ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕГЕНДЕРДІ ҚУДАЛАУ БАСТАЛДЫ
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген дана халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайтыны мәлім. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай қасиетті де қастерлі мұратымыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Бүгінгі таңда Республикамызда көш алдында келе жатқан мәдени ошақтардың бірі – Абай қорық-мұражайында тіл мәселесі басты назарға алынып отыр. Бірақ мұражай басшылығы мемлекеттік тілді емес, орыс тілін насихаттауда екенін естіп төбеме жай түскендей болды. Жиырма бес жылда Тәуелсіздігіміз берік, тұғырлы мемлекетімізде орыс тілін ашық насихаттап және «орыс тілін білмедің, орысша сөйлемедің» деп айып тағу Абай мұражайынан бастау алғаны масқара жағдай. Киелі мекен, қасиетті шаңыраққа бас иіп, тарих пен мәдениеттен сусындауға барған кезім еді. Сонда қызмет жасап жүрген қарагөз азаматтарымызға «орыс тілін білмедің» деп мұражай басшылығы қысым көрсетуде екен. Сонда тәуелсіздігіміздің куатты тірегі – қазақ тілін емес, орыс тілін насихаттаудамыз ба ағайын...?
Музей сайтына арнайы кіріп мәлімет қарасам басшы болып келгеніне де аз уақыт болған, алпыстың аркауына келіп қалған азамат екен, амал қанша?. Есімі – Болат Жүнісбеков. Өзінің туған елі, туған жері, Ұлы Абай қарашаңырағында адал қызмет атқарып жүрген қазақ азаматтарына «орыс тілін білмейсің, жұмыстан кетесің» деген басшы нені көздеп, не мақсат меңзеп жүр сонда? Қазақтың баласын орысша білмедің, орысша экскурсия жүргізбедің деп шырылдатып, қазақ жерінде қазаққа қысым көрсетіп жүрген бұндай басшылардың пиғыл әрекеттері неге министрлік назарынан тыс қалып келеді.
Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Ал, бүгінде Абай мұражайының қызметкерлері «қазақ тілін білмедік» деп ұялудың орнына «орыс тілін білмедің» деп айыпталуда. Абайды насихаттап жан аямай жұмыс жасап жүрген жастарымызға «жұмыстан кетесің» деп кысылмай, қымтырылмай айтып жүрген басшы қазақ тілін былай қоя тұрып, қазақтың біртуар ұлы ақыны Абай мұрасына қандай пайдасын тигізбек ағайын! Елбасымыз ұстанған салиқалы саясатқа ғана емес, қазақ деген ұлтқа, мәдениетіміз бен дінімізге кесірін тигізіп жатқан бұндай басшылар, тек өзінің теріс идеологиясы мен партиялық көзқарастарын ғана жүзеге асырары анық.
Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейтуді сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Бірақ ауыз толтырарлықтай нәтиже шықпай жатқаны осындай басшылардың араңдатушылық әрекеттері.
Экскурсия барысында аңғарғаным мұражай басшысының орыс тілін үйрететін адамы да бар екен. Ол музей директорының шаруашылық жұмыстары жөніндегі көмекшісі сынды. Ең қынжылтатыны – ол орыс тілін үйрететін білгіш те қазақ азаматы екен.
Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Қазаққа қазақ орысша сөйлеп, орыс тілін ұялмай үйретпекші ме сонда. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда Абай музейінің атқамінерлері бұл игі шаралардан мақұрым қалған секілді. Соны естіп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата-анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп-тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқын халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді.
Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!
Орынбеков Ерлан, Өскемен қаласы
Abai.kz