Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Мәйекті 5691 0 пікір 12 Сәуір, 2016 сағат 09:13

«АЛТЫН УНИТАЗ» ҺӘМ АБАҚТЫ

Кеше 31 арнаның жаңалықтарынан Астанада сатылып жатқан алтын жалатылған унитаздар жайлы сюжетті көріп қатты қуандым. Құдайға шүкір, бір кездері бабалары алтыннан киім киген бұл қазақтың санасы өсіпті. Бұ қазақ (қазақ болмауы да мүмкін) жеті жүз мың теңгеге кәстөм сатып алып, алтын унитазда «әжетін» өтесе несі айып? Құдай-ау, бұл керемет қой.

«Дағдарыс» дейді біреулер... Қайдағы дағдарыс, бізде ешқашан дағдарыс болмақ емес. Қаржы таба алмай қалсақ, жер сата саламыз. Онда тұрған не бар? Бәрібір ертең не болатынын білмейміз?. Іргедегі қытай ала ма, желкедегі орыс ала ма, әйтеуір біреу ие болатын жерді қазір сатып жіберіп, ақысына алтын унитазда марқайып отырғанға не жетсін? Мына жұрт қызық... Осыны да түсінбей ме?

«Халқымыз аш-жалаңаш отырған кезде бір миллионға унитаз сатып алу – масқара» деп айғайлап жатыр, әуейілер. Шынын айтайыншы, халықты аш-жалаңаш қалдырған унитаз сатып алғандар емес, халықтың өзі...

Бұл ойымызды дәлелдеу үшін кішкене талдау жасайық...

Біздің елде «алтын унитазда»  тербеліп отыра алатындар кімдер деп ойлайсыздар?

Бірінші нұсқа – бизнесмендер.

«Бізде өзі бизнесмендер бар ма?» дейтін шығарсыз күліп. Әрине, бизнесмендер бар. Олардың дені Құдайға шүкір, түрлі мемлекеттік тендерлерге қатысып, мемлекет деген дәу «сиырды» саууды жақсы меңгерді. Қолынан келген соң, қонышынан басып жүр. Дәл сол бизнесмендердей бола алмаған адам (халық) не демейді? Дей берсін! Сүтті «сиырдың» сүтін ішкен адамның кейде іші өтпейді деймісіз? Ішкенің ақ екен делік, ол ақтың баратын жері алтын болуы заңдылық қой.

Екінші нұсқа – шенеуніктер.

Қазақстанның бар байлығын жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтын мемлекеттік қызметкерлерді Құдай жасаған да өзімізбін. Бір секунтта қойылар қол үшін миллиондап пара беріп жүрген кім? Басқа емес, халықтың өзі. Сол параны көп беріп қойдық-ау деймін. Енді сол оңай келген ақшаны қайда жұмсарын білмей, байқұстар дал болып жүгіріп жүр. Ақыры міне, табылды... «Алтын унитаз»... Әжетіне жаратсын, ішін босатсын! Онда тұрған не бар?

Көріп отырсыз ба, біздің қоғамда жүрегі дауалап «алтын унитазда» отыра алатын адамдар өте аз. Меніңше, бұлар ерекше құрметке лайық. Құрметтей білейік, оларды?

Құрметтегенде де, былай ғой... Ғұмырдың бар қызығын көріп тастаған мұндай адамдар рухани аштыққа түсіп қиналатыны бар. Сондықтан, бір-ақ рет берілер өмірде ойына келгенін жасап, рухын тыныштандырарлық жол іздеп әуре сарсаңға түседі. Алтын унитазда марқайып отырғандар Сіз бен Біздің көмегімізге мұқтаж. Оларға шамадан тыс пара беріп, ел мен жердің байлығын тонауға ерік берген мына – Бізбіз. Енді міне, сол кінәмізді жуып-шайар кез келді. Сол азаматтарға сәл-пәл көмек жасап, жағдайын ойласып, түрмеден орын тауып беруге болады ғой.

«Ат жақсысы – кермеде тұрады, Ер жақсысы – түрмеде отырады» дейді қазақ. Ал, Абай жарықтың: «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боларсың, өлсең-дағы» дейді.

Біз «ердің жақсыларын» алтын унитазға отырғызып қойдық. Енді олар сасымай тұрған кезде бір қайла жасамақ керек? Не істеген жөн? Біз емес, оны Сіз айтыңыз...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір