Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарихтың бір күні 5413 0 пікір 28 Сәуір, 2016 сағат 09:53

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖАҢАРУ: СЕРПІЛГЕН ҰЛТТЫҚ САНА

Экономикада әйгілі ғалым Адам Смит енгізген «рыноктың көрінбейтін қолы» деген ұғым бар. Дәлірегі, рыноктық экономикада. Бұл саясатқа да жат емес секілді. Ендеше, мұны «көрінбейтін саяси қол» деп атай қояйын (бірден басын ашып алайын, «көрінбейтін саяси қолдың» бәрі жаман емес).

Осы «қол» соңғы апталары қоғамға шетелдіктерге жер сату, жалға беру деген секілді тақырыптарды тастап кеп жіберді. Тағы да. Осыдан бірнеше жыл бұрын да тастаған болатын. Әлсін­әлсін, жылдар салып қайталай беруіне қарағанда, «көрінбейтін саяси қол» дегеніне жете алмай жүргендей...

 Ал, жер дегеніміз – саясат! Тұнып тұрған саясат! Жерді шетелдіктерге сату деген болмағанның өзінде, жалға беру мәселесінің шығуы, оған қоғамның реакциясы – елдің саяси санасының, халық күш­қуатының бір көрсеткіші... Патриотизмнің қандай екендігін байқатады. Мемлекетқұраушы ұлт – қазақтан басқа, елімізде өмір сүріп жатқан диаспоралардың қаншалықты патриот екендігін де көрсетеді.

 Іргелі елдер арасындағы геосаяси тартыстардың жаңа толқынында осындай үлкен саяси тақырыпты қоғамға тастаған «саяси көрінбейтін қол» тіптен қателік жасады! Отпен ойнап отыр!   

 Ол «бриллиантты қол» ма, әлде «қара қол» ма? Әлде, шетелдік «қол» ма, әзірге белгісіз. Белгілісі, жердің үлкен саясат екендігі!

 «Құланның қасуына – мылтықтың басуы». Атыраулық бауырлар митингке шыққан күн, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Г.Головкиннің жекпе­жекке шыққан күнімен тұспа-тұс келе қалмасы бар ма?.. Бұл да біздің қоғамдағы патриоттық сезімнің, түсініктің, тәрбиенің бірыңғайланбағанын байқатып қойды. Мысалы, Геннадийдің жеңісіне қуанған кей жұрт, мемлекетқұраушы ұлт – қазақтардың ел мүддесі, жер тақырыбы таласқа түскенде, яғни, сын сәтте бірігіп бейбіт шеру өткізген, өз талаптарын билікке ашық қойған, тыңдатқан оқиғаға онша мән бере алмады. «Мән бергізбесі» кедергі болды ма, әлде басқа ма, мәселе онда емес. Мәселе екі стандартты патриоттық бағыттың қалыптасқаны. Қоғамға екі стандартты тәрбиенің беріліп отырғаны. Әшейінде «патриоттық» деп түрлі жиын, іс­шара өткізіп жататын ең үлкен жастар ұйымы – «Жас Отан» ЖҚ, т.б. жастар ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің нағыз керек сәтте көрінбеуі онан сайын ойлантады.      

 Ел, жер тұтастығы, мемлекеттік тіл, Тәуелсіздік т.б. қасиетті тақырыптарда бір болайық! Аз­маз өзара өкпе болса да. «Бас­­басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, бас алқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деген бабалар сөзін де ұмытпайық! Ендеше, берекені бірліктен іздесек, ұтылмаймыз! «Саяси көрінбейтін қолдардың» жамандығына қарсы жұмылып жұдырық болмасақ, имани, ақылды, сауатты т.б. жақсы қырлармен бірікпесек, ұтыламыз...

“Нағыз патриот – өз елiн мақтайтын адам емес, қайта кемшiлiктердi көрiп, ұнамсыз тұстарды жөндеуге ықпал ететiн адам” деген болатын, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Ендеше, нағыз патриоттар кемшіліктерді көрді. «Ұнамсыз тұстарды жөндеуге» шақырды. Шақыруда. Ақыры не болатыны, мемлекет басшысына да байланысты... 

 Демократиялық жаңару күні...

24-сәуірді «Қазақ ұлттық демократиялық жаңару күні» немесе «Қазақ демократтары күні» деп атасақ, қалай қарайсыздар? Болмаса, басқаша. Әйтеуір, атау ішінде демократия сөзі болса, азаматтық қоғамды аңғартып тұрса жарар еді...

Шүкір, біз жауапты сәтте жауынгер ұлт екенімізді де көрсете алдық. Үлкен конструктивті мінез, тегеурінді қасиет, дипломатиялық дағды байқалды. Ел, жер тақырыбында жедел бірігіп, мемлекет құраушы ұлт ретінде жауапкершілік жүгін көтере алатынымызды айқындадық. Қалың қазақ болып. Түркілер туралы шығыстық тарихшы Байбарыс ад­Дауадардың: «Түркілер, АЛЛАҺ­тың ілімінде айтылғандай, дүниедегі ең ақылды, ең батыр халық» дегенін, яғни сондай қасиеттер әлі бойымызда келе жатқандығы көрінді. АЛЛА-ға шүкір!

Әрине, әлі іс біте қойған жоқ... Бірақ, дәл осындай сәтті өткен митинг, қазақ ұлтын оятып кеткен окиға тарихта тым аз... Сонымен, 2016-жылдың 24-сәуірі енді тарихта. Бірнеше күн ғана өтсе де...

Құрманғали Нұрғалиев,

журналист, экономика магистрі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338