Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 4311 0 пікір 21 Шілде, 2016 сағат 12:48

ЖАЗУШЫ ҮШІН ТАПТЫРМАЙТЫН МАТЕРИАЛ...

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал жазушы Дулат Исабеков жастық дәуреннің кейбір сәттерін арасында рахаттана күліп қойып, айрықша бір әсермен әңгімелеп отыр:

– Қарап тұрсаң, хобби дегеннің өзі мамандық деңгейіндегі жанама қасиеттің бір түрі сияқты. Кезінде әркімнің белгілі іске аңсары ауады да, кейін түрлі жағдайларға байланысты басқа салаға бұрылып кетеді. Құдай тұмар қылып қойған негізгі кәсібі де – анау, соны да мүлдем тастап кете алмай өмір бақи айналыса береді. 
Мысалы, жазушы Анатолий Ким әне күні Мәскеуден келген бір сәтінде: «Осында жатып кезекті романымды аяқтадым. Енді проза жазбаймын. Әу баста оқуын бітірген суретшілік кәсібіме қайта ораламын. Бұрынғы қолтумаларым өте көп. Енді қалған ғұмырымды соларды жалғастыруға арнаймын. Әдебиет, негізінде, мен үшін хобби еді» деп қалды.
Жас кезде көп нәрсеге еліктейсің ғой. Өзім тоғызыншы класта жүргенде трактор да айдап көрдім, кейінірек телеграф монтажшысы болып жұмыс істеп жүріп, бағанаға өрмелеу жарысында аудан бойынша бірінші орын алғаным да бар. Сондағы аяққа киетін темір «тырнақтар» да, белдігім де әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Онда теміржол бойындағы бағаналарды ауыстырумен бірге термитті сіріңкемен сымдарды пісіріп, жалғаумен шұғылданатынбыз. Түскі үзіліс кезінде қатар-қатар тербетіліп тұратын сол телеграф сымдарының үстіне көлденең жатып алып, ұйықтап алу да рахатсыз емес-тін. 
Кім біледі, сол кезде Ташкентке барып оқуына құжат тапсырғаныммен, өзбек тілі пәнінен алынған сынақтан өте алмай қалмағанымда бүгін байланыс жүйесі саласында жүрер ме едім.
(Қаламгердің, мәселен, тракторшылық сәттерінің көріністерін «Шойынқұлақ» шығармасынан, сондай-ақ монтажшылық мамандық белгілерін «Мазасыз күндер» немесе «Линия связи» әңгімелерінен байқауға болатындай. Қ.М.).
***
– Кейінгі ермек музыка болды. Ауылда мектеп бағдарламасы деңгейіндегі ұлттық ән-күймен тәрбиеленген бізді Алматыға келгенде классикалық музыка қатты қызықтырған. Елде жүріп аттарын ғана еститін сонау Бахтан бастап, Моцартыңыз бар, Бетховен, Гайдн, Чайковский, Мусоргскийдің... күйтабақтарын қырғын кезекке тұрып алып, соларды мынау сексенінші жылдарға дейін құныға тыңдаумен келдік. Кейде бұл тұрғыда маман музыканттармен де пікірталастырып қалатын кездеріміз болды.
***
– Келе-келе математика құштарландырған. Бұл пәнді мектепте нашарлау оқығаныммен, кейінірек студент шағында-ақ кандидаттық диссертация қорғап, сенсация жасаған Амангелді Омаров сияқты жігіттермен танысып, достаса, пікірлесе келе математика мен әдебиеттің егіз екеніне көз жетті. Содан өзім де баяғы Лобачевский бастап кеткен геометриялық қисық сызықтар теориясымен шындап айналыса бастаппын. Математиктердің артықшылығы – олар көпшілік арасында қалыптасып, сіңісіп қалған ұғымдар мен қағидаларды тас-талқан етіп жоққа шығарады. Мәселен, қисық сызықтардың параллелін, олардың түзулігін, параллельдің қосылатынын айтады және оны қатырып дәлелдеп береді. Қызық емес пе! Біз де сол екпінмен біраз жерге барыппыз. Кейбіреулер, тіпті, «сіз осы математик емессіз бе?!» деп те жататын. Өмірдің кез келген саласында математиканың қажеттігін насихаттау ниетінен шығар, «Жұлдыз» журналында жүргенде басылымға осы кәсіп иелерін көбірек тартып, бірқатар мақала, очерктер сериясын жариялаппыз.
Мұның өзі прозаға да мол көмегін тигізеді. Дүниетанымды кеңейтуге, бәріне... 
***
– Ал, енді мен үшін шахматтың жөні бөлек. Кейбір достарым: «Шіркін, менімен бір кездесер ме еді?!» деп алақандарын ысуы мүмкін. (Дүкең бұл тұста және рахаттана күлді).
Бір кісідей ойнаймыз енді... Ылғи жеңу де басты шарт емес.
Баяғыда бір: «Адам өзім шахмат тақтасына отырғаннан бері нағыз адам ретінде сезіне бастаған болуы керек» деп жазып қойыппын. Өйткені, шахматта фантазия шексіз. Содан бері, ұдайы этюдтерді талдау, баяғы М.Ботвинник, Х.Капабланка, А.Алехин, Эм.Ласкер сияқты әйгілі гросмейстерлердің, қала берді, әлемге кең танымал болмаса да аса биік дәрежеде ойнаған эстондық П.Керрес сияқты шеберлердің құпияларына бойлау көркем шығарма жазып бітіру қуанышынан ешбір кем болмайды.
Барған жерімде жақсы шахмат көрсем сатып алатын әдетім бар. Жазып жүрген кезде жанымда міндетті түрде магнитті шахматым болады. Өзі шағын, ыңғайлы дүние. Пойызда, ұшақта бара жатып та ойнай бересің. Ұтқыр партияларды үнемі жазып немесе қиып алып отырамын.
Этюдтерді шешу ермегі дегеніңіз де бойды буған дерт секілді нәрсе. Кейде уақытты да көп алады. Түн ортасы ауғанша ұйықтамайтын кездер де бар. Бірақ, әлгінде айтқанымдай, мұның да ләззаты мол. Асқар Сүлейменов екеуміз партияларды талдаудан жарысқа түсетінбіз. Кейде шахматты телефон арқылы да ойнайтынбыз. Осы әдет кейінде немерем Мерейге де жұға бастағандай...
Өкінішке қарай, шахмат Гарри Каспаровтар келген соң бұзыла бастады. Олар оны жарнамаға айналдырып, миллиондаған партиялар компьютерге салынды. Адамның ойнағанындай болмайды ғой енді. Қан жоқ, сөл жоқ, қатып қалған жансыз нәрседе мән жоқ-ау.
*** 
– Жолдастарым – Төлен, Бексұлтандарға: «Әй, сендердің қолдарыңнан жазудан өзге түк келмейді. Мен бағанаға да шығамын, трактор да айдаймын, бұзылған құлыпты да оңдаймын, мәшинені де өзім жөндеп, жүргізіп кете беремін!» деп күлемін ғой.
Автоәуесқойлықты ермек деуге келе ме, келмей ме?..
Қалай дегенмен, тарихтан да, техника тілінен де, бәрін хабардар болудың зияны жоқ. Мәселен, сонау сегізінші класта әкесі алып берген мотоциклдің рулін игере алмай, айдалаға лаға безген соң қаумалаған ауылдастары алдына арқан тартып, кигіз тосып, қайырып әзер тоқтатып алған соң техникаға жоламай кеткен Төлендеріңіз қазір Президенттік аппаратта лауазымды қызметте отырса да хатшысыз-ақ компьютерді кәдімгідей өзі басады...

2001 жыл.

Құлтөлеу Мұқаштың «Фейсбуктегі» парақшасынан алынды

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052