Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 6110 0 пікір 14 Маусым, 2016 сағат 19:11

ТІРІ АДАМДЫ «ӨЛДІ» ДЕП АҚПАРАТ ТАРАТҚАН ОРГАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚАШУДА

Жақында Ақтөбедегі теракті кезінде қаза болған лаңкестердің жеке суреттері әлеуметтік желілерде пайда болды.  Бізге белгісіз себептермен, желіде жарияланған әлгі суреттердің ішінде оқиғаға қатысы жоқ, бейтарап адамдардың аты-жөндері де жарияланған екен. Ақтөбедегі арнайы операциялар кезінде қаза тапты делінген «терроршы» жігіт бейне үндеу жариялап, өзінің тірі екенін және ешбір діни ағымдармен байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Ал терроршылардың тізімін жариялаған құзырлы органдар бұған қатысты  ешқандай пікір білдірген жоқ.

Осы жаңсақтықтың мән-жайын білмек болып біз Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне хабарластық.

Қалмұхамбет Қасымов мырза тізгіншілік ететін министрліктің БАҚ-пен байланыс жүргізетін «Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментіндегі» хатшы қыз:  «министр  Қалмұхамбет Қасымов мырза халық алдында есеп беру жиынын өткізіп жатыр, Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Қадырбекұлы (Сәдубаев) түстен кейін келеді»,-деп жауап берді.

ІІМ-нің  ақпаратпен байланысты үш бірдей бөліміне хабарласып жүріп, ақтөбелік «лаңкестердің» суреттерінде жіберілген қателіктер туралы бір ауыз пікір білдіретін лауазымды қызметкерді әрең таптық. Алайда ол өзінің аты-жөні көрсетілмеуін қатты өтініп сұрады. (Сұхбат берушінің өтініші бойынша, қызметіне келуі ықтимал қатерді ескре отырып, ІІМ-дегі лауазымды қызметкердің есім-сойын біз де жария етпеуді жөн көрдік).

-Айтыңызшы, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан соң, тірі адамның суреті өлді деп жарияланды. Одан қала берді, теракті кезінде Ақтөбенің шалғай жатқан ауылында жүрген бейтарап азаматтың суреті жарияланып, оның лаңкес екендігі айтылды. Бұл қалай сонда?

- Негізі бұл іспен біздің министрлік айналыспайды. Қазір Ақтөбедегі оқиғаларға қатысты барлық іс ҰҚК-нің құзырына өткен. Ол солай болуы керек те еді. Өйткені бұл діни ағымның жасаған терактісі ғой. Ол дегеніңіз Ұлттық қауіпсіздіктің қарайтын мәселесі. Бізде осы іске қатысты ешбір ақпарат жоқ және маған пікір білдіруге мүлде болмайды.

-Бірақ, әуелді іс ІІМ-нің қарауында болды ғой...Және лаңкестердің толық тізімін де сіздер жарияладыңыздар...

-Рас айтасыз, біздің министрлік лаңкестердің толық тізімін жариялады. Әуелде теракті жасамақ болғандардың саны 45 екен. Кейін жарты жолдан айнып кеткендері де бар. Шын айтамын, сіздің мына сұрағыңызға қатысты бүгін есеп беру кезінде министр Қалмұхамбет Қасымов мырза жауап берді ғой. Анау бала емес, оның ағасы екен. Кейін әкесі келіп, мәйітті көрді. Өзінің ұлы екенін растады. Олай да болуы мүмкін. Ал суретті шатастырып алған екен. Біздің әскерилеріміз қаза болды. Сондықтан алғашында  біз бұл іске араласқан едік.

-Ал суретті кімдер жариялады? Құзырлы органдар неге БАҚ арқылы жалған ақпарат таратқаны үшін жұрттан кешірім сұраған жоқ?

-Ол суреттер қайдан пайда болғаны белгісіз. Ресми түрде жарияланған жоқ қой. Тіпті біздің сайтымызға кіріп көріңізші, біз ол суреттерді жариялаған жоқпыз. Мүмкін ҰҚК шығар, басқа да органдар болуы мүмкін.  Антитероризммен ҰҚК айналысады. Сондықтан, сіздің сұрақтарыңызға біз жауап бере алмаймыз. Ал ҰҚК-ге хабарлассаңыз да, бәрібір осыны айтады. Ол жақта сіздің сұрақтарыңызға жауап беруі екіталай. «201 бап, жабық іс, «пошли вон» деуі де мүмкін. Біз «солдатпыз» ғой... Менің бар айтарым осы ғана...

ҚР ІІМ-дегі лауазымды қызметкердің нұсқауы бойынша Қазақстаның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласып, баспасөз қызметімен күн ұзаққа байланыс орната алмадық.

Түйін: Сонымен, Ақтөбедегі терактіні жасады деген бір топ азаматтың жеке суреттерінің ішінде оқиғаға қатысы жоқ бейтарап азаматтардың да суреттері жарияланып кеткенін ІІМ түсіндіріп бере алмады. ҰҚК-ге сілтеп, ат-тондарын ала қашты. Ал ондағылар болса, мүлде телефон тұтқасын көтермеді.

Өкінішке орай, тірі адамды «өлген лаңкес» деп жариялап жіберген құзырлы органдардың бұл әрекетіне жауап берер жан табылмай тұр. Ал ойда-жоқта лаңкестер тізімінен табылған азаматтарға моральдік шығынды кім өтемек? Жасамаған істі жасады деп және тірі адамды өлді деп хабарлау фактісінде  ҚР Қылмыстық кодексінің «Жала жабу туралы» 129-бабы бойынша, «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату туралы» 273-бап бойынша нормалар өрескел бұзылған.  Бұған кім жауап береді?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543