АЛАШТАНУШЫЛАР ӘЛИХАННЫҢ РУХЫНА АРНАП АС БЕРЕДІ
5 наурыз – мына фәни жалғанда ғұмыр кешіп жүрген кезінде-ақ, «Алаштың Әлиханы» атанған Алашорда көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туған күні. Биыл дара тұлғаның дүниеге келгеніне 150 жыл! Бұл – барлық «Алаш!» деген қазақтың ортақ тойы.
Әлихан Бөкейхан – қазақ руханияты һәм саяси жүйе тарихындағы үлкен феномен. Ол – бар қазақтың ауыз толтырып айтар мақтанышы, мерейі. Әлихан Бөкейханды ЮНЕСКО –ның өзі – «Әлемдік тұлға» деп таныды, ол – «Ғасыр саңлағы».
5 наурыз күні Астана қаласындағы «Алтын адам» мейрамханасында алаштанушы-ғалымдардың ұйымдастыруымен, Алаш аманатына адалдық танытқан белгілі кәсіпкер, қалталы азаматтардың қолдауымен Әлихан Бөкейханның рухына арналған Ас беріліп, оның әзіз рухына һәм онымен бірге Алаш қозғалысына белсене араласқан асыл ерлердің рухына Құран-хатым бағышталмақшы. Әлиханның Алаш идеясы – бүгінгі қазақтың да шамшырағы іспетті. Әлихан бабамыздың 150 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Абай-ақпарат