ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕНДІГІ «ТАУАРЫ» ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ БОЛҒАНЫ МА?
ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫН «КӨҢІЛДЕС» ЕТІП КӨРСЕТКІСІ КЕЛГЕНДЕР ЗАҢ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРУІ ТИІС!
Қазақстандық жұмыссыз жүрген бойжеткендер 300 мың теңгеге бола басшысының көмекшісі әм көңілдесі болуға келіскен,- деп жазады «Корреспондент» сайты.
Арнайы тәжірбие жүргізген белсенділер сауалнамасының қорытындысына сүйенсек, қазақстандық бойжеткендер күн көріс қамы үшін басшысының оң қолы болып қана қоймай, орайы келсе, «оң жамбасын» да ұсынуға дайын екендіктерін көрсеткен-мыс.
Масқара болғанда, көлеңкелі бизнес бикештері арнайы қызметтері үшін қанша теңге алатындықтарын да жасырмаған.
Жақында ғаламтор желісінде жұмыссыз жүрген бикештердің арнайы кастингке келіп, сүреңсіз сұхбат жасаған бейне жазбасы пайда болды.
Қазақстандық қыздардың бетперделі жүздерін қаралау мақсатында арнайы ұйымдастырылған бұл кастингте бейтаныс әйел жұмыс іздеп келген жас қыздармен сырласып отырып, сұхбат жүргізген. Әр қызбен жеке-жеке сөйлесіп, 50 жастан асқан басшысына көмекші қажет екенін және ол қызметкер басшымен бірге іссапарларға шығып, тіпті көңілдесі болу керектігін айтқан. Ал арнайы «көңілдестік» қызметтері үшін жалақыны жұмыс іздеп келушінің өзі белгілеуін сұрайды.
Сұмдық болғанда, қысылып-қымтырынлмаған қыздардың кейбірі «өзгеше қызметтері» үшін 250-300 мың теңге жалақы жеткілікті екенін айтқан.
Айтпақшы, мұндай масқара әңгімелесуге тек қыздар қатыспаған. Жұмыссыз жүрген жігіттер де көңілдес болу туралы ұсынысты естіген.
Мысалы, бейне жазбада байқағаныңыздай, жұмыс іздеп келген жігіт басшының көңілдесі болуға үзілді-кесілді қарсы болған. Тіпті ол жұмыс ұсынушы тараптың миллион теңге көлеміндегі жалақы мен пәтер, көлік береміз деген ұсынысынан да бас тартқан.
Видеоны жүктегендердің мәліметінше, олар қазақстандық жастардың басшыларымен интимдік қатынасқа деген көзқарастарын білу мақсатында әлеуметтік эксперимент жасап көріпті. Нәтижесінде әңгімелесуге келген 25 жастың 60 пайызы жұмыс беруші тараптың талабымен келіскен.
Тақырыпты тұздықтау
Қазір қазақстандық әм әлемдік БАҚ-та қазақ жігіттерін ашық түрде азғындыққа итермелеу әм қыздарын масқаралау саясаты жүріп жатқандай елестейді кейде.
Бұлай деп бажайлауымызға себеп жеткілікті. БАҚ-та тек қазақ қыздарына қатысты негативті, сұрықсыз ақпараттар өріп жүр. Мысалы, «әр қытай қазақ қызымен ашына болып жүр», «Ақтөбеде мектеп жасындағы оқушы қыздар жезөкшелікпен айналысуда», «қазастандықтардың 64 пайызы мектеп жасында жыныстық қатынасқа түседі» сықылды ақпараттар өріп жүр.
Әлемдік БАҚ-тың алдында әдейі қазақ қыздарының етегін ашып, ылықтырып отырған басқа-басқа емес, өзіміздің ішіміздегілер.
Әу дегенде сұлулығына тамсанып, Сәбинәні қазақ қызының бүгінгі бет-бейнесі етіп көрсеткен Қытай шын мәнінде Сәбинаға зәру ме еді?! Жоқ, қазақта Сәбинадан өткен керемет сұлулар да жетерлік. Бұл жерде Сәбинаның сұлулығы әңгіме емес, Қытай мемлекетінің қырық миллион еркек жыныстысына қазақтан әйел тауып беру саясаты бүркемеленіп жатыр. «Қазақстанға барсаңдар қыздарын өздері қойындарыңа салып береді» деген үгіт-насихатының жемісін көру үшін қытай еркектеріне жаппай: «Осындай қыздарды қойындарыңа салып жатасың» дегені, қанша бай қытайдың сілекейін шұбыртты десеңізші. Қай ата-бабамыз өз қыздарын шетелдіктерге көрсетіп мақтанған еді, олар тауар ма еді? Қазақстанның «ТАУАРЫ» енді қазақ қыздары болғаны ма? Осыдан кейін, қыздарыңыз қылығын жоғалтып жатса, өзгеге шамданбаңыз. Сондықтан, қазақ қыздарын «көңілдес» етіп көрсеткісі келгендер Заң алдында жауап беруі тиіс!
"Вконтакте" желісіндегі топтың осы жобасы мына жерде жарияланған: http://vk.com/wsc_pranks
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz