ТӘУКЕ ХАННЫҢ ПЕТР ПАТШАМЕН ТІРЕСУІ
«От Тявки (Тәуке) хана все можно ожидать»
Петр І
Әз Тәуке хандық дәуірінде Ресеймен сауда-саттық пен саяси қарым-қатынас орнатпақ болады. 1687 жылы Тәукенің оң жағында отыратын батыры Тәшім екі ел аралық сауда-саттықты ашу міндетімен Тобольскіге жіберіледі. Оның міндеті Қазақ Ордасының орталығы Түркістанға орыс көпестеріне жол ашу болатын.
Тәшімнен кейін Тұманшы батыр бастаған қазақ елшілігі, жанына ірі саудагерлер ерген, тағы да Ресейге аттандырылады. 1690 жылы Ресеймен сауда-саттық келісіміне Әз Тәуке хан атынан қол қою үшін Сары батыр, Көлдей мырза, Қабай аталық бастаған қазақ елшілігі үлкен кесапатқа тап болғаны тарихи шындық. Олар Тобольск қаласының ірі саудагері Әуезбай Құлмаметовке Әз Тәуке хан жазған хат тапсырып, екі ел арасындағы сауда жүргізілуіне дәнекер болуды сұраған. Қазақ елшілігінің орыс елшілігімен кездескен жері Жәміш көлінің маңы. Орыс жағынан Тобольск қаласынан келген стольник Павел Шарыгин өкілетті елші саналған. Елі матай-ноғас Қабай аталық қосшыларымен Тобольск қаласына Сібір губернаторына жолығуға және оған Әз Тәуке хан арнап жазған хатты тапсыруға аттанып кетіп, ісін оңды бітіріп, елге есен қайтады.
Сары батыр мен Көлдей мырзаны Жәміш көлінің маңынан «елшіге тиіспейтін тәртіпке қарамастан» 1690 жылдың күз айында орыстар Сібір астанасы Тобольск қаласына ұстап әкетеді. Оқиға баяны Ресей деректерінде: «1690 жылы Жәміш көлі жанында жолаушы түсетін жерде Тәуке ханның адамдары Көлдей мырза мен Сары батыр тұтқынға алынды. Олар екі жүз жасақпен келіп, ақ патшаның әскери адамдарын найзамен шаншып, мылтықпен атып, тонады. Тұтқынға алмақ болды. Тобыл уәзі, Тар бекінісінде көп кісіні кескілеп өлтіріп, бекіністі өртеді. Сол үшін Көлдей мырза мен Сары батыр тұтқындалды», - деп жазылған.
Ресей жағының таққан кінәсі жалған еді. Сары батыр мен Көлдей мырза бастаған қазақ елшілігі Ертістің сол жағасында Ресей тарапынан келісім сөз жүргізетіндермен, саудагерлер, әскер адамдармен кезігеді. Екі жақ Ертістің сол жағасында, Жәміш көліне қарама-қарсы тұста, келісім сөз жүргізіп жатқанында, көлденең топ жортуылшылар бұларға соқтығып, екі жақтың да тас-талқанын шығарады. Ресей жағы осыған қазақ жағы тікелей қатысты деп кінә тағады. Ал, қазақ жағы бұл қалмақтардың істегені дегенді айтады. Анығында Тобольск губернатор кеңсесінде Сары батыр: «Царского пресветлого величества служивые люди за калмыков не пристали и людям его шкоды не учинили», - деп жауап беріпті. Келісімді бұзған қалмақ соқтығуы екенін Сары батыр қанықты етіп айтып берген. Бірақ, Сібір басшылары істің өңін өзгертіп, орысты қазақ шапты қылады. Екі ел арасындағы сауда-саттық келісімі қол қойылмай тоқталады.
Оқиға қазақ пен орыс қарым-қатынасын ушықтырады. Бітімге дейін қазақтың барымта-қарымтасы бастау алады. Көлдей мырзаның әкесі Түке би бұл іске аянбай кіріседі. Елде қол жинап, жаугершілікке дейін барады. Түке биді Абылай мен Қази ханзадалар қолдап, жол бастайды. Жаугершіліктің баяны Ресей деректерінде: «1690 жылы Тәуке ханның қазақтары Өтес пен Қалмақ слабодаларына келіп, үйлерді өртеп, дүкеншіні және шаруа адамдарды кескілеп өлтіріп, орыс еркектері мен әйелдерін тұтқындап әкетті. Тәуке ханның қазақтары Тобыл уезіндегі Ялуторов слабодасына жасақпен келіп ойран салып, слабоданы өртеп, адамдарын ұрып-соғып, тұтқынға алып кетті. Семізкөлдің жанында әскери адамдардың көбін далада қырып тастап, біразын тұтқынға алды. Әлі де жасақпен келіп ойран салатындарын мақтан етті», - делінеді. 1690 жылы қыста Ресей көпестерінің Кашку бастаған керуені тоналып, жаласы қазаққа жабылады. Орыстардың ол назына Тәуке хан: «Ел ұрысыз, дала қырсыз болмайды», - деп жауап береді. 1690 жылдың қысында Түмен округінің Тархан острогі талқандалады. 1691 жылы Царев-городища бекінісі шабылады. Тобыл губерниясының Утяцкое слабодасы, Орынбор губерниясының Куртамыш қонысы талан-таражға ұшырайды. 1690-1692 жылдарда қазақ жасақтары Сібірдің Тара қаласына дейінгі аймақтағы елге тыныштық бермей барымталап, қанауға салады. Амалсыз Сібір басшылары 1692 жылы боярдың ұлы Андрей Неприпасов бастаған елшілерін Тәуке ханға жібереді. Енді Ресей құжат деректеріне назар салайық.
1692 жылдың шілде айының 14 күні Ұлы патша Петр І-ші жарлығымен және Сібір приказының (полиция) шешімімен, «Сары батыр мен Көлдей мырза тұтқынға алынып, тоналғаны» туралы, боярин Степан Салтыков, атты казак Александр Алемесов, тілмаш, татар Юлучка Шеманаев, ақсүйектің ұлы Андрей Неприпасов Қазақ Ордасына Тобольскіден елшілікке жіберілді. Олар Түркістанға Тәуке ханға жетті. Әз Тәуке хан: «Слабодаларыңды тонаған қазақтар емес, қалмақтар. Жәміш көлінде Сары батыр мен Көлдей мырзаны бекер ұстағансыңдар. Олар мен жіберген елшілер болатын. Қазақ елі атынан», - дейді. А.Неприпасов: «Сары батыр мен Көлдей мырза өздерімен қарақшыларды ертіп келген. Көлдей мырза сауда-саттыққа, келісім сөзге шақырды. Ресей адамдары көл жағасына сауда жасауға келді. Көлдей мырза, Сары батыр қарақшыларымен патша ағзамның адамдарын найзамен шаншып, садақпен атты. Саудаға әкелген тауарларды тонады. Сол әрекеттері үшін екеуі ұсталып, Тобольскіге жіберілді», - дейді.
Андрей Неприпасов патша ағзамның жарлығын оқымаққа Тәуке ханнан бас киімін шешіп, орнынан тұруын сұрайды. Тәуке хан орнынан тұрмақ түгіл, бас киімін де шешпейді. Андрей басқа елде патша ағзамның бұйрығын құрметпен қабылдайды деп шүленсиді. Тәуке хан аяғының ауыратынын сылтау етіп, ал бас киімді «Аллаға сиынғанда да шешпеймін» дейді. Андрей Неприпасов жаугершілікте тұтқынға түскен орыс слабодасының адамдарын қайтаруды талап етеді. Орындалмаса соғыс жарияланады деп қорытады. Мұны естіген хан маңайындағы қазақтың асылдары: «Бізге орысқа барудың қажеті жоқ. Олардың бізге келгендері малай болады», - деп орындарынан өре түрегеледі. Андрей Неприпасов кері қайтатынын білдіреді. Тәуке хан өтінішін қабыл етпейді. Көктем шыға Бұқара саудагерлеріне қосып қайтарамын. Қазір қайтарсам Сарысу бойындағы қалмақтар кәтер қылады деген сылтау айтады. Ресей елшілері Тәуке хан ордасында қыстап шығады.
Көктем шыға қайтуға тағы сұранады. Хан оларға патша ағзамға жіберетін елші таңдап алып, бірге қосып жіберетіндігін жеткізеді. 1693 жылдың орта шенінде Түркістанда жүрген тобылдық татар, саудагер Тәуішке Мерген Тәуке ханнан Бұқараға саудамен баруға рұқсат сұрайды. Хан Андрейді өзіңмен ерте кетесің деп, рұқсат етеді. Олар Бұқараға кетісімен Абылай мен Қази ханзадалар жасақтарымен орыс қалаларына шабуылдар жасайды. Ресей қалаларын шапқан екі ханзада Тәуішке мен Андрейден екі апта бұрын Түркістанға оралады. Тәуішке мен Андрей Бұқарада үш ай жүріп келеді. Келе Андрей қайтуға рұқсат сұрайды. Қырда жортуылшылар көп деп Тәуке хан Андрейді қайтармайды.
Тәуке хан Ұрға бекінісінен ханзадалар жасағы шабуылдағанда тұтқынға түскен орыстарды Түркістанға алдыртады. Андрей Неприпасовқа олар: «Қазақтар Бәшенкеге келіп, Тобылдың ақсүйегі Василий Шульгинді тұтқындап әкеткенін, үш жүз кісі өлгенін, он екі адамның басын кесіп Бұқараға әкеткенін, қазақтардың екінші тобы Шипицын слабодасын шапқанын, сол қазақтар 1693 жылдың орта шенінде Көлдей мырза жазған хат ала келгендігін айтып береді. Тәуке хан Көлдей мырзадан келген хатты оқуды бұйырады. Хатта: «Түрменің қиыншылығына шыдамай Сары батыр қайтыс болды. Ресей елшілерін көп ұстамай, құрметпен қайтарған жөн. Келісім сөздер жалғастырылғаны оң», - деген сөздер жазылыпты. Тәуке хан: «Сары батырдың жылдығы өткізілгенше жаугершілік пен барымта-қарымтаны доғарыңдар», - деп қазаққа тоқтам салады.
Андрей Неприпасов бас бостандығын ойлап, еліне қайтуға көмек сұрап Көлдей мырзаның қайын атасы Түркебайға жалынады. Түркебай Тәуке ханнан Андрейді қайтаруды өтінеді. Қазақтың бетке ұстар асылдарын жинаған Тәуке хан: «Қай қазақ ақ патшаға елші болып барады?» - дейді. Қазақ асылдары ықылас білдіре қоймайды. «Ешкім жоқ», - деп хан қабағы түйіледі. Дегенмен біреу шығады. Ол Тайқоңыр еді. 1694 жылы көктемде Тәуке хан Петр І-ге Ресей мен қазақ елі достығы, қарым-қатынасын жаңарту туралы және Тобыл қаласында тұтқындалып отырған Көлдей мырзаны қайтару туралы хатпен өтініш қылады. Хатта: «Жақсылық іспен Сібір Тобыл уезіне елші етіп жіберген екі адамның біреуі Сары батыр қайтыс болып, қызметшім Көлдей мырзаны ұстап отыр. Ұрылардың орнына елшіні қамауға алған дегенді естіген емеспіз. Ұлы мәртебелім, өтінішімді тапсыруға сенімді адамым Құлтабай Аталықов батырдың ұлы Тайқоңырды жібердім. Ілтипат көрсетіңіз», - делінеді. Тайқоңырға сапар оңайға түспегенімен, іс межесіне жетіп еді. Петерборға 55 күн жол жүрді. Қасына сауда керуен басы түркістандық Әлсейіт Шүкіров, Андрей Неприпасовтың елшілігі құрамында келген Александр Алемесов пен Юлуй Шаманаевты ерткен болатын. Петр І-ші: «На русских людей будет мыслить всякое зло. От Тявки (Тәуке) хана все можно ожидать», - деп жұқарып, Көлдей мырза кінәсіз болса, Тәуке хан тілегін орындауға ықылас қылады.
Тобыл татары, саудагер Тәуішке Мерген Көлдей мырзаның қайын атасы Түркебайға «мұндағы А.Неприпасовты қайтарса, Көлдей мырзаның еліне тірі жетуі күдікті» деген мәлімет жеткізеді. Түркебай Тәуке ханнан Андрейді қайтармай, кідіртуін өтініп, Көлдей мырза Ұрға бекінісіне жеткізілгенше ұстап тұруды сұрайды. Қази ханзадаға Көлдей мырзаның әкесі Түке би: «Орыстың әскерін жеңген шығарсың. Оның өзінде жауынгер матай жасақ ерлігімен. Елдестірмек елшіден. Тағы елші жіберт», – деп шүйлігеді. Әз Тәуке хан 1694 жылдың 5 қазан күні Тайқоңырды қосшыларымен, қасына орыс елшілігімен келген казак Александр Алемесовты, Юлучка Шаманаевты, татар Ырыс Қаранаевты 15 адамымен қосып, Сібір Тобыл дуанына елші етіп жіберіп, Көлдей мырзаны босатуға ықпал етуін сұрап, Тобылдың дуан басшысына хат та жолдайды.
Көлдей мырза Тобольскіден Ұрғаға жөнелтілетінін білген рулас матайлар үш мың қолмен Ұрға бекінісіне жетеді. Тәуке хан оларды тоқтата алмай қалады. Оқиға бұдан кейін өзгеше өріс алады.
Көлдей мырза Тобольскіден Ұрғаға жөнелтілгенде қасында екі орыс атқосшы, атты казак Федька Скибин, Матвей Трошин адамдарымен, саудагер, тілмәш Тәуішке Мерген бес серігімен болады. Олар Ұрғаға кірмей, Түркістанға жетуге үш күн қалғанында екі атқосшы, татар Тәуішке Мерген серіктерімен өлтіріледі. Федька Скибин, Матвей Трошин адамдарымен Түркістандағы Тәуке ханға Көлдей мырзаны сый-сияпатымен жеткізеді. Олар боярдың ұлы ақсүйек Андрей Неприпасовты қайтаруды тілейді. Тәуке хан оны Бұқараға сатып жібергендіктен, қайтармайтынын айтады. Федька Скибин шарасыз қалады. Тәуке хан Ресейге жаугершілік жалғасатынын мәлімдеуге шақ қалған болатын. Тәуке хан жіберген Тайқоңыр бастаған қазақ елшілігі 1694 жылы күзде Көлдей мырзаны босаттырып, іс оң бітеді. Үш мың қол матай жаугершілік жасамай, Ұрғадан оралып тарасады.
Тәуке хан Түркістанда А.Неприпасовты адамдарымен екі жыл, үш ай ұстайды. А.Неприпасов 1695 жылы 24 ақпан күні Түркістанда ауырып өледі. Васька Шульгинді адамдарымен Тәуке хан жасырын 1696 жылы 20 шілдеде Бұқараға аттандырады. Сыр өзені бойында қазақтар оларды тонайды. Васька Бұқараға жаяу жетіп, алты ай сонда тұрады. 1697 жылы 13 қарашада Хиуаға жол тартады. Хиуада он апта тұрады. 1698 жылы 8 наурызда Ресейге баратын Бұқара керуеніне ілесіп, Астраханьға жетеді. Орыс басшыларына Васька Шульгин білгенінін баян етеді.
Көлдей мырза есімімен Найманның матай-қаптағай тармағында бір ел аталады. Сары батыр кіндігінен тараған ұрпақтардан матай-қаптағайда құлшан, елшен, қыдырәлі, бікен, қара атты рулы елдер тарам жайды. Ұрпақтары есімі үш Матай елінің ұранына айналған Бөрібай батыр, Қыдырәлі би, Досет би, Тәнеке (Нұралы) батыр, Сырттан батыр, Маман құт, алғашқы матай елінің қажысы, ағартушы Тұрысбек, нар Есімбек, «Бөрібай» көтерілісінің басшысының бірі Қожабек болыс, «Мамания» мектебін салдырған Сейітбаттал қажы, қазақ романына бәйге жариялаған Есенқұл қажы, «Қазақ Уставын» жазған Барлыбек – игі істерімен елге танымал тұлғалар болды. Сары батыр, Көлдей мырза, Қабай аталықты ел ескеріп, білгені абзал.
Жемісбек Толымбетов
Алматы облысы.
Abai.kz