Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Қоғам 10481 0 пікір 16 Сәуір, 2016 сағат 12:26

МИНИСТР САҒАДИЕВТІҢ ЖАУАБЫ

Наурыз айының оны күні "Абай" ақпараттық порталы арқылы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке жолданған Жарқын Сәленұлының хатына жауап келді. Біз алдымен жолданған хатты, содан соң министрдің жауабын қатар жариялауды жөн санап,. төрелік айтуды оқырманның еншісіне қалдырдық.

Құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы!

Соңғы жылдары еліміздің білім және ғылым саласындағы өзгерістер мен реформалар жұртшылықтың көкейінде сан алуан сауал туындатты. ҚР азаматы ретінде бұл бағыттағы мәселелер мен жаңалықтар мені де бейжай қалдырмайды. Елбасымыздың алға қойған «үш тұғырлы тіл» саясаты – заманның қажеті, оған қарсылығым жоқ. Алайда, ол мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктете отырып жүзеге асуы тиіс деп санаймын. Өйткені, Елбасымыз  2014 жылғы халыққа жолдауында: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады», – деген еді. Ал, алда болатын үш тілде білім беру жүйесіне көшу бағдарламасына көз жүгіртсек, бірнеше маңызды сауал туындайды. Бізге белгілі ақпаратқа сай 2020 жылдан бастап жоғарғы сыныптарда 4 пән (химия, биология, физика және информатика) тек ағылшын тілде оқытылмақ. Ал, дүниежүзі тарихы қазақ мектептерінде орыс тілінде оқытылмақ.

 

1. Ата заңымыздың 19-бабында: «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар», – делінген. Жоғарыдағы талаптар азаматтардың конституциялық құқығын бұзу болып саналмай ма? Қазақ елінде толықтай қазақ тілінде білім алғысы келетіндердің құқығы мен таңдауы ескерілмей ме? Мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге ағылшын және орыс тілінде оқыту не үшін міндеттеліп отыр?

2. Бізге белгілі ақпаратқа сүйенсек, алдағы уақытта жоғары оқу орындарында техникалық және медициналық мамандықтар ағылшын тілінде оқытылмақ. Сонда аталған саланы бітірген мамандар қазақ тілінде мамандығы бойынша қаншалықты сауатты болып шығады? Онсызда бұл салаларда мемлекеттік тілдің қолданысы, терминдер мәселесі туындап отырғаны белгілі. Жаңа жүйе аталған мәселені басқаша қырынан, яғни қазақ тілін (мемлекеттік тілді) техникалық және медициналық саладан мүлдем ығыстырып тастамай ма? Елбасымыз 2012 жылғы халыққа жолдауында: «қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарай алмаймыз», – деп нақты бағыт берген. Ал техникалық және медициналық мамандық иеленушілердің ағылшын тілінде оқып мамандық алуы – Елбасының алға қойған мақсат-мүддесіне қайшы емес пе?

3. Аталған мамандықтар бойынша қазақ тілі пән ретінде жүргізілгенімен мамандық ағылшын тілінде оқытылса, мамандар ағылшын тілді болып шығады деген сөз. Демек, миллиондаған отандастарымыз, мемлекет құрушы ұлттың өкілдері аталған сала мамандарымен ағылшын тілінде сөйлесіп, пікірлесіп, ақпарат алуға мәжбүр бола ма? Себебі, олар мамандықты ағылшын тілінде оқиды. Қарапайым қазақ тілін білгенімен, мамандық бойынша сауатты бола қоюы күмән тудырады. Осы орайда, мамандар ағылшын тілді, ал халық қазақ тілді болып жіктеліп, екі елде өмір сүргендей күй кешпей ме? Қарапайым ауыл тұрғыны дәрігерден немесе техника саласының мамандарынан ана тілінде (мемлекеттік тілде) еркін ақпарат ала алмаса онда оның несі мемлекеттік тіл?

4. Мамандар ағылшын тілді болған жағдайда БАҚ өкілдері де салаға қатысты мәліметтерді, ақпараттарды ағылшын тілінде алуына тура келеді. Тіпті жоғары санатты, кәсіби мамандармен ағылшын тілінде сұқбаттасып, пікірлесуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал, оны халыққа аударып жеткізуге тиіс болмақ. Сонда аталған жүйе бойынша 2025 жылдан бастап ағылшын тілі үстем орынға шығып, мемлекеттік тілдің қолданысы көптеген салалар бойынша (техникалық, медициналық, бизнес, білім, ғылым т.б.) шектеліп немесе аясы тарыла түсуі мүмкін. Тіпті қазақ тілі тағы да аударма тілі деңгейінде қалуы да мүмкін. Аталған мәселелер қаншалықты ескерілген?

5. Үш тілде білім беру жүзеге асып, жаратылыстық ғылымдар бойынша ағылшын тілі үстем орынға шықса, қазақ тілінің нақты ғылымдар саласындағы қолданысы, ғылыми зерттеудегі рөлі мен қызметі жойыла ма? Әлде басқа да жолдары қарастырылып жатыр ма?  

6. Алдағы жоспар бойынша елімізде көптеген мамандықтардағы ағылшын тілді мамандар көбейе түспек. Алайда, еліміздегі еңбекақының төмендігіне байланысты, білім мен ғылым, техника мен медицинаны меңгерген мықты мамандар жоғары жалақы беретін мемлекеттерге бет бұрып кетпей ме (бұл үрдіс қазірдің өзінде бар)?

Нұр Отан партиясының XV Съезінде қабылданған доктринасында: «Жаһандану дәуірінде өзінің тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады. Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз болып табылады», – делінген. Демек, еліміздегі қандайда бір реформалар мен өзгерістер мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыра отырып нақты жүзеге асуы тиіс. Бұл – Елбасымыз Н.Назарбаевтың басты саяси ұстанымы. Ел жағдайы, тіл тағдыры, отанымыздың келешегі Қазақстанның азаматы ретінде әрбірімізді алаңдатады, бейжай қалдырмайды. Сондықтан да менің ғана емес, мыңдаған, миллиондаған отандастарымыздың көкейінде жүрген өзекті сауалға сіздер арқылы нақты жауап алғым келеді. Қазақстан заңдарында белгіленген құзырлы органдардан ақпарат алу құқығымды пайдалана отырып аталған хатты жолдап отырмын. Заңда көрсетілген мерзім ішінде нақты, тұщымды жауап аламын деп үміттенемін. Сондай-ақ хатқа қайтарылған жауап БАҚ-та жарияланады. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1558
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3358
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6272