Сәрсенбі, 26 Қараша 2025
Әдебиет 142 0 пікір 26 Қараша, 2025 сағат 13:52

Қазақтың модернистік сөздері

Сурет: 4brain сайтынан алынды

Қазір таптаурын болған сөздерді түрлендіріп өзгеше айтатын адамға «қиял, қиялшаң» деген лақап бірден таңылуы мүмкін. Бірақ, осындай жасампаз адамды сөккен, санасы таяз адам бабаларының алаулаған асқақ сезімге ие болғанын, олардың көптеген сөздерді модернизм бағытында тудырғанын білсе ғой!

Модернизм Қазаққа жаңадан келген жоқ, атамзаманнан бар. Тек отаршылдық кезеңдерде модерн сөйлеу дамымай қалып, жаңа сөздер жасалмай, тоқырап, тозып қалған рухани адамдарымыз ақырында осындай ерекше сөз қолдансаңыз жат көріп, жақтырмайтын кезең туындады.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында әдебиетте пайда болған жаңаша мағынаға ие, қалыптасқан тілдік нормалардан ауытқыған сөздер модернистік сөздердің тобын қалыптастырды. Бұл сөздердің тобы жаңашылдықты, тосындықты, сезім мен сана ағынын, қоғамның таптаурын түсініктеріне қарсылықты білдіреді.

Модернистік сөздердің ерекшелігі:

  • Қалыптасқан сөздерге жаңа мағына беру.
  • Неологизмдер (жаңадан жасалған сөздер) қолдану.
  • Символизм, экспрессионизм, футуризм сияқты ағымдарға тән сөз өрнектері.
  • Қарапайым, күнделікті тілден тыс, күрделі, астарлы мағыналар.
  • Сана ағымында қолданылатын, ішкі монологқа негізделген сөздер.

Модернистік прозаға тән стиль «Сана ағымын» қалыптастырған. Мұнда сөздер кейде ретсіз, логикасыз көрінеді. Бірақ, ішкі логикасы бар.

Роман жанрының дамуы мен табиғатын зерттейтін Михаил Бахтинның «Диалогтық қиял: Төрт эссе (The Dialogic Imagination: Four Essays)» деген еңбегі бар еді. Бахтиннің «гетероглоссия» ұғымы – бір мәтіннің ішінде әртүрлі әлеуметтік және идеялық дауыстардың қатар өмір сүруін білдіреді. Автор романды қоғамдағы тіл мен ой алуандығын жеткізудің бірегей түрі деп сипаттайды. Модернистік тіл туралы төңкеріп жазатын кітаптардың бірі осы.

Тілдік абстракция, бейнелі сөздер, пародия мен типографиялық эксперименттер туралы сөз қозғайтын, Томас Элиот, Гертруда Стайн, Эзра Паунд, Джеймс Джойс сынды модернист жазушылардың тілмен жасаған тәжірибелерін талдайтын Джекоб Коргтің ««Қазіргі әдебиеттегі тіл: Жаңашылдық пен тәжірибе (Language in Modern Literature: Innovation and Experiment)» деген кітабын ауызға алмай өту мүмкін емес.

Модернистік өнер мен әдебиетті жаһандық тұрғыда түсінуге арналған жаңа терминдер мен ұғымдарды Эрик Хайот пен Ребекка Уоковицтің редакциялауындағы «Ғаламдық модернизмге арналған жаңа сөздік (A New Vocabulary for Global Modernism)» кітабынан қарай аламыз. Кітап модернизмді тек Батыс жаңашылдығы ретінде емес, әлемдік құбылыс ретінде қарастырады. Жергілікті әдебиеттер мен әлем әдебиетінің өзара байланысын, әдебиеттер арасындағы көпбағытты ықпалдастықты зерттейді.

Біз «XIX ғасырдың соңынан бастап пайда болды» дейтін модернистік ағымның тың белесі болған, ХХ ғасырдағы әдеби модернизмнің қалыптасуындағы тіл мен нәсілдік элементтердің ықпалы қарастырылған Майкл Норттың «Модернизм диалектісі: Нәсіл, тіл және ХХ ғасыр әдебиеті (The Dialect of Modernism: Race, Language, and Twentieth-Century Literature)» еңбегінде Майкл Норт жазушылардың өздерін «басқа ұлт өкілі» ретінде елестетуі мен басқа диалектілерге(сөйлеу тіліне) еліктеу арқылы әдеби тілде жаңашыл тәсілдер қолданғанын көрсететін.

  1. «Қыстың көзі – қырауда»

Кішкентай ғана қырау мен қылауды білесіз. Қазан айының 10~15 теріндегі Боқырауда бопайға(ат құмалағы) қырау тұрғанда, біз қыс жайлы хабар аламыз. Қарашада қабағымызға да қырау қатып үлгереді. Осы кішкентай ғана қырауды қазақтың «Қыстың көзі – қырауда» деп тәмсілдеуі реалистік, қарапайым өмір сөзі емес, модернистік талғамдағы адамдардың сөзі.

АҚШ ақыны Мэри Оливер(1935~2019) қыстың қырауды көз еткенін «ақ көздерімен бұтақтардың арасын тінтіп шығып» деп жырлайтыны бар, «Ақ көздер(White-Eyes)» деген өлеңінде тоңазып отырып:

With its white eyes

shoves and pushes

among the branches.

  1. «Көзден бұлбұл ұшты»

Жаз дәуренді қазақ "бұлбұл дәурен" деп бағалайды. Көзіңде балқыған бақытты күндерің кетсе, мұны қазақ «көзден бұлбұл ұшты» деп сөйлейді. Көзден бұлбұл дәуренін ұшыру да қазақтың жалпылық қолданысынан түспейтін модернистік сөзі болып табылады.

Джон Бливен Моринның «Бұлбұлым, үніңді бүлкілдет(Sing Soft The Nightingale)» деген өлеңінің соңғы 6 шумағы:

«Тау бұлағы кекететін бұлбұлды:

– Әсем құсым,

Ғажап құсым,

Мұңсызым.

Қыс келгенде жерге ештеңе таба алмай,

Боларсың-ау үнсізім.

Бірақ, бұлбұл жазбен бірге кетті ұшып...» деп аяқталады.

Saith the rushing brooklet on its way,

“Oh, thou beauteous bird,

Thou wondrous bird,

Thou foolish bird,

For when comes the winter

Thou shalt find naught to eat.”

But the nightingale flew away.

Морин да жазбен бірге ұшып кеткен бұлбұлдың көзден ұшқан жаз дәурендей екенін байқатып өтеді. Қаламы ұйықтамайтын қаламгерлер дүниенің нәзіктігі мен жұмбағын әрқашан қазақтың модернистік сөздерін тудырған ізгі адамдарымен қатар ойлаған екен.

  1. «Аузы мұрнынан шығу»

Қорыс-қопа болып қоқсып жатқан үйді қазақ «ауызы мұрнынан шығып жатыр» дейді. Пикассоның «жылаған әйел(The Weeping Woman)» деген суретінде кейіпкердің мұрнын аузынан, көз жасын сүртетін шыт сияқты шығарып қойғанын көреміз. Бос қалған мұрнының орны көз жасын сығатын шыттың бір бөлшегіне айналып қалған.

  1. «Қалауын тапсаң қар жанады»

Қар жана ма? Ақ түйіршік суықта қалтылдай ұшып тізеңізге қонбай ма? Ол қалай жанады? Алайда, қазақтың сөзі өте отты. Қазақ «қалауын тапсаң қар жанады» деп мүмкін болмайтын нәрсе жоқ екенін айтып ұрпақты қанаттандырады. Өз ұрпағын қанаттандырып модернистік сөзбен ғасырлар бойы балғын жүректерді емдеп келген қазақ, бұрыннан жаңаша ойлағандардың жарқын сөздерін есепке алып, кемсітпей, бағы маңдайынан байқалғандарды бағалай білген.

Прачи Агравалдың «Жанып тұрған қар(The Burning Snow)» деген төрт шумақпен толысқан өлеңінің соңғы шумағын "жанған қармен" аяқтататыны бар.

«Ештеңе де бермеңдер, ештеңе де алмаңдар,

Гүлдендіреді әлемді ақ қауашақ армандар.

Інжу-маржан секілді қалып жатыр үйіліп,

Жүрегіңнің түкпірінде жанған қар.

They blossom your world

Not expecting anything

They shine like a beautiful pearl

But deep in the core of their heart

They are the burning snow.

«Көз байланды»

Шофи Ахмедтің «Көзі байланған қара ай(Blindfolded black moon)» деген қысқа өлеңінде:

«Мен айды бұлқынтып кеудемде,

Көз нұрын сордым-ау, шерменде.

Соқыр болған қара айдан,

Ажырай алмай түн тербелген.

Күн көзін босата алмай қарайған –

Көзі байланған қара айдан» дейді.

I only took the moon, veiled in my cube;

I drew her innate water off – but not for good.

Now the sun can’t take its eyes

off the blindfolded black moon!

Off this night, the sunup is yet to unleash –

the dawn, let alone the tucked-away noon!

Таңның хабарын таппай қалған, айсыз, нұрсыз қара түндегі жағдайды айдың көзі байланғанымен түсіндіреді.

Қазақ күн батқан соң қараңғы түскенде, бұл мезетте «көз байланды» дейді. Қандай тұнық модерн сөз еді бұл! Қараңғы түскен уақытты көздің сыртынан таңылып байланған сәтімен тең көру – ақынның әдемі образдауымен тең.

  1. Қайғыға бату дегеніңіз – Құйға бату, қайығы бату

Натаниэль Филбриктің «Теңіздің жүрегінде: Эссекс кит аулау кемесінің трагедиясы(In the Heart of the Sea: The Tragedy of the Whaleship Essex)» кітабында, Ребекка Солниттың «Тозақта салынған жұмақ: Апат кезінде пайда болатын ерекше топтасулар(A Paradise Built in Hell: The Extraordinary Communities That Arise in Disaster)» кітабында, Дэвид Гранн-ның «Бәс: Кеме апаты, бүлік және кісі өлтіру туралы хикая(The Wager: A Tale of Shipwreck, Mutiny, and Murder)» кітабында кездесетін ортақ мәтінге назар аударсақ, теңіз арыстандарына айналған жиһанкездер "қайғыға бату" деген сөзді құйға бату әрі қайығы бату деп түсінеді. Олардың арасында танымал болған мынадай мәтін соны білдіреді:

«As for grief, you'll find it comes in waves. When the ship is first wrecked, you're drowning, with wreckage all around you. And all you can do is float. You find some piece of the wreckage and you hang on for a while. Maybe it's some physical thing. For a while, all you can do is float».

Мұның қазақшасы:

«Қайғыға келетін болсақ, оның толқындармен бірге келетінін көресіз. Қайығыңыз апатқа ұшырағанда, сіз онымен бірге батып бара жатырсыз, айналаңызда қайықтың қирандылары қалқып жүреді. Сіз жасай алатын өлмеудің бір амалы – жүзу. Сіз қайықтың қирандылардың тауып, соны сал қылып, соған ілініп тұрасыз. Әл-дәрменіңіз болса бірталай уақыт қалқып жүре аласыз».

Әлқиса, оқырман, «қайғы» ұғымының чуваш туыстарымыздың тіліндегі айтылуы – Хуйхы, Яғни құй-батпақ. Қазақтың "қайғыға бату" деген сөзді "құйға бату" деген сөзден шығарғанын көріп отырсыз. Қайығы бату, суға ғарық болу апаты да осы "қайғыға бату" сөзімен ұштасады. Қазақтың "қайғыға бату" сөзін жасаудың өзінде осындай модернистік сәтті қадамдарға барғанын көре аламыз.

  1. Ашыған сүттей ашуыңды таратам,

Сабаңа түссең, мінекей.

Бос саба ұстап мен тұрмын,

Піспегі қолда, кіре ғой!

«Ашуыңды тарқат, сабаңа түс!» деген сөзді ашып кеткен сүттің сабаға құйылған соң пісілсе, ашуының тарқауы, оның бетінен майы алынып, қайнатылғанда одан құрт алынатын жағдайына баламалы түрде айтқан. Бірақ, адам ішінде ренжігенде аши жөнелетін сұйықтықтар бар екені белгілі. Оның да адам денесінде тоғытылып жоғалатын саба тектес иірімді, піспелі орны бар.

Джейкоб Хиллдың «Ашу менің жүрегім мен жанымды толтырады(Anger Fills My Heart And Soul)» өлеңінің айранша ашыған басқы буындарында, осы тарқауға тиісті ашудың өзінің жүрегі мен жанын толтырғанын, жан әлемін ашытып жатқанын айтады:

«Ашу жүрегім мен жанымды толтырады,

Жанымды жеп үгімін қалтырады.

Ашудың толқыны саябырсығанымен,

Жүрек түбінде қышқыл боп әлі тұрады.

Ішіңде мәңгі қалады ұйтқысымен,

Күнам құсап айырылмай тұрды ішімнен.

Айналама зәһарын төгіп-шашып,

Ащы дауысын төгеді мұң күшімен...»

Anger fills my heart and soul

Anger takes a mighty toll

Anger lessens but can never leave

Anger you hope to never receive,

Anger stays forever within

Anger acts with the might of all sin

Anger is deadly to all around

Anger gets mad at the thought of sound...

  1. «Аза бойы – қаза болу»

Ар – ақ түс. «Аза бойы – қаза болу» сөзіндегі «ар» сөзінің «аз(аза)» болып, «қара» сөзінің «қаза» болып айтылғаны секілді, «р» дыбысының «з» дыбысмен алынуы қазақтың біраз сөзінде ұшырасады. «Қырыл(қырылу)» сөзінің «қызыл» түспен тығыз байланысы, «тұру» сөзі мен «түзу» сөзінің бір мағыналылығы, «еру(еріту)» сөзі мен «езу» сөзі, «бордың» түсі мен «боздың» түсі, «бұру(жаман жолға бұру)» сөзі мен «бұзу» сөзі де осының айғағындай.

«Аза бойы қаза болу» сөзі – ақ бойы қара болып, қаралы жан атанған, өлім сәтіндегі күңіреністі жағдайға арналған. Жақыны өлген әйелдің ақ денесіне қара киім киіп қаралы атануы...

Зулейха Чаканың «Мен ақ болсам шы?(What if I was white?)» деп жариялаған өлеңі:

«Not just the colour of my skin but the beauty in my soul.

If I was white, I’d finally be away from this darkness.

Darkness from the dark skin stuck to my bones like a plague, since birth» деген жолдармен тамамдалатын. Қазақшаласақ:

«Терімінің түсі емес, жанымның түсін де айтам шырқырап,

Егер, мен ақ болсам түнектің түсінен құтылар ма ем жылтырап?!

Туғаннан сүйегіме жабысқан қара терімнен түнек бұрқырап».

Бұл кісінің басында қаралы жағдай болмаса да, ол жан дүниесі мен тәнінің қара түске шырмалғанын айтып шағымданады. Көңілінің ағарғанын қалайды. "Аза бойы қаза болып" жыр жазған ол енді қара бойының ақ болғанын тілеуде.

  1. Мақта бере бергенше, баптай берсеңші!...

Мақтай беру – мақта беру. Мақтау – мақталау, мамықтау, астын жұмсақтап жағыну. Сөздің түбі осыдан шығады.

Мақтаны мал азығына азырақ қосса болады. Мақтадан улы зат бөлінетіндіктен көбірек берсе мал ауырады. Сол секілді көп мақтау да кісіні ауыртады. Біз махаббат сөздерінде мақтау айтамыз, аяулымызды мақтаға батырамыз.

Әйтседе, некесі бұзылған жандардың айырылысуы кезінде бұл мамық сөздерінен не қалады?

Бренда Макграттың «Мақта шары( The Cotton Ball)» деген өлеңінде ол некеленгеніне бір апта болғанда, күйеуімен бірге мақта алқабының жанына тоқтап, бұл бақытты, мамық күндерін есте сақтау үшін екеуі мақта тереді. Осы терген мақталары 30 жыл бойы жақсы күндерде де, жаман күндерде де ақын әйелдің қобдиында сақтаулы тұрады. Одан кейін мұны ұмытып кетеді де, екеуі ажырасқан кезде әйел осы ескірген мақталарды байқайды. Сонда ол мұны:

«After the divorce I came across the cotton ball in my things,

A symbol of a love now gone, like my wedding ring.

What do you do with a cotton ball that epitomized our bliss?

With a sigh and a tear I tossed it … moving on, and did not reminisce» деп жырлайды. Қазақшаласақ:

«Ажырасқаннан кейін, мақтауға толы мақталарымды байқадым.

Неке жүзігім іспетті, сүйіспеншіліктің жымиысы деп мұны айтамын.

Бақытымды бейнелеген мақталарымды шайқадым,

Күрсініп, көз жасыммен дымдап байытамын.

Лақтырдым тағы...

Әрі қарай жылжып, есіме алмадым байтағым!»

  1. Сағымға ерме!

София атымен белгілі болған ақын әйелдің «Сағым(Mirage)» өлеңінде:

«Көздерім жалынады:

Кешір мені!

Кімге айтты деп ойлайсың несін, нені?

Санамда бұлдыраған сағымымсың,

Шөл мұны кеудесіне көшіргені.

My eyes begged you,

Forgive me,

I know not with whom I speak,

you are but a mirage to me,

an oasis only existing

in the realm of my twisted mind.

Қолдарым жалбарынды:

Кел, сүй мені!

Алтын қобди інжуін төксін деді.

Төсегімде жастық боп тұрған қобди,

Ішінен інжуімнің өпсін демі.

My hands pleaded you,

come and love me,

show me what you have inside

that golden box,

you keep hidden behind

the headboard.

Анау үйден жүректі шымылдатып –

Бір сағым әлсірейді жымың қағып.

Жылжыған жел бұлақты шымшыды ма,

Түнегіңе түнедім үнім батып?!

A light faded and

flickered

in the house across the street.

Up on the hill,

branches swayed peacefully

with the wind.

I succumbed

to your darkness.

Ауыр қадам адымның ашты соңын,

Шөлдің құмын бұрала басты жолым.

Бұлақ үні секілді үн шығарған,

Сары самал икемдеп бапты қолын.

A path which winds

through desert sands

is no path at all,

but a choice made each moment

with each aching footstep,

the song of a stream

in the distance,

was only a breeze

passing through the air.

Бұрын менің көлеңкем болған еді,

Сағым жуып өшірген сонда мені...

The shadow of the man

that had appeared before

was no longer there.

София апайдың сағыммен ақырластырған сағынышын оқыдыңыз. Енді қазақтың "сағымға ерме", "сағына берме" деген модернистік, қамшыдай қысқа сөзін қыстырамыз.

"Сағына берме" сөзі – "сағымға ерме" сөзінің өзгеріске түскен нұсқасындай әсер етеді бізге.

Сағыну – шыныменде, сағымға ерген іс болып табылады.

Сағымнан туған сағыныш адастырады иенде.

Сағымға ұзақ қараған адамның бойында тарихи немесе кісілік, туған топырақтық сағыныштар өздігінен пайда болады. Сағыныш – сағымнан, желік – желден, көңілдену – көлден, буырқаныс – бораннан...

  1. Үгілгенің – егілгенің, егілгенің – жеңілгенің.

Жеңілу, егілу сөзі үгілу, үгім болу ұғымының келесі дыбыстық айтылымы. Ал, қатты жылауды «егілу(егіліп жылады – үгіліп жылады)» деп айтатынымыз да жылауды құмның мінезімен айтқанымыз. Әдемі көз шарасының тоқтаусыз бытыраған көз жасымен бірге үгіліп кеткені қандай ауыр!

Кеннеди Мусйоканың «Құмның көз жасы(Tears Of Sand)» деген шалқымасында «Tears of sand, they flow from the eyes of the sad face of the land, these tears i cant stand, of the gracefull land that beauty it once had, these caused by hands, the greed of the pigs they even eat ants, tears now of sand we wade through where ones we had floods(Құмның жасы ғой, мөлтілдеп жердің мұңды жүзінің көзінен ағып жатыр. Мен шыдай алмаймын бір кездері сұлу болған жердің көзінен атқақтаған бұл жасқа. О, тырмалағыш сұм қолдар, құмырсқаға дейін қуырып жейтін қомағай көзді ашкөздер, қазір біз құмның селдеткен көз жасымен су тасқыны арқылы кездесудеміз)» деп бір кідіреді.

  1. Мұң басу – Мүк басу

Скайлер Пектің «Мүк басқан жүрегіңді аялауым(To Hold Your Moss-Covered Heart)» деген өлеңдер жинағы бар. Мұнда автор мүк басқан жүректі "мұң басқан жүрек" ретінде әлдилесе, қазіргі әлемнің танымында, емшілік көзқарас тұрғысынан "жаныңды мұң басуды теңіз мүгінің иісі емдейді, кетіреді" деген ұғым бар. Оның құрамындағы жоғары магний мен антиоксидант мұңмен күресуге және көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі. Мүктің өзі микробтанудан туатындықтан, бұның өзі уды умен қайтару, мұңды мүкпен жабу дегенді білдіреді.

Бетіңді мүк басып мұңайма, адам,

Қайығы батып жылай ма, адам?

Азуыңды кері тартып азаптанбашы,

Бөрілігіңе шыдай ма, адам?

Лингвистикалық тұрғыда, «ң», «нг(ңғ, ңг, ңк)», «ғ(г, к)» дыбыстарының түпкілікті тұрғыда бір қызмет атқарғанын, бізде «ң» дыбысы әлі пайда болмай тұрғанда «ғ», «г», «нг» дыбыстарының оның орнында тұрғанын ескере келе, осы үрдіс бойынша «мұң басу» дегеніміз «мүк басу» сөзінен шыққан. Мұңның тілдік қалыптасу сатысында ескі кездегі оның Mung(Мунг) болып айтылуы мен кейінгі Mung(Мұң), Muk(Мүк) болып айтылу сынды екі нұсқасы бар. Тастың бетін, дымқыл тамдардың қабырғасын басып кететін мүкті есіңізге алған боларсыз. Қазақ "мұң басуды" – "адамның миын мүк басып кеткен" жағдайға теңеп модернистік сөз қозғаған.

  1. Көңіл – Көл

«Кең көңілде кеме жүзеді» деп айтады қазақ. Мұнда көңілді "кең көл" ретінде айдынды суға айналдырып айтып тұр.

Соңғы 7 жылда әдеби ортаға белгілі болған Нил Ноблдың «Көңіл көлінің құлашты жыр-ырғақтары(Moods of a Lake and Selected Poems)» деген өлең жинағының атауы да көл мен көңілді тоғыстырып әкететін еді.

Көңіл сөзі кей өңірде «кеуіл» болып айтылады. Арғы тілімізде «көкіл» деген нұсқасы да болған. Қазанғаптың өзінің көңіл-күйі туралы шығарған «Көкіл» күйі бар. Мұның бәрі «ң» дыбысы пайда болмай тұрған кездегі «нг(ңғ, ңг, ңк)», «ғ(г, к)» дыбыстарының «ң» дыбысының орнында қызмет атқарғанынан. Осы бойынша болғанда «Kungyl(Кунгил)» деген сөздегі «нг» дыбысының бірігіп «ң» дыбысына айналуы(«көңіл» болып) немесе осы ашаланған күйінде «ңк» дыбысы болып дыбысталуынан(«күңкіл» болып) және мұндағы «ңк» деген егіздескен дыбыстың бірінің қалыс қалуынан(«көкіл» болып), бұл екі дыбыстың мүлдем қалдырылып айтуынан(«кеуіл» мен «көл» болып) көңіл туралы көлмен мағыналас шынайы ұғымдар тізіледі. Сақа республикасындағы сақа туыстарымыз көл деген сөзді «күөл» деп айтып, осы "кеуіл" сөзіне жақындатады.

Көңіл, көкіл, кеуіл сөздерінің мағынасы бұл тұрғыда бізге ең ұғынықты "көл" деген жалғыз сөзге келіп саяды. Көңілі көтерілу – көлі көтерілу. Көңілі толқу – көлі толқу деген сөз. Осындай модернистік сөздерден кейін бабаларымыздың тапқырлығына қалай тамсанбай, қалай күлімдемей тұра аласың?!

Көлденіп көңілдене біл!

«Көңілдендім» сөзі "көлдендім, шалқып тасыдым" деген сөз.

«Кеуілім босады» деп сөйлейтін кей өңірдің адамдары көңілінің көлін босатып, жылап алған сәтін айтатын.

Тырмысқан қолыңды босатсаң, қатайған көңілің де босай түседі.

  1. Майсадай ырғал масайып желге, масайрап.

Шарль Бодлердің «Масай(Be Drunk)» атты өлеңінде:

«And if sometimes, on the steps of a palace or the green grass of

a ditch, in the mournful solitude of your room, you wake again,

drunkenness already diminishing or gone, ask the wind...» деген жолдар бұрқап тұрады. Мұны қазақшаласақ, ақын:

«Сарайдың баспалдағының басында,

Арықтағы майса – жасылда,

Бөлмеде ілінген мұңды жалғыздық қасында:

Бәрінен құралақан оянсаң,

Масай алмай денең тұр-ау,

Сен желден желігіңді сұра!»

Енді, қазақтың сөзіндегі масаю мен желігуді жүгендеп әкелейік:

Жаңа өскен балғын шөбіміз болған майсаның екі жаққа кезек дірілдеп, бұлталақтап тұрған бейнесі – шалқып тасыған, өзін билей алмай тұрған адамға қаратылған. Осыдан "масаю" және "масайрау" сөздері шыққан. "Мәз болуды" да осыған қосыңыз. Шарль Бодлердің жасыл майсаның қасында тұрып масайғысы келгенін, мас болғысы, мәз болғысы келгенін көріп отырмыз.

  1. Желмен ойнап, желіге біл,

Желігі тұрсын қаныңда.

Желі көп жердің адамдары арқалы келеді. Желдің шынымен адамның делебесін қоздыратыны бар. "Делебе", "делбе" сөздері де "жел" сөзімен туыстас болып, "дауыл" дегенді білдіреді. "Долы" деген сөзіміздің өзі дауылдың мінезіне қаратылған. Сақа республикасындағы сақа туыстарымыз желді «тыал» деп атайды. Біздің ұғымымыздағы "дүлдүл" – дауыл боп ұшқан қанатты тұлпар. Дауылдың шұрқанын «дүлей» дейміз. Оның соғуын «алай-дүлей соқты» деп.

Желден желік, дауылдан делбелік келсе, бұған қарағанда адамның еті мен терісінің арасында жел толтырылатын кептердің жел қуыстары секілді қуыстар бар. Қазақ «Атпен шапқан адамның бойына желік кіреді» деп есептейді. Осыған жел толғанда адам желігеді. Ол толтырылған затты желік дейді. Жел толтырылған қуыс – делебе. Делебесі қозу – желігу. Шарль Бодлердің "желден желік сұрағысы келетінін, желмен бірге мастанып, делебесі қозғанын қалайтын" ақындық асқақтығы жоғарыдағы өлеңінде орын тауып жатыр еді.

  1. Қуанғанда қысың жоқ, жаз боп кеттің...

"Мас болу", "масаю" сөзінің "мәз болумен" ұштасатын жері бар. Шарль Бодлер «масай!» деп, «мас бол!» деп «желден желік сұрайды».

«Мәз болу» сөзі жаз болу сөзінің келесі дыбыстық айтылымы.

«Әз болмай мәз болмас,

Шағала келмей жаз болмас» деген қыстың сызын ақырластыруды бастайтын амал атауына арналған жыр да көп нәрсені сездіреді. Әз амалы – ақпан айының 10~15 терінде келетін амал.

Қазақ көктемді «жазтұрым(жазғытұрым)» деп айтады. Қырғыздар мен тывалар, сақалар көктемді «жаз», «шас», «сас» дейді. Әзербайжандар мен татарлар болса көктемді «яз» деседі. Хантәңірі түбінен солтүстікке құлай ағатын Ақ-Яз өзенінің Ағаяз болып, оңтүстікке құлай ағатын Сары-Яз өзенінің Сарыжаз аталуы да осыған ұқсайды. Біз жылдың суығын ақырластыратын амалды «Әз амалы» деп атаймыз.

Жаз сөзінің ысу, ыстық деген сөздерден келетінін Қырымтатарының, ұйғырдың, түріктің жазды біртұтас атайтын «яз» деген сөзі түсіндіріп береді. Башқұрттың күн жылый бастаған көктемді «язз» деуі мен біздің «Әз» сөзіміз бір түйінде түйдектеліп тұр. Ысу, ыстық ұғымына ие ыссы сөзіндегі қосарланған екі «с» дыбысының «з» болып айтылуы осы «Әз» атауын тудырып отыр.

Ақпан айындағы «Әз амалы» жүретін уақытта қардың алғаш көбесі сөгіліп, жер бетіне тамаша иіс келеді. Біз тіпті қар құрсауынан шықпақ болған ермендер мен жусандардың әлі бүр жармасада тамаша иіс шығара бастайтынына куә боламыз.

  1. Мінез-құлықты түстермен безендіру

Ақ ниет, ақ пейіл, ақ жүрек, ақ көңіл, ақжарма ниет деген сөздеріміздің бәрінде біз ізгілікті, жақсылықты ақ түспен безендіргенбіз. Көптеген халықтардың тілінде ақ түсті ниеттің, пейілдің, көлдей көңілдің түсі ретінде қолданбай, оның орнына ізгі, жақсы деген сөздерді алады. Мінез-құлықты түспен безендіру қазақтың модернистік сөздерін тозбайтын қатармен толықтырады. Ағылшын тілінде ақ ниет(Goodwill), ақ пейіл(Good-natured), ақ жүрек(Good heart), ақ көңіл(Good-hearted), ақжарма ниет(Good-natured) сөздеріне қарасақ, ешбірінде White color(ақ түс) ұғымы қолданылмаған. Керісінше, бәрінде құтты, берекелі деген мағына беретін Good сөзі тұр. Француз тілінде мұндағы Good сөзінің орнына «Bon» сөзі қолданылады да, тағы да ақ түсті бұған араластырмайды. Біз жапондардың ақ ниет, ақ пейіл, ақ жүрек, ақ көңіл, ақжарма ниет туралы сөздерінен де «широй(ақ түс)» деген сөзді байқамадық. Арабтың осы ұғымдарға байланысты сөздерінен де «абяд(ақ түс)» сөзін кездестіре алмадық. Қытайлар осы ұғымдардың бәріне ізгілік, жақсылық мағынасына ие «шан(善)» сөзін қолданып отырады да, бұл сөздерінің ішінен тағы да «бәй(白 – ақ түс)» сөзін таба алмай қайта оралдық.

Қазақтың аталған мінез-құлықтарға ақ түсті қолдануын түбі бір Түркі болған ұйғыр, өзбек, татар, башқұрт, Қырымтатары, түрік, түрікпен, әзербайжан, сақа бауырларымыздың тілінен де кездестіре алмадық. Қазақтың мәдени ықпалындағы қырғыз бен қарақалпақта бұл ұғымның кездесуі таңғаларлық емес.

«Мейірімді бола алмайды таң енді,

Құштарлығым құнды ете алмай әлемді.

Мені әрдайым ізгі ететін - осы ақ түс,

Махаббатпен жеткізетін сәлемді»

The dawn won't hold so kind

Our passion will not be similar and true

But it was always the white that made me humble

It was a deeper love that I knew.

Шейн Браунның «Ақ(The Color White)» деген өлеңінің соңғы шумағы болып табылатын осы шумақта оның ақ түске ізгіліктің, ақ пейілдің, ақ ниеттің түсі ретінде қарағанын білеміз.

Қоңыр сөзі – қазақ тілінде көзге жайлы қоңыр түсті білдіреді. Қоңыр сөзі сонымен бірге, қазақ тілінде дыбыс атаулының құлаққа ең жағымдысына қолданылады. Тау үңгірінің күңгірі, қоңыраудың үні ғана емес, қазақтың саз аспаптарымен орындалатын күйлерінің мауыққан, терең ырғақтылары да қоңырға жатады.

Қазақтың музыка өнерінде «қоңыр» сөзі күйдің бір жанры ретінде қаралып, осы жанрда шыққан саздардың шоғыры үлкен жақтан «Алпыс екі қоңыр» делінеді. Қазақ өзі адамның 62 тамырындай денеге әсерімен бойлайтын, тарауы көп күй тобын жеке-жеке санап отырмастан көптігіне қаратып осылай деген.

Адамға жайлы, сыпайы, ибалы, жанашыр, ақкөңіл адамның мінезін де «қоңыр мінез» деп атап, ондай адамды «қойдан қоңыр» дейді. Қазақтың қойы негізінен қызыл болып келеді, ішінде ақсарбастары да жеткілікті. Қазақта қоңыр қой жоққа жуық. Сөйтседе, қойды қоңыр деуі оның түсіне емес, жұмсақ, тыныш, зиянсыз мінезіне қаратылған.

Қоңыр жел, майда қоңыр жел – ыстықта есетін салқындау, суықта есетін жылылау жел. Майда қоңыр жел деп те айтады.

Қоңыр кеш – бақытты кеш.

Қоңыр күз – суығы жоқ, тыныш, бейғам күз.

Қазақтың ең жағымды мінез бен дыбысқа, бояуға біртұтас «қоңыр» деген атау беруі үңгір ішінің күңгір қаққан салқын, жайлылығымен бірге, оның ішінің күңгірт түсіне де қаратылған.

Күн батып, жер беті қоңырланған сәтті іңірт, ымырт дейді. Мұнысы "күңгірт" деген сөзден келген. Осылайша күңгірт, қоңыр түстер ашық та емес, түнек те емес, жайлы бір аралық болып отыр.

Ешбір халықта қазақтағы сияқты қоңыр мінез, қоңыр әуен, майда қоңыр жел, қоңыр кеш, қоңыр күз деп барша жайлылыққа арналған түс ұғымы жоқ.

Қоңыр кешті, қоңыр күй мен қоңыр ән, қоңыр үнді айналдыра жырға қосқан Жұмекен Нәжімеден бүй дейтін:

«Қоңырайып жатыр алда жол әлі –

кеудем кейде қоңыр күйге толады.

Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,

өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...

қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.

Қоңыр күзде, қоңыр шаруа-күйбеңмен

қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем»

Қазақ сағынудың, сағыныштың, уайымның түсін сары түс деп есептейді. Сары түсті ескіліктің, сартап болған уақыттың түсі ретінде қарап, ескі жұртты "сары жұрт" деп атаса, бірнеше рет құдандалы болған жерді "сары сүйек құда" деп, аяздың күшіне мінуін "сақылдаған сары аяз" деп әспеттейміз.

Қазақ уайымды "сары уайым" десе, сағынып сарғаю деп сағынышқа түс береді. Сағынып күтуді "сарығу" деп сары түсті кейбір халықтардың "сарыг" деп айтатынымен ұқсас айтады. Мұндағы сарығудағы "сарығ(сарық) " пен сарғаю сөзіндегі "сарға" сөзінің тұлғасынан "сары" сөзін ертеде "сарығ(сарық)" және «сарға(сарғы)» деп қолданғанымызды білеміз. Тыва туыстарымыздың сарыны «сарыг» деп, өзбек ағайындардың «сарих» деп, ұйғырлардың «серих» деп сарыны атауы біздің "сарығу" сөзіміздегі "сарығ(сарық)" сөзімен ұқсас болса, Сақа республикасындағы сақа туыстарымыздың сарыны «саргы» деуі мен Карпат асқан алыс туыстарымыз болған венгрлердің сарыны «шаргы» деуі біздің "сарғаю" сөзіміздегі "сарға(сарғы)" сөзімен ұқсас екен.

Қуаныш Дәлейұлының сары уайым болып шөккен сары құмдардың арасын аралаған мына шумақтары шөлдің сарығын баса алар ма екен?

«Қағыр құм –

Самал

Не жел?

Тымық.

Иә,

Дауыл...

Мұң...

Уақыттың уысында үгілге,

Қурап түскен жапырағы сабырдың.

Мен тағы да сағындым,

Өзіңді –

Жалғыздық...!

Мұнда келіп пана тапқан

Ғасырлардың қаңсығы...

Булығады

Жылай алмай,

Көмейіне кеткен тағдыр тас тығып...

Шөл меңдеткен

Кәрі құм –

Енді немен басар екен сарығын?!

... Білмеймін...»

Қазақ сөздің магиясына мән берген. "Ерек" деп нағыз ерді, "ерекше" деп ер тұлғалы, бөлек болмысты айтса, өте аласа адамдарды да ескі қазақ "ерекшелі" деген мағынамен ергежелі(ергежейлі) деп атаған. Қазіргі заманның өзінде қазақтар кемістігі бар балаларды "ерекше бала" деп сыпайы атауда. Бұл "кемісті кем емес, кең деп сипаттаса ол адамның қырсығы, кемістігі кетеді" деп сөздің магиясына сенген қазақтың модернистік ойлауы еді. "Сақау" сөзінің де саңқу, саңқылдау ұғымымен етене табысып жататыны осыдан. "Соқыр" сөзінің де шұқыр, шегір, шөгел деген қыран көзінің өткірлігіне сай магиялық түрде қолданылып тұрғанын білеміз.

Қазақ, түрікпеннің, түріктің «шекер» дейтінін моңғолдың «шихер» дейтініндей, біздің тіліміздегі «шегір» сөзі сол сары құмнан өз бастауын алып сары түсті білдіреді.

Қазақ «шегір» сөзін негізінен бүркітті түстеуге қолданады. Көздерінің сары түсінің қою-ашықтығына қарай отырып, бүркіт ішінде қарашегір, қаншегір(қызылшегір), ақшегір, сарышегір(құлашегір, кершегір) деген түрлерінің жіктелуі сәтті орындалды.

Нарын мен Ақаяздың ақшегірі, Шу-Сарысудың аяғы мен Баркөлдің қызылшегірі(қаншегірі), Қалба мен Ешкіліктің қарашегірі, Сауыр мен Жонның сарышегірі(құлашегірі, кершегірі) деген қыран түрлерінің аты осылай тізбектеле береді. Бүркітшілердің пірінің аты да - Шегір Баян. Қазақ жасылтқым келген көк көзді адамдарды осы тұрғыдан «көкшегір» деседі.

Қазақ қызыл түсті қызығудың, қызғанудың түсі ретінде және ұялудың түсі ретінде жұмсайды. Ұясының аумағын қызғанып, ерекше қорғауына алатын құсты қызғыш құс дейміз. «Қыздың көзі қызылға құмар» деп, қызығу ұғымын қызбен байланыстырсақ, қызғаныш сөзінің "қызғыш" деген нұсқамен қызғаншақ құстың аты болып тұрғанын атап өттік.

Қызыл гүлді қызғалдақ дейміз. Қызыл түстің әлдебір жерден пайда болуын "қызару" деп, қызыл түстің негізі болған "қыз(қызу)" сөзіне қарай ұласамыз. Адамның күйіп-жанып ысуы мен оттың жылуы – қызу. Оттың шоғы – қоз. Оттың жана бастауы – қозу, қоздау. Қып-қызыл асыл тасты "қоза" дейміз.

Біз ағылшын тіліндегі қызығу(Interest) мен қызғану, қызғаныш(Jealousy) деген сөздердің қатарынан "Red(қызыл)" түсіне қатысты бір ұшқын таба алмадық. Француз, араб, жапон, қытай тіліндегі сөздер де , бұл ұғымдар туралы атауларында қызыл түстің жоқ екенін меңзеп бас шайқайды. Ұйғырлар мен өзбектер қызығуды "қызіқіш", "хизихиш" деп, әзербайжандар мен түріктер қызғануды "қысқаншлық", "кысканшлык" деп бұл мінездерді бізше түспен безендіреді. Мұндағы "қысқаншлық", "кысканшлык" сөздерінің негізін "қыс", "кис" деп дыбыстап тұрғаны секілді, қазақта қызылдың "қысыл" деген нұсқасы бар. Қаззақ ұялған кезді суреттеу үшін "екі беті ұялғаннан қызарып кетті" деп жеткізсе, қатты қызаруды "қысылу" деп айтады. Мұнысы, бір нәрсенің ортасына қысылу емес, "қызыл" сөзінің "қысыл" болып айтылуы. Қазақтың ұялудың, ұяттан өртенудің түсін қызыл түспен беретіні осы. Сондықтан да, әзербайжандар ұялуды "хәсаләт" деп жеткізсе, ұйғырлар мұны "қыжалат" деп қызарат деген сөздің негізінде алады. Біз тағы да ағылшын, француз, араб, жапон, қытай тілі қатарлы ірі тілдердің сөздің қорындағы ұялуға қатысты сөздерден қызыл түсті таба алмадық. Бұл да болса қазақтың және өзіне туысқан халықтардың модерн сөздеріндегі қызығу мен қызғануды, ұялуды қызыл түспен безендіру болып табылады.

Қызығып шыққан қызыл күннің ұясына ұялып батқаны, әйтседе, жерді қызғанып қызынып, қызғанышынан қияға қызғыш құс шашып кеткенін өз өлеңімізден таптық:

«Қызығып шыққан қызыл күн,

Ұялып батар ұяға.

Жерді қызғанып қызындың,

Қызғыш құс шашып қияға...

Қып-қызыл көздің жасынан –

Ағады екен қызыл күн.

Қызыл жасқа шыланып, ашыған,

Көкжиек сонша бүліндің.

Қып-қызыл жастан күн болып,

Таралды қаған бабалар.

Өлгенде, қанына түрленіп –

Жуынып болды далалар.

Қағанға ұйқы бермейді,

Күн құйған қызыл қаны оның.

Қағанға айналмай келмейді,

Күн ішіндегі ыстық әлемің»

Біз қатыгездік пен долы күшті қара түспен бейнелейміз. Бұған біздің "қараниет", "қара күш" деген сөздеріміз дәлел. Қазақ қара түсті кейде ауыр мағынаға қолданған болса, кейде қара түс қазақ ұғымында ірілік пен ерліктің түсі ретінде қаралып, қара шаңырақ, қара орман деген сөздердегі "қара" сөзі ірілікті, үлкендікті білдіреді. Арқаның елі "қара" сөзін батыр деген мағынада қолданады.

Қазақ әдетте тауды, шоқыны да "қара" дей салады. Мұнысы славяндардың «гора», «гара(белорусша)» деген тауға арналған Түркі текті атаулары мен белорустың сол ықпалмен қыратты «града» дейтіні, тывалардың жотаны «күр» дегені, қазақтың жоталы жерге арналған «қыр», «қырат», «күрке(жотаға еліктеп жасалған, уықтың басын буып шошайтып тігетін үй)» атаулары мен башқұрттың төбе мен қыратты «қырт» деуі, қырғыздың төбе мен қырды «қыр» дегені, өзбектің жоталы жерді «қир» дейтіні, әсіресе, Сақа республикасындағы сақалардың жотаны «үрех(күрех)» деуі күрке атауының мәнін оңай ашып береді.

«Қап-қара, ғажап, сиқырлы

Қашпаңдар қара бояудан!

Қандырып уыз-ұйқымды,

Қап-қара түннен оянғам...

Ақ пенен қара алмасып,

Алмасып тұрса әрдайым.

Ақ түске ғана жармасып,

Қараны неге алмайын.

Қап-қара көзді бір қыз бар,

Қашпандар қара бояудан!

Аспанда жарық жұлдыздар

Қап-қара түнде оянған» деп Мұқағалидың қара түстің сиқырлы, сұлу жағын ашып сөйлейтін жыры бар.

Қазақ қайтпас мінез бен қарсыласуға даяр қайсарлықты көк түспен бейнелейді. Даудан жеңілмейтін, күштесе күйремейтін адамдарды «көк екен!» дейді. Әдетте, тыныш, қарапайым жүрседе, намыстанғанда күші мен сөзі оянып кететін адамдарды «көк бөрісі бар» дейді. Мұнда да адамды мінез-құлқына қарай отырып, оны көкжал ретінде сипаттап, қайтпас, қаһарман күшін көк түспен беріп отыр. Бұл да қазақтың модернистік сөзі.

Серік Ақсұңқарұлы:

«Көк Тәңірі – Көгімде,

Көк Түркі – Жерде еді.

Бір кие бар менің тегімде,

Кеудемді керім-жыр кернеді.

Ой-қырда алуан ой кештім,

Өлеңнен өңге бір сөз білмей...

Көктегі Тәңірмен сөйлестім,

Жердегі жәндікті көзге ілмей» деп көк түстің көкке, Көк Тәңіріне, көк астындағы Көк Түрік тарихына тоғысып кететін тоқтаусыз бағытына қарап, қазақтың тұла бойындағы көк түспен бейнеленген көкжал мінезінің осы ұғымдармен етене екенін көрсетеді.

Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

 

0 пікір