сонда. «Жекешелендiру» дегендi желеу қылып, жебiрлер елдiң несiбесiн қомағайлана жеп жiбердi. Әлi жеткен әлi жеп жатыр. Тосқауыл бола ма деп Жарлық та шықты. Заң да шықты. Нәпсiсi тойымсыздар әлi тыйылар емес. Президент прокуратураны, милицияны, сотты тоқпақтап-ақ жатады. Ұрылар ұрған сайын семiредi.  Жоғары лауазымды ұрылардың талайы шет елге қашып кеттi. Бiреуi ұсталған жоқ. Ең соңғысы Кутовой деген мәдениеттiң ақшасын жеп ол кеттi. Сорақысы сол, заң қызметкер-
лерi оның қылмысын бiле тұра, көз жұмды.

Сөйтiп, өзiң айтқан iрi жыртқыштар торға iлiнбей тұр. Заң қорғаушылардың қолындағы қаруы баяғы бытыралы мылтық. Бытыралы мылтықпен тек торғайларды, қырғауылды, кекiлiктi, үйректi ғана ата аласың. Аюларға, қасқырларға бытыра батпайды.

«Қазақ тiлi қайғы жұтып қала ма?» деген сұрағың кеудесiнде жаны бар, тамырында бiр тамшы қазақи қаны бар, намысы бар адамның қабырғасын қайыстыратын сұрақ.

Бұған не дейiн, шырағым. Тiл туралы айта-айта жағымыз қарысып қалды. Бұл жөнiнде жазылмаған заң, қабылданбаған қаулы қалған жоқ. Қаулысы орындалмаған үкiмет қауқарсыз.

Мен бiрдеңе бiлсем, қазақ тiлiнiң жауы өзгелерден гөрi, өз қазағымыздың арасынан көбiрек шығып тұр.

Мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдаған Парламент. Парламент мемлекеттегi билiктiң үш тармағының бiр тармағы. Өзi шығарған заңға өзiнiң билiгi жүрмеген Парламент әйтеуiр аман болсын. Қазiргi Парламенттiң «Мәжiлiс» деген палатасында 77 адам бармыз. Соның тоқсан пайызына жуығы қазақтар. Ал, мәжiлiсте қазақша сөйлейтiн жалғыз-жарым, тоқты-торым. Iштерiнде қазақша таза сөйлей алатындары бар-ақ. Бiрақ орысша сөйлейдi. Қуелi бiр-екi сөздi қазақша бастап алып, содан соң: «бәрiне түсiнiктi болу үшiн» дейдi де, орысша гөй-гөйiне басады. Аудармашы бар. Қазақша сөйлесең лезде сөзбе-сөз тәржiмелеп отыр. Жоқ, орысша соғады. «Бәрiне түсiнiктi болу үшiн». Бұл нашақорлық сияқты айығуы қиын дерт.

Сонда ол өзiнiң ана тiлiн қорлап тұрғанын сезбейдi. «Бәрiне түсiнiктi болу үшiн»!

Заң жүрмегеннен кейiн, Конституцияның бабы iс жүзiне аспағаннан кейiн, осыдан он шақты жыл бұрын бетi берi қараған қазақ балаларын қайтадан орыс мектебiне қарай сүйрей бастады.

Басқа-басқа, Астанада қазiр 3-ақ қазақ мектебi бар!!! Намыстан жарылып кете жаздайсың.

2001-жылдың бюджетiнде мемлекеттiк тiлдi және өзге тiлдердi дамыту үшiн бұрынғыға қосымша бiр тиын да қосылған жоқ. Бұл туралы Сенатпен бiрлескен отырыстағы менiң айқайым айдалада қалды.

Ұлықбек бауырым! Бұл — бұл ма. Ең сорақысы, қазiр ұлт тағдырын шешпекшi болған «теоретиктер» шыға бастады. Олардың қасында аты әйгiлi Масанов далада қалады. Жақында мен «Саф Сана» деген кiтапшаны оқып шықтым. Анықтамасына қарағанда, авторы «аса көрнектi» («выдающийся») ғалым Марат Телемтаев. Оның тапқан «идеясы» — «многонациональный народ Казахстана — единая нация... В такой Казахстанской нации люди свободно и непредвзято общаются между собой».

«Казахстанский народ» дегендi Конституцияға да кiргiздiк. Ал, ендi «бiртұтас Қазақстан ұлты» деген шықты. Қазақ ұлты емес, татар, ұйғыр, дунган, корей, әзiрбайжан, өзбек, орыс ұлты емес, Қазақстан ұлты!

Бiр-ақ ұлт. Құдайдың қаламағанын бiз жасаймыз! Баяғы совет дәуiрiндегi: «Табиғаттың бермегенiн тартып аламыз!» деген имансыз ұраннан несi кем?!

Ал, сен болсаң, Ұлықбек, «қазақ тiлi қайғы жұтып қала ма?» дейсiң. «Қазақстан ұлты» болса, оның тiлi қандай болады? Бiр-ақ ұлт болған соң оның тiлi де бiреу-ақ болмай ма? Сонда ол қандай тiл? Сонда сенiң қазақ тiлiң қайғы ғана емес, қан жұтып қалады.

Философ ғалым Амангелдi Айталы өзiнiң «Ұлттану» атты кiтабында: «Шындыққа тура қарасақ, қазақ этносының өз Отанында өзiне лайықты орын ала алмай, ұлттық дәстүрлiк пен мәдениетiне қолы жетуден қашық екенi анық», — дейдi. Батыс әлеу-
меттану ғылымының терминдерiне тағы сүйенсек, бұл жағдайды «iшкi отаршылдық» («внутренний колониализм») дейдi.

Бiз қазiр отаршылдықтан құтылдық, тәуелсiз мемлекет болдық деп мәзбiз. Сөйтсек, iшкi отаршылдық деген бар екен. Мынау «Саф Сана» соның айқын көрiнiсi.

Бiздiң ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсiнбейтiндер, өзбектерше айтқанда: «қара ивандар» өз iшiмiзде жүрген отаршылдар. Тап-таза, саф сана уағыздаушылар емес, ұлттық сананы улаушылар.

Бұл өз iшiмiздегi колонизаторлар. Ал, сырттағылар ше? Олар қарап жатқан жоқ. Ұлттық санамызды жаулап жатыр. Қаптап кеткен телевизиялық каналдардан не көрiп жүрсiң, Ұлықбек? Батыстың басқыншылығын көрiп жүрсiң. Мәдени, рухани басқыншылық. А.Айталы тiлiмен айтқанда, «самопал» мәдениет басқыншылығы. Ал, самопал арақтан адамдар бауыры iрiп-шiрiп баудай түсiп жат-
қанын көрiп жүрсiң. Самопал мәдениет санаңды сансыратады. Ұлттық бет-бейнеңдi айғыздап жыртып, адам танымастай құбыжық етедi. Бiздiң Құдайдан тiлегенiмiз осы ма едi?!

Ал иманы бар-ау деген бiрлi-жарым теледидар каналдары қа-
зақшаны әйтеуiр көзбояу үшiн ғана там-тұм көрсетедi. «Қазақстан-1» каналы ғана ұлтына бүйрегi бұрады. Бiрақ тырыли кедей. Қаржысы соқыр көздiң жасындай ғана.

Тiл туралы заңда айтылған «елу де елу» деген бап айдалада қаңғырып қалды. Оны қадағалап отырған Үкiмет те, Парламент те, Прокуратура да жоқ. Парламент заң шығарады. Ол заң көкектiң балапаны сияқты: бағусыз қалады. Парламент, бәлкiм, өз балапанын бағар едi. Бiрақ Конституция тыйым салған. Заңның орындалуын iске асырушы атқарушы өкiметтiң уақыты жоқ, басқа шаруа-
лармен басы қатып жатыр. Ал, заңның орындалуын бақылаушы прокуратура дәрменсiз.

Осы қатарға Ұлттық қауiпсiздiк комитетiн де қосуға болады. Осы мекеменiң шақыруымен мен Астанада бiздiң «чекистермен» кездестiм. Мәселе тiл туралы болды. Обалы не керек, бұл мекеме мемлекеттiк тiлдi өз аясында қадiрлеп, iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзiп, қазақ тiлiн өз қызметкерлерiне үйрету жолында көп жұмыс жүргiзiп жатыр. Бұл тек өз кеңсесiнiң аясында. Ал, жалпы республикадағы тiл, мәдениет, руханият саясатын бұл комитет бiздiң мiндетiмiз емес деп есептейтiн сияқты.

Менiңше, бұл жаңсақтық. Сен ұлттың қауiпсiздiгiн қорғайды екенсiң, ұлт сана-сезiмiн де жаулаудан, уланудан қорға. Коррупциямен күрес, ниетi бұзықтармен, шпиондармен күрес — оның дұрыс. Бiрақ адамдардың жаны жүдеп, рухы қирап, мәдениет самопалымен ақыл-естен айырылып жатса, ұлтты қауiпсiздендiргенiң қайда? Ақыл-естен айырып, дауасыз дертке ұшырататын тек нашақорлық қана емес. Арамза, басқыншы мәдениет нашақорлықтан да жаман.

Ұлықбек! Ұлттық сана-сезiм торқадай тозған жердегi ұлттық патриотизм де жетiмсiрейдi. Отанының патриоты тек өз қарақан басының қамын ғана, қу құлқынның қамын ғана ойламай, халық қамын мүдделесе — сол ел бақытты.

Сорлатқанда, бiзде қу құлқын қамын, тойымсыз қарын қамын ойлаушылар көп. Қйтпесе осыншама бай Қазақстанда халық жүдеп-жадай ма? Жастар әлеуметтiк қасiрет салдарынан әлжуаз, қауқарсыз өсiп жатса, ол әскерге жарай ма? Одан патриот шыға ма?

Патриотизм мәселесi қазiргi нарықтық кезеңде де байқалады екен. Мысалы, бай Қазақстан шет елдерге тек шикiзат қана сата алады. Оның пайдасын көбiнесе кiм жеп жатқанын өзiң де шамалайсың. Ал, шикiзатты: мұнайды, мысты, көмiрдi, темiрдi, ең қымбат хромды, вольфрамды, титанды, алтынды, т.б. Құдай өзi жаратқан. Олар — адамдар тер төгiп жаратқан өнiмдер емес. Құдай бiздi өлмесiн деп жаратқан.

Соның өзiн ұқсата алмасақ, көзiн тауып тиiмдi етiп сата алмасақ, кiмге өкпелеймiз? Сонау сойқан соғыстан күл-талқаны шығып қирап қалған Германия неге тез арада байып кеттi?

Философ А.Айталы айтады: — «патриотизмнiң iргетасын экономикалық көзқарастар құрайды» — дейдi. Сөйтiп, немiс-герман патриотизмiнiң мынадай өсиеттерiн келтiредi.

— Тiптi ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерiмен есептес.

— Шет елдiң бiр теңгеге тұратын тауарын сатып алғанда, өз елiңе бiр теңге зиян келтiретiнiңдi ұмытпа.

— Сенiң ақшаң тек немiс саудагерлерi мен жұмысшыларына пайда әкелуi керек.

— Шет елден келген мәшине мен құрал-саймандарды қолданып, немiс жерiн, немiс шаңырағын, немiс шеберханасын қорлама.

— Дастарханыңа шет елдiң етiн, майын, т.б. қойма, себебi ол немiс ет өндiрiсi мен отандық мал шаруашылығына зиян келтiредi.

— Әр уақытта немiс қағазына немiс сиясына малып, немiс қаламымен жаз да, немiс сорғышымен сорғыз.

— Немiс игiлiгiне тек немiстiң ұны, немiстiң жемiсi, немiстiң етi жарайды.

— Тек немiс матасынан тiгiлген сырт киiм мен немiс қолынан шыққан бас киiмдердi ки (А.Айталы. «Ұлттану» кiтабы).

Мiне, немiс патриотизмiнiң ұраны.

Ал, бiз не қылдық? Қажыгелдин деген бас уәзiр келiп:  

Малды құрт. Шығын көп. Еттi, сүттi, майды шет елден арзан-
ға сатып аламыз, — дедi.

Бас терiсi келiскен бастық осылай айта ма? Есi дұрыс ел Қазақстандай байырғы мал өсiретiн жерден еттi, сүттi, майды қайта өзi сатпай ма шет елдерге?!

Қазақстанды шет елдiк жарамды-жарамсыз тауарлар топан суындай қаптады. Азаматтардың ақшасы өз қазынамызды толтырудың орнына шет елдiктердi байытып жатыр.

Ұлықбек! Бiздегi патриотизмнiң сиқы осындай. Сен болсаң «Өрiстерге шегiрткенi өргiзiп, қаңырайды қойды аңсаған қоралар» дейсiң.

Ал, ел басқарып отырған белсендiлердiң көбi ғылым докторлары, азуын айға бiлеген экономистер, саясаткерлер. Қайда сонда олардың биiк бiлiмi? Оларды өз елiнiң патриоттары деп кiм айтады?

Ұлықбек бауырым! Елiн сүйген, халқын сүйген Үкiмет, минис-
трлер, әкiмдер жоқтан бар жасамай-ақ қойсын. (Жоқтан бар жасайтын мемлекеттер де бар). Бiздiң атқамiнерлер тым болмаса Құдайдың өзi Қазақстанға бұйыртқан байлығын талан-таражға салмай, көлденеңнен келген көкаттыға жем қылмай, көзiн тауып, ұқсата бiлiп, халқының игiлiгiне жарата алса ғой.

Бiз мұнайға бай он мемлекеттiң қатарында екенбiз. Сол мұнайды шет елдiктердiң сауулы сиырына айналдырдық. Олардан алатын салық көлемiн азайттық. Не деген мырзалық! Кәдiмгi дарақы кедей-
дiң мырзалығы.

Бiз халықаралық рынокта қалыптасқан жүйе бойынша талап етсек, осы мұнайды өндiрушi, оның қызығы мен шыжығын мейлiн-
ше көрушi шетелдiктерден қосымша 100 миллиард теңге өз бюдже-
тiмiзге түсiруге болады екен. Мұны дәлелдеген кешегi министр (қазiр не iстейтiнiн бiлмеймiн) Мұхтар Әбiлязов деген азамат. Осындай бiлiмдiлер шетқақпай қалатыны түсiнiксiз.

Қазiр ғой Үкiмет пен Парламент 2001-жылдың бюджетiн көпке дейiн бекiте алмай, бюджеттiң жыртығы мен тесiгiн бiтей алмай бастары қазандай болды. Қысқа көрпе басына тартса аяғына жет-
пейдi, аяғына тартса басына жетпейдi. Ал құжатталмаған миллиардтар айдалаға кетiп жатыр. Жалақыны, зейнетақыны, жәрдем-
ақыны имандылау етiп өсiруге қаржы жетпейдi. Тауар бағасы осқырына өсiп барады. Индексация жоқ.

Ендiгi бiр шемен түйiн: бұқаралық ақпарат құралдарының қызметi. БАҚ туралы Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу ретiнде Парламентке жаңа жоба келiп түстi. Сол-сол екен, тәуелсiз электронды құралдар иелерi байбалам сала бастады: — Демократия қайда? Бостандық қайда? — деп даурығады.

Демократия — жүгенсiздiк емес. Бостандық — жүйесiздiк емес.

Заңға өзгерiстiң бар болғаны: егер шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерi бiздiң Конституциямызға, заңдарымызға қайшы келетiн болса, онда мұндай өнiмдер таратуға сот ар-
қылы тыйым салынады.

Шетелдiк теле-радио хабарларын тарату теле-радио желiле-
рiнен таратылатын хабарлардың жалпы көлемiнiң 20 пайызынан аспау керек.

Бұл өзгерiстер мен толықтырулар да қабылданар-ау. Бiрақ орындалуы қалай болады? Заңда БАҚ-тан таратылатын хабарлардың тең жарымы мемлекеттiк тiлде жүргiзiлсiн деген сөз — бос сөз болып қалған жоқ па?!

Орындалмаған заң мемлекеттiң беделiн түсiредi. Заңға деген халық сенiмi жоғалады.

Ұлықбек! Бiздiң руханияттың бiр кенен бұлағы — ана тiлiмiздегi газеттер мен журналдар едi ғой. Белдi, белгiлi деген газеттерiмiздiң тиражы күрт азайды. Қазақтардың көбi орысшаға ауып кеттi. Бiздiң ұлттық патриотизмнiң келбет-кепиетi осындай. Ұлттық намыс үшiн болса да жазылмай ма? Рас, көпшiлiкте ақша аз. Аудандағы әкiмдер жергiлiктi бюджет жартымсыз болса да, амалдап, кәрi-құртаңға, көп балалы отбасыларына, кемтарларға септесiп, газет-журнал-
дарға жазылуға көмек көрсетсе, елдiктiң о да бiр белгiсi болар едi. Ол үшiн Құдайым әкiмдерге биiк сана, парасат бергей.

Тираждың құлдырауы баспасөз қызметшiлерiне де сын. Газетi өткiр болса, шыншыл болса, өмiрдегi өзектi мәселелердi көтерiп жатса, жемқорлардың масқарасын шығарып жатса, баспасөз мерейi үстем болар ма едi деген қиял ғой бiздiкi.

Ұлықбек! Үкiмет пен Парламент көкпар тартысып жүрiп бекi-
тiлген 2001-жылдың бюджетiн бiреулер «Даму бюджетi» деп атауға әуес көрiнедi. Дамыса кейбiр «таңдаулы» мекемелердiң бюджеттен алар үлесi дамыды. Қсiресе шенеунiктердiң «қарны жуан» кең-
селерi.

Ал, биыл «қолдау жылы» құрметiне ие болған мәдениет саласы бюджетiнiң дамығаны сезiлмейдi. Өскенi соқырдың көз жасындай бiр тамшы ғана. Мәдениет 2000-жылы жалпы бюджеттiң 1,01 пайызын қанағат тұтса, 2001-жылы берiлетiнi 1,02 пайыз ғана.

Кiтабы, газет-журналы қырқылған, мемлекеттiк тiлi кесiлген қоғам — мылқау қоғам. Мұндай қоғамды Батыстың «самопал мәдениетi» улап, жаулап алып, ұлттық бейнемiздi адам танымастай тұрпайыландырады.

Мәселенi қожыратпай, түйiнiн айтқанда: Қазақстан кереметтей бай. Байлығы өз халқына жете бұйырмай, айдалаға ағып кетiп жатқан ел. Бұрын да жазып едiм: қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi. Бай қазанға мықты қақпақ керек!

Ауыл шаруашылығы алға жылжымай, өндiрiс еңсесiн көтермей, өркендеу жоқ.

Мына қыстың қаңарлы кезеңiнде ел жылудан қорлық көрiп қалды. Қсiресе, оңтүстiк облыстар өзбектерге тәуелдiмiз. Газ сатып аламыз. Өзекең бiлгенiн iстейдi. Бiздiң халық жапа шегедi. Ал, осы тығырықтан құтылудың жолы бар. Бұл жөнiнде талай айтып, талай жаздық.

Ол — Талас газы. Осы мәселе бойынша мен Премьер-минис-
трдiң қабылдауында екi рет болдым. Обалы не керек, Қасымжомарт Тоқаев биiк мәдениеттi адам ретiнде сөзiңдi ықыласпен тыңдап, ыждағатпен қабылдайды. Түсiнедi. Қолдайды. Тек тегеурiн керек. Екi тiзгiн, бiр шылбырды берiк ұстаса, шешiлмейтiн мәселе жоқ.

 

Талас газы жұмыссыздарға жұмыс бередi.

Қисайып жатқан өндiрiстi көтередi.

Жаурағандарды жылытады.

Денесi жылыған адамның жүрегi де жылиды.

Жүрегi жылыған жан мейiрiмдi болады.

Бiздiң қоғамға жетпей жүргенi — мейiрiм.

Мейiрiмдi қоғам иманға жақын болады.

Имансыз дүние — қорлықтың мекенi.

 

Менiң поэзиям осы, Ұлықбек. Риза бол.

 

Шерхан МҰРТАЗА,

Қазақстанның халық жазушысы,

 ҚР Парламентi депутаты

«Егемен Қазақстан» газеті, 2000 жыл.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524