БҰЛ КІМ?...
Әзірге бұл адамның аты-жөні бізге белгісіз болып тұр. Ол қазір Шымкент қаласы, Ордабасы аудандық ішкі істер басқарамасында күдікті ретінде тергеуге алынған. Күдіктінің бала ұрлығына қатысы бар көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласында Мұхамед Қамшыбек деген бала жоғалып кетіп табылды. Баланың табылуына себепкер болған әлеуметтік желіні тұтынушы кеше 31 арнаның жаңалықтар қызметіне жүзін жасырып, сұхбат берді. Өйткені куәгер үрей құшағында. Сыртқа шығуға қорқады. Себебі бар. Себебі – куәгерді мына суреттегі азамат: «Сен бізді көрген жоқсың. Көрдім дей қалсаң 2 жастағы сәбиіңнен айрыласың», - деп қорқытқан. Алайда, үнсіз қалуға дәті шыдамаған ол бәрібір ІІБ қызметкерлеріне хабарласып, мән-жайды айтады да жеке басының қауіпсіздігін сұрайды. Куәгер полиция қызметкерлері қарапайым киіммен, жан баласына сездірмей келіп хабарласатын шығар деп күтеді. Бірақ, Ордабасы ІІБ қызметкерлері бір топ болып және автокөліктерінің дабылын озандатып жетіп келеді. «Олардың бұл келісі менің жағдайымды қиындатып жіберді. Полицейлердің пәтеріме бас сұққанын көршілерім тегіс көрді. Айналаны торып жүрген күдіктілер де көруі мүмкін. Сондықтан да сыртқа аттап баса алмай отырмын», - дейді куәгер.
Куәгердің айтуынша, ол өзі жалдап тұратын екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесіне жамбаспұлын төлеп шығатын адамдарды жібереді екен. Сөйтіп, пәтердің жалдық ақысын айрып отырады. Мына жарнама бойынша оған бір ер адам хабарласады.
Хабарласқан адамдар бірер сағаттан соң аулаға келіп жеткендерін айтады. Куәгердің пәтеріне алдымен аяғын сәл сылтып басып мына кейуана келеді.
Кейуана кейпіндегі әйел қасында немересі бар екендігін, мүмкін болса, осында бірер түнеп шығатындарын білдіреді. Осы кезде оның ұялы телефонына бір әйел қоңырау шалып: «Баланы тез әкеліңдер!» - деп дігірлейді. Ал, қазір күдікті ретінде ұсталған әйел: «Құжаты болмағандықтан баланы пойызбен алып жүру мүмкін емес екен. Автобуспен шығамыз. Күт», - дейді. Бейтаныс әйелдің сөзінен күдіктенген куәгер құжат сұрайды. Құжат мәселесі қозғалғанда әлгі әйел тез жиналып шығуға бет алады. Пәтер иесі (оның есімін әзірге А деп қоялық) – А жасы үлкен кісі ғой деп, әйелді шығарып салады. Шығарып салғанда көреді: аулада әйелді күтіп тұрған машинаның ішінде екі-үш адам және кішкене бала отырады. «Немереңіз осы бала ма?» - деп сұрайды А. «Иә, осы» - дейді кемпір. Кемпірдің сөзіне ілесе машинадан шыққан ер адам: «Қарындас, әйеліммен ренжісіп қалып едім. Содан сол, шешеммен баламды ертіп алып қоналқы жер іздеп жүрміз» - дегенді айтады. Артынша А-ның пәтеріндегі домофон арқылы қоңырау соғып жоғарыдағыдай ескерту жасайды: «Сен бізді көрген жоқсың. Көрдім дей қалсаң 2 жастағы сәбиіңнен айрыласың».
Куәгер ІІБ қызметкерлеріне баланы ұрлап машинаға салып жүргендердің аузынан қайта-қайта Арыс қаласы туралы естігенін, олардың шамамен Арыс қаласына кетуі мүмкін екендігін ескертеді. Дегендей-ақ, құқық қорғау қызметкерлері Мұхамед Қамшыбекті Арыс қаласынан тауып алады. Қалған жайт оқиғаның барысынан хабардар оқырманға түсінікті шығар деп ойлаймыз. Мына сілтемелерді ашып қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=6876; http://abai.kz/post/view?id=6903.
Куәгер алты жастағы Мұхамедті ұрлап жүргендер бір кемпір, бір ер адам емес, ұйымдасқан топ болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Себебі: олар баланы Алматы қаласына апарып тастаудың әрекетінде болған. Күдіктінің суреті әзірге тек біздің порталда ғана жария көрді. Суреттің бетінде кәугер А мен Ордабасы аудандық ІІБ қызметкерлерінің ватцаппен хабарласып жазысқан сөздерін оқи аласыздар.
Қысқасы, мына адам кім? Оның аты-жөні неге осы уақытқа дейін құпия? Ол қамауда ма, әлде бостандықта ма? Полиция қызметкерлері бала ұрлығына неге тек мосқал әйелді ғана кінәлап отыр? Сұрақтардың жауабын алдағы күндерден күтеміз.
Abai.kz