Қиратылған Алаш мемориалы: СҚО әкімдігі не деп ақталуда?
Кешелі-бері БАҚ-ты шулатқан мәселенің бірі - Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңында Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешеннің бұзылған фотосуреттердің желіде таралуы болды.
Аталған кешенді салған кәсіпкерлер «бұл игі шаруаны аяқтауға әкімдік кедергі келтірді» деген уәж айтқан. Ал оған қарсы жауап ертінде облыс әкімінің орынбасары құрылыс рұқсатсыз басталғанын айтуда. Осы мәселені әлеуметтік желіде көтерген алаштанушы Заңғар Кәрімхан болатын. Оның жазбасында, Петровка ауылының маңында Алаштың аса көрнекті қайраткері, жазушы-журналист, ұлт ұранының авторы Міржақып Дулатұлына құрметіне қойылған мемориалдық кешен әдейі қиратылған.

Сурет: Abai.kz скрині.
Біз, Abai.kz ақпараттық порталының редакциясы атынан Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне, Ішкі саясат бөліміне, әкім орынбасары Жүсіп Жұмағаловқа телефон шалып байланыс орната алмадық. Бірақ баспасөз бөлімінің нұсқауымен олардың басшысына телефон шалдық. Аталған басшы: «Сәлден кейін жауап жазып жіберемін», - деп қысқа қайырды.
Ал осыған дейін БАҚ бетінде бұл мәселеге қатысты Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасының жауабын жария етті. Онда: «Мирный ауылдық округінің аумағында кәсіпкер Барлыбаев Нағашыбай Сабарұлы Алаш қызметін еске алу мақсатында стелла орнатқан болатын. Алайда монумент екі себепке байланысты бөлшектеліп, консервацияға қойылды: Стелла тұрғызу кезінде мамандар топырақтың отыруын тіркеп, соның салдарынан құрылыстың қисаюы пайда болған. Мұндай жылжу стелланың орнықтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін еді. Құжаттардың (архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы, бекітілген эскиздік жоба) болмауы. Мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау органы Н.С. Барлыбаевқа әкімшілік айыппұл салды», - деп жазды.
Ескерту: Біз алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен ондағы басшы-қосшылар редакциямызға жауап берсе, аталған жауапты жариялайтын боламыз.
Abai.kz