Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5264 0 пікір 11 Наурыз, 2016 сағат 13:44

СҮРЕҢСІЗ САЙЛАУ

Сайлау туралы сауалнамамызды жалғастырамыз. Естеріңізге сала кетейік, кеше төмендегі сауалнамаға Дос Көшім, Расул Жұмалы, Мақсат Ілиясұлы, Жарқын Түсіпбекұлы қатысып, пікір білдірген болатын (http://abai.kz/post/view?id=7068). Сонымен,

1. Сіз елімізде саяси науқанның жүріп жатқандығын сезіне алып жүрсіз бе?

2. V шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары өздерін өздері мерзімінен бұрын таратып жіберу туралы не үшін ұсыныс жасады, есіңізде ме?

3. Сайлау алды науқан қоғамдық, бұқаралық сипат иелену үшін қандай болуы керек?

4. Сайлау алды жұмыстарының сүреңсіздігі саяси партиялардың саяси белсенділігінің төмендігімен қоса біздің елде саяси технологияның, саяси мәдениеттің, саяси ойдың жетілмегендігін де байқатпай ма, қалай ойлайсыз?

5. VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісіндегі депуттардың қанша пайызы «Нұр Отаннан», қанша пайызы өзге партиялардан болуы мүмкін? Болжам жасай аласыз ба?

 

 

 

Әміржан Қосанов: саясаткер 

- Әрине, саясатта жүргеннен кейін сайлауға қатысты оқиғаларды жіті бақылап отыруға тырысамын. Бірақ, сауалыңыздың түпкі астарын түсініп отырмын. Өйткені қалың жұртшылық, ертең сайлау учаскесіне барып, дауыс беретін халықтың көпшілігі тек қана жалпыұлттық телеарналардан күнделікті беріліп келе жатқан партиялар туралы сюжеттерден ғана мағлұмат алуда, толыққанды сайлау науқаны бізде жоқ!

- «Дағдарыс ұлғайып барады, сондықтан да жаңа парламент керек» деген сыңайда «түсінідіріп» еді ғой. Елдің бәрі бізден басқа ешбір ел сол дағдарыс деп, өз парламентін аяқ асты таратып, жаңасын сайлап жатпағанын біледі! Ол себептің құны бес тиын! Саяси конъюнктура ел ішіндегі наразылық одан сайын күшейіп, шарықтау шегіне жетпей тұрғанда тезірек Мәжілістің жаңа құрамын жаңа конституциялық мерзімге құрап алу керектігін талап етті, билік сол ойын жүзеге асырды. Басқа сылтау да, себеп те жоқ!

- Ол үшін, кем дегенде, үш шарт орындалуы тиіс. Біріншіден, сайлау туралы заңнама өзгертіліп, үгіт-насихаттың, дауыс берудің, оны санаудың механизмдері мейлінше ашық, жария әрі қолжетімді болуы тиіс. Екіншіден, партия арасында шынайы әрі өркениетті бәсеке болуы шарт. Ол нәрсе бізде атымен жоқ. Біздегі бәсекені жөні басқа, яғни «Нұр-Отанның» спарринг-әріптесі, сосын парламенттегі серіктесі кім болады, - сол үшін кланаралық, ашық алаңда емес, кабинеттерде тоқтаусыз жүріп жатқан «бәсеке»! Үшіншіден, бізде заңдастырылған мәжілісті сайлау механизмін өзгерту қажет, яғни депутаттардың 50 пайызы партиялық тізіммен, ал қалған 50 пайызы бір мандатты округтер бойынша, яғни мажоритарлық жүйе бойынша сайлауды қайта қалпына келтіру қажет. Партияларға деген сенім төмендеген кезеңде мұндай қадам парламентке бір ұйымның емес, жалпы ұлттың қамын ойлайтын азаматтардың келуіне жол ашар еді.

- Сүреңсіздік шынайы бәсекелікке кереғар. Біле білсеңіз, бізде шынайы бәсекелік заңдары «ойнамайды». Бәрі алдын-ала ойластырған ойын екенін бәрі біледі.

- Болжам былай. 10 мыңға жуық учаскелік комиссияның төрінде бір партия, яғни «Нұротанның» өкілдері отырғанда, елде барша оппозицияның басын біріктіретін бір партияның болмауында – сайлау нәтижесі белгілі болғандай.

Дәурен Бабамұрат,  Республикалық "Болашақ" жастар қозғалысының лидері:

- Өкінішке қарай елімізде сайлау алды науқанның жүріп жатқандығы еш сезілмейді. Мен де оны байқап жүргенім шамалы. Жекелеген кәсіби мамандар болмаса бұқара халық бұл өте маңызды саяси үрдістен мүлдем бейхабар. Тіпті сұрақты басқаша қою керек секілді. Неше пайыз халық сайлау болатынын біледі ?

- Не үшін таратқандары белгісіз. Яғни, БАҚ- та себебі айтылып жатты, бірақ менің есімде қалмапты. Әйтеуір экономикалық дағдарысқа қатысы бар екені білемін.

- Сайлау алды науқан жаппай бұқаралық сипат алу үшін ашықтық керек, Партиялар арасында шынайы саяси бәсеке болу керек. Қазір біз оны көріп тұрған жоқпыз, бір алпауыт партия бар және ол партиядан ешқандай идеологиялық, бағдарламалық өзгешелігі жоқ тағы бірнеше партия бар. Бұндай жағдайда сайлаудың бұқаралық сипаты туралы айту артық.

- Жоқ олай ойламаймын. Себебі 2004-2006 жылғы сайлауларда өзім белсенді аралыстым және сол уақытта халықтың да, саяси ойыншылардың ба саяси мәдениеті, белсенділігі тиісті деңгейде екенін көргенмін. Яғни бүгінгі саяси бәсекелестіктің төмен болуы халыққа байланысты емес.

- Менің жобам бойынша 5 шақырылммен 6 шақырылымның арасында қатты айырмашылық болмайды. Яғни екі партия барьерден өту үшін 7% төңірегінде дауыс жинаса ("Ақ жол", "КНПК"), қалғанның бәрін "Нұр-Отан" алмақ. Бәлкім жоғарыда көрсетілген екі партияның бірі ауысатын шығар. Бірақ одан да мен ешқандай негіз көріп тұрған жоқпын, себебі бұл үштіктен басқа партияларда альтернативті ой, сәйкесінше жұмыс, тұрақты электорат жоқтың қасы. Болып жатқан сайлау науқаны 6 шақырылым өзгеріссіз (партиялық құрамы) қалу керек деген қағиданы растап отырғандай. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522