Сенбі, 23 Қараша 2024
Шамшырақ 6150 0 пікір 4 Шілде, 2016 сағат 08:03

АДАМЗАТҚА ҮНДЕУ. ЗАМАНҒА СЕРТ

Аса қамқор, ерекше мейірімді, күллі әлемдердің Раббысы, он сегіз мың ғаламды аса шеберлікпен жаратқан Жаратушымыз – Аллаһқа шексіз мақтаулар болсын.

Заманға серт. Анығында адам баласы сөзсіз зиянда. Тек иманға келген әрі ізгі амал жасаған және бір-біріне ақиқатты насихат етіп, өсиеттеген әрі бір-біріне сабырды насихат етіп, өсиеттегендерден басқалары. («Әл-Аср» сүресі, 1-3 аяттар).

Уақыт сырғып, керуен көшіп, замана да ілгері жылжи бермек. Өткен күн тамырға таралып, тарихтың қойнауына кеткен сайын қадірі арта түседі. Ал ертеңгі күнді рақым шапағаты мол, ғайыпты білуші – Алладан басқа ешкім білмейді. Біз өмір сүрген дәуірдің соңғы меғдарында күллі адамзат баласының санасы мен рухани әлмені әлдеқайда өзгергені хақ. Жаратушымыздың мұқым адамзат баласына жіберген ұлы кітабы қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистерінде болашақ заманның қандай болатыны егжей-тегжейлі баяндалған. Соның барлығы дерлік айна қатесіз орындалып жатқанын айқын аңғаруға болады. Жуық арада «Ақырет жайлы 100 сұрақ» атты шағын кітапшаны оқып шығып едім. Сонда мынадай жолдарды ұшырастырдым: «Өмір зырылдап өтіп, ақырет жақындауда. Адамдар арасында бұ дүниені қалайтындар да, ақыретті қалайтындар да бар. Бүгін – жұмыс істейтін күн, ертең жұмыс бітеді, есеп тапсырылады. Болашағын ойлаған саналы адамның міндеті – бұ дүниеде бір жолаушы секілді әрекет жасау, өлім туралы ойлау, өлімнен кейінгі өмірге жақсылап дайындалу». Иә, басы бар дүниенің, ақыры да бар. Кез келген жаратылыс бастапқыда әсемдікпен, көркемдікпен жаратылады да, жырылып-тілімденіп, азғындыққа ұшырап, соңында қақырап, таусылып, тозып, бітеді. Демек бәрі де уақытша, жалған. Атқан таң мен батқан күннің де шегі бар, еш нәрсе мәңгілік емес. Мұндай күйден тек Жаратушы Жәббар иеміз ғана пәк. Себебі, мәңгілік бір Аллаға ғана тән. Айналадағы табиғатқа көз салып көрелік. Табиғат жылда өліп, жылда түлеп, жаңарып отырады. Барша жаратылыс атаулы сауық-сайран құрып, жаңаша құлпырған жас нәрестедей жарқырап, нұрланып, көктем келеді. Артынан жемістері пісіп, жерге түсіп, адамдар да өсіп жетілетіні сықылды жайраңдасып, жаймашуақ жаз келеді. Пісіп жетілген нәрсе міндетті түрде сарғайып, қурап баяғы жайраңдаған жаз кетіп, қарттықтың шапанын киіп күз келеді. Ақыры жаратылыс атаулы қыста уақтынша өлім құшып, қар астында жатады. Көктемде қайта жанданып, әлем қайта тіріледі. Бұл адамзат баласының Қияметте қайта тірілетінін мегзейтін -  бұлтартпас дәлел. Осылай-осылай өмір сырғи береді. Өлім барша жаратылысқа ерте ме, кеш пе байқатпай жетіп келеді. Абыз бабаларымыз:

Ағын судың өлгені – алты ай қыста қатқаны,

Асқар таудың өлгені – басын бұлттың жапқаны.

Ай мен күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны,

Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны,

Ажал деген - атқан оқ, бір Алланың қақпаны, -

деген маржан жолдары сөзімізге толық нәр бере алады. Айналамыздағы барша жаратылыс ақыреттің еш шүбәсіз болатындығын бізге түсіндіріп береді. Себебі бұл фәниде қыша дәннің түйіріндей дүниелердің өзі бізге сабақ.

Дүние деген – өткінші жаңбыр сияқты. Ал бізге ақыретте пана болатын – игі амалдарымыз ғана. Мысалы: бір адам өткелден өтіп, межелі жеріне жетем дегенше қолынан келетін бар амалдарын жасап бағады. Біз де нақ сол амалдаушы, сабыр етуші пенде ғанамыз. Бүгінгі күнде көпшілігіміз дүние тіршілігінің боданына айналғанымыз көрер көзге таңсық емес. Қазір ненің заманы? Фитнаның (бүліктің), зинаның, өтіріктің, ақиқатты жасырудың тағысын тағы ұзын-сонар кесапаттардың етек жайғандығы қияметтің белгілерін білдірмей ме? Енді ойлап қараңызшы: бір адамға бір жұмысты аманаттадыңыз делік. Мәселен; бәлен жерде бір шипалы су бар екен. Сол жерге барып, сол судан өзің іш, маған да ала кел деп, - бір жанға кішкене аманат жүктедік делік. Жіберген адамыңыздың не істеп не қойып жүргенінен сіз толығымен хабардарсыз. Манағы адам су тұрмақ не істеп, не қойғанын білмей істерге тиіс ісін ұмыт қалдырып, мағынасыз сандалма дүниелердің соңынан еріп кете барады. Күндердің күнінде арып-аршып, киімі тозып, өзіңізге міскін, бейшара халде қайта оралса қандай күйде болар едіңіз? Ол адамыңыз жөнсіз мақлұқаттармен алтын уақытын зая кетірмей, тапсырған жұмысты мүлтіксіз орындап, шипалы судан өзі де ішіп, сол суды аманат еткен адамына әкеліп ішкізсе жаны кіріп, бойына дәрмен бітіп, бір жадырап қалары сөзсіз ғой. Міне, біз де әлгі шипалы суға жұмсалған пенде секілдіміз. Негізгі борышымызды ұмыт қалдырдық. Жаратушымыз мұқым адамзатқа Құран атты компасты түсірді. Айқын жолын бағдарласын деп, жарық сәулені іздеп тапсын деп. Ендеше қарайық компасымызға Жәббар иеміз не деп ескерту жасапты? «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым.» («Әз-Зәрият» сүресі, 56-аят). Ұмыт қалдырғанымыздың түпкі себебі де сол Алланың қасиетті аятында жазылған: «Ақиқатында, күпірлік еткендерді, /имансыздықта қатып қалғандарды\ сақтандырып ескертсең де, ескертпесең де оларға бәрібір, олар иманға келмейді. Аллаһ олардың жүректері мен естулерін мөрлеген және олардың көрулеріне – перде қойған. Сондай-ақ, оларға өте үлкен азап бар». («Әл-Бақара» сүресі, 6-7-аяттар). Әлбетте, күнәға белшесінен батып былыққан, ақиқатты өтірік деген пенделерге Алла тағала былай дейді: «Ал, оларға: «Жер бетінде бұзу-бүлдірушілік жасамаңдар!» деп айтылса: «Шын мәнінде, біз – тек қана түзетушіміз», - дейді. Біліңдер! Ақиқатында, нағыз бұзушылар – солардың өздері, алайда олар оны сезбейді» («Әл-Бақара» сүресі, 11-12-аяттар). Демек, бұлар Құранда айтылғандай шындықты әспенсіген күнәһарлар, мен не істеп, не қойдым деп, - өзіне-өзі есеп бере алмағандар ғой бұл. Бар кінәні заманға артып қойғанбыз, шіркін басымыз күнәдан ада. Жоғарыдағы аятта айтылғандай берілген серт орындалады. Онсыз да бірталай дүниелер озбырлыққа ұшырап, әділетсіздіктің етек жайып, білімнің қадірі кетіп, жалғандық жайлаған тыйымсыз әрекеттер Құдайдан ажырап қалуға әкеліп соқтырмай ма? Абай атамыз алдағы заманың суретсіз-сипатсыз, мәнсіз-мағынасыз болып өтерін өз өлеңдерінде айтып кеткен.

 Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

 

Ол күндер – өткен күн мен бәрі бір бәс,

Келер, кетер, артына із қалдырмас.

Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,

Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

Рас. Өткен күнде белгі жоқ. Күндеріміз таусыншақ, өтпелі. Уақытта баян жоқ, табандап тұрмайды. Бар білеріміз – ақыретке бет алған пенде екендігіміз. Бабаларымыздың айтқанының бірталайы қазіргі қоғамда болып әрі десе толып жатыр. Сол бабаларымыз өмір сүрген уақыт техникаға жетік те емес еді ғой, алайда санасы мен руханияты толық кемелденген даналардың ащы шындықтарын жіпке тізуден басқа қолдан келер қайран жоқ. Қазақта Әділқазы деген аузымен құс тістеген шешен өткен. Шешеннің жырларында түлкі заманның мың құлпыратынынан небір ақпарлар беріледі:

                               Үлкеннің тілін кіші алмас,

                               Арақсыз тамақ іше алмас.

                               Ананың тілін қызы алмас,

                               Қыз сифатын біле алмас.

                               Атаның тілін бала алмас,

                               Адалдықта тұра алмас.

                               Мөрсіз қағаз жоқ болса,

                               Қадам басып жүре алмас.

                               Әйел деген би болар,

                               Қазына аталған үй болар.

                               Алыс болмас ол заман,

                               Қандай ғана күй болар?

                               Қолына есе тиген соң,

                               Жақынына қас болар.

                               Әділетсіз адамдар,

                               Теріс істен тозады,

                               Қанша барлық болса да

                               Пейілдері тар болар.

                               Дәл сол заман келгенде

                               Бәтуасыз ел болар.

Міне, бұл сол өткен ғасырда айтылған бүгінгі өмір. Адам баласы адамгершіліктен айырылып, азғындық пен күйреудің аз-ақ алдында тұр. Жаратылысы ұмыт, ұлы мақсаты бақұл болуға таяу. Ағаштағы өсіп шыққан жемісіне тамсана қарап, оны жеместен бұрын, бұл қалай өсіп өнді, мұның тамырында қандай дүние астасып жатыр деп ойлар ма екенбіз? Тамырымыз Құранда айтылған ғой: «Ақиқатында, Біз адамды /Адам атаны\ лайдың негізінен жараттық. Кейін оны берік орынға орналасқан тамшы /ұрық су\ еттік. Содан кейін тамшыны ұйыған қан етіп жараттық, ұйыған қанды бір тілім /шайналған секілді\ ет етіп жаратып, /шайналған секілді\ етті сүйектер етіп жараттық, сүйектерді етпен қаптадық. Содан кейін оны өзге жаратылыспен жараттық. Жасап шығарушылардың ең жақсысы Аллаһ – аса Берекелі». («Әл-Муминун» сүресі, 12-14-аяттар). Басқасы басқа, бұл кітап ананы үйт, мынаны бүйт деп, - ойдан шығарылған әсерді немесе құрғақ ақыл мен  қиыннан қиыстырылған көркем сөзді тәпсірлеп отырған жоқ. Бұл кітап сені «мен жараттым», «мен өлтірем» әрі «қайта тірілтем» деп отыр. Тағы да Бақара сүресінің екінші аятында Жаратушымыз былай дейді: «Міне осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші». («Бақара» сүресі, 2-аят»).  Неге қараңғыдан жарық сәулеге жол салатын күдіксіз кітаппен жалған дүниені ақиқатпен мәнді етіп өткізбеске? Бәз-біреулердің қисынсыз, өтірік сөзіне сеніп, ғұмырды мағынасыз, махрұм ету – надандықтың шыңы ғой. Ділмәр бабамыз Мөңке би бүгінгі дініміз хақында айтқан ақиқатын мына жолдардан байқауға болады: «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» деген, - сөздерінен бүгінгі заманның бет алысын анық аңғару қиынға соқпайды. Кімнің мұсылман, кімнің мұнафық екендігін айыру тіпті мүмкін емес. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар», - демеуші ме дана халқымыз?! Осындай уақыттарда өтірігі мен шындығы араласқан сөздерді айтудан, оны насихаттап, тыңдаудан гөрі «Мен сені жараттым» деген, - қасиетті кітапқа үңіліңіз де, оған сай амал етіңіз. Яки айтылғандарды оқып қана қоймай, ол сөздерді іске асырудың қамына кірісіңіз. «Заманға серт» берген Жәббар иемізге құлшылық жасап, ақыретке иман келтіргеніңіз – көз көріп, құлақ естімеген нығметке жетелемей ме? Әуелі Аллаға сен, сонан соң Абай мүмін айтпақшы: «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейтіннің кері келді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін мына заман туралы Алланың сүйген құлы (с.а.у.) былай дейді: Әбу һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір топ адаммен әңгімелесіп отырғанда бір бәдәуи келіп одан: «Қиямет қашан болады?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі бәдәуидің сұрағына жауап берместен әңгімесін әрі қарай жалғастыра берді. Сонда кей адамдар өзара: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) бәдәуидің айтқанын естіді, алайда қойған сұрағын ұнатпады», - десе, енді біреулері: «Жоқ, ол оның сөзін естімеді», - десті.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) сөзін тәмамдаған соң: «Қиямет күні жайында сұраған қайсысың?» - деді. Сонда әлгі бәдәуи: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мына мен едім», - деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Аманат жоғалған кезде қиямет-қайымды күте бер» - деді. Бәдәуи: «Ол қалай жоғалады?» - деп қайта сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Іс (ғылым, басшылық секілді маңызды қызметтер) лайық емес адамдарға табысталған кезде (аманатқа қиянат жасалған болады, міне, сонда) қиямет-қайымды күте бер», - деп жауап берді», - деген. (Бұхари, илм 2 /риқақ 35). Қараңызшы! Екі дүниенің сәруары, күллі «адамзаттың асыл тәжі» болған Пайғамбарымыздың айтқан ақиқаттары осы күнде орын алып жатқаны елге аян ғой. Сондай-ақ, Хақ жолының хабаршысы тағы бір хадисінде: Мирдас әл-Әсләми (р.а.) риуаят еткен: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет-қайым таяғанда, салиқалы адамдар бірінен соң бірі бұл дүниеден озып Аллаһпен қауышады. Ақырында жер бетінде арпа мен құрманың жаман қалдықтары секілді қадір-қасиеті жоқ нашар адамдар ғана қалады. Аллаһ оларға тамшыдай зер салмайтын болады», - деп айтты», - деген. (Бұхари, риқақ 9). Пендеге Алланың назарынан тыс қалғаннан артық ауыр жаза жоқ шығар, сірә. Неткен ауыр үкім. Әй, дүние-ай десеңші. Күндердің күні базарың тарқайды-ау сеніңде. Алла бізге өмір атты – базарды нәсіп қыпты, нығметтерімен, ризық-несібесімен. Ендеше осынау шат-шадыман болып өткен көл-көсір дүниенің есебін менде Жаратушыма берем ғой, - деген ой әрбір пенденің көкірегінде сайрап тұруы шарт емес пе?!

                                  Ана жатырынан шықтық базарға

                                  Бір кебін алып қайттық мазарға, -

деген астардың байыбына терең үңіле отырып, мазарда да бізді күтетін ғайып әлемінің бар екенін әсте ұмытпаған ләзім. Әбу һұрайрадан риуаят етілген тағы бір хадисте: Нұрлы Нәби (с.а.у.): Алла тағала: «Салиқалы құлдарым үшін көз көрмеген, құлақ естімеген һәм ешбір адам баласының ойына да кіріп шықпаған керемет сый дайындадым», - деп айтты», - деген.

Әбу һұрайра осыған дәлел ретінде: «Оларға дүниеде жасаған жақсылықтары үшін берілетін, әрі оларды шексіз қуанышқа бөлейтін, қандай құпия сый-сияпаттың бар екенін ешбір жан білмейді» - деген аятты оқысаңдар жеткілікті болады», - деген. (Бұхари, тәфсирус-сура 32-1; Муслим, жәннә 2). Әлбетте, ойымызда жүрген біраз дүниені ақ қағазға түсіріп, қаламымызға арқау еттік. Ендігі атқарар ісіміз - «иман» атты мөлдір бастаудан шөлдеген рухымыздың шөлін қандыру. Заманға серт еткен Жаратушыға жүрекпен жалбарына құлшылық етіп, Ақыретке иман келтіру арқылы жүрген жерімізде ізгіліктің шамшырағын маздатып, айналамызға жылу сыйлап жүрсек, екі дүниеде де жүзіміздің жарық болғаны, адамдықтан аттап, әркімнің хақысын жеп хайуаннан да төмен дәрежеге түссек, екі дүниеміздің кәріп болғаны. Дулат ақын айтпақшы:

                                Иманды бұл дүниеде ер сұрайды,

                                Тітіреп дәретсізден жер жылайды,

                                 Көп жеген кісі ақысын залым-зұлым

                                 Бек қысып қабырғаңнан көр сұрайды.

                                 Иманы адал құлдың дайын болар,

                                 Көңілге жамандығы аян болар,

                                 Бұлдаған сүтін-күшін сүт қорлықтар

                                 Көріңе өлгеннен соң шаян толар.

Иә, дүниеде ешбір нәрсе мақсатсыз жаралмаған. Әрбір пенде мен өмірге неге келдім? Не істеуім керек? Қайда бет алдым? – деп өзіне өзі сұрақ қойып, жасаған әрбір ісіне өз-өзінен есеп алар болса, адамгершілікке қадам басқаны. Емтиханға дайындықсыз кірген оқушы аудиториядағы сынағына кірген сәтте сан соғып, ақыры емтиханнан құлап тынады. Бұл оқушы үшін «зиянға ұшырау» болып табылады? Ал біз ше? Ақыреттегі емтиханға дайынбыз ба?   

Әзімхан ИСАБЕК

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371