Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 4395 0 пікір 19 Наурыз, 2016 сағат 05:15

«АЮДЫҢ ДА ТІЛ ҮЙРЕНЕТІН КЕЗІ ЖЕТТІ»

2008 жылдың 21-ші ақпанында «Түркістан» газетінде   журналист Гүлбиғаш Омардың «Мемлекеттік тіл тұрмыстық тіл дәрежесінде...» деген мақаласы жарық көріп еді.  Ол мақалада «...біздің саяси элита мемлекеттік тілдің көсегесін өздігімен көгертуге құлықсыз. Тек Елбасының нұсқауымен жүруге үйреніп алған. Жел қалай соқса, солай майысуға бейім. Айталық, осыдан 1,5 жыл бұрын Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ-сессиясында (2006 ж) «Аюдың да тіл үйренетін кезі жетті» деп қадап айтты. Содан кейін жоғары жақта абың-күбің басталды. Тіл үйретудің әр түрлі жобалары жасалды. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев «Тіл үйрету курстарын ашып», оны жаңа үлгіде үйрететін әдіс-тәсілдердің тұсау кесерін жасады. Тіл үйренгісі келгендерге бұл курстарда тегін дәріс оқытылатын болды.

Аталған жиында Елбасы: «Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білмейінше, қызметке алынбайды» деді. Біз осы жиыннан кейін біраз сілкініс болады деп ойладық. Бірақ, бұл да көп жиынның кебін құшты» деген жолдар бар. 

Автор аталған мақаласында етек жайып отырған еренсіздікке егіле өкініш білдіре келе мұндай көрбілтеліктің түп-төркінін жан-жақты талдап бере отырып, былайша пікір сабақтайды: «Сонымен, мемлекеттік тілдің жыры 20 жыл бойы жырланды. Оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында қыруар қаржы жұмсалды(!) Бірақ, іс сылбыр. Өгіз аяңмен, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей күн кешіп келеміз. Тілдерді дамытудың екі кезеңдегі бағдарламасындағы тезистер орындалмады. Ең алдымен 1990-2000 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Нәтиже жоқтың қасы. Сосын, 2001-2010 жылдарға арналған 50 баптан тұратын бағдарлама қабылданды. 2010 жылы қазақ тілі барлық салада қолданысқа енуі тиіс болды. 2008 жыл есік қақты. Бірақ, қолға алынған істі көріп отырған жоқпыз. Керісінше, билік бүгін-ертең мемлекеттік тілді саяси жүйеге енгізуге асықпайтындығын білдіреді.

...Ағылшын тілін немесе басқа да шет тілін еш қиындықсыз үйреніп алған шенеуніктеріміз қазақ тілін үйренуге келгенде сылбырлық танытуда... яғни, мемлекеттік тілдің жүзеге асуына қоғам емес, билік кінәлі.

Биліктегілер тілді енгізудің нақты механизмдерін әлі ойлап тапқан жоқ, ойлап табуға құлықсыз да тәрізді. Жағдай осылай сыпат ала берсе, тағы екі онжылдықты артқа тастайтын түріміз бар».

Әріптесіміз бағзыда ғұмыр кешкен біртуар бабаларымыздың билік басындағы мемлекеттік тілді менсінбейтін бүгінгі мәңгүрт үрім-бұтағын осылайша мінеп-шенеп, олардың бет-пердесін ашып та берген. Осыдан кейін, «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» демеске амалың да қалмайды екен.

Мұнан бірер жыл бұрын марқұм Дидахмет Әшімханұлы «Біз ұлт болып қалыптастық па?» деп аталатын тақырып аясында біз де бүгін тілге тиек етіп отырған мәселе төңірегінде белгілі публицист қаламгер Мырзан Кенжебаймен екеуара сұхбат құрған екен. Сауал қойған Дидахмет-ағамызға Мырзан Кенжебай былайша жауап беріпті: «Осы күнгі жүргізіліп отырған саясат осылай кете берсе, мың өліп, мың тірілген қазақ мың бірінші рет тірілмейді. Жойылып кетуі мүмкін». Иә, Мұрат Мөңкеұлы: «Мен қауіп еткеннен айтамын!» демекші, осы бір жұмыр жауап бүгінгі күннің ащы ақиқаты. Ендеше, «Суға кеткен тал қармайды» дегендейін, не істемек ләзім? Бұл орайда біздің өз тарапымыздан айтарымыз, жаңадан сайланатын  парламент  мәжілісінің депутаттары жедел түрде Ата заңымызға өзгерістер енгізіп, Мемлекеттік тілдің мәртебесінің ұлықталуын уақыт өткізбей жүзеге асырғаны ләзім-дүр. Бұлай болмаған жағдайда «Дэда Эна!», – «Туған тіл!» деп 1977 жылы тайлы-тұяғы қалмай өре түрегелген грузиндерше бізге де бас көтеруге тура келеді. Бұл тұрғыда осыдан 30 жыл бұрынғы Желтоқсан көтерілісінің тәжірибесі айқын да, нақты үлгі бола алады. Осылайша ұлт болып, ауызбірлік танытсақ, алынбас қамал болмасы анық-ақ. Ендеше:

«Азамат, жүнжіме жүрме бос!

Қол ұстас, бірігіп тізе қос!» –

деп Сәкен жырлағандайын, жұмылған жұдырықтай болалық. Бүгінгі күні бізге басқа таңдау жоқ.

Бекен ҚОЖАМҚҰЛ,

журналист,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Abai.kz

0 пікір