Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4942 0 пікір 21 Наурыз, 2016 сағат 09:53

МЕТРО ҚАЗАҚТЫ ҚАШАНҒЫ АЛАЛАЙДЫ?

Бір жыл бұрын, Аbai.kz сайтында «АЛМАТЫНЫҢ МЕТРОСЫ АДАМ АЛАЛАЙДЫ» (http://m.abai.kz/post/view?id=3319) атты сын мақалам жарық көрді. Осындай ақпарат жарияланғаннан кейін заңсыз тексерістер уақытша тоқталған болатын. Бірақ, «ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, озбыр полицейлер ретсіз әрекеттеріне қайтадан кірісті. Амалсыз, жасырын камерамды пайдаланып кезекті себепсіз тексеруді жазып алдым:

www.dropshots.com/video.php?u=http%3A%2F%2Fmedia5002.dropshots.com%2Fphotos%2F1294339%2F20160317%2F204200.mp4 Қоғамдық көліктегі осы жолсыздықтың түп-тамырын анықтау үшін тарихқа көз жүгіртейік.  

Әу бастан, Алматы метросының құрылысы лағып кетті. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, жер астындағы көлік ең алдымен темір жол вокзалының жанында өз бекетін орналастырады. Мысалы, Лондондағы «Ливерпуль көшесінің вокзалына» (Liverpool Street station) келсеңіз, бірден аттас метро бекетіне кіре аласыз. Миландағы «Орталық вокзалы»-ның (Stazione di Milano Centrale) жанында да метро бекеті орын тепті. Демек, ірі қалалардың темір жол вокзалына келген қонақтарға бірден метроға міне алатындай оңай жағдай жасалынған. Сонымен қатар, сыртқа кететін жолаушылар да метросымен келіп, бірден темір жол платформасына шығады. Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда да, бұл өте тиімді жоспар. Себебі, бұндай жағдай метро жолаушылары айналымының жоғары деңгейіне кепілдік болмақ. Бірақ, Алматы метросының икемсіз жоспарлаушылары оның бастапқы бекетін Фурманов көшесі мен Райымбек батыр даңғылының қиылысында орналастырды. Осы жол торабының маңыздылығы шамалы, жолаушылардың айналымы төмендеу. Керісінше, «Алматы ІІ теміржол вокзалы – «Самал» ықшам ауданы» немесе «Сайран» автовокзалы – «Орбита» ықшам ауданы» метромыздың тиімді бағыттары болар еді. 

Неге Алматы метросының бірінші кезегі жолаушыларға тапшылау, тиімсіз бағытымен салынды? Себебі, оның күретамыры, Фурманов көшесі, маңызды мемлекеттік ұйымдарға толы даңғыл жол болып есептеледі. Сонымен қатар, көптеген атқамінер, бай-бағландар осы көшеде өмір сүреді. Ақсүйектердің аса маңызды кеңселері мен үйлері қосымша қауіпсіздік шараларын талап етеді. Ал, Абай даңғылындағы метро бекеттері мыңдаған көрермендерді топтастыратын ойын-сауық ошақтарының жанында салынған: Республика сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, Орталық стадион. Қайрат Нұртастың 2013 жылғы концертінде пайда болған тәртіпсіздік секілді, спорт додаларын немесе мәдени қойылымдарын тамашалауға келген жұмыссыз, аш-жалаңаш киргиз-кайсактары оппозиция үгіт-насихатына еруі әбден мүмкін. Бірақ, қаланың осы орталық ауданындағы жол жүрісі тығыз, жиі бөгелістер орын алады. Сондықтан, бұл жерде түрлі саяси наразылық оқиғасы бола қалса, оны басуы үшін жасақталған сарбаздарды жеткізуі қиынға соқпақ. Сарбаздардың жасырын әрі жылдам қозғалуын Алматы метросы сапалы түрде қамтамасыз етпек. Қаланың басқа аудандары полицей мен тыңшылардың еркін қозғалуы үшін әлдеқайда қолайлы. Мысалы, әл-Фараби даңғылы Алматының жоғары тұсындағы қауіпсіздігіне кепілдік беретін жол, ал төменгі тұсындағы қауіпсіздігін Сүйінбай даңғылы қамтамасыз етпек. Сонымен, Алматы метросының қазіргі желісі қаламыздың «қызыл зонаға» толығымен айналуын аяқтады. Жер астындағы көлік жүйесін одан әрі дамытуға қажеті жоқ. Сондықтан, Алматы метросы жолаушылардың талаптарына селқостау қарайды. Мәселен, оның жұмыс кестесі таңертең сағат 06:20 бастап, кешкісін сағат 23:30 өз қозғалысын доғарады. Ал, халық саны мен әлеуметтік жағдайы Алматыға ұқсайтын Минск қаласындағы метросы өз жұмыс кестесін сағат 5:30 бастап, түнгі сағат 1:00 өз қозғалысын доғарады. Міне, еңбекқор белорус теміржолшылары осындай!    

Алматы метросындағы жолаушы алалауы (дискриминация) қашан басталды? 2013 жылдың басына дейін, оның қызметкерлері өз-өзін сыпайы ұстады. Полицейлері тіпті төбесін көрсетпеді. Қай себептен бұндай демократиялық тәртіп күрт өзгерген? 2012 жылдың күзінде Астанаға үлкен кісі келді – ресейлік тележурналист Ирада Зейналова. Жергілікті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев орталықтан келген Ирада ханыммен терезесі тең дала жетекшілерінің бірі. Олардың әңгімесінің барысында мәскеулік бикеш өз әмірін тұспалдап жүргізді:

«Ирада Зейналова: Если мы такие глобальные, то у нас и угрозы глобальные. Мы сейчас говорим об исламской радикализации. Это очень волнует Россию. Это очень волнует Европу, Ближний Восток. Говорят, в Алматы замечены уже люди характерной внешности. Как вы к этому относитесь?

Нурсултан Назарбаев: Надо говорить об экстремистах, которые сейчас появились. Смотрите, в исламском мире Северная Африка, нестабильность в Афганистане, и вообще на Ближнем Востоке, он питает этот экстремизм, и просто нам приходится с этим бороться. Молодежь подпадает под влияние преступников. Это в России есть, это у нас есть, у соседей наших есть. И здесь тоже надо объединить силы, чтобы с ними бороться» (бейне үзіндісі: www.dropshots.com/video.php?u=http%3A%2F%2Fmedia4001.dropshots.com%2Fphotos%2F1294339%2F20151102%2F050923.mp4).

Әлбетте, мәскеуліктер үшін қазақи немесе шығыс халықтарының келбеті сезікті боп көрінеді. Қырағы Ирада ханым сонау Останкино телеорталығынан күмәнді көрінетін қазақтарды байқап, өз базынасын Елбасымызға айтты. Лажсыз, жергілікті саясаткер мәртебелі мейманның тілегін орындады. Міне, Алматы метросына дейінгі ықпал тигізетін мәскеулік апамыздың аузы дуалы екен!

Ұлтшылдық, нәсілшілдіктің тағы бір қыры баршылық. Кезінде, Деңгелбай Төлебаев есімді мұғалім-қандасымыз Петербургте өмір сүрді. Қазір, Алматыға оралды. Қай себептен? Өйткені, ресейлік полицейлер Деңгелбайды жиі тоқтататын, себепсіз құжат сұрайтын. Петербургта оның еуропалық түстес Шеңгелбай атты туған інісі қалды. Інісін орыс «тәртіп» сақшылары ешқашан тоқтатпайды. Сонда, не? Алматы метросының полицейлері ұлтшыл ресейлік әріптестерінен үлгі ала ма? Жалпы алғанда, Қазақстан мен Ресей метролары азиат, қапқаздықтар үшін орасан зор зиянын тигізді. Мысалы, 2006 жылдың 22 сәуірінде Мәскеу метросының «Пушкинская» бекетінде ФСБ-ның бұрынғы қызметкерінің баласы, 18-жасар скинхед Никита Сенюков, 17-жасар армян студенті Виген Абрамянцті пышақтап, өлтірді. Әрине, бұрынғы КСРО-ның метроларында славяндар да қылмыс әрекеттеріне душар болады. Бірақ, көбінесе азиат, капқаздықтар әділетсіздікке тап болады. Кейбір таныстарым Сібірде өмір сүреді. Олардың айтуынша, Новосибирск метросының полицейлері азиат, қапқаздық жолаушыларын түрлі сылтауы бойынша жиі тоқтатады. Кейде, аты-жөнін анықтау сылтауымен бұратана халықтардың өкілдері қамауға алынады. Қазақстан мен Ресей метро полицейлерінің үндестігін басқа деректерден де пайымдауға болар. Мысалы, 2014 жылдың 9 қарашасында, Алматы метросының «Алатау» бекетінде итімен серуендеген кинолог «Бомба» жазуы бар пакетті тауып алды. Әрине, оның ішінде ешқандай бомба болған жоқ. Біраздан соң, 2014 жылдың 28 қарашасында Екатеринбург метросының «Геологическая» бекетінде бомба жөніндегі жалған хабардың салдарынан жолаушылар далаға қуылған. Осындай күмәнді шаралар қаншама жолаушылардың іскерлі, жеке мәселелеріне зиян келтірді! Олардың уақытын ұрлады...   

Алматыға оралайық. Жасыратыны жоқ, метро полицейлері неше түрлі сылтау етіп ірі денелі әрі сақалды қазақ жігіттерін тоқтатады. Сондай көзге түсетін алаш алыптары сезікті адамдардың санатына жатады. Алайда, метро полицейлері ірі денелі әрі сақалды орыс жігіттерін әдеттегідей тоқтатпайды, тиісті құрметімен қарсы алады. Сенімді дерек көзінің хабарлауынша, журналист Сырым Мұратқалиевті өлтірген содыр Александр Кузнецов метрода ешқашан тоқтатылмаған. Өйткені, оның сары сақалды орыс бет-пішіні сезікті адамдардың қатарына жатпайды. Метросында тоқтатылған әр адамның аты-жөні арнайы журналға тіркеледі. Оны оқысаңыз, шашыңыз тік тұрады. Әлгі тізімде кілең қазақ жігіттерінің фамилиялары. Кейде, қырғыз немесе тәжік сияқты шығыс ер адамдарының аты-жөндері кездеседі. Еуропалық фамилияларды көзіңіз өте-мөте сирек шалады. Әйелдердің есімдері – жоқтың қасы. Демек, іс жүзінде Алматы метросында нәсіл мен жыныс бойынша дискриминация атқарылады. Әрине, жер астындағы полицейлер анда-санда еуропалық жігіттерді де тоқтатады. Бірақ, олар көбінесе сары орыстар емес. Мысалы, палуан Юрий Мельниченко немесе футболшы Александр Шовковский қапқаздықтардан айнымайтын еуропалықтар. Міне, метро полицейлері сондай типтес орыстарды ұстауы әбден мүмкін.     

Кейбір зиялы қауымының өкілдері армандайды: «Шіркін-ай, Батыс Еуропа, Солтүстік Америка мен Жапония демократия деңгейіне жетсек. Дамыған елдер қауымдастығының мүшесі болғай, Қазақстан!». Қайдағы өркениетті елдерді айтып тұрсыз? Қоғамдық көліктің саласында Солтүстік Кореяның деңгейіне жетсек, оған да тәуба. Болгарияда өмір сүретін ағылшын тілді журналист пен саяхатшы Дармон Рихтер, Пхеньян метросы туралы A Ride on North Korea’s Pyongyang Metro («Солтүстік Кореяның Пхеньян метросындағы сапар») атты көлемді мақаласын 2013 жылы жариялады. Оның хабарлауынша, Пхеньян метросы билетінің құны небәрі бес солтүстік кореялық вона, шамамен екі теңге ғана! Себебі, Солтүстік Кореяның үкіметі әлгі метроны пайда табуы үшін емес, астананың тұрғындары мен қонақтарына қызмет етуі үшін салды. Мен Дармонға хат жаздым. Сұрағаным: Пхеньян метросында металл детекторлар бар ма? Вагондарының ішінде бейнебақылау жүргізіле ме? Милиционерлері жолаушыларды себепсіз тексере ме? Дармон берген жауабында, ондай құбылыстардың жоқ екендігін баяндалған. Солтүстік Корея ресми түрде Оңтүстік Кореямен соғыс жағдайында болса да, Жапониямен қырғи-қабақ қатынастарын ұстаса да, соған бола та Пхеньян метросы жолаушыларын мазаламайды.       

Есесіне, Алматы метро полицейлері бейнебақылауды пір тұтады. Бейбіт жолаушыларды үнемі қадағалау астында ұстағанының мақтаныш етеді. Әрине, бейнебақылау жүйесі қарапайым адамдардың әр қадамын мүлт жібермейді. Бірақ, қылмыскерлерге қарсы оның пайдасы шамалы. Мысалы, 2008 жылдың шілде айында генерал Мәжренов қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында өлтірілген. Ресми деректер бойынша, әлгі жоғары дәрежедегі офицер өзіне қол жұмсады. Алайда, оның туыс-достары белгісіз жендеттердің қастандығын зар қағып тілге тиек етеді. Айта кететін жәйт, тергеу изоляторында әр тұтқын тәулік бойы бейнебақылау астында тіршілік етеді. Сондықтан, оның күзетшілері суицид әрекетін тоқтатуға үлгермесе де, бейнекамералары өз-өзіне қол жұмсағаның міндетті түрде таспасына жазар еді. Бірақ, бүгінгі күнге дейін генерал Мәжреновтың соңғы мезеттерін паш ететін бейнежазбалары оның туыс-достарына көрсетілмеген. Демек, олардың күмәні заңды деп есептеуміз керек. Метро  бейнебақылауы да көптеген жағдайларда өнімсіз шығады. Мәселен, 2006 жылдың 8 қарашасында Мәскеу метросының «Речной вокзал» бекетінен шыққанда бір топ ересек скинхедтер 17-жасар шешен студенті Казбек Дадахановты пышақтап, өлтірді. Нәсілшілдер мен шешен жігіттерінің арасындағы жанжал метросының ішінде басталды. Қылмыскерлердің келбетін бейнекамералары жазып алды. Бірақ, онға жуық жыл өтсе де, әлгі жан алғыштар анықталған жоқ. Байғұс шешендерді Мәскеу метросындағы жарылыстар үшін себепсіз айыптады. Барлаушы Александр Литвиненко мен тарихшы Юрий Фельштинский жазған «ФСБ взрывает Россию» деректі кітабында, Мәскеу метросындағы жарылыстар шешендермен кезекті соғысты сылтаурататын ресейлік тыңшылардың қылмысы ретінде көрсетілген. Әлгі авторлардың айтуынша, шешен мафиясының сүйікті қылмысы – бопсалау үшін адамды ұрлауы, жалған банк құжатын (авизо) жасауы.  Бірақ, метро жарылысы сияқты коммерциялық емес қылмысы шешен содырлары үшін жат дүние. Көрдіңіз бе, бейнебақылауға үміт артатындардың уәжі негізсіз боп шығады. Айтпақшы, Алматы метросының бейнебақылауын қамтамасыз ететін «Multimedia Service» компаниясының бас директоры Дмитрий Кока деген «қазақстандық» азамат болып табылады. Осы кейіпкердің қай мемлекетке қызмет ететінін айтудың өзі артық. 

Халықаралық тәжірибеден біраз ақпаратты тілге тиек етейік. 1995 жылдың 20 наурызында, Токио метросындағы зарин шабуылынан оннан астам адам қаза тапты. Террорлық әрекетті орындаған «Аум синрике» жапон сектасы Ресей жетекшілерінің бірі, РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Олег Лобовпен достас болды. russian7.ru/post/7-faktov-o-syoko-asaxare/full/ сайтының хабарлауынша: «По информации «Коммерсанта» на судебном процессе по делу «Аум синрике» Икуо Хаяси, считавшийся «правой рукой» Сёко Асахары,  заявил, что документация по производству зарина была куплена членами секты в 1993 году у Олега Лобова». Оған қоса, арнайы қызметтердің ресейлік зерттеушісі Олег Греченевский «Истоки нашего «демократического» режима» кітабында, бірнеше рет қайталап айтады: әлем терроризмнің негізгі орталығы – Кремль. Осындай пікірдің тағы бір дәлелі – қазіргі Ресей мен Түркияның арасындағы қырғи-қабақ қатынастары. Енді, Россия-матушкамен арпалысудан тайсалмайтын түріктер террорлық актілерден көз аша алмай отыр.   

Елімізге оралайық. 2013 жылдың 11 маусымында, Алматы қаласының маңайында орналасқан «Алатау» қыстағында 63-жасар Владимир Рябцев полиция капитаны Ержан Ахметовты аңшы мылтығынан атып тастады. Оққа ұшыраған «Арлан» арнайы жасағының сарбазы қайтыс болды. Көп ұзамай, оның әріптесі қарымта оқ атып, пайғамбар жасына жеткен зейнеткерді өлтірді. Осы оқиғадан бір-екі күннен кейін, Алматы метросының «Алатау» бекетіндегі полицей тағы да себепсіз жеке куәлігімді көрсетуді талап етті. «Ит ашуын тырнадан алады» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Әйтеуір, жергілікті метросында Владимир Рябцев секілді келімсек қариялардың себепсіз тоқтатылғанын өз басым көрген емеспін. Оған қоса, қауіпсіздік саласындағы далбаса дабыл қағуы бейбіт жолаушылардың жүйкесін тоздыруымен қатар, еліміздің бюджетіне де елеулі нұқсан келтіруде. Мысалы, forbes.kz/finances/finance/vo_skolko_kazahstanu_obhoditsya_borba_s_terrorizmom  хабарлауынша, 2013-2017 жылдардың аралығында діни экстремизм және терроризммен күресуге арналған мемлекеттік бағдарламасына шамамен 103 миллиард теңге жұмсалды. Ал, ru.government.kz/docs/p070102_20070213.htm сайтына сәйкес, 2007-2009 жылдардың аралағында кардиологиялық пен кардиохирургиялық көмектің дамытуы бағдарламасына небәрі 25 миллиард теңге бөлінді. Парақор, жалқау, даушыл қазақтардың арасында террористердің саны – жоқтың қасы. Көрдіңіз бе, терроризммен күресу желеуімен қомақты қаржы тұрақты түрде ұрланады. Бірақ, www.dari.kz/pages/870 сайтының хабарлауынша, елімізде жүрек ауруларына шалдыққандардың саны – екі миллион адамға жуық. Осындай үрейлі көрсеткіштің азайтуына арналған бағдарламаға жеткіліксіз қаражат жұмсалады.

Әрине, Алматы метросы да бізді керек емес шығындармен жүктеді. Мысалы, бейбіт жолаушыларды тексеретін неміс «Тайфун» құрал-жабдықтарына 150 миллион теңге жұмсалған. Оның аты да жаман: гитлершіл концлагерлерінде тұтқындардың тұншықтыруына арналған «Циклон-Б» газдың атауына ұқсайды. Шын мағынасында, жер астында көмілген ақша. Баспанасыз сандалған қазақтар үшін қаншама үйлер салуға болар еді. Қазіргі адам баласын шошытатын девальвация, кедейшіліктің жағдайында осындай артық шығындарды жою керек. Gallup зерттеу компаниясының хабарлауынша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 40 пайызға жуық. www.u-s-history.com/pages/h1528.html сайтына сәйкес, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдардағы АҚШ-тың Ұлы депрессиясының барысында жұмыссыздықтың деңгейі 25 пайыздан аспады. Осындай қайыршы жағдайында, Алматы метро полицейлерін толығымен қысқарту қажет. Олардың қызметін ҚР ІІМ-нің Ішкі әскері тиянақты түрде орындай алады. Мысалы, Ішкі әскерінің қарауылдары (патрульдері) метро бекеттерінің жанында өткенде, жер астындағы қоғамдық көлік жүйесіне екі-үш минутке тәртіпті тексеру үшін кіре алады. Олар негізінен сапалы қызмет етеді. Мысалы, былтыр менің көзімше Ішкі әскері қарауылы көшеде сыра ішетін адамдарды тоқтатып, заң бұзақыларына айыппұл салды. Ал, метро полицейлерінің ыңғайлы ғимаратын балалардың спорт пен өнер үйірмелеріне бергені дұрыс болар еді. Өйткені, дәл сол төңірегіндегі қалалық оқушылар сарайы қиратылған, «Динамо» спорт кешені жойылған.

Әлем бойынша, Алматы жерасты көлігі – ұзындығы мен жолаушылар айналымы бойынша ең кішігірім метроларының бірі. Мысалы, web.mta.info/nyct/facts/ridership/ сайтының хабарлауынша, Нью-Йорк метросының 469 бекеттерін күніне бес жарым миллион жолаушылар пайдаланады. Біздің болмашы 9 бекеттерін күніне небәрі қырық мың жолаушылар пайдаланады. Әрине, американдық метросы – жер астындағы қалаға пара-пар келетін ірі құрылым. Оған міндетті түрде арнайы тәртіп сақшылардың бөлімі керек. Бірақ, ұзындығы 11.6 шақырым Ресейдің Қиыр шығысындағы Свободненск балалар темір жолынан кем түсетін ұзындығы 11.3 шақырым Алматы метросы әзірше полицей бөлімшесін талап етпейді. Метрополитен дегеніміз – қоғамдық көліктің бір түрі. Ол арнайы тексерістерді, шектелген кіре-берісті талап ететін атом электростанциясы немесе алтын-алмас қоймасы секілді стратегиялық нышан емес. Алматы метросын сорақы рентген құрылғылардан, адам намысын кемсітетін металл детекторлардан босатуға тиіспіз. Погон киген масылдарды да аластату қажет!

Данияр НАУРЫЗ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475