ҚОСТАНАЙ. НАУРЫЗ ЭТЮДТАРЫ
Қостанайға тізеге жетер қар жауды. Сайлау болған күні ертемен жаңбыр болып басталған кейіс қабақ файл-бұлт ақыры бұлқан-талқан болып бұзылып, Наурыздың ақшақарына ұласты. Мезгілсіз жауған қар болды. Адамдар әрекетіндегі «мезгілсіздікке»Табиғат анадан қатқан жауап сынды ма қалай? Бәрінен Наурыз мейрамын кигіз үй тігіп қарсы алатын жұртқа қиын болды.
Мерекелеу бар, мерекенің үстінде аяғынан тік жүріп қызмет ететіндер бар дегендей. Наурызды Арқа өңірінде далада үсіп-тоңып қарсы алуды доғарайық деп айтып жүрміз. Кигіз үй тігіп, жұртты көшеге шақырып, қарсы алу міндетті емес. Бұл дәстүр Кеңес үкіметі ыдырай бастаған уақытта алғаш өткізген Наурыздан басталып еді...
Қыс мезгілі кеткісі келмей, қарсылық жасап жатқан секілді. Бірақ бәрінің де өз уақыты бар. Уақыты тоқтағандар – бұл дүние төрінен де, өзге де сахнадан да кетеді. Кетпеймін деп қасарысқан қаһарлы қысты ерке көктем ығыстыратыны сөзсіз. Жадыраған жаз да келіп, арқаны кеңге салармыз...
Қостанайда биыл қар көп. «Көп» деп айтып күпірлік қылмайық. Қазақ жері жауын-шашынға малшынған өлке емес. Көптік етпейді. Көктен түскен жауын-шашын – жердің ырыздығы. Көп қар біртіндеп талып еріп, жерге сіңер. Содан, бәлкім, егін бітік шығар, елдің ырыздығы артар. Бірақ тасқын болып, топансу қаптауы әбден мүмкін. Жылдағы қарапайым халық «жылайтын» мәселе. Содан қауіптенеміз. Халықтың шүйлігетін бір адамы бар еді. Тегі де «құдіреттің» атымен аттас немесе оның о жақ, бұ жағында. Сол Божко халықтың атынан тура сайлану арқылы депутаттыққа кетіп, биылғы тасқынның «ренішін» тура қабылдамайтын болды. Божконы «бог» сақтап қалды...
Кеше жауған Наурыздың ақшақарын жамылған Қостанай Ұлыстың ұлы күні мерекесін тойлап кетті. Қаланың орталық алаңына білім ордалары, өндіріс пен мекемелер, сан түрлі ұлттардың мәдениет ошақтары Наурыздың рәмізіндей болып қалыптасып қалған кигіз үйлерді самсатып тіккен. Қазақ кигіз үйлерінің жанында ұлттық киім киген жандардың қарасы көп. Наурыз ақ қар, көк мұзға оранып келгенімен, «табиғатта реңсіз рай жоқ» деп қабылдайтын, көктемнің «есік қағып» тұрғанын түсінетін жұртшылықтың көңілі көтеріңкі. Облыс басшылығы да өз тілектерін жолдап үлгірді. Ұлыстың ұлы күні мерекесін қала тұрғындарымен бірге қарсы алу үшін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Ахаң атындағы кигіз үй тігіп, ән айтып, жыр төгуде. Наурыз құтты болсын, ағайын!
Алмас Әбсадық. Қостанай
Abai.kz