Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5569 0 пікір 6 Сәуір, 2016 сағат 13:09

РАУШАН ТӘШІМБЕТОВА. АЙЫМКҮЛ (ПОЭМА)

 

 

І

Бір  әулеттің  Айымкүл  жалғыз  ғана  қызы  еді,

Ажарланып  күн  сайын  ертелеу  бой  түзеді.

Тал  бойында  бір  мін  жоқ,  кермаралдай   керілген,

Сұлулыққа  ұрланып  күн де  көзін  сүзеді.

 

Жалғызы  да  жарығы,  мінезі  де  еркелеу,

Жарасып  та  тұрғандай  өн  бойына  ерке  деу.

Қолынан  да  қақпады  не  десе  де,  құп  көріп,

Көйлекке  де  қарсы  емес,  етегі  тым  келтелеу.

 

Өмір,  шіркін  күнде  той,  бола  берсе  осындай,

Күйретпесе  көңілді,  дауыл соғып, тосын  жай.

Соны  тілеп  анасы  жалбарынар  Аллаға,

Құламаса  екен  деп,  құрт  мүжіген  тосындай.

 

Мектепті  де  алды  емес,  орташалау  бітірді,

Болар  алда,  әрине,  жақсы  ананың  ісі  үлгі.

Жалғызынан  аянар,  не  жаны  бар  ананың,

Қаладағы  тым  тәуір  оқуға  да  түсірді.

 

«Абыройы  жақсы  екен,   ақысы  да  көлемді,

Бірақ  қызым  қам  жеме,  барлығы  да  төленді».

Кетерінде  құшақтап, – деді  анасы. – Құлыным,

Өтінемін  өзіңнен,  ақылдылау  бол, енді.

 

Жесір  жайлы  бұрыннан  ел ішінде  айтыс  көп,

Сүйген  жары  ертелеу  кеткен  еді  қайтыс  боп.

Орнында  бар  оңалар,  қызы  міне  жетілді,

Қиындығы  өткерген  қалар  енді  жай  түс  боп.

 

Бір  әкенің  артында  қалған  жалғыз  көзі  еді,

Қайран  ана  соны  ойлап,  құм  боп  кейде  шөгеді.

Қыз  да  болса  тірегім,  сүйенішім  болар  деп,

Күңіренген  көңілге  үміт  сәуле  себеді.

 

«Сен  мен  үшін  әлі  де,  ботақаным,  баласың,

Амал  бар ма,  қайтейін,  жалғыз  қалып  барасың.

Енді  қалқам  ауылдан  ақырындап  алыстап,

–      Деді  анасы. – Қаладан    бақытыңды  табасың.»

 

 

Қала  өмірі  өзгеше,  адамы  да  басқаша,

Айымкүл  де  біртіндеп,  сіңе  берді  достаса.

Мұндағы  өмір  күн  санап,  ұнап  келед  өзіне,

Тек  әрине  анасын  сағынғанын  қоспаса.

 

Ауылдағы  еркелеу,  қояйын  деп  жүрісті,

Тындырайын  ұқсатып,  тым  болмаса  бір  істі.

Анашымның  бар  арман,  үміті  тек менде  ғой,

Деп – Айымкүл  алаңсыз  оқуына  кірісті.

 

Жаңа  ортада  жаңа  дос,  жаңаша  өмір  басталып,

Сағынса  да  ауылын  жанарынан  жас  тамып.

Қуанса  да,  күлсе  де  күнделікті  жай  күйін,

Бөліседі  түгелдей  анасына  хат  салып.

 

Сабағы  да  тәп-тәуір,  бағасы  да  толымды,

Қуанып  жүр,  бір  Алла  оңғарды деп  жолымды.

Анасы  да  күн  сайын  айтып  отыр  тәптіштеп,

Шатастырып  алма деп,  оңың  менен  солыңды. 

 

Абыроймен  осылай  аяқтады  бір  жылын,

Анасы  да  ауылда,  күнде  күтіп  жүр  гүлін.

Жарылғандай  жүрегі  қызы  кіріп  келгенде,

Сыңғырлатып  күлкі  мен  сырғасының  сыңғырын.

 

Көршілерге  шәй  берді,  төр  басынан  жай  бөліп,

Мақтаныш  та  тұтып  жүр, сұлу  қызын  ай  көрік.

Құдаласу  көбейді,  таныстығын  сылтау  қып,

Бірақ  қызын  ешкімге  теңестірмес  сай  көріп.

 

ІІ

 

Демалысы  тәмәм  боп, кетті  Айымкүл  оқуға,

Уақыт  өтіп  есейіп,  ақылға-ақыл  қосуда.

Қоштасарда  анаға  жанарына  жас  алған,

Сәл  нәрседен секем  ап, – деді. – Анашым  шошынба.

 

Әр  демалыс  қыздармен  тауға  барып  қайтады,

Жол  жөнекей  жаяулап,  көңілді  әуен  айтады.

Өңкей  сұлу  арудың  сыңғырлаған  күлкісі,

Сан  жігіттің  жүрегін  толқындатып  шайқады.

 

Әр  барғанда  бір  жігіт  танысады  желпініп,

Әзілдері  жарасып,  көңілдері  серпіліп.

Тауып  жатыр  жарасым,  жастар  жаны  кіршіксіз,

Әсем  әні  жастардың,  гитарада  шертіліп.

 

Соның  бірі  келісті,  ұзын  бойлы  Мұратбек,

Әр  келгенде  сезіммен  жыр  оқиды  құрап  кеп.

Мақтау  айтса  мәз  болып,  қыздар  жағы  шулайды,

Тау  суындай  бұл  неткен  сарқылмайтын  бұлақ  деп.

 

Жігіт  көзі  айдайын  Айымкүлге  түсіпті,

Көзіменен  сүйсініп,  ойыменен  құшыпты.

Сезім  сырын  тез  ұғар,  сезімтал  ғой  қыз  деген,

Айымның  да  көңілі: «Мұратбек!» – деп  ұшып  тұр.

 

Шебер  ойнар  гитарда  өнері  де  бар  еді,

Топ  жігіттің  ішінде  сылқымы  да,  нары  еді.

Ішімдікке  бір  табан  жақындығы  тағы  бар,

Ащы  судан  ұрттаса,  жазылатын  жан  емі.

 

Сүйемелдеп  гитармен,  оқып  күнде  киік  жыр,

Өнерімен  осындай  қатарынан  биік  жүр.

Өнеріне  жігіттің  таңырқанып,  тамсанып,

Айымкүлмен  қосқанда,  қыздың  бәрі  сүйіп  жүр.

 

Айымжан! – деп  сызылды,  сезім  жақтан  сырды  ашып,

Кетіп  жүрді  кей-кейде  оңашалап,  қырды  асып.

Сондай  сәтте  уақытты,  қойса  екен  деп  тоғандап,

Асықпайтын  қайтуға,  екі  тоқтап,  бір  басып.

 

Бірін-бірі  көрмесе,  қамығумен  сағынды,

Бүкіл  адам  ішінде,  соның  үні  жағымды.

Анау-мынау  жігітке,  қарамайтын  пысқырып,

Асау  жүрек  осылай,  махаббатқа  бағынды.

 

Жасап  жігіт  туған  күн,  қыздарды  да  шақырды,

Шынайы  ойын  қулықтың  ар  жағына  жасырды.

Тойлау  емес  басты  ойы,  қызды  өзіне  қарату,

Тілегіне  нәпсінің,  құмарлықпен  бас  ұрды.

 

Бір  жағынан  Мұратбек,  үйренген  жан  кең  жүріп,

Өтірікті  шындай  қып  айта  алады  сендіріп.

Достарымен  серттесіп,  тіккен  екен  сезімін,

Қаншама  асау  болса  да,  аламын  мен  көндіріп.

 

Достарымен  серттескен  сезіміне  сендірді,

Көп  ұзамай  Айымды,  дегеніне  көндірді.

Өз  мерейін  өсіріп,  кіл  наданның  алдында,

Қыздың  арын  кірлетіп,  айуандыққа  жеңдірді.

 

 

ІІІ

 

Ақырындап  енді  өзі,  қаша  берді  алыстап,

Ебін  тапса  екі  асап,  басқа  қызбен  таныспақ.

Ерке  болып  өссе  де,  әкені  ойлап  өкситін,

Жүрегіне  сыналап,  түсті  тағы  жарықшақ.

 

Соры  қайнап,  аяғы  қалған  екен  ауырлап,

Сорлағанын  сезгенде,  бүк  түсті  жер  бауырлап.

Жігітті  іздеп  сабылды,  қоя  салып  намысын,

Ана  жайы  не  болмақ,  білер  болса  ауыл  жақ.

 

Міз  бақпады  Мұратбек,  суытып  ап  кескінді,

Өзің  ғой, – деп  келіскен,  зорлағам  жоқ  ешкімді.

Үйленетін  ойым  жоқ,  әке  болу  тіпті  деп,

Жігіттігі  жоғалып,  кәдімгідей  сес  қылды.

 

Абыройын  айдағы,  бір-ақ  күнде  төктірді,

Қуанышын  сарп  қылып,  қайғы-мұңға  бөктірді.

Ойнап  жүріп  от  басып,  қателікке  ұрынды,

Қайткенмен  де  пайда  жоқ,  қыз  ақылы  кеш  кірді.

 

Бойға  біткен  тікенді  алдыруға  кеш  болды,

Мейір  емес  жүрекке,  қанталаған  кек  толды.

Анасының  көзіне  енді  қалай  көрінбек?,

Оймен  жанын  жаңқалап,  өзін-өзі  жеп  болды.

 

Бөксе  жағы  жайылып,  күннен-күнге  толысты,

Қайда  барып    өлсем  деп,  күйзеледі  жол  үсті.

Бір  бөлмеде  жататын  адал  екен  құрбысы,

Қуанышын  бөліскен,  қайғысын  да  бөлісті.

 

Араласып  тұратын  таныстары  бар  екен,

Тіршілікке  дәнекер  бір  перзентке  зар  екен.

Шырмауықтай  шырмалған,  шырғалаңның  шешімі:

«Соларға  айтып  көрейік,  алам  десе  тәуекел.»

 

Жаңылмайтын  жан  барма,  жан  екен  ғой  көрікті,

Жас  отбасы  бірденнен, келісімін  беріпті.

Балапаным  әйтеуір  жетімдікті  көрмес, – деп,

Жүректегі  мұз  тауын  сәл  де  болса  ерітті.

 

 

Жасалынды  келісім,  түстігінде  жұманың,

Қойған  екен  сұм  тағдыр,  тағайындап  сынағын.

Теперіші  тағдырдың,  тұрса  дағы  тепкілеп,

Бір  жағынан  күш  берді,  қайратындай  бураның.

 

Мұратбектің  кім  білсін,  сөзі  бәлкім  орынды,

Дұшпан  емес,  қас емес,  өзім  кестім  жолымды.

Деп  Айымкүл  ойменен  үңілгенде  өмірге,

Бақыт  емес  алдынан,  соры  ғана  көрінді.

 

Үй  төрінен  Айымға,  бөлме  берді  бөлектеп,

Асты-үстіне  түсіп  жүр,  күндіз-түні өбектеп.

Айым  жатса  түңіліп,  жұбайлар  жүр  шаттанып:

–      Базар болар  үйім  деп,  ертең  тәтті  бөбек  кеп.

 

Жайына  қап  оқуы,  ауыстырды  сырттайға,

Жүрер  болса  шермиіп,  қанықпай  ма  жұрт  жайға.

Мұратбек  жүр  шіреніп,  періштедей  бейне  бір:

«Өзі  ғой  кеп  жабысқан,  кінәм  жоқ, – деп. – Құрттай  да.

 

Өкініштен  өртеніп,  шайналуда  бармағы,

Қиын  екен  бәрінен  жазылмайтын  жан дағы.

Жұмыс  бар  деп  биыл  жаз,  оқуына  керекті,

Алдарқатып  анасын,  ауылға  да  бармады.

 

Күні  жетіп  босанды,  қыз  нәресте  туылды,

Жатырдан  қыз,  жүректен  мейірімін  суырды.

Бауыр  еті  баласын  бөтен  қолға  тапсырып,

Жанын  отқа  оратып,  жүзі  жасқа  жуылды.

 

Әкең  де  бар,  анаң  бар,  бар  баланың  теңісің,

Бақытты  да  мен  бейбақ,  ете  алмаспын  сені  шын.

Кешір  қызым,  сені  енді  қызым  деуге  жоқ  хақым,

Өйткені  мен  бір  өмір,  қарабетпін  сен  үшін.

 

Сол  кеткеннен  Айымкүл  қызын  қайтып  көрмеді,

Басқа  өрнекке  ауысты,  өмірінің  өрнегі.

Көктем  гүлі  қауыздан  жарылмай-ақ  қурады,

Мына  жарық  жалғаннан  тілегені  сол  ма  еді.

 

Ана  да  емес,  пәк  те  емес,  көкек  болды  аты  жоқ,

Сүйегінде  сүйрелген  кеуде – қуыс,  басы  жоқ.

Ана  болып  бір  рет,  еркелетпей  өз  қызын,

Өзінің  де  қыз  болып  еркелеуге  дәті  жоқ.

 

Ал  анасы  қызының  бұл  жүрісін  ұқпады,

Бір  жағынан  жақсы  ғой,  жанында  жүр  құптады.

Бәлкім  сезді,  кім  білсін,  бірақ  сұрақ  қойған  жоқ,

Құлап  қалған  онсыз  да  көңіл  туын  жықпады.

 

Қызы  жайлы  құрбысы,  бөліседі  сырын  кеп,

Еркелетсе  еркелеп,  қояды  екен  күлімдеп.

Тым  болмаса  есімін  біліп  жүрсе  қуат  қой,

Ата-анасы  қызына  ат  беріпті, – Гүлім! – деп.

 

Енді  Айымның  алдынан  жастық  желі  еспеді,

Көз  алдынан  қызының  сәби  жүзі  кетпеді.

Ұйқы  да  жоқ,  күлкі  жоқ,  күндіз-түні  күбірлеп:

«Кешір  мені  жарығым,  күнәһармын,  кеш! – деді.

 

 

ІV

 

Әке  жақтан  жегжаты  болады  екен  алыстау,

Көріп  жүріп  Айымды,  ойыменен  салыпты-ау.

Анасы  да  қоймады,  жақсы  жігіт  екен  деп,

Қиын  болды  танысу,  қиынырақ  таныспау.

 

Баяғыдай  кергитін,  енді  Айымкүл  кім  еді,

Жүрегіне  мұз  қатып,  көңілге  түн  түнеді.

Төбеңе  әкеп  қайғысын  төге  салар  ақтарып,

Өмір  неткен  залым  да,  тағдыр  неткен  сұм  еді.

 

Момын  екен  жігіт  те,  қысқа  айтатын  сөзін  де,

Мінезі  де  сабырлы,  ойнақшу  жоқ  көзінде.

Қорқа- қорқа  жеткізді,  Айым  өзі  жайында,

Қызы  жайлы  жасырды,  көрмеймін, – деп  өзім  де.

 

«Қалауым  тек  өзіңсің.»  Жігіт  айтты  шешімді,

Сол  сөзден  соң  Айымның  бір  түйіні  шешілді.

Жетегіне  жігіттің  ере  берді  еріксіз,

Жүрегіне  жасырып: «Гүлім!» деген  есімді.

 

Міне  осылай  Айымкүл  келін  болып  үйге  енді,

Келін  болып  енді  де,  жар  болуды  үйренді.

Сүймегенге  сүйкеніп,  күйіп  көрген  ол  бейбақ,

Құрметтеді  енді  өзін  жүрегімен  сүйгенді.

 

Әп-әдемі  торсықтай  туып  берді  бала  да,

Бір  баладан  асатын,  бақыт  бар ма  анаға.

Бірақ  өткен  өмірін  ұмытайын  дегенмен,

Естеліктер жүрегін тырналаудан  тана  ма?

 

Көтермеді  сонан  соң,  не  болғаны  белгісіз,

Болды  бірақ  жалғыз  ұл  он  балаға  бергісіз.

Енді  Айымның  арнасы  толар  ма  еді  бақытқа,

Соғылды  ірі  толқынға,  адам  айтса  сенгісіз.

 

Ішкі  сырдың  жарына,  білдірместен  бірін де,

Атады  ұлын  Нұрым  деп,  ұқсастырып  Гүлімге.

Қанша  терең  тыққанмен, осы  сыры  болар-ау,

Алып  ұрар  ажалдың  апанына  түбінде.

 

 

V

 

 

Азамат  боп  Нұрым  да,  кетті  оқуға  қалаға,

Келіп-кетіп  тұрады,  уақыт  салып  араға.

Бірде  анасы,  бірде  ұлы,  екі  ортаны  жол  қылып,

Сағыныштар  қаланы  жатты  жалғап  далаға.

 

Сүйіпті  ұлы  бір  қызды,  анасына  білдірді,

Қалай  қымтап  ұстамақ,  сезім  деген  құрғырды.

Қуанып  жүр  әкесі,  ата  болады  екем  деп,

Көкке  жетіп  төбесі,  жүрегінен  күн  күлді.

 

Баласы  айтты  қыз  жасы,  екі  жасқа  үлкен  деп,

Қой  шырағым, – деді  ана. – Бұл  сөзіңе  кім  сенбек.

Кедергі  емес  анашым,  махаббатқа  жас  мүлде,

Болды  емес  пе? – деді  ұлы. – Бақытты  боп  жүрсем  тек.

 

Іс  қылмаса  екен  деп,  жалғыз  ұлы  шалыс  бір,

Ана  жаны  бір  түрлі,  қуаныштан  алыс  тұр.

Мақұл  ұлым  көрейік,  таңдауыңды  өмірлік,

Қызыңды  үйге  алып  кел,  бізді  де  оған  таныстыр.

 

Көп  ұзатпай  арасын,  қызды  да  алып  жетті  ұлы,

Таныстай  боп  көрінді,  қыздың  ажар,  кескіні.

Гүлім! – деді  есімін,  сәл  қысылған  үнменен,

Шалыс  емес  құлағы,  айдан-анық  естіді.

 

Естіді  де  жүрегі, кетті  жарып  кеудесін,

Айымкүлдің  орнында,  көтере  алмас  жер  де  сын.

Сұрай  түсті  шыдамай,  ата-анасын  тықақтап,

Сұрап  жатса  қадалып,  қалай  жауап  бермесін.

 

Қыз  жауабын  естіген  Айым  ойы  кері  есіп,

Бір  мезетте  ысынып,  суый  берді  денесі.

Қайта-қайта  қайталап,  айта  берді  ішінен,

Туған  емес  ата-анам,  асыраған  демеші.

 

Өкініші  өртке  орап,  кеудесін  кеп  қысты  да  ар,

Қыз  жауабы  адаспай,  күдігінен  түсті  дәл.

Тағдыры  тұр  табалап,  көнбеуіңе  бар  ма  әлің?

Мықты  болсаң, қане  Айым,  маған  қарсы  күш  қып  ал.

 

Шіркін!  Өмір  шебер  ғой,  бүкірді  де  түзеді,

Күнің  бітсе  ескертпей,  келген  жерден  үзеді.

Шеберлігін  қарашы,  ұлы  ұнатқан  мына  қыз,

Өзі  туып,  жетім  қып,  тастап  кеткен  қызы  еді.

 

Екеуі  еді  көзінің  қарасы  мен,  ағы  да,

Қателіктің  зардабы  соқты  келіп  тағы  да.

Айтпауына  болмайды,  айтуға  оны  күш  керек,

Қуырылды  тірідей,  тозақ  оттың  табына.

 

Бөтен  емес,  бөгде  емес,  бірі  әпкесі  бірі  іні,

Туған  бауыр  қаны  бір,  бір  ананың  құлыны.

Қателік  пе  бұл  әлде,  жазмыш  па  екен  жазылған,

Айымкүлдің  тірідей  үзілді  ғой  жұлыны.

 

Отбасына  бұл  жайды,  қалай  айтпақ  анық  қып,

Деді-дағы  күбірлеп: «Жарықтық-ай, жарықтық!»

Көздің  алды  бұлдырап,  саулап  жасы  жанардың,

Қозғалуға  дәрмен  жоқ,  құлай  берді  талықсып.

 

 

 

Есін  жыйды,  өлмепті,  елестетті  гүл  шағын,

Бөлме  ішінде  мұнартып,  қалықтап  жүр  бір  сағым.

Кешпесе  де  ұл-қызы,  айту  керек  енді  ашып,

Мейлі  сосын  өлсе  де,  қорғап  барып  ұрпағын.

 

Бір  үміті  Айымның,  Гүлімінің  анасы,

Ол  болмаса,  өзінің  шешуге  жоқ  шамасы.

Әпкем  еді  ол  менің, – десе  ме  екен  бір  туған,

Болмашыдан  суынып,  алыстаған  арасы.

 

Шошаңдатты  тағы  өмір,  қиындықтың  көсеуін,

Жан  ғой  Айым  өмірдің,  татып  көрген  нешеуін.

Әпкем  еді  деп  айту,  дұрыс  келіп  ойына,

Жеткізуге  енді  ойын,  шақыртқызды  екеуін.

 

Құлындарым!  Сендерге  қосылуға  болмайды,

Онда  мен  де,   сендер  де,  ұрпағың  да  сорлайды.

Неге? – сөзі  ұлының   атып  шықты  аузынан,

Ал  қабағы  қар  жауып,  төгіп  тұрды  зор  қайғы.

 

Не  боп  қалды? Не  болды? Не  болды  екен  бүлінген,

Аттамаған  дәстүрден,  кезі  де  жоқ  сүрінген.

«Нендей  жағдай  бұл  өзі,  Құлатардай  ананы?

Неге?»  деген  көп  сұрақ  тұрды  оқылып  Гүлімнен.

 

Сөз  бастады  тағы  Айым,  қайрылғандай  Қырымнан,

Жасырып  ем  көп  жылдар,  қанығыңдар  сырымнан.

Сенің  анаң  Гүлім-ау,  әпкем  менің  бір  туған,

Араласпай  кеткенбіз,  ара  суып  бұрыннан.

 

Кемсеңдеді  иегі,  үні  бәсең  дірілдеп,

Қуанып  тұр  ішінен,  табылды  деп  бір  ілгек.

Қойып  едік  содан  да,  аттарыңды  ұйқас  қып,

Біреуіңді  «Гүлім»  деп,  біреуіңді  «Нұрым»  деп.

 

Туыссыңдар, – деді  ана. – Араларың  тым  жақын,

Кетті  бірден  мұң  басып,  көңілдердің  жылғасын.

Ұрындырдым  сендерді,  қателікке,  қайтейін,

Кінәлі  емес  ешкім  де,  кінәлі  мен – бір  басым.

 

Айырылады-ау  ұл- қыздан,  айтар  болса  барды  ашық,

Айым  жатыр  айыбы,  алқымынан  жармасып.

Қалып қойды қос  сұлба,  тірі  де  емес,  өлі  емес,

Ғашықтығы  кенеттен  туыстыққа  алмасып...

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401