16 НАУРЫЗДА САЯСИ ПАРТИЯЛАРДЫҢ ПІКІРСАЙЫСЫ ӨТЕДІ
Бүгiн Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 16 наурызда «Хабар» арнасында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысатын саяси партиялардың пікірсайысын өткізу туралы қаулы қабылдап, оны өткізудің регламентін бекітті.
«Пiкiрсайыс үшiн белгiленген эфир уақыты 90 минут. Бұл уақыт партиялар арасында тең бөлiнедi. Пікірсайысқа қатысу үшін сайлауға қатысушы әрбір саяси партиядан бір өкілден шақырылады. Қатысушылар жеке басты қаралаудан, саяси партияның, оның мүшелерінің намысына, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөз айтудан, басқа саяси партиялардың өкілдерін кемсітуден аулақ болып, жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормаларын сақтауға тиіс», – дедi Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК мүшесi Ләззат Сүлеймен.
ОСК мүшесiнiң айтуынша, республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiруді, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құруды насихаттауға және үгіттеуге жол берілмейді.
Абай-ақпарат