ЕЛДЕН ЕРЕК "АҚЫЛДЫ"
Қоғамның жай-күйі жастарынан көрінеді. Қазіргі жастардың фобиясы қандай? Бүгінгінің жасының фобиясы елден ерек ақылдылығында жатқандай. «Ойлы жас, сен түсінсең, рахмет!» Ақ таң атқанынан қас қарайып батқанша, жасаған іс-әрекетке берілер есеп бар ма?..
Асхана. «Асханадан салат ұрлау операциясы». Күйлі деген отбасынан шыққан әп-әдемі қыздар. Сырт келбет тіпті тамаша. Жапсырмалы кірпік дейсіз бе, ең қымбат брендті киімдер дейсіз бе, тіпті пластикалық операция арқылы жасалған ботадай көз, оймақтай ерін, сүйкімді бет-пішіні бәрі бар. Бәрін де сатып алуға оның шамасы жетеді. Тек бір дүниені ғана сатып ала алмайды. Ол – мына сөредегі салаттар. Ұрланып желінген салаттар дәмі «аштықта жеген құйқадай-ақ». Егер оны өз ақшасына сатып алса, мұндай дәмді болмас еді. Еңбектің наны тәтті деген осы да. Қалтасынан ақша шығарып сатып алардай, ол ақымақ емес. Ол – ақылды. Тек елден ерек ақылды. Мұны түсіну үшін де елден ерек ақыл керек.
Замандасым енді профессор-оқытушының алқымынан алып, жағасына жармасты. Себеп – «бұл оқытушының өз орнын білмеуі». Берілген тапсырманы орындамаған шәкіртке «әй» деуге болмайды. Өйткені, ол университетке тәрбие алу емес, білім алу үшін келеді. Тапсырманы орындамаған студент емес, талап еткен оқытушы кінәлі.
Жүйткіген алпысыншы автобус. Іште – біздің бойжеткен. Бұл жолы қайтер екен дейтін шығарсыз?.. Ол автобуста елегізіп, ұйықтап отыр. Осылай ұйықтау арқылы екі ауыртпалықтан оңай құтылуға болады. Біріншісі – үлкендерге орын беру. Екіншісі – жол ақысын төлеу. Үлкендерге орын беріп, қайтсін?.. Ол қартаймайды ғой. Жол ақысын төлеп қайтсін?.. Үнемдеу керек. Бұған да шеберлік керек. Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас.
Үйге келсе, інісі оның телефон қуаттағышын пайдаланып отыр екен. Бұған көнетін біздің қыз емес. Оның затына тиісуге болмайды. Тіпті дәл қазір телефонының қуаты толық болса да... Оның өз меншігін қорғауға ақылы жетеді. Ол – ақылды. Тек елден ерек ақылды.
Анасы мен әкесі қызметінен оралды. Әкесі теледидардан көптен көрмеген ең жақын туысын көріп отыр ма, әйтеуір көгілдір экраннан көз айырғысы жоқ. Бойжеткен қыз сериалының уақыты болды. Ғаламтордан көру үшін өз бөлмесіне бару керек. Ғаламторды қосу керек. Мұншама көп тірлікті атқарып қайтпек?.. Әкесінің алдында жатқан фультпен қоя салу оңайдың оңайы. Бұл үшін ешкімнен рұхсат сұраудың қажеті жоқ. Ол өз қалауын ғана орындауы керек. Өйткені, өзгенің көңіліне қарап жүретін ол ақымақ емес. Ол – ақылды. Тек елден ерек ақылды.
Таң атты. Сабаққа бармады. Жай ғана кезекті жігітпен кездесе салып, уақыт өткізбекші. Бұл жігіт әлдеқандай болып, көңілінен шықпай қалса, кезектісі бар. Кездесу алдымен саябақта басталды. Тал түсте жасалған өбісулер жұрт назарын аударғанына оның түкіргені бар. Әлдебіреулердің әлдеқандай болып, бет шымшуларына әдемілеп жауабын да беріп қойды. Кімнің қандай шаруасы бар? Оның ақылы бәріне жетеді. Ол – ақылды. Тек елден ерек ақылды.
Бүгін не істедім деу жоқ. Ертең не қылмақпын деу жоқ. Сірә, бақыт дегенің осы шығар... Бәрі де елден ерек ақылдылығының арқасында.
Бақытжан Отарбаева
Abai.kz