Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 9840 1 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 09:57

ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ ҺӘМ ОТАРДАҒЫ БАСҚАРУШЫ

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылғы 7 наурызда  патша заманында, сол кезгі әкімшілік бөлініс бойынша Ресей империясының Ақмола облысындағы Ақмола үйезінің Танакөл ауылында (Бабатай қыстауында) туған. Балалық шағы қоғамдық құрылыс ауысып жатқан өтпелі кезеңге сай келді. 1917 жылы Ақпан революциясы жасалып, монархия тарих сахнасынан кеткен. Сол жылғы 25 қазанда большевиктер төңкерісі совет өкіметін дүниеге әкелді. 12 (25) желтоқсанда қазақтың ұлттық мемлекеттігін жаңғыртуды көздеген «Алаш-Орда» Халық Кеңесі құрылды. Большевиктік билік мұны қабыл алмай, 1920 жылғы 26 тамызда кеңестік негіздегі қазақ автономиясын құру жайындағы декларациясын жария етті. Сол жылғы 4–16 қазанда Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезі өтіп, Ресей федерациясы құрамындағы автономиялық Қазақ Республикасы шаңырақ көтерді.

Жұмабек Тәшеновтің барша ғұмыры, сауат ашуы, есеюі, білім алуы, дүниетаным қалыптастыруы, күллі саналы еңбек жолы, міне осы, күннен күнге іргесін кеңейтіп, нығайып келе жатқан  осы өкіметпен бірге өрбіді. Ол әуелі Бабатай мектебінде сауат ашып, одан Ақмолада оқыды. Сосын Ақмола теміржол-құрылыс техникумының азаматтық құрылыс бөліміне оқуға түсті.  Сол бір қиын кезеңде, әсіресе байларды тәркілеу, қожалықтарды шұғыл ұжымдастыру, көшпенділерді жаппай отырықшыландыру сынды солақай реформалар салдарынан алапат ашаршылық орын алған, халқы қынадай қырылып, экономикасы тұралаған республиканың жұрты ұлттық апаттан енді-енді есін жиып, жаңа жағдайда қалыптасуға беттеген  шақта, халық шаруашылығында көзі ашық кадрлар өте жетіспей тұрған болатын. Сондықтан еті тірі, ширақ оқушы бозбаланы жас өкімет екі курстан кейін тікелей еңбекке араластырды (техникумдағы оқуын Жұмабек жұмыс істей жүріп кейінірек бітірді), одан тездетіп кеңес жұмысына тартты.

Ж. Тәшенов әуелі, он тоғыз жасында, Бейнетқор (1940 жылдан – Совет, 1999 жылдан – Аққайың) аудандық кеңесі атқару комитетінің хатшысы боп істеді. Бұл 1934 жыл еді. Одан Красноармейский  (1997 жылдан – Тайынша) аудандық атком хатшысы, 1935–1936 жылдары Нұра ауданы жоспарлау бөлімінің бастығы,  1936–1938 жылдары  Вишневский (Аршалы) аудандық кеңесі аткомының хатшысы болды. 1938 жылы еңбекшілердің Қарағанды облыстық кеңесі атқару комитетінің референті болып істеді. Сол жылы Солтүстік Қазақстанға оралды. Облыстық сауда бөліміндегі қоғамдық тамақтандыру бөлімінің бастығы, 1939 жылы Бейнетқор (Совет) ауданы жер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. (Осы жұмыста жүргенінде, 1940 жылы, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының мүшелігіне қабылданды). 1942 жылы Полуден (қазіргі Қызылжар) ауданы жер бөлімінің бастығы, 1943 жылы облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары болды. 1944–1947 жылдары облыстық партия комитетінде мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Сосын, 1947 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1948 жылы төраға лауазымына бекітілді. 1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, сол қызметінде 1955 жылға дейін істеді. (Осы жылдары КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді.)

Ақтөбе обкомының бірінші хатшысы қызметінен Жұмабек Ахметұлы 1955 жылы республикадағы жоғары саяси басшылық құрамына көтерілді. Қазақ елі парламентінің жетекшілігінен зейнетке шығуға мәжбүр болып, Гурьев (Атырау) облаткомы төрағасы лауазымына тағайындалуын күтіп отырған Нұртас Оңдасыновтың орнына, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болып сайланды. Осы 1955 жылы республиканың басшы органдарында біраз өзгерістер орын алған еді. Сол жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметінде істеп жүрген Л.И. Брежнев, орталық басқа қызметке – Польшадағы КСРО елшісі етіп жіберген П.К. Пономаренконың орнына, бірінші хатшы болып сайланды. Ал Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Шығыс Қазақстан облатком төрағасы қызметіне ауыстырылған Елубай Тайбековтың орнына Министрлер Кеңесінің төрағасы болды.

Аталған жаңа басшылармен бірге, республика партия ұйымы делегациясының құрамында,  Жұмабек Тәшенов 1956 жылғы 14–25 ақпанда өткен ХХ партсъезд жұмысына шешуші дауысқа ие делегат болып қатысты. Съезде есепті баяндамалар және алтыншы бесжылдық жоспардың негізгі бағыттары мен мақсаттары талқыланған. Дегенмен бұл съезд 25 ақпандағы  жабық отырысында «Жеке басқа табыну және оның салдарлары туралы» құпия баяндама жасалып, сталиндік заңсыздықтар мен бұрмалауларды әшкерелеуімен, сөйтіп, әдебиет пен өнерге  идеологиялық құрсау салған, елі үшін жан аямай еңбек еткен тұлғалардың талайын саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан сталиндік дәуірге нүкте қойып, қоғамдық мәселелерді ашық айтуға, әділеттілікке жол ашуымен есте қалғаны белгілі.  Сталиндік саясатты әшкерелеген баяндаманың толық мәтіні  құпия ұсталған, дегенмен оның мазмұнына түрлі жолмен қаныққан қалың көпшілік екі жарылғандай болды. Бір тарап демократияға бетбұрыс басталды, қоғамдық мәселелерді ашық талқылауға біршама еркіндік берілді деп есептесе, екінші жақ бұрынғы бағытты дұрыс санап, сталинизмді сынауды әділетсіздік деп білді. Ахуалды қолда ұстау қиынға айналып бара жатқанын ұққан мемлекет басшылығы саяси қуғын-сүргін жайын  азырақ ауызға алатын болды. Сөйтіп, жазықсыз жапа шеккендер толық ақталмай,  «жылымық» кезеңі қысқа мерзімде бітті. Біздің республикамызда да рұқсат етілген шекте 30-шы жылдарғы репрессия құрбандарының бірқатары ақталды. Олардың ұрпақтарына мемлекеттік қамқорлық көрсетілді, лайықтылары басшы қызметтерге тартылды. Бұл жұмыстарда 1960 жылға дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, одан соң бір жылдай Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып істеген Ж. Тәшеновтің де елеулі үлесі бар. Оның күрескерлік өмір жолын көрсететін С. Дүйсен мен Қ. Еңсеповтің «Жұмабек Тәшенов» атты ғылыми-зерттеу еңбегінің, өзге де зерттеушілер мен оны тікелей білгендердің (әсіресе, «Білім» баспасынан шыққан «Жұмабек Тәшенев туралы естеліктер» жинағы авторларының) айтуларына қарағанда, Жұмабек Ахметұлы бұл тарапта сүйсінтерлік қадамдар жасаған. Мәселен, репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы боп, атылып кеткен арыстардың адал есімдерін қоғам өміріне қайтару ісіне, сол шақта сталиндік лагерьлерде жүрген ғалымдар мен ақын-жазушыларды тез босатуға белсенді түрде атсалысқан. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейім­бет Майлиннің шығар­ма­ларын тездетіп оқырманмен қайта қауыштыруға септескен. Еліміздегі ықпалды топ «азаматтық тұрғыдан ғана ақталды, саяси тұрғыдан ақталуы мүмкін емес» деп санаған ақын Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиха апайға Алматыдан пәтер бергізген. Қаланың қақ ортасынан салынған үйге шығармашыл тұлғаларды қоныстандырған. Мерзімдік әдеби басылым мен республика партия ұйымының органы болып табылатын газеттің ұлттық мәртебесін сақтап қалуына шешуші әсерін тигізген. Соғыс қаһармандары Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңестер Одағының Батыры атағын алып беруге әрекет жасаған.

Республика басшыларының бірі ретінде Жұмабек Тәшеновке шетелдік мемлекет қайраткерлерін қабылдауға да, өзінің де Совет Одағы делегациясының құрамында ресми сапармен өзге елдерге баруына тура келген-ді.  Осы ретте оның 1959 жылы Никита Сергеевич Хрущев бастаған КСРО партиялық-үкіметтік делегациясының мүшесі ретінде Пекинге барып,  Қытай Халық Республикасының құрылғанына 10 жыл толу мерекесіне қатысқаны жайындағы естелікте қызғылықты мәлімет барын айта кеткен жөн. Сол сапардағы кездесуде  КСРО басшысы Хрущев пен ҚХР төрағасы Мао Цзэ Дун пікір таластырып қалады. Төраға Мао советтік делегация жетекшісінің Советтер Одағының ұлылығы туралы астам сөздеріне жауап ретінде, өз елінің Ұлы Қытай деп аталатынын айрықша екпін қоя айтады. Ал Хрущев өз артықшылығын дәлелдей түсу үшін, «Кеңес Одағы Коммунистік партиясы – дүниежүзілік коммунистік қозғалыстың авангарды» дегенді алға тартады. Сонда Мао жәй ғана, «Кеңес Одағына қарағанда, коммунистер Қытайда көп қой» дейді. Хрущев тосылып қалады. Сол кезде Тәшенов киіп кетіп, революцияны Кеңес коммунистері жасағанын, қытай коммунистері жеңіске тікелей солардың көмегімен жеткенін еске салады. Бұл уәжге енді Төраға Мао тосылады да, Хрущев Тәшеновке риза болады. Алайда ұтымды жағынан көзге түскен Тәшеновтің Одақ басшысымен бұл жолғы сапарлас болуы саяси карьерасының еңіске беттеуінің де басы болып шығады. Оның әрдайым батыл білдіретін тәуелсіз көзқарастары, әсіресе, жер мәселесіндегі ұстанымы Одақтағы бас коммунистің өзімбілемдік шешіміне қиғаш келеді. Ақыры, орталықтың қазақ елін бөлшектеу жоспарына батыл қарсы шығуы оны тез арада республикадағы жоғары басшылықтан тайдыруға әкеп соғады.

Қазақ Республикасы аумағы ұлт қайраткерлерінің алдыңғы толқыны жүргізген жанқиярлық күрес нәтижесінде халқымыздың тарихи  қонысы шектерінде, біршама кемітілген көлемде қалыптасқан болатын. Қалалардың қай халыққа тиесілігі оларды айнала қоршаған халықтың экономикалық тыныс-тіршілігінің көзі ретінде, тартылыс орталығына айналуына байланыстырылып анықталады деген лениндік анықтамаға кереғар шешімдер жасалған еді. Күллі қазақ ауылдарымен 1920 жылы батыста – Астрахан, шығыста – Омбы, Құлынды даласы, оңтүстікте – 1924 жылы Ташкент, терістік-батыста 1925 жылы Орынбор, Ор (Жаманқала) қазақ мемлекеттілігі аумағынан бөліп тасталды.  Осы ретте өзбек ағайындар ұтқыр саясат қолданып, астанасын ел ортасындағы Самарқаннан жаңа аумақтық бөлініс бойынша өздеріне тиген, Қазақ Республикасының тура шекарасына тиіп тұрған, іс жүзінде қазақ ортасындағы Ташкентке ауыстырып алған. Бұхара аймағында ұйымдастырылған қазақ автономиялық ауданын жойып, Ташкент айналасындағы қазақтардың өкімет орындарында тікелей өкілдік етуі жайындағы келісімді де құрдымға кетірген. Сосын, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, экономика мүдделерін алға тартып,  республикасына шектесіп жатқан қазақ елінің аудандарын жалға алу желеуімен біртіндеп жер қарпып қалу амалдарын жүзеге асыруға кіріскен. Сол әрекет алғаш рет 1947 жылы Мәскеуде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі (Совнарком) қабырғасында өткен республикалар басшыларының жиналысында бой көрсеткенде, Қазақ үкіметінің төрағасы Нұртас Оңдасынов қарсылық білдіріп, тоқтатқан еді. Алайда бұл уақытша ғана жеңіс боп шықты. Ж. Тәшенов парламент басына келген 1955 жылы мәселені өзбек ағайындар басқа қырынан, өтімді тәсілмен көтерген. Өзбекстанға Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын беру үшін орталық билікке ұсыныс енгізу керектігін айтқан нақты нұсқауды Мәскеуден түсіртеді.  Сонда Ж. Тәшенев төрағалық еткен арнайы комиссия мәселені мұқият қарап,   ауданды Өзбекстанға берудің тиімсіздігі жайында  шешім шығарады. Комиссияның қорытындысын Л.И. Брежнев басқарып отырған ҚКП ОК Бюросы да қолдайды. Бірақ, орталықтың бір жақты қатаң қысым жасауы салдарынан, нұсқау бәрібір орындалады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1956 жылғы 21 қаңтарда Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерінің бір бөлігін республика құрамынан шығарып, өзбек республикасына беру жөнінде қаулы қабылдауға мәжбүр болады. (Кейінірек, Тәшенов қызметтен кеткеннен кейін де, республика парламенті 1963 жылы оңтүстіктегі тағы үш ауданды өзбек республикасына берді).

Соғыстан кейінгі жылдары, ҚСРО Министрлер Кеңесінде халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру шаралары қатарында әкімшілік-аумақтық бөліністі «жетілдіру» жайы сөз болады.   Қазақстандағы егін егуге қолайлы жерлері бос жатқан облыстарды тың көтеру үшін Ресейге қосып, астық өсіретін  үлкен аймақ жасау керектігі айтылады. Бірақ Одақ үкіметінде 1947 жылы жария болған бұл жоспармен Қазақ Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов  келіспейді. Ол орталық биліктің аталмыш желеуі патшалық заманнан басталған қазақ жерін алдамшы ұранмен отарлауды көздеген жаңа кезеңі болмағын айқын ұғып,  солтүстіктегі қазақ облыстарының тағдырын осы жиналыс та, үкімет те емес, сол өңірлерді мекендейтін сан мыңдаған жергілікті халық шешетінін мәлімдейді. Егер 30-шы жылдары аштықтан қырылған, шамасы жеткендері жан-жаққа бытырай қашқан көшпенділерден босап қалған жерлерді қайткенде игеріп, бидай егу қажет болса, бірінші кезекте сол аймақтың көрші елдерге безіп кеткен төл перзенттерін туған еліне оралтып, тыңды солардың күшімен  көтерген дұрыс боларын айтады (Г. Оразалиева. «Жер менікі емес, халықтыкі!» // Общественная позиция. 23 маусым 2016 ж. 19-б.). КСРО үкіметінің ашық жоспарына осылай қойылған тосқауыл уақытша ғана әсер етіп, республиканы басқарып отырған партиялық басшы Жұмабай Шаяхметов пен үкіметбасы Нұртас Оңдасынов қызметтерінен кетірілгеннен кейін қайта қолға алынады. Солтүстіктегі облыстарға көрші елдердегі еріктілерден және жер-жердегі түрмелерден шығарылған сан мыңдаған тың игерушілер ағылып келеді. Тың өлкесі деген аймақ құрылып, оны басқаруға орталық өз эмиссарын жібереді. Эмиссар нұсқауды тікелей Мәскеуден алып, Қазақстанның басшы органдарын елегісі келмейді. Соған байланысты,  Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж. Тәшенов 1960 жылғы күзде өлке орталығы Целиноградқа шұғыл барады. Республиканың жоспарлау комитетіне қажетті мәліметтерді әдейі бермей отырған эмиссарды, қазақ үкіметін бұдан былай да мойындамайтын болса, қызметінен босатып, республикадан қуып жіберетінін айтып, Тың өлкесін тікелей Қазақстан билігі ғана басқаруға қақылы екенін, оның ешқашан Ресейге берілмейтінін тұжырымды түрде батыл мәлімдейді.

Елдік мүдде, елдің шаруашылық мүддесі жолында Ж. Тәшеновтің орталыққа жалтақтамай, барша жауапкершілікті өз мойнына алып, батыл қимылдайтын басшы болғандығын дәлелдейтін мысалдар зерттеушілер мен естеліктер авторларының жұмыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі мынадай. 1960 жылы қыстың қаттылығынан жем-шөп жетіспей, мал қырыла бастағанда, Жұмабек Ахметұлы КСРО-ның мемлекеттік бөлінбес қорындағы астықты, орталықтан рұқсат сұрамастан, облыстар мен аудандарға таратып береді. Одақтық қордағы астықты бұлайша жұмсауына шамданған Кремль көсемдерінің зіркіліне ол сенімді үнмен, КСРО құрылтайшыларының бірі боп табылатын Қазақ  Республикасының Одақ ішіндегі өзіне тән құқығы бар ел екендігін, өзі жасаған байлықты зәрулік туғанда қалай жұмсауды өзі шешуге қақылы екенін дәлелдеп тойтарыс береді. Одақтық үлкен жиында өз республикасының дербестігін оның осылайша көкке көтере айтуы жоғары билікке табынудан арыла қоймаған көпшілікке өте тосын естілген еді. Ұлт мүддесіне адал, сенімді, бірбеткей, батыл, шешімтал премьер Тәшенов КСРО басшысы Никита Хрущевтің Тың өлкесін (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар облыстарын) Ресей Федеративтік Республикасына беру жөніндегі ұсынысына да қарсы шығады.  Еліміздің Негізгі Заңына – Конституцияға сілтеме жасайды. Егер Қазақстан халқының қарсылығын ескермей, қазақ жерін орталық бұлай бөлшектейтін болса, онда ол халықаралық мекемелерге заңдық тұрғыдан шағым жасайтыны мәлімдейді. 

Мұндай табанды қарсылық қызыл императорды уақытша болса да райынан қайтарғанмен, «еркінсіген бұратананы орнына қоюды» мақсат еткен өктемдігін тоқтата алмаған. Хрущевтің ұсынысына сәйкес, 1961 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының  жабық отырысы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Ж.А. Тәшеновті «жұмысын атқара алмағандықтан» орнынан босату туралы шешім шығарып, оны КОКП Орталық Комитетінің бекітуіне жіберді.  Қаулы, әрине, Мәскеуде қолдау тапты.  Бұл сәт, яғни қаулының Мәскеуде бекітілуі, Тәшенов өз қолымен толтырған жеке парақшасында премьер лауазымында болған  уақытының соңы ретінде көрсеткен  1961 жылғы наурызда орын алған болса керек. Сосын ол Оңтүстік Қазақстан (Шымкент) облыстық атком төрағасының орынбасары міндетін атқаруға жіберілді. Сол қызметте  1975 жылы зейнетке шыққанға дейін істеді, сосын ғылыммен шұғылданды. 1986 жылы дүниеден озды.  

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов сана-сезімдері коммунистік рухта мұқият біркелкілендіріліп, ұштаудан өткен  қызыл отар қызметкерлері ішіндегі ұлттық болмысы мен намысын жоғалтпаған, азаматтық парызын айқын түйсінген санаулы басшылар қатарынан еді. Оның тарихқа сіңірген еңбегі, марксизмнің әйгілі классигінің сөздерін сәл ғана өзгертіп айтқанда, құлдық психология шырмауында жүрген ұлт қайраткерлері ойына да алмайтын шаруаны жаңа отаршыл басшылар алдында батыл көтеріп, қазақ мүддесін қорғай білгенінде болатын. Сол қасиеті үшін оны бүгінгі ұрпақ қадірлейді. Оның биік отаншылдық сезімінің, ұлт мүддесі үшін жанқиярлық күреске әзір тұратын қасиетінің бүгінгі тәуелсіз ел басқарушыларына да жұғысты болуын қалайды. 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5306