Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6342 0 пікір 3 Наурыз, 2016 сағат 11:32

АҚЫН РАФАЭЛЬ НИЯЗБЕКПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жақында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институтында ақын Рафаэль Ниязбековпен кездесу өтті. Шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің және «Ғылым ордасы» кешенінің базасындағы ғылыми зерттеу институттарының бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан бір топ жас әдебиетшілер қатысты.

Филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орданың бастамасымен «Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ әдебиеті» пәнінің аясында бұған дейін С.Асылбекұлы, С.Қосан, Н.Ақыш сынды белгілі қаламгерлермен кездесулер өткізілген болатын. Шараның негізгі мақсаты тәуелсіз қазақ әдебиетінің өміршеңдігін дәлелдеп, егемендік тарихын шығармаларына арқау еткен қаламгерлермен жан-жақты танысып, бүгінгі әдебиеттің тынысын, бағыт-бағдарын айқындап, болашақ әдебиетшілерді іргелі ізденістерге дайындау. 

Бұл жолы батыр ақын Рафаэль Ниязбековтың шығармашылығын талқыға салған жас зерттеушілер қаламгердің өз аузынан жыр тыңдап, өмірі мен шығармашылығымен жақын танысуға мүмкіндік алды. Асау шабытты ақын тағдыры жайлы кең мағлұматтармен қаныққан қатысушылар көпті көрген ақынның дана тұжырымдарын да түртіп отырды. Ақынның «Бұл өтпелі заманда адам барлығынан айрылуы мүмкін, тек білім ғана мәңгі айрылмайтын байлық» деген парасатты сөзі жас ізденушілердің талабына қанат бітіргені сөзсіз.

«Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Биіктей бер, тауларым!», «Тамұқ отына жанбаған», «Шешендер», «Тыңда мәні, замана», «Қыдыр ғұмыр», «Махамбет майданы», «Жүрегімде ғасырлардың салмағы» сынды бірнеше жыр жинақтары,  «Қызыл үй», «Тас құдай» атты т.б. прозалық шығармалары жарық көрген қос қанатты қаламгердің жуырда алты томдық таңдамалы жинағы баспа бетін көрді. Жалынды жырларымен қалың оқырманның жүрегін баураған Рафаэль Ниязбеков  I. Жансүгіров атындағы сыйлығы, Шешенстан Республикасы Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» ордені, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығы марапаттарына ие болған. Қарымды қаламгердің бүгінгі әдебиет пен қоғам туралы өткір пікірлерінен ақындық қуаты әлі де сарқылмағаны байқалды. Әңгіме соңы ақынның батасымен аяқталып, сый-сыйапатқа ұласты.

Темірлан Жорабай

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373